Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді

558

0

Тасан ағай туралы бұрынғы әріптес ұстаздар жыр етіп айтады. Жігері асып-тасып төгіліп жатса да буырқанған сезіміне тоқтау сала білетін, біреудің көңіліне қарап абайлап, сақтықпен сөйлейтін. Бұл – кеңестік номенклатураның тәрбие мектебінің жемісі. Қан майданда болып, өмір мен өлім арасында арпалысқан кісінің болмысы осындай болу керек деп ойлаймын.

Иә, заман қатал болды, оған өмірдің өзі мәжбүр етті. Тарихқа үңілсек, сонау соғыс алдындағы елдің тіршілігі, қам-қарекеті жүдеу еді. Соның барлығына жас кезінен шынығып өскен Тасан аға қиын-қыстау кезеңдерде де сыр бермеді.

Адамзат ғұмырындағы аса бір қатыгездікпен ерекшеленген екінші дүниежүзілік соғысқа шақырылған кезде 19 жастағы Тасан Ташкенттегі Ленин атындағы жаяу әскерлер училищесінің жеңілдетілген тобында оқып жүрген болатын. Соғыс басталысымен әскери білім алған бозбала майданға аттануға асығады. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, жеңіспен елге оралған азаматты бүгінде жерлестері рухы биік нар тұлға, ардақты ұстаз бейнесінде еске алады.

«Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді» дейді бүгінде ол кісінің әріптестері. Расында ғибратты, мағыналы, салиқалы өмір сүру – кез келген жанға бұйырмайтын бақ. Артына осындай өшпес із қалдырған жан деп Тасан Әбенұлын сеніммен айта аламыз.

Ол 1920 жылы Жаңақорған қыстағында дүниеге келді. Жастайынан елшіл, өршіл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Туған ауылында білім алып, өмірге әскери училищеде шыңдалады. 1941 жылдың қараша айында Орта Азия округі бойынша курсанттар бригадасының құрамында Мәскеу түбіне жіберілді. Одан әрі қызыл от шарпыған майдан даласына түсіп, Отан қорғауға атсалысады. Майдандағы жолын Мәскеудегі соғыстан бастаған ол «За оборону Москвы» медалімен наградталды. Одан кейін Украина майданында маршал Жуковтың армиясында әскери міндетін атқарды.

1943 жылдың ақпанында оң қолынан жараланып, госпитальда емделіп, туған жеріне демалысқа жіберілді. Қысқа мерзімді демалыстан кейін қайта майданға оралды. Оның соғыс жолы 20-армияда басталды. Барлаушылар взводын басқарып, Ржев қаласы және бірінші Беларусь майданындағы қақтығыстарымен сабақтасып жатыр. Отан деп от кешкен жауынгерлермен бірге Берлинге кіріп, Ұлы Жеңісті сонда тойлады. Алайда, Тасан Әбенов үшін соғыс мұнымен біте қоймады. Қырық бестің тамызында Берлиннен Жапония милитаристеріне қарсы соғысқа аттанды.

1946 жылы туған еліне оралып, туыс-бауырмен қауышып, туған топыраққа тәу ету бұйырды. Бес жыл бойы оқ пен от кешіп, өмір мен өлім арасында арпалысқан қиын сәттердің елеуі де аз болған жоқ. Майдандағы батырлығы, ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі», «Соғыстағы ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», барлығы 16 орден-медальмен марапатталды. Майдан даласынан бірнеше рет жаралы болып оралып, соғысқа өршіл рухпен қайта қосылып, ерлік пен елдік қасиетті бойына сіңіргенін көрсетті. Бұл ғибратқа толы, шежіреге лайық өнеге еді.

Тасан Әбенұлы соғыстан кейінгі өмірін ағарту ісіне арнады. Алматы қаласындағы қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1953 жылы оқуды бітірген соң қызмет бабымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданына жіберілді. 1953-1956 жылы Сарыағаш аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, 1956-1958 жылы сондағы М.Лермонтов атындағы орта мектеп директоры болып қызмет етті. Бойындағы патриоттық сезімі мен ыстық ықыласы оны туған жерге жетеледі. Сөйтіп, 1958 жылы туған жеріне оралып, көп жылдар бойы білім саласында абыройлы қызмет атқарды. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаздың шәкірттері бүгінде еліне елеулі, халқының қадірменді азаматтарға айналған.

Бұрынғылар өмірді буырқанып аққан тау өзенінің екпініне теңейді. Оның бұлтарысы, қалтарысы көп, игере алмасаң басыңды тасқа соғып, мерт боласың немесе жағаға лақтырып тастайды. Тасан ағай өмірдің осы тұрғыдағы қатал сынына келгенде әрдайым жігерлі болды. Қазақта «Ниеті тәуір жігіттің жүрісінде мін болмас, айтқанында зіл болмас» деген тамаша теңеу сөз бар. Болмысы осындай жайдары болған соң ағаның қасына игі жақсылар жиналды. Ондайларды өзі жақындатты, өзгелер оған дұрыс адам болған соң өздері жақындады. «Бидайдың кеудесін көтергені дақылының жоқтығы, жігіттің кеудесін көтергені ақылының жоқтығы» деген бейнелі сөз тағы бар. Ағамыз ешқашан бұл тәмсілді жадынан шығарған емес.

Майдангердің ұстаздық жолы, адами болмысы жайлы шәкірттері тебіреніспен әңгіме етеді. Ауданның құрметті азаматы, ел ағасы Зинабдин Шермағанбетов естеліктерін бөлісті: «Жақсы адамның артынан жаман сөз ермейді. Тасан ағай нағыз осындай жан болатын. Оның ішкі дүниесі ерекше, өте көпшіл, қонақжай еді. Сол кездегі нағыз ұстаз, шын мұғалімдік мінез-құлық парасаттылықтың белгісі дер едім. Ал азаматтық болмысы бөлек бір әңгімеге арқау болардай».

Қазақтан сөз қалған ба, ертеректе бір ақын:

«Дүние деген ұшқан құс,

Байқай алмай қаласың,

Басыңнан шарлап өткенін» – деген екен.

Сол айтқандай, барлығы жылдам, аққан жұлдыздай зу етіп өте шығыпты. Бұрынғылар «Басыңнан бақ ауса, алпыс күн тасыған дария алты күнге жетпей таусылады» деген ғой. Сол бұрынғының есті кісілері «Бақ пен сордың арасы бір-ақ қадам» дегенді бекер айтпаған, бұл орайда. Өмір тағдыры өкінішпен аяқталып жатқандар қаншама! Бұл тұрғыда Тасан ағайдың ұрпақтары бақытты, өнегелі. Оларға ел қызығып қарайды.

Ал біз әңгіме еткен елдің ақылшы ұстазы, бір әулеттің өнегелі қариясы Тасан Әбенұлы жұбайы Мүкарам екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп, оларды бір-бір маман иесі атандырып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Балалары ата-ана үмітін ақтап ел игілігіне қызмет етіп келеді. Олардан тарағандардың өзі 70-ке жуық.

Ардагер ұстаз, елі үшін майданда төсін оққа тосып, Отан үшін от кешкен тұлғасы биік азамат Тасан Әбенұлы 1995 жылы 75 жасында өмірден озды. Майдангердің биыл 100 жылдығы. Аудан әкімдігінің шешімімен биыл ардагер есімінің құрметіне көше атауы берілді.

Қиындықты жеңіп, жігері мұқалмай бақытты қарттықтың дәмін татқан қарияның өмір жолы өнегеге толы. Міне, ащы уақыттың тұщы естелігі деген осы болар.

Ұлы Отан соғысы ардагері, еңбек ардагері, ақылшы ұстаз мәңгілікке ел жадында. 

Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<