Соғыстың қаһарманы, еңбектің майталманы

464

0

…1916 жыл. Ұлт-азаттық көтерілісі өршіп тұрған кез еді. Барлық жер абыр-сабыр. Адам адамға үрке қарайды. Әр белдің астында екеуден орналасқан қазақы үйлерде білте шам сығырая жанады. Кейде екі үйдің арасының өзі әудемжер. Ауылдан береке кетіп 16 жастағы бозбалаларды патша ағзам әскерге шақыртып жатса, 19 бен 43 жас аралығындағы тепсе темір үзетін ер-азаматтар Сібірге жұмысқа алынады делініп, ел наразылығын тудырған тұс. Орыс патшасының бұл жарлығына қазақтар қарсы шығып, Торғай өңірі мен Жетісу аймағында ірі көтерілістерге ұласып, басқа өңірдегі азаматтар да қозғалысқа үн қоса бастаған.

Дәл  осы жылдың наурыз айында Сыр өңіріндегі Жалағаш жерінде атақты «Шынар көлі» жағасындағы «Шәмен тамы» қыстауында Шәмен шебердің отбасында Мөрәлі атты сәби өмір есігін ашты. Бұл Шәмен шебердің 46 жасқа келгенде көрген алғашқы перзенті еді. Бір перзентке зар болып, жаны жабырқап, салы суға кетіп, көңілі төмен тартып жүргенде көрген тұңғышы ғой бұл. Құдайдың кеңдігіне шек жоқтығына осылай анық көзі жетті. «Бәрі Құдайдың қолында» делінген  шариғат жолы рас екен ғой деп, басын сәждеге, екі қолын кеудесіне қойып, Аллаға алғыс айтумен болды.

Жаратқанның жарылқауы деген осы болар, ерні жібіді, алаң көңілі орнына түсіп, шаңырақ ұстар ұлды болды. Заманы болса мынау, аласапыран. «Тұяқсыз кетем бе?» деп ішқұса болып жүргендегі көрген қуанышында шек жоқ еді. Әйелі оның кіндіктен жалғыз екенін әріден ойлап, өзіне перзент бермеген Тәңірдің жазуын мойындап, жаны ауырса да, жатқа қимаса да, азаматтың алтын басын қадірлеп, бір шешімге тоқтап, өзімен сүйектес, ауылдағы ірі саудагер Маханның қызы Айым бегімді құда түсіп алып береді. Міне, үлкен әйелінің ақылдылығының арқасында, Құдайдың қалауымен перзентті болу себебі де осы еді.

Шаңырағында баланың дауысын естіген Шәмен шебердің жаны рахаттанып, құс жастыққа шынтағын тірей отырған сәтте көзі ілініп кетсе керек. Басында ақ сәлдесі бар, күмістей жарқыраған сақалы белуарына түскен, ақ киімді, тұлғалы кісі келіп, оң қолының алақанын ашып мөр ұстатып тұрып, «сәбидің есімін Мөрәлі деп қой» дейді де, бірден ғайып болады. Сол сәтте селт етіп оянған Шәмен шебер айналасына аң-таң күйде қарап, түсі екенін аңдайды. Бір жағынан оны Қызыр атаға ұқсатты. Іштей тілін кәлимаға келтіріп, рухына Құран бағыштады.

Отбасын шаттыққа бөлеген баланың бетін ашып қарағанда торсық шекелі, бұйра шашты, жасыл көзді, сүйкімді ұлды көрді. Жіберсе жүгіріп кетердей, екі аяғын тынымсыз қозғап жатқан баланы «Бісмилла» деп қолына алып, құлағына үш рет «Сенің атың Мөрәлі» деп айтып, есімін қояды. Бұл 1916 жылдың жылымық көктемі еді.

Сол Мөрәлі тұңғышы кішкентайынан өте ширақ, сөзі мірдің оғындай пысық болып өсті. Оны көрген Шәмен шебердің қатарластары «Шәмен-ау, осы балаң ертең бір жерден шығады, көресің! Жұрттың баласы жүгіргенде тегіс жердің өзінде сүрініп құлап жатады, сенің балаң өте жылдам қимылдап, қатарластарын шаң қаптырып кетіп жүр. Көресің, біздің айтқанымыз келіп елдің ағасы болады!» десе, «Айтқандарың келсін!» деп жылы жымиып бетін сипайды екен.

Қатарластарының олай деп айтатын себебі бар. Шәмен сөзге сараңдау келгенмен, істің көзін, жобасын, нобайын өте жақсы білетін кісі болған. «Қараөзек» арнасы бойындағы Қонысбай қонысында 1870 жылы дүниеге келген ол шаруаға жақын болып өсті. Әсіресе, судың жүретін жолын жақсы білген. Содан болар, ағайынға тың жерге егін салдырып, асарлатып қолмен канал қаздырған. Өзі қаздырған «Шәмен арығы» Әліби алқабын күні бүгінге дейін сумен қамтамасыз етіп, елдің ырыздығын тасытып тұр. Осы канал бойына ауылдағы ағайындар егінін салып, шөбін шауып, төрт түлігін түлетіп отыр. Шәмен шебер Түмен әулие мен Мәмбет әулиені пір тұтқан. Осыдан болар, ұрпағы Айтмұрат пен Өмірбек қос әулиенің мазаратын жаңартты. Шәмен шебердің елі үшін қаздырған каналы жұртына қызмет етуі, оның рухын жаңарта, жаңғырта түскендей. «Жақсының аты өшпейді» деген осы шығар.

1930 жылдары ел ішін ашаршылық жайлап, халық қуаңшылықтан зор жапа шекті. Осындай ауыр шақта күнкөрісі қиындаған Шәмен шебер отбасы  жер ауып Өзбекстанды паналайды. Ташкеннің «Шыршық» елді мекеніне уақытша барып тұруға бел байлайды. Алайда, Мөрәлінің соңына ерген екі қарасы Ақәділ мен Жанәділін амалдың жоғынан, жанын сақтау үшін Қызылордадағы балалар үйіне тапсырып кетеді. «Балалар үйі» өлтірмес деген үміт ойында тұрды. Сол кездегі күнкөрістің қаншалықты қиын болғанын, жайлаған аштықтың ауыр зардабын осы екі баланың тағдырынан біле беріңіз.

Арада екі жыл өткенде Қызылордаға, елге қайтып келгенде олардың «Балалар үйінен» жоғалып кеткенін бір-ақ біледі.

14 жастағы Мөрәлі Ташкенде жүргенде-ақ  су шаруашылығында мұрап  болып жұмыс істейді. Көп қиыншылықты көргеннен болар, тез есейді. Қызылордада қалған қос бауырын жиі ойлап, олармен бірге болуды армандайтын. Іштей «бауырларым тірі болса, түбі тауып аламын» деп ойлайтын.

Бала Мөрәлі ауыл балаларымен бірге өзінің туған жері іргесіндегі «Қарақожа» мешітіндегі Бәку қожадан дәріс алып, тілін сындырды. Сөйтіп жүріп төте оқуды игеріп, қаріп таныды. Жастайынан оқуға өте зерек, алғыр болған. Ал Ташкенде жұмыс істеп жүргенде орыс тілін меңгерді. Артельге біріккен ауыл адамдары Кеңтүбектегі Матай жайлауы алқабына егін салады. Ауыл балаларымен бірге Мөрәлі де ат соқаға отырып жер жыртса, екінші жағынан табель жүргізіп, «табелші бала» атанды. Осылайша 15 жасында туған жерінде еңбек жолын бастады. Өзінің ізденімпаз, зеректігі мен алғырлығынан болар, 1932 жылы ауылдағы бастауыш мектепте бала оқытуға кіріседі. Жас жігіт мұғалімдікті 4 жылдай атқарды. Осы кезде қолынан келгенше халқына қызмет етуді алдына мақсат етіп қояды.

1937 жылдың мамыр айынан «Қаракеткен» стансасының байланыс бөліміне басшы болып барады. Жан-жақты азамат бұл жерде жинақ кассасының қызметін қоса атқарды. Ол кезде Мөрәлі Шәменов 21 жаста болатын. Бұл екі жұмыс аздай жергілікті басшылық оған МТС-тың бастауыш комсомол ұйымына жетекшілік жасауды тапсырды. Қызу жұмыстың бел ортасында жүрген шақта 1939 жылы Қармақшы аудандық әскери комиссариатынан шақыру келді. Ол кезеңде әскерге бару-бармау деген мәселе талқыланбайды. Қолында қарт әкесі мен анасы, қарындасы, келіншегі Ақшонық бар. Олардың жағдайы не болмақ, осыны ойлап қиналды. Қолына қарап отырған төрт адамды қайда тастамақ? Амалы жоқ, бәрін бір Құдайға тапсырып кете барды.

1939 жылы 30 қарашада фин соғысы басталады. Қызыл әскер Мөрәлі Шәменов 457-гаубицалық артиллерия полкінде қатардағы жауынгер еді.

Бұл соғыста Карел мойнағында қиян-кескі ұрыстар жүрді. Кеңес одағы фин соғысын 2-3 апта ішінде аяқтаймыз деген К.Мерецковтың жоспарын бекіткенмен, ол жүзеге аспай қалды. Соғыс ақырында 1940 жылдың 12 наурызында КСРО мен Финляндия арасында бейбіт келісімге келу арқылы тоқтатылды. Бар-жоғы 3-4 ай уақыт ішінде КСРО Финляндияның бірқатар жерін жаулап алды. Фин бұғазында бірнеше арал мен «Рыбачий» түбегі, Баренц теңізіндегі «Средний» түбегі, бұдан басқа «Ханко» түбегін жалға беруге келісімге келді. Карелияны өз жеріне қосып алды. Осы уақытта  Қызыл армиядан 72 408 адам қаза болса, 17 520 адам хабар-ошарсыз кеткен, 20 мың жауынгер тұтқынға түскен. Ал фин жағының шығыны бұдан әлдеқайда аз болған.

Фин бұғазы мен «Маннергейм линиясына» шабуылдаудағы соғыс  өте ауыр жағдайда өтті. Қатардағы жауынгер Мөрәлі Шәменов бекіністер мен майдан шебінде болды. 1940 жылдың наурыз айынан 126-атқыштар дивизиясының атқыштар полкіне бөлімше командирі болып тағайындалды. Бұл 1-Мәскеу атқыштар дивизиясының  3-атқыштар полкі негізінде жасақталған.

Фин соғысы аяқталысымен 1940 жылдың маусым айында дивизия толық құрамымен Латвияға орналастырылды. Ал Мөрәлі Шәменов Архангельск қаласында арнайы командирлер дайындайтын 7 айлық курстан өтіп, офицерлік лейтенант шенін алған болатын.

1941 жылы маусымда Каунас қаласының шекара шебінде еді. Осы жерде өзінің бөлімшесімен бірге шекараны қорғап тұрды. Таңсәріден соғыс өрті тұтанып, ұшақтар тізбегі Каунас, Киев, Минск, Одесса, Севастополь қалаларына әуеден шабуыл жасап, тас-талқан ете бастайды. 6-10 аптаның ішінде КСРО-ның күлін көкке ұшырамыз деген Гитлердің жоспары мен шабуылы қатты болды. Әне-міне дегенше, Литваны, Латвияны, Молдавияны, Эстония, Беларуссия мен Украинаның едәуір жерлерін басып алды.

Басқыншылар ентелей алға өрлеп, халықты аямай басып-жанша бастайды. Дұшпанның алғашқы алапат қанды қырғынында-ақ 366-атқыштар полкінің бөлімше командирі Мөрәлі Шәменов соғыстың бел ортасында болып, фашистерді кескілескен ұрыспен қарсы алды. Алғы шептегі шекарада тұрған олар немістің 39-моторландырылған корпусының жойқын соққысының астында қалды. Алитус қаласына шегіне отырып, 5-танк дивизиясымен бірге ұрысын тоқтатпайды. Дивизия 22 маусымнан бастап Пренай аймағында неміс десанттарымен кескілескен ұрыс жүргізе, Неман өзенінен жүзіп өтіп көпірді жарды. 1941 жылы шілдеде Дисна маңында бекініп, 2355 әскері бар олар 62-атқыштар корпусының құрамына кірді. Осылай күш біріктіре отырып, Великие Луки қаласын жаудан арылтуға қатты ұрыс жүргізді. Фин жерінде соғыстың сүзгісінен өткен ол соғысу тәсілінің қыр-сырын толық меңгерді.

Аспан асты сағат сайын жарылыс. Жан-жақтан жарқылдай, зуылдай, шыңылдай ұшқан оқ, қара жердің топырағын көкке көтерген граната мен миналар жарылысы құлақ тұндырады. Соғыстың алғашқы күні неміс басқыншыларының аяқастынан жасаған шабуылы Кеңес әскерін есінен тандырып тастағаны шындық еді.

 Осы қанды қырғынның ортасында жүрген тәжірибелі аға лейтенантты 1942 жылдың қарашасында 88-атқыштар дивизиясы 426-полкінің барлау взводының командирі етіп жіберді. Барлау қызметінің жұмысы белгілі. Немістерден тіл әкелу – басты міндет. Олардың құрған жоспарын алдын ала білуге тырысу қажет. Міндет пен жауапкершілік жүгі өте ауыр. Фашистердің оңайлықпен алдырта қоймасы тағы анық. Ал берілген тапсырма орындалуы тиіс. Ол үшін батылдық, жүректілік, тез шешім қабылдай алатын алғырлық, жауды алып түсетін айла-тәсіл керек. Әсіресе, әскери құралдарды өз жөнімен дұрыс пайдалану, жаудың координатын дәл табу, инженерлік тосқауылдарды, кодталған карта мен берілетін сигналдарды тап басып ажырата білу, төбелес тәсілдерін, неміс тілін жақсы білу, ұсталған тілге  дұрыс сұрақ қою секілді өте күрделі тұстары бар.  Осының барлығы Мөрәлі Шәменовтің бойында болғандықтан аталған қызмет оған сеніп тапсырылса керек. Офицерлік курста оқып жүргенде бәрін игеріп алды. Неміс тілін еркін сөйлейтін. Бұл жұмыста да көзге түскен Мөрәлі Шәменов 326-атқыштар дивизиясының 1101-атқыштар полкінде штаб бастығының барлау жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Қызыл тулы Рославль 326-атқыштар дивизиясы толық құрамымен Мәскеу түбінде, Ржев, Рославль, Ленинград және Псков қалалары үшін жан берісе соғысты. Эстонияны азат етті. Жауды Пруссияда талқандап, Германияның Эльба жағасында жеңіспен аяқтады.

Мөрәлі Шәменов осы қырғын соғыста 3 рет ауыр жараланды. Талай қанды шайқасты басынан өткергені үшін 12 рет КСРО-ның Бас қолбасшы И.Сталиннің Алғыс хатын алған. Бұдан басқа соғыста төрт орден, үш медальмен наградталған. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысының І, ІІ дәрежелі ордендері бар. Екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденін иеленген. Ал осылардың ішіндегі ең айрықшасы «За Отвагу» медалін екінің бірі алмаған.

Капитан Мөрәлі Шәменов Шығыс Германиядағы Эльба өзені жағасындағы Бойценбург қаласының коменданты (әкімі) болып әскери қызметті атқарды. Ондай қызметке ұсынылу себебі, барлаушы, неміс тілін жақсы білгендіктен болса керек. Сондықтан Кеңес одағының бұйрығы солай болғанға саяды. Негізінде бұл қала аты «әскери қамал» дегенді білдірсе керек. Сөйтіп 1946 жылы елге қайтуға рұқсат етілді. Жеті жыл Қызыл армия қатарында жүріп, қиын-қыстау кезеңді басынан өткергені белгілі. Оған берілген ордендер мен медальдар – соның айғағы.  Соғыста жүріп көп нәрсені үйренді, көзімен көрді, білді.

Туған жерге оралысымен бірден ел тірлігіне араласып кетті. 1946 жылы мамыр айында Қызылорда облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет етеді. Өмірді көрген, барлық саяси, әлеуметтік-экономикалық жұмыстардың ортасында жүріп орындаушы болған. 1950 жылы облыстық кәсіподақтың төрағасы болып сайланды. Сол жылы Еңбекшілердің Қызылорда қалалық кеңесінің депутаты болды. Еңбекшілер мүддесін қорғауда көптеген істі жүзеге асырып, кәсіподақ ұйымдарын құрды.

1951 жылы облыстық «Ленин жолы» газетіне Қазалы және Қармақшы аудандарының меншікті тілшісі қызметіне ауысты. 1930 жылдардың соңғы жағында МТС-тар жанынан саяси бөлім құрылып, оның дербес газеті шығарылған. «Қаракеткен» қонысындағы МТС саяси бөлімінің органы «Колхозшы» газетін шығарды. Сахи Жарылқасынов редактор болса, Мөрәлі Шәменов жауапты қызмет атқарған. Сол уақытта жалындаған 18 жаста екен. Өзіне етене таныс жұмыс болғандықтан тілші қызметіне кірісіп кетті, 1954 жылы «Ленин жолында» бөлім басшысы болды.

1954 жылы Шиелі аудандық пленумында М.Шәменов аудандық бюро мүшелігіне сайланып, аудандық «Стахановшы» газетіне редактор болып тағайындалды. Оны 1955 жылдың қазан айына дейін абыроймен атқарды. Сол жылдың күзінде облыстық партия комитеті бюросының шешімімен Жалағаш ауданындағы «Коммунизм» колхозына председатель болып келді. Шаруашылыққа келген бетте колхоздың еңбек ұйымдастыру жұмысын жолға қояды. Есеп-қисап жұмысы бетімен кеткенін байқады. Осының бәрін ретке біртіндеп келтірді. Төрт түлікке қайтадан есеп жүргіздіріп, мал басын түгендетіп алды. Құйтырқы істерді түбімен жойып, Жалағаш ауданы орталығынан дүкен аштырып, сүт өнімдерін сонда сатқыза бастады. Осыдан бастап колхозшылар табысы жоғарылай түсті. 1957 жылы колхозшылардың ақшалай табысы 3 миллион сомнан асты. Сөйтіп жыл санап  шаруашылық өнімі артты. Күріштің, жүгерінің, бидайдың, жоңышқаның өнімдері де жоғарылады. Осылай колхоз жұмысын өрге бастырды. Адал еңбегіне қарай озаттар қатары көбейді. Ауыл орталығынан радио торабын ашып, күнделікті шаруашылықтың тыныс-тіршілігін беріп отырды.

Еңбек озаттарына, озат бригадаға арнап концерттер бергізді. Ауыл көшелерін ретке келтіріп заманауи үйлер салуды, 1968 жылдары ауыл көшелеріне су жүйесін орнатып, халықты таза ауызсумен қамтамасыз етуді қолға алды. Еуропалық үлгімен көшелерге талдар отырғызылып, ауылды жасыл абатқа айналдырды. Тұрғындарды малға ие болуға шақырып жиі жиналыстар өткізіп тұрды. Оған көнбеген тұрғынның малын жойып жіберіп, ақшасын беріп отырды. Сөйтіп ауыл тұрғындары малын падаға қосып, ие болды. Есік алдындағы бау-бақшаны аяқсумен қамтамасыз етті. Осындай тәртіпті ауыл тұрғындары ешбір ренішсіз мойындайды. Көшелері көкке көмкерілген ауыл бейнесі жыл санап ажарлана түсті.

Колхоздың жылдық табысы есебінен құрылыс жүргізілді. Басқарма кеңсесі, тұрғын үйлер, көлік қоятын гараждар, астық қоймалары, ірі қара, қой қоралары жыл сайын салына бастады. Қарақұм мал жайылымынан қаракөл елтірісін дайындайтын пункттер салынды. Жазда егін басында алғаш рет облыс бойынша дала қосындарын ұйымдастырды. Бұл егін шаруашылығы саласында тез қолдау тапты. Осыдан соң колхоз ірі совхозға айналып, мал мен егінді өркендете түсті, облыстық семинар-кеңестер өткізудің алаңына айналады, өздерінің озық тәжірибелерін айналаға тарата бастады.

Сол семинар-кеңестерде сөйлеген сөзінде Мөрәлі Шәменов: «Адамға деген қамқорлық біздің мемлекетімізде ерекше сипат алған. Сондықтан адамға барлық жағдай жасалып көңіл бөлінсе, олардың қоғамдық еңбекке араласуы да белсенді болмақ» деп айтқаны бүгінге күнге дәл келеді. Бұл жерде айтпағымыз, бүгінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та еңбек адамдарын сыйлау, құрметтеу, жағдайын жасау керектігін жиі айтуда. Ол еңбекті бағалау – өндірістің ырысын, табысын, өнімін арттыратынын білді, алдымен еңбеккерлердің еңбегін бағалады. Соның арқасында «Коммунизм» совхозының табысын еңбеккерлердің көл-көсірге кенелткені соншалықты, республика бойынша алғаш рет шаруашылық «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Міне, шаруашылықтың шыққан шыңы, алған асуы. Бұның бәрі сол ауылдағы еңбек адамдарының қосқан үлесі.

Адал еңбек ете білгеннің арқасында «Ленин», «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталады. «Коммунизм» совхозын басқарған 20 жылдың ішінде оның экономикасын барынша көтерді. Совхоз орталығындағы мәдени кешендердің әрбірін жылдық тапқан пайдасы есебінен салдырып отырды. Сыртқа қол жаймады. Осындай елеулі еңбегін бағалаған ауыл халқы шаруашылықты Мөрәлі Шәменов атымен атауға қолдау білдірді. Сөйтіп, бір кездері өзі басқарған «Коммунизм» совхозы бүгінде Мөрәлі Шәменов атындағы ауыл және ауылдық округке айналды. Шаруашылық орталығында Мөрәлі Шәменовтің еңселі ескерткіші бой көтерген. Сондай-ақ Айтмұрат баласы ауыл ортасынан жүз адамға арнап Мөрәлі атындағы  заманауи мешіт тұрғызып, халықтың пайдалануына берді. Ауыл тұрғындары  мешітте тегін құдайы-ас тарқатады. Өзі өмірден өтсе де саналы ұрпақтары әке есімін биіктете түсіп, ғибадат орнының ақысыз қызмет көрсетуіне жағдай жасап қойған. Жақсы адамның өзі өлсе де халыққа пайдасы тиіп жатқанын байқадық.

Міне, Ұлы Отан соғысының қаһарманы, еңбектің майталманы, ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы, қоғам қайраткері Мөрәлі Шәменовтің өмірден озғанына биыл 50 жыл толып отыр. Алдағы жылы Жеңіске 80 жыл толмақ. Осыған орай өзінің атындағы ауылда  рухына арнап ас берілмек. Бұл – ел ағасына деген ұрпақ құрметі.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<