Полк комиссары

342

0

Полк комиссары Сүлеймен Сейітовтің өмірдерегіне зер  салсақ, Мәскеудің Партия мектебін үздік бітірген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1946 жылы елге оралған. Сырдария, Қызылорда қалалық партия комитетінде хатшы, Қызылорда, Ақмола облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), «Есіл правдасы» газетінде редактор болған, облыстық кітап саудасы басқармасының бастығы қызметін атқарып, одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққан. Әскери шені – полковник, қызметі – полк комиссары.

Бүгінгі әңгімеде жауынгер журналистің өміржолы баяндалады.

Әлі есімде. Баспасөз күніне орай Сүлеймен ағамен сұхбаттасудың сәті түсті. Пәтеріне телефон соқтым. Жеңгеміз Елена Қабақова тұтқаны көтерді.

– Иә, қарағым, мен Еленамын. Дауысыңнан танып тұрмын, Қайырбексің бе? – деп жеңгеміз амандық-саулық сұрай бастады.

– Сүлекеңмен сөйлесуім керек еді. Редактордың шұғыл тапсырмасы бар. Қалай кездесер екенмін, жеңеше?

– Ә, ағаң екі күн демалысында үйде отырмайды ғой. Мына «Айдарлы» жағынан қырғауыл, қоян аулайды. «Газ-69» көлігіне мініп алып, тартады. Аңшылыққа құмар-ақ. Ертең оралып қалар. Айтайын. Келген бойда өзіңмен хабарласады. Келістік ғой.

– Келістік.

Телефон шыр етті.

– Мен полковник Сүлеймен Сейітовпін. Маған Қайырбек керек.

– Тыңдап тұрмын, Сүлеке, мен Қайырбекпін.

– Түскі сағат  бірде  үйге  кел.  Кешігіп жүрме. Әскери тәртіпке бағынған адаммын. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржанның сөзі бар. Осыны есіңе ұста! Келістік ғой? Полковник Сейітов!

Аң-таң күйге түстім. Әскери адамның өр мінезі сезіліп тұр.  Әлі тың. Көлігін өзі жүргізеді. Екі күн далада тоғай аралап, аң-құс аулайды. Бұл неткен қуат? Біздің қатарларымыздың жетпістен асқан соң-ақ сіңірі айналып, белі бүгіледі. Ал, Сүлекеңнің кескін-келбетіне әлгі телефондағы сөзіне қарап, аң-таң күйге түстім. Қайран ағалар-ай, қандай қуатты еді?!

Уәделі мезгілді күтуге тура келді. Бұл кісі қатардағы әскери адам емес, полковник. Бұрын-соңды полковниктің алдын көрмеген мен қобалжыдым. Есік қақтым. Есікті Сүлекең ашты. Әскери киімін, бар орден-медалін тағып алған, тіктеліп тұр. Әскери тәртіппен кең бөлмеге жетектей жөнелді. Дастархан жаюлы, жеңгеміз Елена зыр жүгіріп жүр. 

– Ал, журналист мырза, әзірлеген сұрағың бар ма?

– Жоқ.

– Ә, онда мен өзім баяндайын. Қағаз, қаламыңды мықтап ұста. Атақты Бауыржанды жазардағы жазушы, журналистердің қандай күйде болғанын есіңе ал. Бұл – бір. Екінші, көбірек бояу сөзді қолданба, бәрін қаз-қалпында жаз. Бүгінгі оқырман бәрін әріден ойлайды. Осыны есіңе ұста! Келістік ғой.

– Келістік, полковник Сүлеймен Сейітов!

– Менің өмірім Мұхаммед пайғамбардың өміріне ұқсас. Анам екі жасымда, әкем төрт жасымда дүниеден өтті. Нағашы әжеміздің қолында өстім. Қиын кездер көп болды. Тағдыр тауқыметімен Қарақалпақ жерінен дәм бұйырды. Көше кезіп жүрген төрт-бес бала едік, ересек екі кісі ұстап алды. Бұлар жетім балаларды оқуға, интернатқа орналастырып жүрген большевиктер екенін кейін білдік. Интернатта бірер жыл оқып, сауатымды аштым. Содан 1927 жылы Қызылордаға келдім. Арманым – оқу. Білімім әлі де аз көрінді. Екіжылдық рабфакке түстім. Кейін бұл ағаң медрабфакке түсіп, медицина мамандығын қоса алғаны және бар. Мұның әскерде көп көмегін көрдім. Қысқасы, ағаң арабша оқыған, молдалықтан да хабары бар, бұл жағын өзің келістіріп жазарсың. Молда журналист деп жүрме!

– Әскерге қай жылы алындыңыз?

– Ә, ол да бір ұзақ әңгіме. Бәрін тізбелеп кеттім. Қағазға бәрін түсіріп жазарсың, газетіңнің мүмкіндігі полковниктің өмірін толық көрсетуге жарай ма, көтере ме, журналист мырза?

– Айта беріңіз, Сүлеке?

– Әскерге 1934 жылы шақырылдым. Владивостоктағы полк мектебіне қабылдандым. Орысша сауатым бары көзімді ашты. Оқу бітірдім, взвод командирінің орынбасары болдым. Әскери газеттерге үзбей мақала жаздым, редактор болдым. Газет жанрлары жайында кітаптарды жаныма серік еттім. 1937 жылы әскерден оралған бойда оқуды жалғастыруды армандадым. «Азаттық таңы» атты шығармам үздік бағаланып, Алматыдағы журналистер институтына оқуға қабылдандым. Міне, ағаңның журналистік жолы осылай басталған. Тағы қандай сұрағың бар? Әлде өзім жалғастыра берейін бе?

– Айта беріңіз Сүлеке?

– Соғыс басталар жылы Қызылорда обкомында әуелі нұсқаушы, кейін сектор меңгеруші кезім. Обком хатшысы Рақымбай Төлебаевқа кіріп, майданға аттануға уәде бердім. Обком хатшысы менің бұл бастамамды нағыз патриоттық іс деп жоғары бағалады. Әскери комиссариат арқылы майдан шебіне жіберуді өтіндім. Сонымен Ақтөбедегі №101 дербес атқыштар бригадасында әскери борышты өтеу басталды.

Ақтөбеде алты ай бойы 500-дей солдат жаттығуда болдық. Мен дивизияда комиссар болдым. Талап, тәртіп қатты. Офицерлердің бәрі жеке үйлерді, мен облыстық оқу бөлімінің бастығы А.Шәленов деген азаматтың пәтерін жалдап тұрдым. Жалақым – 300 сом. Бұл ол кезде көп ақша. Қазалыдағы нағашыларыма айма-ай ақша салып тұрдым. Кейде демалыс сағаты бойынша серуенге шығамын. Ақтөбедегі педучилищенің қыздарын торуылдаймыз.

Ақтөбеде болашақ жарым Елена Қабиқызымен таныстым. Ол педучилищеде студент еді. Полкке бірге оқитын қыздармен бірге жиі келіп жүретін. Бос кезімізде серуендейміз. Уақыт аз. Күні-түні жаттығудан қол босамайды. Сағынышты күндер көп болды ғой… Содан 1943 жылдың бір түнінде елу шақты жаттығуда жүрген жауынгерді майдан шебіне аттандырды. Суыт бұйрық келді. Еленамен қоштаса алмағаным есімнен кетпейді. Украина майданынан бірақ шықтық. Еленаға бірер хат жаздым. Хабар болмады. Күйзелісті күндер өтті ғой…

– Еленамен қалай қосылдыңыз?

– Бұл қызық оқиға. 1943 жылдың күз айы. Елена Ақтөбедегі оқуын бітірген бойда Қазалыға жолдама алып, менің нағашы әжемнің отбасына келген. «Мен – Сүлейменнің болашақ жарымын, сіздің үйде Сүлейменді күтемін!» деп келін болып, орамал тартып, иіліп сәлем берген. Біздің отбасына келген жұрт шашу шашқан. Сонымен мені 1946 жылға дейін күткен ғой. Қазалыда жұмыс істеген. Қоғам қайраткері Төлеген Дәуітбаев ағамыздың көп қамқорлығын көргенін дүниеден өткенше айтумен кетті.

Елена Қабиқызымен 1943 жылдан 1946 жылға дейін соғыстан оралғанша үзбей хат жазысып тұрдық. Біздің отбасында мені ұзақ уақыт күтіп, нағашы әжемнің іні-қарындастарына қамқоршы болғаны – таусылмайтын жыр-дастан. Бұл қазақ қызында кездесетін сирек құбылыс. Шіркін, қазақтың келіндері-ай деп жырлауға лайық. Бір сәт Елена әңгімеге араласты.

– Мен Сүлейменді жанымдай жақсы көрдім. Бір күні сонау Украинадан хат келді. Хатты оқып, көз жасымды тыя алмағаным әлі есімде. «Сүйіктім Елена! Бүгін қатты жараландым. Белорусьтің Глоук қаласын азат ету кезінде мина жарылып, топырақ астынан санбикелер суырып алды. Бір командир, төрт телефонист топырақ астында мерт болды. «Командир живой!» деген санбикелердің қуанышын-ай. Он бес күн емделіп, бүгін полкке қосылдым. 1944 жыл, 13 қазан, Өзіңнің Сүлейменің».

Полк комиссары, полковник Сүлеймен Сейітов Берлинді азат етуге қатысты. Прага, Чехославакия, Венгриядағы қиын сәттер әлі көз алдында тұрғанын айтты. Ржев, Смоленск, Тула, Белорусь, Украина жерінде қаза тапқан жауынгер достарының кескін-келбетін қаз-қалпында әңгімелеп берді. Оқта-текте орамалымен көзін сүртті. Менің ұрпақтарым сұрапыл соғысты көрмей, өссінші!

Жауынгер аға әскери басшылардан алған Алғыс хаттарын одан әрі тізбелей берді. Ол хаттарда «Сүлеймен сынды азамат тәрбиелеген ата-анаңызға, Отаныңызға рахмет!» деген жазулар көзге оттай басылды.

Ақылман ардагер, полк комиссары Сүлеймен Сейітов «Еңбек Қызыл Ту» орденінен бастап, 18 медальдің иегері болды. Ұл-қыз өсірді, немере сүйді. Елді бірлікке шақырды. Облыстың Құрметті ардагері атанды. Бірнеше рет ел сенімін ақтаған депутат болды.

– Облыс хатшылары М.Сужиков, М.Ықсанов, Х.Бектұрғанов, И.Әбдікәрімов, С.Тоқтамысов сынды азаматтармен аралас-құралас еңбек еттік. Біз Зейнулла Жарқынбаев екеуміз 5 мамыр күні туғанбыз әрі құдандалас жекжаттығымыз бар. Сырлас, сыйлас болдық. Еламан Жүнісбаевпен бірге талай аңшылық сапарға шықтық. Қызымдай сыйлас болған Алма Ақдәулетованың тазалығына сүйсінемін. Журналистік салада Нұрділда, Орман, Тойбазар, Мәлік, Әбсадық, Ахметжан Нұрекеев сынды азаматтармен сыйлас болғаным ұмытылмайды.

Иә, өмір-өзен секілді, ол ағысын тоқтатпайды. Асыл аға, сұрапыл соғысты бастан өткізген Сүлеймен Сейітовтің туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Сырдың құнарлы топырағынан ұшқан журналист, қарымды қайраткер әсте ұмытылмайды. Ардагер есімі жыл өткен сайын жаңғыра берері ақиқат. Өсер елдің өнер ұрпағы тұрғанда есімі елге танымал, туған жерді түлететін ағалар әлбетте ұзақ сақталары ақиқат. Соның бірегейі полк комиссары, полковник журналист Сүлеймен Сейітов десек артық емес.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<