Ел жадында жаңғырған есім

355

0

Даналығын да, даралығын да қоғам мойындаған, мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Исатай Әбдікәрімов ағамыздың есімін ел-халқы өте жақсы біледі, таниды әрі қадір тұтады.

Біз әңгіме басын даналықтан бастадық. Өйткені елге белгілі мемлекет қайраткері Исатай Әбдікәрімов ағамыз өзінің алғаш еңбек жолын 1940 жылы Жаңақорған аудандық «Екпінді» газетінде қатардағы әдеби қызметтен бастауының өзі даналық дер едім. Кеудесінде даналыққа бастайтын терең ой мен кемел ақылдың сәулесі, жарығы болмаса ол айналаға нұрын шашар ма еді? Әрине жоқ. Білген адамға журналистика оңай сала емес.  Оны да кеуде сарайында әдебиетке жақындығы бар, қанында қазақылық есіліп тұрған, шежіре мен тарихтан хабардар, өзіндік айтар ойы бар адам ғана атқара алатын қызмет.

Бойында осындай асыл қасиеттері бар тұмса талант иесі Исатай Әбдікәрімов өзінің ізденімпаздық, алғырлық қасиеттерінің арқасында алға қадам басып, Жаңақорған, Қармақшы аудандық комсомол комитетінің 1-хатшы қызметтерін атқарып, жалынды жас іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі. Осыдан соң-ақ бірнеше ауданды басқарып, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы жолынан өтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумының Төрағасы лауазымына дейін барудағы даралығын осындайда неге айтпасқа?! Ол кісінің алғырлығы, іскерлігі, істі ұйымдастыра білудегі шеберлігі, айналасындағы әріптестерін таңғалдырады. 

Исекеңнің өмір жолын оқып, танып, білсең шындығы керек, пендеміз ғой, қазіргідей біреу демеді, біреу сүйеді деп айтуға ешқандай ауыз бармайды. Өйткені ол кісінің өмірі өте күрделі. Әкесі Әбдікәрім атай «Өзгентте» шығыршы шаруагер адам болғанмен кезіндегі қуғын-сүргінді басынан өткерген. Сол дүрбелең шақта өлместің күнін кешіп шығыр айдап жанын баққан адам. «Қайтсем күнімді көрем» деген сүрініп-қабынып жүрген пенде саясатты не қылсын? Шығыршының күні белгілі. Елге су айдаумен өмірі өтеді. Су басынан алыс кету мүмкін емес. Қанша қиналып күн кешіп жүрсе де Әбдікәрім әкейдің бойында қазаққа тән кең пейіл көңіл мен дархандылық қасиет ешқашан жоғалмаған. Содан болар, Исекеңнің бойында да осы қасиеттер берік орын алғандығын байқаймыз.

Өмір дегеннің түсініксіз жақтары өте көп қой. Аяқастынан Ұлы Отан соғысы басталып, ел азаматтары майданға аттанып жатты. Осы тұста 1923 жылдың 15-мамырында өмірге келген Әбдікәрім ақсақалдың баласы Исатай да 1941 жылы қатарынан қалмай, сұрапыл соғысқа аттанады. Ол кезде Әбдікәрім әкесі колхоздың малын бағып жапан далада жалғыз үй отырған-ды. «Елмен бірге көрген ұлы той ғой» деп Әбекең ақсақал шүкіршілік етті. Ал әскери дайындықтан өткен жауынгер Исекең 1942 жылдың жазында от пен оқтың ортасына келіп түсті. Рота басқарды. Ажалмен бетпе-бет келген ол әбжыландай ысқырған оқтың ортасында қан кешті. Күніге бірнеше майдандастары оққа ұшып жатты. Оқ қарша жауғанда жанның аман қалуын ойлау мүмкін емес еді. Ротадағы Исекеңнің жауынгерлерінің бәрі табанды, шетінен ержүрек келді. Қорқып-үркуді білмеді. Әсіресе, Жиздра өзенін алудағы жанталаста өзі де ауыр жараланды. Аспан төңкеріліп жерге түскендей болды. Одан арғысы не болғаны есінде жоқ. Осы тұста ауылына «Қара қағаз» жеткенде, Әбдікәрім ақсақал естіртуге келгендерді үй маңына жолатпай, қуып жібереді. Оның себебі де жоқ емес. Соның алдында түс көріп онда ауыл сыртына ақбоз үй тігіп, қымыз ішіп отырыпты. Осыны оңға жорып, хабаршыларды жолатпауы сол екен. Осы түсі өмірде өзінің жорығанындай боп келіп, қайран әкенің тілегі қабыл болып, содан Исекең ағамыз соғыстан аман-есен елге оралады.

Исатай Әбдікәрімов қанды арпалыстан келісімен комсомол, партия-кеңес жұмыстарына белсене араласып кетеді. Өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында жасампаз елдің іргесін нығайтуға, экономикасын дамытуға, Сыр бойын өркендетуге, халықтың әлеуетін арттыруға бар күш-жігерін салады. Айдаһардай аузын ашқан ажал қаймықтыра алмаған от кеудеге еңбек қиындығы не тұрсын? Бәрінің көзін біледі. Өйткені оны өмір үйретті, өмір өзі шыңдады, пісірді, қайрады. Соғыста жүргенде де небір шешуші ұрыста жол тауып, немістің алынбас қамалын талқандағанда, күрмеуі қиын істің көзін қалай таппасын? Ол соғыстың тактикасынан ауыр емес екені анық. Тек істі ұтымды, ұтқыр етіп ұйымдастыра білуі қажеттігін берік ұстанды.

Комсомолдан бастаған 1-хатшылық қызметі оны  облыстық партия комитетінің нұсқаушылығына әкелді. Ол жерде жүргенде де маңдайын бірден күн шала қойған жоқ. Өйткені «молданың баласы, ағасы – халық жауы, өзі қожа» деп жазған домалақ арыздар үстінен домалап жатты. Оған ол жасымады. Сол бір қайсарлық қалпынан әсте танбай партия тапсырған жұмысты мүлтіксіз орындаумен жүрді. Әр кезде әкесі Әбдікәрімнің айтқан «Балам, елге жасаған, адамға тигізген арамдығың, зияның болмаса, әрқашанда «Аққа Құдай жақ» деген сөзі мәңгі жадында қалған-ды. Осыны ұстанған Исекең Аллаға, адалдығына, өзіне сенді. Ешқашанда асыра сөйлемеді, ешнәрсені асыра сілтемеді. Сөйтіп жүріп Мәскеудегі жоғары партия мектебін бітірді. 1957 жылы Шиелі ауданы партия комитетінің 1-хатшысы болып тағайындалады.  Орда бұзар отыздан асқан тұсында Ыбырай Жақаев, Ұлбала Алтайбаева,  Л.Хан сынды еңбек майталмандарынан тәлім-тәжірибе жинады. Олармен үнемі ақылдасып, күріш егудегі ой-пікірлерін жадында сақтап, әрдайым қолдап  отырды. Сол кезеңдегі Шиелі ауданы атқару комитетінің төрағасы Қонысбек Қазантаевтай іскер жанды үнемі жанынан тастамады. Ол кісінің берендігін, іске беріктігін, бірсөзділігін танып, «барды бар, жоқты жоқ» деп тіке айтатындығын ұнатса керек. Әрдайым Қонысбек ағамен ақылдасып барып іс жасайтынын өз естелігінде сөз еткен екен. Қазақта «Балықшы балықшыны алыстан таниды» деген нақыл сөз бар. Қызмет жолында бір-бірін бағалай, қолпаштай білуі бүгінгі аға-ініге үлгі боларлықтай. Өсер елдің баласы осылай келсе керек.

1965 жылы Жалағаш ауданының бірінші хатшысына тағайындалған Исатай Әбдікәрімов өзінің Шиеліден жинаған тәжірибесін осы ауданда көрсетуіне тура келді. Қалай десекте, бұл ауданда өзіне үлгі тұтқан тау тұлғалы аға-замандастары көп еді. Бір жағынан соларға арқа сүйеуіне тура келді. Атап айтқанда, Мөрәлі Шәменов, Несіпбай Әпрезов, Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Цай Ден Хак, Камал Бердәулетов секілді тұлғалармен тізе қоса, тіл табыса еңбек етуге кірісті. Оларда Исекеңе дем берді, қолдау көрсетті. Шаңнан көз аштырмайтын жолдарға тас төселіп жөнделе бастады. Аудан мәдениетін, экономикасын, егінін көтеруде тынымсыз тер төкті. Сөйтіп аудан даңқы облысқа, республикаға таныла бастады. Жалағаш ақ күріштің фабрикасы атанды. 1971 жылы наурызда тамаша жетістікке қол жеткізгені үшін Исатай Әбдікәрімов Социалистік Еңбек Ері атағын алып, кеудесіне «Алтын жұлдыз» медалі тағылады. Ал 1972 жылы Қызылорда облысының 1-хатшысы болып бекітіледі. Облыстың тізгінін қолына алған ол КСРО-нің бас хатшысы Л.И.Брежневке тіке кіріп, «Құмкөл», «Шалқия» кеніштерін игеру мәселесін көтереді. Бас хатшыға тікелей кіру екінің бірінің қолынан келе бермейтін жайт. Өзі басшылық еткен жылдар ішінде облыс орталығында небір алып өндіріс орындары жаңадан бой көтерді.  Соның бірі силикат зауыты мен тоқылмайтын маталар фабрикасы десек болады. Өзінің іскерлігімен, алғырлығымен, еңбекқорлығымен, білім-біліктілігімен есімі кеңге тараған, еңбекпен жиған абыройының биік-беделінің арқасында Исатай Әбдікәрімов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы болады.

Осылай Сырдың сұңқары өзінің даналығының, даралығының, ақылдығының, пайым-парасатының биіктігі нәтижесінде республикамыздың беделді тетігінің тізгінін ұстайды. Сөйтіп, қазақтың біртуар перзенті, көрнекті ұлы тұлғасы Д.Қонаевтың сеніміне ие болады.

Жоғарғы Кеңестің Президумының Төрағасы болған тұста КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының указымен облыстық «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газеті «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Көрдіңіз бе, Исатай Әбдікәрімов өзі алғаш еңбек жолын бастаған қазақ баспасөзін қалай бағалауын? Міне, бұл да болса ол кісінің нағыз даналығы, газетке деген құрметі екендігі анық.

Осындай үлкен жүректі тұлға биыл 100 жасқа толып отыр. Тау тұлғаның Сыр еліне еткен шексіз еңбегі әлі талай жаңғыра жазылып, айтыла береріне сенімдімін. Исатай Әбдікәрімовтің өмір жолы көзі қарақты жандарға аян. Біз білетін осындай алып тұлғаның ғұмыры көпке үлгі болып қала берері анық.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Шиелі ауданының, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<