От-жалыннан оралғандар

668

0

Осыдан 34 жыл бұрын, 1989 жылдың 15 ақпаны күні Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан шығарылды. Әскерге шақырылған өрімдей жас жігіттердің өмірінде өшпес із қалдырған әскери іс-қимылдар 10 жылға созылды. Оған солдат ретінде қатысқан жауынгерлердің көбі қазір ортамызда. Жалағаштық Мұратбек Алдамбергенов пен Байболат Сәпенбаев – ауған соғысының және ішкі істер органының ардагерлері.

Ауғанстан жеріне аттанған Кеңес әскерлерінің қатарында болған мыңдаған қазақ жауынгерлері өз борыштарын адал атқарды. Деректерге сүйенсек, 22 мыңнан астам қазақстандық жауынгер  Ауған жеріндегі Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің құрамында интернационалдық борышын өтеген. Олардың 889-ы ұрыс даласында қазаға ұшыраса, 30-ға жуығы хабар-ошарсыз жоғалған. Үш мыңнан астам қазақстандық Ауған соғысынан мүгедек болып оралды. Елге жеткен соң да соғыс салған жарақаттан мезгілсіз қайтыс болғандар қаншама десеңізші?

Бір ғана Ауғанстандағы әскери іс-қимылдың қазаққа әкелген орны толмас зардабы осындай. Бұл соғысқа Жалағаш ауданынан 30-дан астам  жауынгер интернационалдық борышын өтеуге аттанған. Оның  4-уі қанды шайқаста мерт болған.  

 Ішкі істер органдарының ардагері Мұратбек Алдамбергенов – бір жарым жыл Ауғанстан Республикасында болып, от-жалынан аман-есен оралғандардың бірі. Ол Отан алдындағы борышын өтеуге 1979 жылы шақырылады. Әскери өмірді Украинаның Смела қаласындағы артилерия полкінде бастапты.

–  1979 жылдың 26 желтоқсаны жадымда мәңгі сақталып қалды. Түн жарымында аяқастынан әскери дабыл соғылып, біздің полкті Белая церковь қаласындағы горнизонға әкелді. Полктен менімен бірге үш жауынгерді таңдап алды. Горнизон бойынша іріктелген 150 жауынгерді әскери-транспорттық ұшақпен Термезге әкеліп түсіреді. Жаңадан жасақталған полк қару-жарақпен және әскери-жорық құралдармен жабдықталып, соғыс жағдайына келтірілді. Іріктелген артиллериялық полк 28 желтоқсан күні колоннамен Ауғанстан аумағына кірдік, – дейді Ауған соғысының ардагері.

Жерлесіміз артилериялық полкте барлау взводының барлаушысы болған. Соғыс жағдайында әрбір күн қауіпті. Кез келген сәтте ажал құшуың мүмкін. Ал барлаушының міндеті – аса жауапты ғана емес қауіп-қатерге толы.

Ол барлаушы ретінде көптеген қауіпті операцияларға қатысты. Қадам басқан сайын аранын ашқан ажалмен бетпе-бет келген күндер қаншама?

Елге оралған соң жиырма жастағы жігіт Түркістандағы индустриалды-педагогикалық техникумына түсті. Кейін кенттегі №150 кәсіптік-техникалық училищеге өндірістік-оқыту шебері болды. Жұмыстан қол үзбей, педагогикалық институтта оқып, жоғары білім алды.

Аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен ішкі істер бөліміне жіберіліп, ішкі істер органдарында жол-бақылау инспекторы, учаскелік полиция және жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор қызметтерін абыроймен атқарды. Зейнетке шыққан соң білім беру саласына қайта оралды. Мектепте алғашқы әскери даярлық пәнінің оқытушысы болып, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде ауқымды істер атқарды. Кейін аудандық білім бөлімінде денетәрбиесі мен алғашқы әскери даярлық пәндерін оқыту бойынша әдіскер болды. Қазір Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлері қоғамдық кеңесі Жалағаш аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Ал отставкадағы полиция майоры Байболат Сәпенбаев отты күндерді былайша еске алады: 

–  Отан алдындағы әскери борышымды өтеуге 1987 жылы шақырылдым. Әуелі Талдықорған қаласындағы әскери бөлімге апарды. Мұндағы әскери бөлімнің негізгі міндеті – Ауған Республикасына жіберілетін солдаттарды жауынгерлік дайындықтан өткізу болатын. Сол жерде жарты жыл бойы әскери жаттығуларға машықтандық. Сонан соң өз әскери полкіммен бірге Тәжікстан Республикасының шекарасы Таулы Бадағышам елді мекенін және Ауған жерінің тыныштығын сақтауға аттандық. Елге 1989 жылы оралдым. Қауіп-қатер мен ширыққан темірдей тәртіптің ортасынан келген соң ішкі істер органдарына жұмысқа орналастым, – дейді кейіпкеріміз.

Байболат ішкі істер органдарындағы жұмысын ауданда учаскелік полиция инспекторы болып бастады. Кейіннен жылжымалы полиция бөлімінің бастығы, кезекші бөлімшенің аға инспекторы болып еңбек етті. Оның кеудесінде «Ауған халқынан алғыс», «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Жауынгер-интернационалист», «Жауынгерлік қызметі үшін» және ІІІ дәрежелі «ІІО-ғы мінсіз қызметі үшін» медальдары жарқырап тұр.

Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген қос ардагер елдің тыныштығын тілейді. Оларды аудан жұртшылығы қай салада еңбек етсе де құрмет тұтады. Елдің сүйіспеншілігіне бөлену үшін азаматтың өзінде де еліне деген ықылас-пейілі, адамгершілік қарым-қатынасы болу қажет десек, бұл қасиеттер кейіпкеріміздің  бойынан табылады.

Дәуіржан Елубаев,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<