Сөнбес сәуле

343

0

Өмір, тағдыр дегенің қызық қой, кейде болжамаған, өз ақыл-ойыңмен зерделеп өткізуге қабілетің жетпейтін таңғажайыптарды алдыңа тоса салатыны бар. Нұрекең, Нұрділдә Уәлиұлы туралы жазуға қолыма қалам алғанда ол кісімен араласқан, жақын жүрген, көңіл сырын ақтарған ширек ғасыр ішіндегі бір сәйкестік есіме еріксіз орала кеткенін қайтерсіз. Ал тағдырдың бұл сәйкестігі менің ол кісінің азаматтық, адами болмысына деген сағыныш сезімімді туғызған еді.

1985 жылдың шiлде айында Нұрекең зейнетке шыққан Қалқабай Әбеновтiң орнына қазiргi «Сыр бойы», сол кездегi «Ленин жолы» газетiне бас редактор болып тағайындалды. Арада бiр-екi ай өткенде сол газетте корректорлық (бұл техникалық қызмет болып саналады) жұмыста жүрген менi жаңа бас редактор газет аппаратына – тiлшiлiк қызметке тағайындау туралы бұйрыққа қол қойған едi. Ол кезде облыстық партия комитетiнiң органы, облыс түгiл есiмдерi республикаға танымал адуынды қаламгерлермен «Ленин жолында» қатар қызметтес болу мен үшiн үлкен абырой, сонымен бiрге үлкен сын едi.

…2011 жылдың ақпаны. Арада 26 жыл өткенде азды-көптi жетiстiктерiмдi бағалап, тәжiрибесiздiктен жiберген кемшiлiктерiмдi кешiре бiлген, тiптi отбасымен де аралас болған абзал азаматты соңғы сапарға шығарып салу рәсiмiнде облыстың зиялы қауымы алдында сөз сөйлеу кезегi маған да (сол кездегi қызметiме сәйкес) тиген едi. Бұл ендi менiң пайымдауымша, әке мен баланың, ұстаз бен шәкiрттiң, ширек ғасыр iшiндегi қалыптасқан ұрпақтар сабақтастығының сирек кездесетiн тағдырдың жазуымен келген өмiр заңдылығының сәйкестiгi едi. Абзал азаматпен қимай қоштастық. Ақпанның ызғарлы, өңменiңдi тесiп жiберетiндей аязды өкпек желiне қарамастан қаралы митингiге көп адам жиналды. Бұл елдiң, Сырдың белгiлi азаматтарының ол кiсiге деген үлкен құрметi болатын. Нұрекеңдi осылайша соңғы сапарына шығарып салдық. Сол сәттен берi он үш жылдан астам уақыт өтiптi, сағыныш сезiмi бiздi өткен ғасырдың 80-жылдарының бел-белестерiне қарай жетектей жөнелген едi…

Өткен ғасырдың 80-жылдары облыстық газетте үлкен өзгерiстер кезеңi болды. Жаңа редактор жұмысын редакция аппаратын жаңартудан, жақсартудан бастады. Зейнетке шыққандар қатары жас толқынмен – Оразбек Мақсұтұлы, Қази Данабаев, Қуаныш Махамбет, Жолтай Әлмашұлы, Несiбелi Рахмет, Сәрсенкүл Биқожа секiлдi оқырмандарға есiмдерi танымал бола бастаған қаламгерлермен толықты. Сол жылдары «Ленин жолында» үш буын ұрпақтың өкiлдерi қатар қызмет iстедi.

Нұрекең қаталдау келді. Обкомның темірдей тәртібіне әбден қалыптасып кеткендіктен бе, әлде табиғи жаратылысынан ба, әйтеуір Нұрекеңнің тәртібіне бағыну дегеніңіздің уақыт өте келе жалпы дұрыс жүру, орнымен сөйлеу, орнықтылық, ұстамдылық сияқты ұғымдармен сабақтас екенін біз санамызбен түсініп, қабылдай бастаған едік. Себебі осылардың барлығы Нұрекеңнің бойына жаратылысынан сіңісті болған қасиеттер еді.

Нұрекеңнің бас редакторлық қызметі Кеңес жүйесіндегі қайта құру кезеңімен тұспа-тұс келді. Жетпіс жылдың ішінде қатып-семіп қалған идеологияның мазмұны мен сипаты өзгеріп жатқан осынау алмағайып тұста насихаттың бағыт-бағдарын айқындап алудың өзі қиынға түсті. Көпшілігі ненің не екенін түсінбей дағдарды. Қайта құру мемлекеттік кәсіпорындарда, мекемелерде басшыларды балама кандидатуралар ұсынып, ұжым мүшелерінің сайлауына ұласты. Демократия шарпуымен өтетін жиындар кейде даурықпаға айналды. Мекемелер мен кәсіпорындарда Компартия қатарынан өз еркімен шығу үрдіске айнала бастады. Әрине, осылардың барлығы газетте көрініс табуы қажет еді. Себебі газет өмірдің айнасы, елде, қоғамда жүргізіліп жатқан, қалың жұртшылықтың санасы әлі қабылдай қоймаған өзгерістерді оқырман Нұрекеңнің өзі басшылық жасап, сол жылдары таралымын 60 мың данаға жеткізген облыстың жалғыз газетінен күтуші еді.

Бас редактор бұл тұрғыда байыпты көзқарас ұстанды, демократияның буымен желпінгендердің үстірт ойларына сақтықпен қарады. Шындығын айту керек, ұзақ жыл партия номенклатурасының үлкен сатыларында лауазымды қызметтер атқарған Нұрекеңнің сол жылдары қоғамдық пікірде орныға бастаған «бюрократтық» дейтіннен болмысы таза еді. Ол адамның ішкі жан дүниесін танып, ақ пен қараны, жанашырлықтан туған ізгі ниет пен дау-дамайға үйірсектердің өз басын күйттейтін іс-әрекеттерінің ара-жігін ажырата білді. Сонымен бірге дұрыс жерінде бас редактор ретінде өзінің принципті көзқарасын білдіріп, газетке өткір-өткір сын материалдардың жариялануына ықпал жасады.

Бас редактордың облыс өңіріндегі үлкен беделі біздің – жастардың еркін жазып, еркін тыныс алуымызға едәуір септігін тигізгенін атап өткім келеді. Ол тәжірибесіздіктен жаңсақ басқан журналистерді «аузы алты қарыс» лауазым иелерінің алдына жығып бермейтін, сонымен бірге оңашада әлгі журналисті сыпайы ғана «сыбап» алатын еді. Нұрекең қаламгерлер арасындағы өзіндік ой-пікірі, ұстанымы барларға іштей, сырт көзге сездірмей құрметпен қараса, бірлі-жарым болса да кездесіп қалатын жағымпаздардан бойын аулақ ұстады. Сондықтан болар, бас редактордың кабинетіне шақырусыз ешкім кіре бермейтін. Кіре қалғанның өзінде көпшілігі ол кісінің қас-қабағынан қаймығатын, әңгіме тыңдауға құлықсыз редактор мұндайларды үнсіз қалып сілесін қатыратын еді. Ол редактор ретінде алдымен газеттің қам-қарекетін, абыройын ойлады, одан соң ұжым мүшелерінің жай-күйіне назар аударды, лауазымының жеткен жеріне дейін, сөзінің өткен жеріне дейін барып айтып, көмегін, қамқорлығын аяп қалған емес. Осынысымен ол өзі басшылық еткен ұжымда беделді болды, абыройын асырды. Ойы таза, ісі таза, қолы таза басшы жалпақтамай, жалтақтамай тура жүреді, турасын айтады. Біз білетін Нұрекең осындай басшы, осындай редактор болды. Өзі әділ болған соң, кейбіреулердің ретсіз жалбақтағанын, жарамсақтанғанын ұнатпайтын, жирене қарайтын.

Әрине, әлгi айтқан 80-жылдары «Ленин жолында» сол жылдардың сипатына, мазмұнына тән интригалар да болмай калған жоқ. Билiк жүрген жерде орын алатын сөз тасу, көреалмаушылық, жеке басты күйттеушiлiк дегендер Нұрекеңдi де кәдiмгiдей төзiмдiлiкке сынап баққан едi. Сол жылдардағы обкомның бiрiншi хатшысы Еркiн Әуелбековке Нұрекеңдi жамандап, аузынан шықпаған сөзiн «айтты» дегiздiрген келеңсiздеу, кiсiнiң жүйкесiн тоздыратындай қолайсыз әңгiмелер де болды. Ақыры мұның соңы редакция алқа мүшелерiн обкомның бiрiншi хатшысы Еркiн Нұржанұлының қабылдау сәтiнде көпшiлiк алдында ескертпе жасауымен аяқталған едi. Бiрiншi хатшы бас редакторға: «Вы, осторожнее на поворотах..» дегенде, Нұрекең жүрiс-тұрысы, болмысы сағат тiлiндей сарт-сұрт еткен мiнезiнен таймай табан астында: «Еркин Нуржанович, я и на прямом пути осторожен» деп мүлгiген тыныштықты өзiнiң таза, шын пейiлден шыққан сөзiмен бұзып жiберген едi. Осы жолы бiрiншi хатшы бас редактордың шынайы болмысын танып-бiлдi. Обком хатшысы мен бас редактордың арақатынасына сына қаққысы келгендердiң пиғылы iске аспай қалды.

Жалпы, Еркін Нұржанұлы кейін Нұрекеңнің азаматтығына тәнті болды. Мәскеуге Жоғарғы Кеңес депутаты болып кетiп, елге келгенде редакция қаламгерлерiмен кездесiп, еркiн сұхбат құрғанына өз басым тiкелей куәсi болған едiм. Бұл ендi Ерекеңнiң Нұрекеңе деген сыйластығының бiр белгiсi едi.

Нұрекең шынында түзу жолдың өзінде де әрбір қадамын абайлап басатын, кез келген шешімді мың ойланып-толғанып барып қабылдайтын басшы еді. Сол қасиеті үшін де ол Қызылорда облысының Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов сияқты бірінші хатшылары билік құрған кезде обкомның үш бірдей бөлімін басқарды. Ұқыптылығы, тиянақтылығы, тазалығы, азаматтығы – ол кісінің осындай биліктің жоғары сатысында ұзақ отыруына негіз қалады. Ал облыстық «Ленин жолы» газетінде бас редактор болуы обкомның бірінші хатшылары – Еркін Әуелбеков пен Сейілбек Шаухамановтың билік тұсына сәйкес келді. Олармен де қызметі түсіністік, сыйластық деңгейінде болғанын атап өткіміз келеді.

Нұрекеңнің жылдық асында өзіміз куә болған мына жайтты аттап өткім келеді. Сейілбек Шаухаманов сол ас рәсімінде төгілте, тебірене сөйледі.

– Республикада аузына берік, сыр сақтай білетін екі адам болса, соның бірі – Нұрділдә Уәлиев. Әділдікке жүгінді, кадр тағайындауда әділ төреші болды. Бірақ бәзбіреулер секілді «сен туралы жақсы лебіз білдірдім» деп өз беделін саудаға салудан бойын аулақ ұстады, – деген еді. Бұл айтылғандар ол кісінің обкомның партиялық ұйымдастыру бөліміне басшылық жасаған кезеңіне қатысты болатын.

Асылы, Нұрекең туралы айтқанда бірқатар қаламдастарымыздың қаламына өзек болған мына оқиғаны оқырмандар есіне тағы сала кетудің артықтығы жоқ қой деп ойлаймын. 1989 жылдың 2 ақпанында Қызылордада Арал проблемасы жөнінде республикалық кеңес өтетін болып, оған экология мәселелеріне қалам тартатын республиканың журналистері, сондай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин, басқа да ресми адамдар ұшып келді. Үлкен алқалы жиында көрнекті ақын, Арал мен Балқаш және Қазақстан экологиясы жөніндегі қоғамдық комитет төрағасы Мұхтар Шаханов көпшілікті дүрліктірген сенсациялық мәлімдеме жасап:

– Жуырда Арал проблемалары жөніндегі қоғамдық комитетке бұрынғы КГБ полковнигі, Ұлы Отан соғысының мүгедегі, тоғыз орденнің кавалері, Қызылорда облысының тұрғыны Байдырахман Садықовтан Арал қорына өз еңбегімен жиналған қаржыдан 100 мың сом аудару жөнінде өтініш келіп түсті. Оның тілегіне байланысты бұл ақшаға Арал қаласында пионерлер үйі салынатын болады. Біз жерлестеріміздің тамаша патриоттық ісін жоғары бағалаймыз, – деді.

Мәжіліске қатысушылар дүркіретіп қол соқты. 100000 сом! Бұл ақшаға сол кездегі нарықпен 20 «Жигули» сатып алуға болатын еді.

Бірақ, қуанышты хабарды неге екені белгісіз Нұрекең газетке жариялауға асықпады. Бұл оқиғаның одан әрі өрбуі Остап Бендердің қулық-сұмдығынан да асып түсетін еді. Обком облыстық газетті, дәлірек айтсақ, «Ленин жолының» редакторына қысым жасай бастады. Бірақ Нұрекең барлық газеттер, оның ішінде облыстық «Путь Ленина» газеті Байдырахман ақсақалдың «ерлігін» жамырап жазып жатқанда міз бақпай сіресіп отырып алды. Сенсация дүмпуі алғашқы кезде соншалықты қыспаққа алса да, Нұрекеңнің тартыншақтай бергенінің сыры неде? Демек, қолында бір дерек болғаны ғой.

Әріптесім Оразбек Мақсұтұлына (марқұм) бұл туралы Нұрекең:

– Менде екіұдай мәлімет болған емес, – дейді. – 100000 сомның хабарын естігеннен санамда сенім мен күдік күресі арпалысып жатты. Ол кісімен сырттай ғана таныстығым бар. Мақтангерлік әңгімелерін естіп, ішімді тартып қалатынмын. СОКП Орталық Комитетінің хатшысы Кириленконың күйеу баласымын (әйелі орыс екені рас) дейді екен. Біреулерді ықтыру үшін Мәскеу жақты жағалап қайтатын… Қаншама ұсыныс болса да неге екенін білмеймін, жарқыратып жарнамалауға бүйрегім бұрмады. Ақыры алаяқтығы әшкереленді ғой… – деген еді.

Енді мәселенің мән-жайына келейік. Алғаш дабыл қаққан КГБ-ның запастағы полковнигі Серғара Ізтілеуов болды. Зиялы зейнеткер Шиеліде тұрады екен. Ол обкомға, КГБ-ға жолдаған хатында Байдырахман Садықовтың қауіпсіздік органы қызметкері екендігіне күмән келтіреді, қалтасында соқыр тиыны жоғын жазыпты. Осыған орай тексеру жүргізіледі. Нәтижеде «кәсіби барлаушы» кәдуілгі көзбояушы болып шығады. КГБ «полковнигін», «миллионерді» әшкерелеуге сол кездегі Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің полковнигі Әмірхан Бәкірұлы ынты-шынтысымен кірісіп, оның құжаттары жалған екенін анықтады. Қысқасы, Байдырахман ақсақал жай ғана алаяқ болып шықты.

Жарайды, Байдырахман Остап Бендер бола қойсыншы. Сонда Нұрекеңнің кім болғаны? Әулие, әлде көріпкел ме? Біздің пайымдауымызша, Нұрекеңді жаңылыс, жаңсақ бастырмаған интуиция. Қазақша ұғымға салғанда нәзік сезімталдық. Ал бұл дегеніңіз кәнігі барлаушыға тән қасиет. Осыған қарап ол кісінің бойында біз білмейтін небір ғажайыптардың өз кезегін күтіп, сыртқа шыға алмай бұлқынып жатқанын байқаған болар едік.

Нұрекең досқа, жолдасқа берік адам. Әлдекімдердей тайқып шығу, бұрылып кетуге жоқ. Жастық шақта бірге өскен, қызметі қатарлас Дәуірхан Айдаров, Ұзақ Еспанов, Хамит Ембергенов, Нұрмақ Тоқмырзаев, Абдолла Дәулетов, Бекен Мұсаев, Шәкірәт Дәрмағамбетов,  тағы басқалармен көп жыл сырлас болды. Ол кісі Абдолла, Ұзекеңдерді жолдас болуға жарайтын, уәдеге берік жандар екенін жиі айтып отырушы еді. Алматыдағы ғалым Тотай Тұрлығұлов, Сәпиолла Абдулпаттаев бірге оқыған, институтта бір түйір нанды бөліп жеген сырластары еді.

Н.Уәлиев өзі 60-жылдары бас редактордың орынбасары, кейін бас редактор болған «Сыр бойы» газеті тарихын зерттеп, Мәскеу, Ленинград мұрағаттарында тынымсыз еңбек етті. Одақ тарағаннан кейін газеттің бұрынғы атауының қайта оралуына атсалысты. Алғашқы редактордың кім болғанын мұрағаттарды көз майын тауыса отырып іздестірді.

Зейнетке шыққан Нұрекеңмен қатынасымыз үзілмеді. Әділхан Бәйменов, Әскербек Рахымбеков, Аманжол Сақыпұлы секілді қаламгерлерді Нұрекең бауырындай көрді. Сәті келіп үйіне бара қалсақ, Гүлжамал жеңгемізге: «Әлгі коньякты қайда қойып едің?» деп біз білетін ұстамды, сабырлы деген Нұрекең жас баладай шыр-пыры шығып, бәйек болатын да қалатын.

Нұрекең туралы көп жазылды, әлі де жазыла беретініне күмәніміз жоқ. Ол кісімен бірге  біздің қайтып оралмайтын мұңсыз, бақытты жастық шағымыз, ешкімге ұқсамайтын текті болмысы, қайталанбайтын азаматтық тұлғасы келмеске кетті. Біз жастық шағымызды, Нұрекеңді сағынамыз…

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<