Ерлік ескерілмегенмен, ескірмейді

468

0

Жеңіс маршалы атанған Г.Жуков «Ерлік ескірмейді, бірақ кейде ескерілмей қалуы мүмкін» деген екен. Кезінде ішкі істер органдарында қызмет ететін соғысқа қатысқан милиционер-майдангерлер тобы бір қауым ел еді. Сол жауынгер ағаларымыздың отты жылдардағы ерлікке толы өнегелі өмірі түгілі, олардың есімдері де ұмытыла бастаған.

Облыстық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің арасында ғана емес, облыс жұртшылығына белгілі болған Ұлы Отан соғысы мен Ішкі істер органдарының ардагері, милиционер-майдангер, гвардия және милиция старшинасы марқұм Бердібай Оразбаев 1910 жылы Қармақшы ауданының аумағында өмірге келген. «Қарсақпай» мыс қорыту зауыты құрылысының Жосалыдағы базасында күзетші болып еңбек еткен. 1936 жылы Қармақшы аудандық НКВД бөліміне қатардағы милиционер болып қабылданған. Ал, 1941 жылы соғыс басталғанда Қызыл Армия қатарына алынған.

Гвардия старшинасы Бердібай Оразбаевтың ерлікке толы жауынгерлік жорық жолы Сталинград қаласының қорғанысындағы Қызыл Тулы 59-армияның 178-атқыштар дивизиясы 332-артиллериялық полкінде бастаған. Харьков қаласы үшін шайқастар және Украинаны жаудан азат ету мен Днепр өзенінен өту, Румыния, Венгрия, Австрия, Чехославакия мемлекеттерін жаудан азат ету шайқастарына жалғасқан. Гвардия старшинасы майдандағы ерлік еңбегі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен екі бірдей «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерлігі үшін» және бірнеше қаланы азат еткені үшін медальдармен марапатталған.

Майданда үш рет жараланып, 1946 жылы елге оралған. Солдат шинелін милиция формасына айырбастап, ішкі істер органдарындағы қызметін жалғастырған. Осы жерде ерекше айта кететін жағдай, ол 1982 жылға дейін, яғни жетпіс екі жасына дейін майданда болған жылдарын қосқанда үздіксіз 46 жыл қызмет еткен.

Ол облыстық ішкі істер басқармасы  қоғамдық тәртіп сақтау бөліміне қарасты партия-кеңес орындарының ғимаратын күзететін ведомстволық күзет взводында бөлімше командирі лауазымында болды. Өзінің үлгісімен  қарамағындағыларға ғана емес, жастарға да ақылшы аға еді.

1980 жылы әскерден келген соң ішкі істер органдарына қызметке орналасуға Бердібай ағаймен ақылдасуға келдім. Ол әкемнің нағашысы, яғни менің түп нағашым еді. Қарт милиционер бұл шешімімді «Өзің әскерден партия қатарына өтуге кандидат болып келіпсің, бұның өте жақсы, милицияға жас коммунистер өте қажет» деп қуана қолдады. Содан барлық құжаттарымды және медициналық анықтаманы ішкі істер басқармасының кадр бөліміне өткізіп, ағаның үйіне бас сұқсам, ауылдан әкем келіп отыр екен. Әңгіме мен жайлы болғанда әкем марқұм аңыз старшина Бердібай ағайға «Мына жиеншарың еркелеу өскен кенже балам ғой, осыны өзіңнің қарамағыңа алып тәрбиелеп шығар, органның жұмысы оңай емес» деген-ді. Сонда Бекең марқұм: «Аға, балаңызды маған тапсырғаныңызға рахмет, дұрыс айтасыз милицияның жұмысы оңай емес. Түпкілікті осында қызмет ететін болса бізде ППС деген сала бар. Онда ішкі істер саласының барлық жұмысына ысылып, тәжірибе жинақтайды. Нағыз жастар баратын жер, өкпелемеңіз, Болатжанды сонда жібертемін» деді.

Сөйтіп, Бердібай ағаның ақыл-кеңесімен Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінің патрульдік бекет ротасында өңірімізге белгілі, тәжірибелі қызметкер, марқұм Айдар Құлдықов ағамыздың қарамағында жылжымалы милиция тобындағы жұмысымды бастадым. Шүкір, жаман болған жоқпын, кейіннен жол бақылау инспекторы, учаскелік инспектор және т.б. қызметтерді атқарып, абыроймен зейнеткерлікке шықтым.

Бердібай Оразбаев ақсақал КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Қоғамдық тәртіп сақтаудағы үздік қызметі үшін», КСРО ІІМ-нің І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Кеңес милициясына – 50 жыл» медальдарымен және «Милиция үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Оның ІІМ мен партия-кеңес орындарынан алған Құрмет Грамотасы мен Алғыстары бар. Партия-кеңес орындары демекші, милиция старшинасының үлгілі қызметін ескерген сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы И.Әбдікәрімов оған ГАЗ-69 жеңіл автокөлігін сыйлаған бюро қаулысын қабылдатады. Бұл үлкен сыйлық, зор құрмет еді.

Майдангер милиционер, Б.Оразбаевтың есімі бүгінде ұмытыла бастаған. Жоғарыда маршал Г.Жуковтың сөзін еске алуым бекер емес. Бұл сөз ардагердің өмірден өткеннен кейінгі тағдырына байланысты айтылғандай.

Елімізде жыл сайын 23 маусымда Қазақстан полициясы күні қызметкерлер мен ардагерлердің ел тыныштығы жолындағы еңбегі ескеріліп, оларға ризашылық пен алғыс білдіру күні есебінде аталып жүр. Қызмет бабында жүріп қаза тапқандар мен ардагерлерді еске алу бүгінде дәстүрге айналған. Осындай игі іс-шаралар облыстық ПД-да және ІІО мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық кеңесінің Қызылорда облыстық филиалында жиі ұйымдастырылып тұрады. Десе де 1984 жылы өмірден өткен ҰОС мен ІІО-ның ардагері, майдангер милиционер, милиция старшинасы Бердібай Оразбаев есімі аталмайды. Облыстық ПД-ның ерлік даңқы музейінде де ол жайлы мардымды мәлімет жоқ. Кейінгі жылдары ҚР ІІМ-нің қолдауымен ҰОС пен ІІО-ның ардагерлеріне арнап «Жарқын тұлғалар – Светлые личности», «Жеңіс жолымен – Дорогами Победы» деген көлемді екі кітап және 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында облыстық ПД  ҰОС және полиция ардагерлеріне арнап «Зерде» кітабын шығарды. Бұл жинақтарда да кезінде Отанға еселі еңбек сіңірген аңыз старшина есімі аталмаған.

«Ештен кеш жақсы» дейді халық нақылы. Осы қазан айының 15 күні облыстық ПД-ның «Динамо» спорт кешенінде ішкі істер органдарының ардагерлері арасында, ПД ардагерлер кеңесінің қолдауымен Б.Оразбаевтың ұрпақтары мен туған-туыстары шағын футболдан оны еске алу турнирін өткізбекші. Алдағы уақытта оның ардақты есімі тиісті дәрежеде ұлықталады деген ойдамыз.

Болатбек НҰРЖАНОВ,

ішкі істер органдарының ардагері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<