СОҒЫС – адамзат қасіреті

364

0

Адамзат тарихындағы қасіретті оқиғалардың бірі екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына жол салған Ұлы Жеңіске 80 жыл толды. Бірақ бұл соғыс бұнымен толастамаған болатын. 1945 жылы мамырда фашистік Германия талқандалғаннан кейін Жапонияға қарсы күрес қимылдары басталып, екінші дүниежүзілік соғыс осы жылдың 2 қыркүйегінде ғана аяқталып, адамзат баласы сұрапыл соғыстан бір сәтке тыныстаған болатын.

Иә, бұл соғыс туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Соғысқа қа­ты­сушылар мен оның тірі куәгерлері бол­ған қарапайым адамдардан бастап, ға­лымдар, тарихшылар, әдебиетшілер, әскери қолбасшылар және мемлекет қайрат­кер­леріне дейін бұл тақы­рыпта сандаған есте­ліктер, зерттеулер, де­ректер, тарихи құ­жат­тар, прозалық шығар­малар және т.б. жазды.

Бұл үрдіс одан әрі де жалғасуда және жалғаса да береді. Өйткені, бұл соғыстың адамзат тарихындағы алар орны да, ащы сабағы да жетерлік.

Адамзат баласы пайда болғаннан бері адамдар және мемлекеттер арасында әртүр­лі қақтығыстар, жанжалдар өрбіп, оның со­ңы үлкен соғыстарға ұласып жатты. Жаңа жерлер мен ықпал ету аймақтары үшін де басқыншылық соғыстар жүргізілді. Үрей­лі де қорқынышты «соғыс» ұғымына сөздіктер мен энциклопедияларда мынадай анықтама берілген. «Соғыс – мемлекеттің немесе бас­қа да саяси құрылымдар (мысалы, кө­терілісшілердің қарулы отрядтары) тара­пынан болатын ашық та қарулы зорлықты іс-әрекеті. Соғыс көп жағдайда дәстүрлі бей­біт әдістермен шешуде тұйыққа тірел­ген немесе оған көнгісі келмеген ұзақ мер­зімдік экономикалық, территориялық, идео­логиялық, әскери-стратегиялық, геосая­си, дипломатиялық және тағы басқа да қайшы­лықтардан пайда болады, яғни соғыс саясат пен оның мазмұнына тікелей байланыстан туындайды».

Соғыс әділетті, әділетсіз, мемлекет­ара­­лық, азаматтық, басқыншылық, қорға­­ныс­тық, дүниежүзілік, шектеулі (ло­калды, ай­мақтық) және қару түрлерінің қолда­нуына қарай кәдімгі қару қолданған, жаппай қы­рып-жоятын қару қолданылған (ядролық, био­логиялық және т.б.), әуе, те­ңіз соғыстары болып та бөлінеді. Өзінің кө­лемі, уақыты жә­не оған қатысушылар са­нына  қарай  кей­­бір  соғыстар  қарулы  қақ­ты­ғыстар  деп  те  ата­лады.  Жоғарыда     аталған «со­ғыс» анық­тамасы мен оның түрлерінің бәрін қос­қан­дағыдан асып түскен әлемдік тарих­тағы ең сұрапыл соғыс, әрине екінші дүниежү­зілік соғыс екендігін бәріміз жақсы білеміз.

Бұл соғыс қалай және неліктен басталып еді, оның себептері неде, оны болдырмау мүмкіндігі мен жолдары болды ма, болса, ондай мүмкіндіктер неге пайдаланылмады деген сұрақтарға көпшілігіміз мектеп оқу­лықтарынан-ақ таныспыз. Дегенмен де, оның тарихына қысқаша тоқтала кету, қасі­реті мен зардаптарына шолу жасау, Же­ңістің 80 жылдығы қарсаңында қайта еске алу артық болмайды.

Бұл соғыстың шығу себептері бертінде емес, ХІХ ғасырдың екінші жартысында-ақ басталған болатын. Отарлап басып алу мен жаңа жерлерге ие болуға, дүниенің әр түкпірінде өз үстемдіктерін күшейтуге ұмтылған сол кездегі ірі де күшті елдер Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Ресей және тағы басқа да мемлекеттер арасындағы қай­шылық бірінші дүниежүзілік соғыстың бас­талуына алып келді. Соғыстан кейін жеңген елдер мен жеңілген елдер арасындағы бітім шарттары мен 1919 жылғы Париж бітім конференциясының қорытындылары да аталған елдер арасындағы қайшы­лық­тар­ды түпкілікті шеше алмады. Париж бі­тім конференцияның шешімдері бойын­ша Европаның саяси картасында едәуір өз­герістер болды. Германия барлық отарла­рынан айырылды, Эльзас пен Лотарингия Францияға қайтарылды, Батыс Пруссиядан бас тартуға мәжбүр болды. Жаппай әскери міндет жойылды. Ерікті түрде жалдану ар­қылы жасақталатын құрғақтағы әскер саны 100 мың адаммен шектелді. Герма­нияға ауыр артиллерия, әскери әуе күштерін және сүңгуір қайықтар ұстауына тыйым салынды. Германиямен және оның одақтастарымен жасалған шарттар халықаралық қатынас­тарда Версаль жүйесі деген атпен белгілі болды. Версаль жүйесі бойынша отарларды қайта бөлісу жүргізілді, яғни ірі мемлекеттер арасында отарлардың бір бөлігін қайта бөлу жүргізіліп, отаршылдықтың жаңа түрі пайда болды.

Версаль жүйесіне наразы болған ел­дерде (әсіресе Германия мен Жапонияда) кек  алу, есе қайтару идеясы пайда болып, ми­литаризмнің қайта жандануына алғы­шарттар жасалды. 1929-1933 жылдардағы әлемдік экономикалық дағдарыс зардап­та­рына қарамастан  Европаның орталығы (Германия) мен Қиыр Шығыста (Жапония) жаңа соғыс ошақтары туып келе жатты. Ашық қарулана бастаған және жаңа соғыс өртін тұтандыруға бағыт алған Германия мен Жапонияның әрекеттеріне тосқауыл қо­йылмады. Керісінше, 30-жылдардың бас кезінде-ақ Ұлыбритания, АҚШ және Фран­ция мемлекеттері Германия экономи­касының, әсіресе оның соғыс өнеркәсібінің дамуына көмек көрсетті. Дүниенің екі жү­йеге (социалистік және капиталистік) бө­лінуі де ірі мемлекеттердің қате қадам­дар жасауына себеп болды. Олардың ан­ти­кеңестік саясаты да бұл елдердің Гер­мания мен оның одақтастарының талап­тарына  бей-жай  қарауына  және  соғыс  өр­тін  болдырмау  жолында  біртұтас    май­дан құруына мүмкіндік бермеді. Яғни Гер­ма­ния мен оның одақтастарының әскери күшеюі мен басқыншылық қадамдар олар­дың көз алдарында жасалып жат­ты. 1938 жылы наурызда Германияның Авст­рияны басып алуы (немістер тұратын барлық жерлерді біріктіру деген желеумен), осы жылы қыркүйекте Мюнхен келісімі бо­йын­ша Чехословакияның Судет облы­сын (ел көлемінің бестен бірі және хал­қы­ның төрттен бірі), көп ұзамай бүкіл Че­хо­словакияны жаулап алуы-ақ неміс­тердің бас­қыншылық әрекеттерінің ауқымдылы­ғын алдын ала біл­дірген болатын.

Тарихшылар екінші дүниежүзілік со­ғыстың басталуын Германияның Польшаға басып кіруінен, 1939 жылдың 1 қыркүйегінен бастайды. Польшаға одақтастық міндет­терін орындау мақсатында Англия мен Фран­ция Германияға қарсы соғыс жария­ла­ғанымен, Польшаға  нақты көмек көрсе­тілмеді. 40 күнде Польша мемлекеті толық жаулап алынды. 1939 жылдың 30 қараша­сында кеңес-фин соғысы басталып, ол 1940 жылдың 12 наурызында аяқталды. Ке­ңес тарихында бұл соғыс туралы көп ай­тылмайтын, өйткені бұл соғыс КСРО тарапынан әділетсіз соғыс болатын. Кеңес Одағы бұл соғыста өзінен едәуір әлсіз Финляндияны үлкен шығындарға жол бере отырып қана жеңе алды. Бір миллионнан астам кеңес әскерлеріне 300 мыңдай фин әскерлері қарсы тұрды және оның 50 мыңы ғана жақсы үйретілген тұрақты  әскер болатын. Атақты «Маннергейм бекінісін» алу үшін болған Суомуссалми түбіндегі шай­қаста Қызыл Армия 27 мың адамынан айырылса, Финляндияның шығыны 900-дей ғана болды. Кеңес Одағы соғысты баста­ғандағы мақсатына жеткенімен, оның ха­лықаралық беделіне үлкен нұқсан келді және әскері көп шығынға ұшырады.

Польшаны жаулап алудан кейінгі алты ай тыныштықтан кейін Германия 1940 жылы көктемде Солтүстік және Солтүстік-Батыс Европа елдерін жаулап алуға кірісті. 9 сәуірде Германия Дания мен Норвегияның бейтараптылығын бұзып, олардың жеріне басып кірді. Дания жеңілгендігін бірден мойындады. Немістер Данияны жаулап алуда 2 адамынан ғана айырылды, 10 адамы жараланды. Норвегия үшін болған шайқаста Германияның әс­кери-теңіз күштері едәуір шығынға ұшыра­ғанымен, көп ұзамай Нор­вегия үкіметі де жеңілгендігін мойындады.

1940 жылы 10 мамырда гитлерлік Гер­мания Батысқа жорығын бастады. Бель­гия, Люксембург және Нидерландыны тез жаулап алған неміс әскерлері, бір аптаға жетпей Франция жеріне кірді. 18 мамыр­да неміс әскерлері Сомма өзеніне қарай фран­цуз  шебін бұзып өтіп, Кале маңында тұрған 350 мыңдық ағылшын-француз әскерлерінің ту сыртынан шықты. 22 мамырда Гуде­рианның танк құрамасы ағылшын-француз әскерлерінің кейін шегінер бірден-бір мүм­кіндігі Кале портына жақындады. Бірақ Гитлер ешкім күтпеген жорықты тоқтату туралы бұйрық берді. Гитлердің осы қате­лігі ғана 350 мыңдық ағылшын-француз әс­керлерін аман алып қалды. Қоршаудағы ағылшын-француз әскерлері теңіз арқылы Англияға кетіп үлгерді.

5 маусымда немістердің Францияның ішкері аймақтарына шабуылы басталып, ол 22 маусымда Франция үкіметінің же­ңіл­гендігі туралы бітімге қол қоюымен аяқ­талды. Франция үшін масқара бітім шарты 1918 жылы Германияның жеңіл­гендігі ту­ралы бітімге қол қойылған мұражайдан алдырылған, маршал Фоштың вагонында жасалды. Осылайша Германия өзінің бақ­таласы Францияға деген өшпенділігін дә­лелдеді. 1941 жылғы көктемдегі Балкан со­ғыс науқаны нәтижесінде Югосла­вия мен Греция жаулап алынды. Одан бұры­ны­рақ Венгрия, Румыния және Словакия, Гер­мания, Италия және Жапонияның дү­ние жүзін бөлісу туралы Үштік келісіміне қосылған болатын. 1941 жылдың көкте­мінде Европада бейтараптығын сақтаған үш мемлекет қана Швейцария, Швеция жә­не Ирландия қалды.

Европа елдерінің барлық күш-қуатын, экономикалық әлеуетін пайдаланған Гер­мания КСРО-ға қарсы «Барбаросса» соғыс жоспарын жасады. Бұл жоспар бойынша Кеңес Одағын 8-10 апта аралығында тал­қандау жоспарланды. Гитлерлік командо­ваниенің КСРО-ға қарсы шабуыл жасау жоспары және оның дәл мерзімі Сталинге мәлім болғанымен, ол қандай да бір жан­жал және арандатушылық туып кетпеу мақ­сатында шекара маңындағы әскерлерге соғысқа дайындық туралы бұйрық бермеді. Керісінше, шекара маңындағы әскерлерге немістердің арандатуына түсіп қалмауға, қарсы оқ атпауға бұйрық берілді. Қару-жа­рақтар мен оқ-дәрілер қоймаларда сақталды. 1939 жылы 23 тамызда КСРО мен Германия арасындағы бір-біріне шабуыл жасаспау және өзара ықпал жасау аймағы туралы келісімге деген сенімділік басым болды. Бұл туралы соғыс қарсаңында шекара әскерінде қызмет еткен соғыс ардагері М.М.Марков былай деп еске алады: «Соғыстан екі апта бұрын комсомол бөлмесінде «Германия – Кеңес Одағының сенімді досы» деген та­қырыпта лекция оқылды. Лекциядан кейін танкілер консервацияға қойылды, қару-жа­рақтар қоймаға тапсырылды. Екі аптадан кейін аспанда ұшақтар көрінді. Біз өзіміздің әскерлердің жаттығуы басталған екен деп ойлап, оған мән бермедік. Олар екпіндете келіп, қоймаларға бомбалар тастай бастады.

«Бұл оқу-жаттығу бомбалары» (цемент­тен жасалған) деген айқай естілді. Бірақ үлкен жарылыстар болып, қоймалар өртене бастады. Ұшақтар екінші қайтара оралып, басқа да әскери объектілерді бомбылай бас­тады. Осыдан кейін ғана біз соғыстың басталғанын түсіндік».

Мәскеудегі герман елшілігі де бір са­ғаттан кейін ғана сыртқы істер халық ко­миссары М.В.Молотовқа Германияның КСРО-ға соғыс жариялағаны туралы нотаны тапсырды. Осыдан кейін ғана әскерлерге нақты бұйрықтар беріле бастады. Бұл кезде көп жерлерде байланыстар үзіліп қалған болатын. Жаудың күші мен оның шабуыл жасау бағыттары  туралы мәліметтер бол­ма­са да, кеңес әскерлеріне жаудың шабуы­лын тойтарып, қарсы шабуылға шығуға бұй­рық та берілді. Бірақ бәрі де кеш болатын. Алғашқы күндерден бастап-ақ, кеңес әс­керлері ауыр шығындарға ұшыра­ды. Бе­лосток пен Минск түбінде кеңес әскер­лерінің үлкен екі тобы қоршауға түсіп қалды. Неміс командованиесінің мәліметтері бо­йынша, бұл екі топтан 300 мың тұтқын, 3 мың танкі, 2 мың зеңбірек қолға түскен. Ке­ңес әскерлерінің қоршауға алынуы бұ­ны­мен аяқталған жоқ. Герман қарулы күш­тері штабының мәліметтері бойынша Умань ауданы маңында 100 мың адам, 300 танкі, 800 зеңбірек, Смоленск бағытындағы шайқаста 350 мың адам, 3 мың танкі, 3 мың зеңбірек, Гомель, Бобруйск маңында 80 мың адам, 140 танкі, 700 зеңбірек, Киев маңында 600 мың адам, 4 мың зеңбірек, 800 танкі, Брянск пен Вязьма маңындағы шайқастарда 663 мың әскер, 1242 танкі және 5412 зеңбірек жау қолына түскен.

Соғыстың алғашқы күндерінде кеңес әскері тәулігіне 24 мыңдай адамынан ай­рылып отырды. Шайқастың алғашқы алты ай ішіндегі шығыны 3 миллион 138 мыңға жетті. Бұндай үлкен шығындар туралы ке­­ңестік тарихта бұрын айтылмады. Бұл шы­ғындардың себебін әскери мамандар со­ғыстың тұтқиылдан басталуынан, не­міс­тердің Европа елдерін жаулап алу тә­жі­ри­бесінің болуынан, жаудың әскери күш-қуатының басымдылығынан, Қызыл Ар­мия қолбасшылығының қателіктерінен және кеңес әскерлерінде қару-жарақтың же­тіспеуінен түсіндіреді. Кеңес әскерлері со­нымен бірге қорғана отырып, қарсы ша­буылға шығуға үйретілген болатын. Әскери естеліктер мен мемуарларда қоршау так­тикасы мен одан бұзып шығу туралы үй­ретілмегендігі, ол туралы ешқандай түсі­нік­тің болмағандығы жайлы айтылады.

Дегенмен де, қоршауға түскен кеңес әскерлерінің бір бөлігі қиян-кескі шай­қас­тардан кейін қоршауды бұзып өтіп, өз бөлімдеріне қосылды немесе парти­зан отрядтарын құрды. Ал тұт­қынға түс­кен­дердің қандай күйге түскенін соғысты көр­­меген біздерге айтып жеткізу қиын. Ев­ропа елдерінің әскери тұтқындарымен са­лыстырғанда біздің тұтқындардың көрген қияметін ешкімнің басына бермесін. Басқа мемлекеттердің тұтқындары Женева, Гаа­га конвенцияларының шешімдеріне сәй­кес, Халықаралық Қызыл Крест арқылы азын-аулақ болса да өз елдерінен киім-кешек, азық-түлік және тағы да басқадай заттар алып тұрды. Ал Сталин болса кеңес тұтқындарын «Отанын сатқан опасыздар» деп айыптап, қандай да бір көмек беру­ден бас тартты. Соғыс аяқталғаннан кейін одақтастар тұтқында болған өз отандас­тарын жаңа киіммен қамтамасыз етіп, ал­ғашқы медициналық көмек беру, сауық­тыру шараларын жүргізіп барып, жайлы ұшақтармен, купелі вагондармен елдеріне қайтарды, әскери шендерін жоғарылатты, тұтқында болған жылдары үшін өтемақы төледі. Ал тұтқында болған кеңес әскерлерін вагондарға топырлата отырғызып, елге кел­геннен кейін бірнеше мәрте тексеруден өткізді, опасыздар ретінде жазаға ұшыра­ды, тұтқында болған деген  атаумен кемсі­тушілік көрді.

Шындыққа жүгінетін болсақ, тұтқынға түскендердің көпшілігі жау қолына жара­лы болып, шегіне алмағандықтан, ес-түсінен ай­рылғандықтан немесе оғы таусыл­ған­дық­тан түсті. Айта білсек, тұтқынға түсу де – әскери маневр. Тұтқынға түсу – өмір сүруді жалғастырудың соңғы мүмкіндігі. Оның өзі жауға қарсы күресті жалғастыру деген сөз. Тұтқынға түсуден қауіптеніп өзін-өзі ату дұрыс түсіне алсақ – қылмыс. Құранда да өзіне-өзі қол жұмсау қылмыс болып саналады.

Сенімді дерек көздері бойынша кеңес халқының 5,3 млн адамы жау тұтқынында болған. Сталин қайтыс болып, Хрущевтің «жылымық саясаты» кезінде олардың көп­шілігі ақталғанымен, оларға мемлекет та­рапынан, бұрынғы биліктің оспадарсыз сая­саты үшін, оларға көрсеткен зорлық-зом­былығы үшін кешірім сұралған жоқ. Бұрынғы КСРО өмір сүруден қалғанымен, қазіргі Ресей Федерациясы және басқа да тәуелсіз мемлекеттер басшылары бұрын­ғы билікті айыптап, жазықсыз жапа шеккен­дерден кешірім сұраса, олардың мәртебесі жоғарыламаса, кішірейе қоймайды.

Соғыстың алғашқы күндері мен ай­ла­рынан кейінгі алғашқы сәт­сіз­дік­терден соң, үлкен шығын­дарға ұшыра­ғандарына қа­ра­май кеңес коман­дованиесі ес жиып, неміс әскерлерінің шабуылына қарсылық күшейе бастады. Фашистердің алға жыл­жуы қиындап, жау әскерлерінің шығыны да көбейе түсті. Қорғаныстың және қар­сы шабуылға шығудың оперативтік жоспар­лары жасалып, олардың көпшілігі өз нәти­желерін беріп те жатты. Адам шығыны мен жау басып алған территорияларда қалған өнер­кәсіптік шығындардың көптігіне қара­май, кеңестік экономика әскерді қару-жа­рақпен, оқ-дәрімен, көлікпен, киім-ке­шек­­пен дер кезінде қамтамасыз етуге қол жет­­кізді. Еліміздің шығыс аудандарына, оның ішінде Қазақстанға көшірілген өнді­ріс орындары тез арада іске қосылып, өнім­дер бере бастады. Соғыс жылдарында Қа­зақ­станға жау басып алған аудандардың 220-дан астам зауыттары мен фабрикалары көшіріліп әкелінсе, 460-тан астам жаңа өн­діріс орындары іске қосылды. Қазақстан ел­дегі барлық қорғасынның 85%-ын, мыстың 35 %-ын, түсті металдың 79%-ын берді.

КСРО-ға төнген қауіптің бүкіл әлем үшін орасан зор зардаптарының бар екен­дігін түсінген АҚШ пен Ұлыбритания Ке­ңес Одағына көмек беру туралы шешім қа­былдады. 1941 жылы 29 қыркүйек-1 қа­зан­да болған Мәскеу конференциясында жасалған үш жақты келісім бойынша АҚШ пен Ұлыбритания Кеңес Одағына қару-жарақ пен азық-түлік беріп көмектесуге міндеттеме алды. АҚШ ленд-лиз бойынша Кеңес Одағына өсімсіз 1 млрд доллар қарыз берді. Одақтастар соғыс жылдары КСРО-ға 13 мың танк, 22 мың ұшақ, 427 мың жүк ма­шинасын берді. Осылайша фашистік Гер­манияға қарсы одақтың негізі қаланды. 1942 жылы 7 желтоқсанда жапондар АҚШ-тың Гавай аралдарындағы (Оаху аралы) ең ірі әскери-теңіз базаларының бірі Перл-Харборға кенеттен шабуыл жасап, аме­ри­кан­дықтардың әскери-теңіз фло­тына едәуір шығын келтірді. АҚШ-тың бұл шығыны 1898 жылғы испан-американ соғысы мен бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы әскери-теңіз флотындағы шығындарын қо­са есептегеннен үш есе асып түсті. Осы­дан кейін ғана АҚШ, Ұлыбритания мем­лекеттері Жапонияға соғыс жариялады. Ан­тигитлерлік одақтың құрылуы және ұрыс қимылдарының Тынық мұхит бассейні мен Солтүстік Африкада және кеңес-герман майдандарында қатар жүруі Жеңіс күнін біршама тездете түсті.

Алты жылға созылған сұрапыл соғыс оған дейін болған соғыстар тарихында бол­маған ірі-ірі шайқастармен әйгіленді. Атап айтар болсақ, Сталинград түбіндегі шайқас, Курск шайқасы, Днепрден өту, Ле­нинград қорғанысы, Берлинді алу, Солтүстік Африкадағы Эль-Аламейн шай­қасы, одақтастардың Нормандиядағы, әлем­дік соғыс тарихындағы ең ірі десанттық опе­рациясы, теңіз шайқастарынан жоғарыда аталған Перл-Харбордан басқа, Ява ара­лындағы, Королл теңізіндегі, Гуадоканал ара­лындағы және тағы басқа шайқастарды айтуға болады.

Бұл соғыста әскери қолбасшылар да өз­дерінің ұйымдастырушылық талант­та­­рымен әйгілі болды. Оларға «Әскери қол­­басшы дегеніміз – халықтың тағды­рын шешетін ұлы тұлға» деп баға бер­ген генерал-фе­льдмаршал Гельмут фон Мольтке, оларды соғыс тағды­рын ше­шетін    қайраткерлерге    теңеді.    Көп­те­ген    елдердің    әскери    қол­бас­­шы­лары  адам­­зат тарихындағы ең ірі со­ғыста өз елде­рі­нің ғана емес, екінші дүние­жүзілік соғыс­тың тағдырын шешкен соғыс опера­ция­ларын дайындады және оларды аса дәлдік­пен жүзеге асыра білді. Олардың қа­тарына И.В.Баграмян, А.М.Васи­­левский, Н.Ф.Ватутин, Ф.И.Говоров, Г.К.Жуков, И.С.Конев, Р.Я.Малинов­ский, К.К.Ро­кос­­­совский (Кеңес Одағы), Дж.Коллинз, Д.Ма­картур, Р.Тернер, Д.Эйзенхауер, О.Брэд­­ли (АҚШ), Б.Монтогомери, У.Тед­дер, А.Уэйвелл, Б.Фрейзер (Ұлы­британия), Шарль де Голль (Франция), К.Ман­нергейм (Фин­­ляндия) және тағы басқаларды жат­қызуға болады.

Әскери таланты мен ақыл-ойын бас­қын­­шылық операцияларға жұмсаған Ф.Бок, Д.Дениц, Э.Майнштейн, В.Модель, Ф.Паулюс, Э.Роммел (Германия), И.Ямо­мота, Т.Ямасита (Жапония), Дж.Мессе (Ита­­лия) және тағы басқаларсыз аталған ел­дердің жаулап алу соғыстарын көзге елес­тету қиын. Өйткені, жаулап алу соғыс­тары да тарих. Олардың аттары да соғыс тарихында қалды.

Одақтас мемлекеттер басшылары И.Ста­­лин, Ф.Рузвельт, У.Черчильдің күл­лі адамзат баласына қауіп төнген сын са­ғатта өзара келісімге келіп, антигит­лер­­лік одақ құруы және олардың қаты­суы­­­мен өткен Тегеран, Ялта, Потсдам кон­фе­рен­циялары шешімдерінің екінші дү­ние­­жүзілік со­ғыстың басым бағыттарын ай­қындай алғанын және ортақ жеңіске жеткізе алған­дығын бүкіл адамзат баласы мойындайды. Бүкіл Европаны жаулап алып, аяғына тап­таған, сол елдердің бүкіл эко­номикалық күш-қуатын пайдаланған, бақай­шағына де­йін қаруланған, соңғы әскери тех­никамен жарақтанған, жаулап алу ұрыс­тарының тә­жірибесінен өткен, сан жағынан да, әскери техника жағынан әлдеқайда басым жауды біз қалай жеңдік?

Бұл жеңістің басты себебі, әрине, хал­қымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі, қайтпас қайсар ерлігі, сын сағаттағы отан­шылдық қасиеті. Екіншіден, ортақ жауға қарсы күрестегі көп ұлтты КСРО халық­тарының ынтымағы мен достығы еді. Бұл соғыста Кеңес Одағын мекендеген барлық халық бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Кеңестер Одағы деп аталатын Отанын қорғады. Бұл соғыста бүкіл халықты бір идеология туының астында біріктіре алған кеңестік насихат та аз рөл атқарған жоқ. Бұл соғыста бүкіл елде темірдей тәртіп орнатқан, соғыс жоспарлары мен опе­ра­цияларын жасауда көрегендік та­нытқан, Батыс елдерімен ынтымақтаса білген Бас қолбасшы И.В.Сталин мен кеңестік әскери қолбасшылардың да атқарған рөлі аз емес. Біз оны да мойындай білуіміз керек. Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан көп ұлтты мемлекетті ел басына қиын-қыстау күн туған аласапыран сәтте бір тудың астында біріктіру әсте де оңайға соққан жоқ. Бұрын Ресейдің отарлық теперішін көрген Кавказ, Орта Азия және Прибалтика халықтарының өз елдерінің амандығы үшін бір сәтте ыдырап кетуі де әбден мүмкін еді. Тарихта ондай  оқиғалар да аз кездеспеген.

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат ба­ласына үлкен қасірет әкелді. Бұл соғысқа  1,7 млрд халқы бар 61 мемлекет (әлем хал­қының 80%) қатысты. Соғыс қимылдары  40 мемлекеттің жерінде жүріп, 110 млн адам әскер қатарына алынды. 60 млн адам қаза тапты. Әлемдік тарихта «Холокост» деген атпен белгілі болған еврей халқын жою саясаты жүргізілді. Фашистер барлығы 6 млн еврейді қырғынға ұшыратты.

Соғыс жылдарында КСРО-27 млн, Гер­мания – 13,6 млн, Польша – 6 млн, Қытай – 5 млн, Жапония – 2,5 млн, Индонезия – 2 млн, Югославия – 1,7 млн, Филиппин – 1 млн, Франция – 600 мың, Англия – 375 мың, АҚШ – 275 мың адамынан айрылды.

АҚШ-тың адам және материалдық шы­ғыны негізінен Жапонияға қарсы соғыста болды. Бұл шығындардың қайтарымын АҚШ үкіметті ешқандай ақтауға келмейтін екі атом бомбасымен ғана қайтарды. Бұны Трумэннің Жапониядан кек қайтару саясаты деп ғана түсінуге болады.

Бұл Жеңісте қазақстандықтардың да қосқан үлесі зор. 1 млн 360 мың қазақ­стан­дық Кеңес Армиясының қатарында ел қор­ғауға аттанып, зұлым жаумен шайқасты. 600 мың қазақстандық майдан далаларынан қайтып оралмады. Бұның ішінде 550-600 мың қазақтың 350 мыңы майданда қаза тап­ты неме­се хабар-ошарсыз кетті. Қарапайым ариф­метикаға жүгінсек Кеңес халқының 15%, қазақстандықтардың 11% (майданға аттан­ған әрбір қазақстандықтың екіден бірі, әр­бір қазақтың 70%) қаза болды. Олардың сүйегінің қай  жерде шашылып қалғанын немесе қайда жерленгенін туыстары да білмейді. «Қаза тапқан соңғы орыс солдаты жерленіп, құрметке ие болғаннан кейін ғана соғыс аяқталды деуге болады» деп А.В.Суворов айтқандай, әлі күнге дейін соғыста қаза болғандарға лайықты құрмет жасай алмай келеміз. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деп қанша жерден айт­қанымызбен қаншама боздақтарымыз ха­бар­сыз кетті немесе соңғы құрметке (ла­йық­ты жерлеу рәсіміне)  ие бола алмады. Қаза тапқандардан ерлік жасағандар ғана құрметтелуде. Ал ерлік жасағысы келген, майданға өз еріктерімен аттанған, бірақ жаумен соғысып, оқ атып үлгірмеген, со­ғысқа кіріскен алғашқы күннен оққа ұш­қандар (қаңғыған оқтан, бомбалаудан, сна­ряд жарылысынан және т.б.) ше?

Қорыта айтқанда, біз Жеңіс күнін жа­қындатқан, қара түнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қа­рыз­дармыз. Тірілерге құрмет көрсетіп, қа­за болғандарды риясыз еске аламыз. Ұлы Отан соғысы және Ұлы Жеңіс. Бұл екі сөз бір-бірінен ажырағысыз және бір-бірін толықтыра түседі. Ұлы Жеңіс –  біздің хал­қымыздың орасан зор құр­бандық­тары­мен келген қасіретті арифме­тикасы. Со­ғыс салған зардап әлі күнге дейін толық жойылған жоқ. Бүтіндей әулеттердің түбіне  жеткен, ошағын өшірген, ананы жесір, баланы жетім қалдырған бұл алапаттың зардаптарын жою қашанға дейін созылады? Бір нәрсе ғана ақиқат. Олардың Отан үшін қан кешкен әрбір қадамы, Жеңісті жа­қын­дата түскен әрбір күні ұмытылмайды. Өйткені, ерлік шежіресі ұрпаққа ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ. Қазіргі күнгі әлемдегі ең басты проблема да ортақ үйіміз – Жер шарын соғыс өртінен сақтау, бейбітшілік, аймақтық соғыстарға жол бермеу, терроризмге қарсы күрес және дінаралық, ұлтаралық қақтығыстарды бол­дырмау. Соғыстың барлық тарихи дәуір­лерде қоғамның дамуына кері әсерін ти­гізгенін ешқашан да ұмытпауға тиіспіз.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

саяси ғылымдар докторы,

профессор,

Сенаторлар кеңесінің мүшесі