Кемеліне келген кезі еді

652

0

«Адамзат сапарының мейманымыз, Бір мезет жер бетіне кетер соғып» – деп ұлы Қасым ақын айтқанындай, Сыр еліндегі Бақытжан аға дүниеден озды деген қаралы хабарды естігенде, «алпыстан енді ғана асып еді ғой» деп, асыл ағаны сұм ажалға қимадым. Алпыс жас – адамның кемеліне келіп, алдыңғы толқын ағаларының ізін басып, соңғы толқын інілері құрмет тұтып, ілтипат танытатын уақыт. Қазекеңнің «алпыс – тал түс» дегеніндей халқына бергенінен берері көп, алда әлі алар асулар мен белес-белдері бар кезеңі ғой. Бірақ маңдайға жазылған тағдырға иман келтірген мұсылман емеспіз бе? Қайғыдан жүрегіміз қақ айырыла, ұлы Жаратушы ісіне көндік.

Бақытжан ағамен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде танысып едік. Бірге қызмет атқарған уақытымды тағдырыма таусылмас рухани азық сыйлаған ең жемісті өмір мектебім деп санаймын. Жүзі мейірімді, сөзі мақпал, тіршілігінде өнегесін көріп, тәлім алған аяулы аға бақилық сапарға озғанымен, мейірімді дидары мен асыл қасиеттері жадымызда мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Қазақтың «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ», «Жақсы ай мен күндей, әлемге бірдей» деген киелі тәмсілі Бақытжан ағаға арналғандай. Оның Атырау университетінде бірінші проректор, кейіннен ректор міндетін атқарушы ретінде жасаған игі істерін ұжым әлі сағынышпен еске алады. Қызмет бабымен де, жеке сыйластығым барысында Бақытжан аға өзін асқан парасатымен, сабырлы мінезімен, әділдігімен, терең кәсіби білімімен, жұртпен сыйластығымен, тазалығымен, өнерлілігімен, тоқ- етерін айтқанда, биік болмысы, кісілік келбетімен көрсете білді. Осындай ізгі қасиеттердің барлығын бір бойына жинаған аға болмысынан адамдықтың, адамгершіліктің ғажайып үлгісін көретінбіз. Саналы ғұмырын жоғары мектеп саласына арнап, «өз ісінің маманы, көпшіліктің адамы» (әл Фараби) бола білген Бақытжан Әбдіхалықұлы еліміздің жоғары білім жүйесіндегі оқу жұмысын ұйымдастырудың, басқарудың тәжірибелі кәсіби маманы еді.

Қызмет барысындағы кез келген күрделі істе салиқалы ой, сабырлы көзқарас білдіре отырып, мәселені сана сарабына, ой таразысына салып шешетін. Үлкен-кішімен сыпайы тіл табыса білетін, сабырлы да салмақты, артық сөзі жоқ, әр іс-қимылында білікті тұлғаға лайық байсалдылық таныта отырып, ізгі қасиеттерімен әріптестеріне үлгі бола білді. Көпшіліктің көңілінен шыға отырып, нақты шешім қабылдап, қолға алған істі діттеген жеріне жеткізу, ойлаған жоспарыңды жүзеге асыру секілді асыл қасиеттер бір бойыңнан табылып, алғырлық танытқанда ғана сенімен басқалар санасады, айтқаныңды тыңдап, орындайды, өзіңді мойындайды. Аға өте ұстамды, айтатын пікірін терең ой толғауынан өткізіп барып сөйлейтін. Кез келген істі қолға алғанда ақыл айтудан бұрын, жол көрсетіп, өзі тындыруға бейім болды. Жан баласын сыртынан сын айтып, ғайбаттауды, ешқашан ашу шақырып, кек сақтауды білмеді. Өз қарамағындағы қызметкердің сағын сындырмады, керісінше, оларға ақыл-кеңесін айтып, рухани-моральдық тұрғыда қолдады. Әсіресе, өмірлік іс-тәжірибесі аз, қызметке жаңа келген жас мамандарға ерекше жанашырлықпен көмектесіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білді.

Әдетте, еңбек ұжымында көпшілік басшы келе жатқанда көзіне түспеуге тырысып, таса жер іздеуші еді. Ал Бақытжан аға қызметке келе жатқанда бүкіл ұжым жасы бар, жасамысы бар, ол кісінің шырайлы, мейірімді жүзін көріп, жылы лебізін естуге ұядағы қарлығаш балапандарындай ерекше бір ілтипатпен жапырыла күтіп тұрушы еді. Кезінде Бақытжан аға үміт артып, университеттің оқу бөлімінің құрылымдық бөлімдеріне меритократия қағидатына сай жауапты қызметке кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін терең білімді, заманауи технологияны меңгерген жігерлі, іскер мамандарды тартты. Сол тағайындаған кадрларының барлығы сенімді абыроймен ақтай білді және қазір алды ректор, проректор сияқты үлкен қызметтік лауазымдар атқаруда.

«Ат, есімді біреу береді, ал тағдырыңды өзің жасайсың» демекші, Бақытжан ағаны халық ағарту саласындағы қажырлы адал еңбегімен қоса, ғылымдағы жетістігімен, өз-өзін даралап, таныта білген саңлақтардың бірі деуге болады.

Бойына дарыған ерекше бір қасиет – тамаша әншілігі. Егер ұстаздықты таңдамай өнер жолына түскенде де биік белестерді бағындырар ма еді деп ойлаймын. Себебі, ол кісі халық әндері мен бұл күндері ұмытылып бара жатқан ретро әндерді шырқағанда әдемі, қоңыр дауысы кәсіби әншілерден кем емес, жаның сергіп, сазды әуеннің ырғағына балқып, ерекше бір сезімде боласың.

Әркімнің өмірдегі алған асуы мен шыққан биігін халқымыз «тектілік» деген қасиетті ұғыммен байланыстырады. Бұл қасиет жайында айтылған «тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «тегінде бар тектілік», «тектінің тұяғы» сияқты тәмсілдерге қоса,

«Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны…» деген Бекасыл әулиенің қасиетті сөзі астарында терең ой, даналық көзқарас жатыр. Бақытжан Әбдіхалықұлының да кездейсоқ тұлға еместігі, бойындағы асыл қасиеттері мен адами парасаттылық ата-баба қанынан дарығандығын айқындайды.

Өкініштісі, асыл аға өмірден көргені көп, көңіліне тоқығаны мол, нағыз мәуелі бәйтеректей кемел толысқан шағында кенеттен дүниеден озды. Ортағасырлық философ Сұлтан Санжар «Жаратушы дүниеге келген әр пендесінің кеудесіне жан салып, бойына алуан қасиет дарытады. Адам баласы тіршілігінде осы аманатты асқан ыждағаттылықпен пайдаланып, өзінің ғана емес көптің қажетіне жаратуға тиіс. Өлшеп берген өмір тұйықталып, аманат иесіне қайтқанда сондай жандардың тағылымды істері барша адамзаттың ортақ игілігіне айналады. Осылай өмір сүргендердің екі дүниеде жүзі жарқын болады» деген екен. Аға бекзат болмыстың, сарқылмас сабыр мен таусылмас төзімнің иесі, парасаттылық пен азаматтықтың өнегесі, алдыңғы буындағы аға ұрпақтың құрметіне бөленген, кейінге ұрпаққа үлгі болған біртуар тұлға еді. Артына қалдырған мол рухани мұралары арқылы саф алтыннан құйылғандай ғұмырлық зәулім мүсінін сомдап кетті. Ардақты есімі жас ұрпақ санасында керуен көші жылжыған сайын мұзарт шыңдардай асқақтай берері сөзсіз!

Бақытжан аға тек бір атаның баласы, бір отбасының тірегі емес, адал еңбегімен, өнегелі ісімен, адамгершілік қасиеттерімен, басшылық қарым-қабілетімен ел мүддесі жолында аянбай, тер төге қызмет еткен асыл тұлға болды. Бойындағы ерен адамгершілік қасиеттері – мейірімділігі, адалдығы, парасаттылығы, адамға қамқорлығы, жас ұрпақ тәрбиесі жолындағы қажырлы еңбегі, биік болмысы мен кісілік келбеті көзін көріп, өзімен сыйлас, әріптес болған және тәлім-тәрбие алған шәкірттері көкейінде жаңғырып тұрары хақ.

Киелі Сыр өңірі жұртына, ағамыздың отбасы, жалпы әулетіне орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Асыл ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы салауат болсын. Көре алмай кеткен қуаныш-қызығын Алла тағала артында қалған ұрпағына нәсіп етсін.

Солтанбек ҚАСЕНОВ,

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің доценті.

Алматы қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<