Саланың майталман маманы еді

502

0

М.Саламатов атындағы Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжінің қызметкерлері Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Қызылорда облысының Құрметті қайраткері, ҚР Құрметті қызметкері, «ҚР кәсіптік – техникалық білім беру саласын дамытуға ерекше үлес қосқаны үшін» медалінің иегері Сексенәлі Рахановпен қызметтес болғанымызды мақтан тұтып, жиі-жиі үлкен ілтипатпен еске алып отырамыз. Себебі, ол кісі осы саланың майталман маманы ретінде әр істі жүйесімен, жоспармен, өзінің айтуынша жұмысты адамдардың психологиясы мен қабілет деңгейіне қарай тапсырып, кейбір жерін білдірмей ғана өзі толықтырып отыратын басшы бола білді. Мекемені өз ісін жетік білетін, тәжірибесі мол, сала маманы басқарса, табыс та сол жерде, абырой да сол жерден табылатыны ақиқат қой. Біздің училище қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі «Жыл мұғалімі», «Үздік училище», «Үздік аспаз», «Үздік тігінші» және спорттық жарыстарда да ылғи алдыңғы орындардан көрінетін.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой. Қарапайым да халықшыл, тума талант, сөзге шешен, оқығаны да, тоқығаны да бір басына жетерлік, ізденімпаз да тынымсыз ағайдың өмір жолы да қарапайым. Автокөлік жүргізушілігінен бастап, облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, №69, №9 кәсіптік-техникалық училищелерде директорлық қызмет атқарып, біздің №7 кәсіптік-техникалық училищеге басшылыққа мол тәжірибе жинап, күш-қайраты толысқан дер шағында келген еді.

Әлі есімде, бізбен танысудың алғашқы сөзін: «Ұрыста тұрыс жоқ» орынбасарларымның бәрін жақсы білемін, сіздердің де біразыңызды танимын, олай болса жұмысты бірден бастап кете беруге рұқсат етіңіздер» деген еді. Осы сөзден-ақ, ағайдың іскерлігін, талапшылдығын, жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын жауапкершілігін танып, қызметтес болудың қиын да қызық екенін аңғардық.

Ол кісі ұжымға рухани-мәдени, әлеуметтік бағытта жаңа леп, жаңа серпін мен қарқын ала келді. Осы бағытта топішілік, мектепішілік іс-шаралар, бұрынғы дәстүрлі Жаңа жыл, Жеңіс күні, т.б. мерекелерінен басқа, Қоршаған ортаны қорғау күні, Халықаралық балаларды қорғау күні, Құстар күні және кітап оқу апталығы, т.б. әр апта атаусыз өтпейтін болды. Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы М.Бекмағанбетова «Өрмекшілер күні жоқ па екен?» дегенде, Сексенәлі ағай естіп қалып:

– Тіпті «Қар күн», «Аққулар күні», «Гүлдер күні» бар, сізге тапсырма «Қызыл гүлдер, сары гүлдер, көк гүлдер. Неге мұнша қырға қаптап кеттіңдер?» тақырыбына фотомонтаж жасайсыз, екі апта уақыт беремін, – деп күлдіріп еді.

Қайран жақсы адамдар-ай, ренжімей, әдемі әзілмен әңгіменің жігін білдірмей, тапсырма да беріп үлгерді.

Осындай күндерді өткізуде ұжым мүшелерінің ашылмай, бұйығып жатқан ән айту, билеу, домбыра тарту, өлең жазу сияқты өнерлері сыртқа шығып, әрбір іс-шарадан кейін көңіліміз көтеріліп, шабыттанып қалатынбыз. Ал білім алушылар арасындағы өнерлі жастардың қабілеті көктеп шыға келді. Олар да бәсекелесіп өлең, әңгіме жазып, сурет салып, газетімізге жариялауға кезекке таласуды шығарды. Кейіннен бұл жағдай қанат жайып, дәстүрлі дағдымызға айналып қалыптасты.

Әр аптада бір іс-шараны ойлап тауып жүретін Сексенәлі ағай бір күні:

– Училищемізге Н.Бекежанов атындағы драма театрының артистерін спектакль қоюға шақырып, келістім. Аптаның аяғына келеді, – деді.

М.Мұқаметқалиев ағай:

– Ол үлкен мәдениет иелеріне мына сиқы онша емес мекемемізді қалай көрсетеміз? Оларға «Қуыс үйден құр шықпа» дегендей, ілтипат та керек шығар, – деген еді. Сексенәлі ағай:

– Бірінші сұрағыңды олар келгенге дейін өзің шешесің, екінші сұрағыңды өзіме қалдыр, – деп айтқаны есімізде.

Айтайын дегеніміз, ол кісі осының бәріне қалай уақыт тауып, ұйымдастырып жүр, күш-қуаты қалай жетіп жүр деген ой еді.

Кейінгі кезде №8 облыстық арнаулы санаториялық мектеп-интернатта директор, М.Маметова атындағы жоғары педагогикалық колледжде директордың орынбасары, кәсіптік-техникалық білім беру оқу орындары директорлар кеңесінің төрағасы, республикалық директорлар кеңесінің алқа мүшесі және кәсіптік-техникалық білім беру стандартын дайындау комиссиясы мүшесі қызметін атқара жүріп осы саладағы оқу-тәрбие жұмыстарын жақсартуға арналған елуден аса қосымша оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар жазып, бастырып, облыстың кәсіптік-техникалық білім беру оқу орындарына таратты.

«Дананың сөзі – ақылдың кені», «Маңдайға біткен марқасқа», «Тамыры терең бәйтерек», «Қаратаудан түлеп ұшқан», «Шежірелі сандар», «Сағындырған сағым жылдар», «Дара тұлға» кітаптарын шығарды. Осы шаруалардың бәріне қалай уақыт тауып жүргеніне таңғалмасқа шараң жоқ. Оның үстіне типографиямен келісіп, мектепішілік газет шығарды, оған ұжымдағы марапатқа лайық ұстаздарымызды, озат шәкірттерімізді, туған күндер мен мерейтой иелерін, оқытушылар мен білім алушылардың шығармашылық жұмыстарын, қамқоршы ата-аналарды суреттерімен жариялап, олардың мерейін тасытып, мәртебелерін биіктетті, ілгерілеуге ынталандырды.

Мекемеміздегі барлық іс-шараларға тікелей өзі араласып, ғимараттың қабаттарына ерінбей шапшаң көтеріліп, өз көзімен көрмей тынбаушы еді, оларды ауызша да, бұйрық түрінде жазбаша да марапаттау ағайдың дағдысы екен. Осы газетті кейінірек, өзінің тікелей бастамасымен, облыстық кәсіптік-техникалық мектептер қызметкерлеріне арналған «Ұлағат ұясы» етіп үлкейтіп шығарды. Ал газет-журнал шығару министрліктің рұқсаты негізінде ғана бітетін іс қой. Бұл шаруаның машақатын басынан өткізген жандар ғана біледі. Өмірлік жары Гүлнар Аманованың айтуынша Сексенәлі ағай таңертең оянғаннан, көзі ұйқыға кеткенше қолынан қаламсабы мен телефоны түспейтін.

Сексенәлі ағайдың «Ғасыр адамы» байқауына қатысып, «Шабыттың шыққан шыңына» номинациясын жеңіп алғанын, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын, партиялардың, облыс әкімінің Алғыс хаттары иеленгенін мақтанышпен айтуға тиіспіз. «Мақтанатын ісің болса мақтан, мақтайтын досың болса мақта» депті ғой бабаларымыз.

Жоғарыда айтқанымыздай, ол кісі ұстаздарымыздың, өндірістік оқыту шеберлерінің сабақ үстіндегі, жиналыстар барысындағы сөз сөйлеу мәнері мен шеберлігіне ылғи мән беріп, ескерту жасап, түзетіп, сөздің құдіретін, мәселелерді шешудегі сөздің ролін ерінбей тәптіштеп айтып отыратын. Ақын Жүрсін Ермановтың «Аттан жығыл, жығылсаң оқасы жоқ. Жығылуға болмайды сөзден, балам» дегенін естеріңе сақтаңдар деуші еді.

Кейбір басқосуларда ағай міндетті түрде туған ауылы «Бірлікті», шұрайлы да көркем мекен деп, ондағы көнекөз қарияларды мақтай бастайтын. Жаңақорған ауданының мен туып-өскен «Бірлік» ауылына бардыңдар ма, бармасаңдар, мен шақырам, келіңдер деп:

– Атың қандай әдемі,

Айналайын «Бірлігім».

Бірліктен бастау алады,

Өмірдің барлық тірлігі.

«Бірлік болмай, тірлік жоқ»,

Ауылдастарымның ұраны.

Жансаям Атамекенге,

Барғым келіп, барғым-ақ келіп тұрады, – деп, жүзі жайнап, кемелдене толқып, рахаттанып отырғанын көзіміз көрді.

Сексенәлі ағай жүзі жарқын, «жеті қырлы, бір сырлы» өнерлі, ұйымдастыру қабілеті ерекше дамыған, адамдармен күле сөйлесіп тез тіл табысып өзіне тартып алатын сиқырлы тылсым сезімі қалыптасқан, сөзге шешендік қабілеті арқасында барған жердегі жұмысын бітірмей қайтпайтын, көңілден кетпес ақжарқын жан ретінде есімізде ұзақ уақыт сақталады.

Сексенәлі ағай салған ізгіліктің ізі өзі құрметтеген, өзін құрметтеген ел-жұртының көкейінен ұмытылмас орын алды.

Біздің де айтпағымыз осы еді.

Сұлушаш ИБРАЕВА,

 Қадиша БЕКБЕРГЕНОВА,

М.Саламатов атындағы Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжінің ұстаздары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<