Ерлік ешқашан ұмытылмайды

418

0

Алдағы мамыр айында  Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толады. Ананы баласынан, баланы әкесі мен бауырынан айырған сұрапыл соғыстың жарасын өткен уақыт жазды деуге болмайды. Қан майданға Отанын қорғау үшін миллиондаған қазақстандық аттанды. Оның жартысынан көбі елге оралмады. Соғыс оты шарпымаған шаңырақ қалмады. Қаһарлы күндерде соғыс даласына аттанған майдангерлер қатарында аймақтың қауіпсіздік саласында қызмет атқарған батырлар бар. Бүгінгі мақалаға сол кісілердің ерен ерлігі арқау болмақ.

Фин және Ұлы Отан соғыстарының ардагері Мәдеш Арынғазыұлы 1916 жылдың 15 қарашасында Сырдария ауданының «Бірқазан» ауылында дүниеге келген. Майдангердің еңбек жолы «Жаңатұрмыс» колхозында жұмысшы болудан басталды. 1939 жылы Кеңес Армиясының қатарына алынып, 654-атқыштар полкінің, 1940-1941 жылдары 240-әскери бөлімінің қатардағы жауынгері атанған. Сондай-ақ 1941 жылдың шілде айында 5-әуе армиясының полктік-десанттық мектебінің курсанты болды. Сол жерде жүріп, соғысқа араласып, Оңтүстік-Батыс майданы 64-армиясы 87-дивизиясының құрамында ұрысқа түскен. Курск, Киев, Харьков қалаларын қорғауға қатысқан.

1943 жылы майдан шебінде жүріп «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Осы Харьков қаласында ауыр жараланып, 1943 жылдың 24 мамырынан 1944 жылдың 12 қазанына дейін госпитальда емделді. Денсаулығына байланысты әскер қатарынан босатылған. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін 1945 жылы «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін және еңбек сіңірген жылдарына орай 1954 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 1948 жылы «Совет армиясы және Флотының 30 жылдығы», 1950 жылы «Жауынгерлік құрмет», 1959 жылы І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», одан бөлек Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20, 25, 30 жылдығы медальдарымен марапатталған.

Елге оралысымен майдангер еңбекке араласты. Абақтыда күзетші-бақылаушы, қаржы-шаруашылық тобында кезекші коменданттың көмекшісі қызметін атқарды. 1946 жылы сержант, 1952 жылы мемлекеттік қауіпсіздік старшинасы әскери атағын алды. Осы жылдары КСРО-ның батыс аймағында мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы тапсырмаларын орындауға қатысты. Ұзақ жылдар қауіпсіздік саласында қызмет атқарып, арнайы тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, кейінгі жастарға өнеге көрсете білді. 

Мәдеш Арынғазыұлы 1976 жылы денсаулық жағдайына байланысты старшина әскери шенінде зейнетке шығып, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің запасына алынды. Сол жылы 19 қарашада өмірден озды.

Отбасында Дәмеш апай екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан тараған ұрпақтары ел игілігі жолында еңбек етуде.

Аймақтың қауіпсіздік саласында қызмет еткен ардагердің бірі – Ералы Битілеуов. Ол 1921 жылы Қостанай облысы Орджоникидзе ауданы 6-ауылда дүниеге келген. 1935 жылы Қарағанды қаласындағы 7 жылдық мектепті бітіріп, 1938-1939 жылдары Қарағандыдағы тау-кен техникумында оқыған. 1939 жылы орыс тілі мұғалімдерін даярлайтын он айлық курсты бітіріп, мектепте мұғалім болып жұмыс істейді.

Ал 1940 жылдың қазан айында Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Амурск облысы Завитая стансасында 43-танк бригадасында жауынгер болған. 1941-1944 жылдары орталық және І Беларусь майданында 50-танк бригадасының 2-батальонында Т-34 зеңбірегінің командирі болды. Содан кейін «Қызыл Ту» орденді Қазан танкі училищесіне оқуға жіберіліп, оны 1946 жылдың тамыз айында бітіріп шыққан.

Е.Битілеуовтің аса жауапты қызметке қабылдануының бір себебі соғыстағы ерлігі мен қабілет-қарымына байланысты. Іске деген жауаптылығының арқасында ол әр жылдары МГБ Қызылорда облыстық бөлімінің Жалағаш, Арал, Шиелі аудандық бөлімдерінің аға жедел уәкілі қызметін атқарды. Сондай-ақ еңбек жолында КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің №310 арнайы мектебі (Алматы қаласы) жедел құрамды жетілдіру курсының тыңдаушысы, Қызылорда қаласындағы «Плотинострой» құрылыс-монтаждық басқармасының жанындағы орта мектептің мұғалімі болды.

1955 жылы CССР мемлекеттік қауіпсіздік органдарынан қызметтен шығарылып, Совет армиясының запасына жіберілді. Отбасылық өмірде соғыс ардагері зайыбы Омарова Қатшамен бірге 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған майдангер қырық жасында соғыс салған дерт салдарынан көз жұмды.

Келесі кейіпкеріміз – аға лейтенат Пірмағанбет Үдербаев. Ол 1918 жылғы 20 мамырда Сырдария ауданы «Сұлутөбе» ауылында дүниеге келген. 1936 жылы сол ауылдың мектебін, 1940 жылы Қызылорда теміржол техникумын бітірген.

Соғыс басталған кезде Пірмағанбет Жолаушыұлы небәрі 21 жаста болған. Бозбалалық шағын майдан алаңында өткізген ол Совет Армиясы қатарына 1939 жылы қыркүйекте алынып, Прибалтика әскери округінің 2-армиясы 943-бөлек батальонының бөлімше командирі, онан соң Калининград майданының, Прикарпатск әскери округі байланыс полкінің бөлімше командирі, Ленинградта  телеграфтық-эксплуатациялық ротасының аға желілік механигі болды. Жеңіс күнін  Ленинградта қарсы алған. Елге араға жеті жыл салып, 1947 жылы оралды.

Майдангер елге келісімен еңбекке етене араласып, Сырдария аудандық кеңесінің төрағасы болды. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне 1949 жылдың маусымында кірісті. Бұл қызметте басқарма бөлімдерінде жедел уәкіл, тергеуші, тағы басқа өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарған. Осы қызметтен 1959 жылы шекті жасына жетуіне байланысты подполковник әскери шенінде зейнетке шықты. Жолдасы Күлпаш Сүлейменова екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеген.

Пірмағанбет Жолаушыұлы отты жылдардағы ерен ерлігі үшін екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте 1, 2-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және өзге де медальдармен наградталған. От пен оқтың ортасынан аман оралып, мемлекеттің қауіпсіздік қызметінде абырой биігінен табылып, өзінен кейінгіге үлгі болған аяулы азамат 1992 жылдың шілде айында дүниеден озды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<