Ізінен ізгілік, жүзінен жылылық тараған

385

0

Арамыздан талай жақсы жандар өтіп жатыр. Жақсының жақсылығы көбіне өзі ортамыздан өткен соң аршып алған алтындай жарқырай түседі екен.

Сондай  жандардың бірі ішкі істер саласының ардагері, ағайынның ардақтысы, дос-жаранның сыйлысы, отбасының сүйіктісі, кеше ғана ортамызда жүрген жайсаң жан Қалабай Қожанов еді.

Бір кездері Семей технология институтын бітіріп келіп, сүт комбинатында жұмыс істеп жүрген Қалабайды ішкі істер саласының қызметін көтере түсуді мақсат еткен партия осы салаға бағыттайды. Содан құқық қорғау ісінде абыройлы еңбек етіп, полиция полковнигі шеніне дейін өскен Қалабай осы саланың білікті, әділетті қызметкері есебінде есте қалды.

1990 жылдың соңынан 1992 жылдың маусым айына дейін аудандық ішкі істер бөлімі кеңестік меншікті талан-таражға салуға қарсы күрес тобының жедел уәкілі болды. 1997-1998 жылдары облыстық полиция басқармасының экономикалық полиция қызметі бюджеттік, қаржылық және банк саласындағы нарықтағы тұтынушылардың қылмыстарын анықтау басқармасында  қызмет етті.

 2002 жылдың көктемінде Қалабай Арал аудандық ішкі істер бөліміне бастық болып барды. Орынбасары Совет Күйіков екеуі бірлесіп, талай қылмыстың бетін ашып, тістегеннің аузында кеткен қанша жазықсыз жанның маңдай тер ақысын қайтарды. Шекарада қас қақпай тұрған сарбаздай ел іші тыныштығын қорғады.

2004 жылы Аралдан Қармақшыға ауысып, аудандық ішкі істер бөлімін басқарды. 2006 жылдың тамыз айында басшылық Қалабайды облыстық ішкі істер басқармасына қызметке ауыстырды. Ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқарма бастығының орынбасары болып қызмет етті.

Кейін Аралға тағы барды. Анығын айтқанда Қалабайды сол жаққа қызметке қайта тағайындады. «Ат баспаймын деген жерін үш рет басады» дегендей, Қалекең Аралда үш рет қызмет жасады. Мынадай бір қызық бар, Аралда кейбір мәселелерді ақсақалдар шешетін. Бұл жақсы емес пе, баяғыда елдік істерді билер шешкен ғой. Ақсақалдар бір күні жиналып отырып: «Анау бұрынғы Қалабайды қайтару керек» деп пәтуаласады екен. Сосын оны жоғары жаққа айтады. Олар ұсынысты қабыл алады. Қалабайдың аз уақытқа болса да Аралға қайта-қайта қызметке баруында осындай сыр жатыр. Сонда Қалекеңнің қызмет бабында елге жаққаны, адал болғаны, халықтың көңілінен шыққаны ғой. 

Негізі Қалекең қызмет бабында көптің ішінде көбірек жүрді. Кабинетте отырғанды ұнатпайтын. Оның алдына арызданып келетіндер де көп болатын. Бірақ, ол мәселенің бәрі Қалекеңнің құзырына жата бермеуі мүмкін. Сондайда «мұны сот шешеді немесе әкімдікке барыңыз» деп қайтармайтын. Сеніп келіп тұрған адамның меселін жықпай, әр адамға өзінің туысындай көмек беретін.

Қалабай ел аралап, жер көргенді ұнататын. Жан дүниесі әсемдікке, руханиятқа құштар. Зейнет демалысында жүргенде жер көруге көбірек мән берді. Түркияға төрт  рет,  Дубайға, Қытайға, Молдоваға, Украинаға сапарлады.

Шыңғыстауға шықты, Баянауылға барды. Абайдың, Мәшһүр Жүсіптің, Еңлік-Кебектің жатқан жерлеріне зиярат етті.

Қалабайды жолдастары қатты сыйлады. Бірге жүрген достары ерекше құрметтеді. Оның бірге оқыған достарының біразы Жезқазған, Қарағанды, Семей жақта еді. Қалабай әулие-әмбиелерге, аруақтарға Құран бағыштап отыруды ешқашан есінен шығармады.

Бір жылы түс көріпті. Түсінде бір Қыпшақ батырдың аруағы аян беріпті. Сол батыр мен белгісіз жерде жатырмын, мені тауып, Құран бағышта депті. Бірақ, ол қай жерде жатыр, одан мүлде хабарсыз еді.

Ауылда Амангелді деген көріпкел бар еді. Қалабай көрген түсін сол көріпкелге айтқан екен, өзің жиі барып жүрген жерде, биіктеу төбенің басында жатыр депті. Ал, Қалекең Семейдің Абай ауданында Қоңырәулие деген жерге жиі баратын. Қалабайға көріпкелдің айтып отырған жері Қоңырәулие деген түйсік келді. Сол түйсігі дұрыс болып шықты.

Қоңырәулиеге барғандар таудың үңгіріне кіретін. Үңгірдің ішінде алты жүз метрдей төменде үйдің аумағындай мөлдіреп су жатады, мұздай. Сол су дертке шипа дейді. Жұрт сол жерге осы су үшін көп барады. Таудың етегінде келушілер үшін арнайы үйлер бар. Бірде Қалабай үңгірден шыққан бетте жоғары қарай өрледі. Көріпкелдің айтуынша, белгісіз батырдың бейіті биіктеу жерде деген. Бірақ, тастан басқа ештеңе жоқ, бұл жерде. Сіресіп жатқан таста бейіт бола ма? Қиялап шаршаған қасындағылар қайта төмен түсті. «Таптым!» деп айқайлады Қалекең бір кезде, баяғы замандағы «Эврика!» деп айқайлайтын Архимедтің дәл өзі сияқты күйде еді. Қай замандыкі екені Құдайға мәлім, ескі бейіт екен. Тіпті басындағы белгісі де тұр. Сызылған екі әліп белгісіне қарап, жерленген адамның расында Қыпшақ екенін білуге болады. Қалабай отыра қалып Құран оқыды. Белгісіз батырдың бейітін тапқанын білгенде мойнындағы қарызынан құтылғандай жеңілдеп қалды.

Қалабай туралы замандастарынан сұрағанда ол жайында тамаша әңгімелер естідік. 

Облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, полковник Серікбол Тұңғышбаев былай дейді: 

«2016 жылы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланған кезімде Қалабай да зейнетте еді, бірақ күзет агеттігінде басшы болып қызмет етіп жүрді. Сонда ең бірінші болып телефон шалып құттықтаған Қалабай: «Байғазым есебінде ардагерлер кеңесі есебіне ақша аударамын. Аурып жатқан ардагерлерімізге көмек болсын. Бізге тағы не тапсырма бар?» – деді. Мұндай сөзді екінің бірі айта ма, риза болып, қуанып қалдым. Өйткені, жұмысты енді бастап жатқанмын. Маған қолдау көрсетті». 

Ал, Шымкент қаласында тұратын еңбек ардагері, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы Молдәлі Қолдасов былайша еске алды:

«Мен Қызылорда сүт комбинатын он алты жыл басқарғанмын. Қалабайдың әкесі Көшербай да, анасы Саракүл де сүт комбинатында жұмыс істеді. Көшербай аға сол жерде сонау соғыс уақытынан бастап еңбек еткен. Ол кезде «Трест Маслопром» деп аталған. Машина қайда, Көшекең ат арба айдаған. 1950-жылдан кейін «молоковоздар» келген, ол кісі өзі зейнетке шыққанша сүт таситын машина жүргізушісі болды.

Директор болып тағайындалғанымда отыз жасқа да толмаған едім. Көпті көрген Көшекеңді мен туған ағамдай көрдім. Болмысы кең, қолы да, жолы да таза бұл кісіден өнеге үйрендім. Қалабай сондай адамның баласы ғой, ер мінезді, елгезек, жаны жомарт жігіт болатын.

Мектепті бітірген соң Қалабай әкесі жұмыс істеп жүрген біздің комбинатқа келіп, қара жұмысқа тұрды. Комбинат басшылығы жиналыс қаулысымен жұмысшыларына жоғары оқу жолдамасын бере алатын. Мен бірден Қалабайдың атына Семей технологиялық институтына жолдама бердім. Ол сүт, ет өндірісіне байланысты Қазақстандағы бірден-бір оқу орны еді. Біз өзіміздің болашақ маманымыз үшін айына ақша төлеп отырдық және студенттің ауылға келіп-кету жолақысын міндетімізге алдық. Сөйтіп, Қалабай оқуын жақсы бітіріп, комбинатқа өндіріс тоңазытқышының механигі болып келді. Өзім директорлықтан кеткеннен кейін де Қалабайды үнемі жақсы, табысты жұмыс үстінде көріп жүрдім». 

Иә, Молдәлі аға айтқандай, тегінен еңбекті сүйіп өскен Қалабай өзінің азаматтығын, адами биіктігін қызметінде ғана емес, отбасында да көрсете білді. Жары Сараны алақанына салып жүрді. Бір-бірін көтермелеп, барлық жұртқа сыйларын арттырды. Ұлағатты ұл-қыз өсіріп, өшпес өнегесін паш етті. Ізінен ізгілік, жүзінен жылылық қалдырды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<