Радиожурналист Ыбырай

35

0

Облыстың радио журналистері хақында әңгімелегенде бар шығармашылық қызметін осы салада өткізген Ыбырай Әлжановқа тоқталмай, ол жайлы бір ауыз сөз қозғамай кету мүмкін емес. Алғашқы еңбек жолын Арал аудандық «Толқын» газеті редакциясы жанындағы аудандық радиохабарын ұйымдастыру бөлімінде бастаған Ыбырай өмірінің соңына дейін облыстық телерадио компаниясында қазақ редакциясының бас редактор қызметінде болды.

1960 жылдары №21 Қамыстыбас орта мектебінде Ыбыраймен бірге оқыдық. Ол бізге Бекбауыл сегізжылдық мектебінен келіп қосылды. Ауылдан білім қуған жас түлектердің бірі болып, сол кездегі астанамыз Алматыға аттанып, еліміздің маңдайалды жоғары оқу орны С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Сонда жүріп Атыраудың ару қызы Кәмиламен кездесіп, отау құрды.

Облыстық телерадио компаниясына ауысқан жылдары қолында үлкен қара чемоданы – репортеры бар Ыбырай іссапарға шыққанда үйге келіп кететін. Сырласып, әңгімелесеміз. Менің арманым – газет журналисі болғандықтан, сол кездегі облыстық «Ленин жолы» газетіне ауысу.

– Сен облысқа келгің келсе, алдымен Сырдарияға кел, – деді. Онысы «Сырдария» ауданының орталығы Тасбөгеттен шығатын аудандық «Сырдария» газеті болатын. Бір жылдары Ыбырайдың сол айтқаны келіп, «Сырдария» газеті жанындағы аудандық радиохабарын ұйымдастыру бөліміне қызметке келгенім бар. Сөйтіп жүріп 1989 жылдың басында облыстық радиокомитетке шақырылып, соңғы хабарлар редакциясында аға редактор болып, Ыбыраймен бірге жұмыс істедім. Менің қасымда университетте бірге оқыған Айғанша Ысқақова бар. Ыбырай мән-жайдың бәрін айтып түсіндіріп жатыр. Мұндағы ең қиын жұмыс соңғы хабарлар редакциясында екен. Елден бұрын келіп барлық аудандық газет редакцияларына телефон соғып, олардан жаңалықтарды жинайсың. Осындайда бас редакторымыз Ыбырай келіп:

– Қалай, соңғы хабарларың дайын ба, уақыт кетіп барады ғой, – дейді. Мен болсам жанталасып жатамын. Қараймын, Ыбырай баяғы досым емес, «тездет, тездет» деп көзі шатынап тұр. Жан екпін соңғы хабарлардың материалдарын жинақтап, дәрежесіне қарай реттеп, Ыбырайдың қолына тапсырып, отыра бергенімде, телефон шырылдайды. Тұтқаны көтерсем Ыбырай: «Маған келші» дейді. Қолында менің материалдарым, кейбіреулерінің беті айқыш-ұйқыш. Ауызында насыбай, шырт түкірініп алып:

– Жұмабай, бұл сенің газетің емес, бұл – радио. Әрқайсысының өз стилі, өз мәнері бар. Газеттегі соңғы хабарларды әркім өзі оқиды. Ал бізде мұны тек диктор оқиды. Газеттегідей емес, радиода сөйлем қысқа, айтар ойың нақты, сөздерің жеңіл болуы керек. Диктор оқығанда сөйлемдеріңде әдемі әуен, әсем ырғақ шығуы шарт. Ал сенің мына хабардағы сөйлемдерің шұбалаңқы, сөздерің қасаң, оқығанда тілге қатты тиеді. Мына хабарыңды қайта қарап шық, – деп өзінің көңілінен шықпағандарын қолыма қайтарып берді.

Мен облыстық радиода жұмыс істеген осы жылы Кеңес одағы коммунистік партиясының кезекті съезі өтіп, оған облысымыздың белгілі дәрігері Тұрғанбай Маханов делегат болып қатысты. Ыбырай өзінің бұрынғы тәжірбиесін пайдаланып, менің әр хабарымда Тұрғанбай Махановпен хабарласып, съезд күндерінен хабар беріп тұруыма көп көмегін тигізді. Ертелете келіп Мәскеудегі қонақ үйдің телефонына хабарласып, Тұрғанбай Махановтың даусын өз микрофоныма жазып аламын. Сөйтіп съезд аяқталғанша оның жұмыс барысынан үзбей хабар беріп тұрдық. Соның нәтижесінде соңғы хабарлар редакциясы жұмысы бұрынғыдан да жанданып, жақсы бағаланды.

Ыбырай Әлжанов облыстық радиоға мен сияқты жаңадан келген қызметкерлерге ақыл-кеңесін беріп, тәрбиелеп, радио журналисі болып қалыптасуына көп көмегін тигізді. Солардың бірі ақынжанды азамат Бексейіт Шайланов болатын. Ол Ыбырайды ұстазы санап өтіп, ағалы-інілі болып, сыйластықта жұмыс істеді.

Ыбырай Әлжанов нағыз радио үшін жаралған жан еді. Ол ауыл шаруашылығынан, өндірістен, мәдениеттен қаншама құнды радиорепортаж, радиоочерк, әңгіме әзірлесе де, оның бірде-бірін газетке берген емес. Осы жайлы айтқанымда «Мен радиожурналиспін ғой»  дейтін.

Міне, менің қолымда Арал аудандық «Толқын» газетінің 1965 жылдардағы санының бір қиындысы тұр. Мұнда Ыбырай Әлжановтың «Менің правом» деген публицистикалық жалынды материалы жарық көріпті. Оқып шықтым. Ойы ұшқыр, сөзі көсем, 20-дан асқан жалынды жастың жан тебірентерлік толғауы жүрек толқытады.

«Менің үнім эфирде саңқылдап, көкте қалықтайды. Ол үн – Жер шарындағы бейбітшілік пен бостандықтың баянды болуы туралы сыр толғайды. Ол үн – күн сәулетті советтік Отанның тасқынды табысын, ғажайып жаңалығын, аршынды адымын, жаны жаз адамын, сәбидің күлкісін, ананың қуанышын паш етеді. Ол үн – дауылмен айқасқан, боранмен алысқан, еңбек ерлерінің ерлік ісін мадақтайды. Сәулетті қала, алып құрылыс тұрғызған Отанның ұл-қыздарының қайтпас қайсарлығын, болаттай мәрттігін, алмастай жарқылын жария етеді: Бұл – менің правом».

Ыбырайдың осы толғанысынан-ақ оның таза радиожурналист екенін айқын аңғарасың. Осы жылдары облыстық телерадио компаниясының төрағалығына ұжым ішінен балама кандидат даярлау міндеті қойылды. Оған конкурс жарияланып, Ыбырай Әлжанов комитет төрағалығына балама кандидат болып тіркелген болатын. Бірақ, Ыбырай өзі аңсаған арманына жете алмады. 1990 жылдың басында 40-тың қырқасына шыққан шағында өмірден өтті. Оның артында жары Кәмила, Қожамұрат, Төремұрат, Ғалымбек, Мейрамбек, Жарқынбек және Ләззат есімді ұл-қыздары қалды. Бүгінде олар үйлі-баранды болып, Нұр-Сұлтан, Төретам, Қызылорда қалаларында алуан салада еңбек етіп, өмір сүріп жатыр.

Бір кездері облыстық телерадио компаниясында жұмыс істеген жылдарымды еске алсам, репортеры қолынан түспейтін радиожурналист Ыбырай  Әлжанов бейнесі ойыма осылай орала береді.

Жұмабай ЖАҚЫП,

Қазақстанның құрметті журналисі

Арал ауданы