Сыйластық әдебінен жаңылмаған

269

0

Мына жер басып жүрген тіршілікте, үлкенді-кішілі, жас-кәрі адамдарды көріп-біліп байқайтын бір заңдылығың – олардың өз атына лайық не лайық емес, жақсы немесе жаманға бөлінетіні. Әрине, ешкімнің де төмен, жартыкеш адам болғысы келмейді. Оның үстіне жақсы жанға да, жаман кісіге де жатқызуға болатындар жеткілікті. Рас, жаман адамды көрсек, кейде «тексіз, Құдай ұрып қойған ғой» дейтініміз де бар. Десек те өз басымыз мұндайда Құдайды кінәлағымыз келмейді, өйткені ең басты мәселе өзімізде. Заманың жақсы ма, қол-аяғыңды байлап қойған жоқ па, онда талпын, тырыс, еңбек ет. Алла тағала «нұрлы ақылды, ыстық қайратты, жылы жүректі» (Абай) не үшін берді?

Айталық, кәмелетке толған әр адам күніне 100 қыш құя алады, есептесең, жылына 35 600 кірпіш бұл – бір даңғарадай үйдің қабырғасы. Ендеше, бүгінгі заманда көп нәрсе өзімізге байланысты екені дәлел тілемесе керек.

Айтайын дегенім, қырық кісілік емес, бір кісілік ақылы бар жылы жүрек иесінің өзі осы ақылын жұмсап, үнемі еңбек етсе, өмірден өз орнын таба алады. Бұл – не айтары бар, бәріміздің басымыздан ертелі-кеш зырлап өте шығатын бес күндік жалғанда ең негізгі нәрсе. Өмірден өз орныңызды табу – шын адам болу. Егер осындай деңгей-дәрежеге жете алмай жүрген пенделердің өте көп екенін ескерсек, еліміздің әлі де еркін, еңселі бола алмауының да түп-тамыры осы шындық факторда жатқаны ақиқат қой.

Осыған орай абыз ақынымыз Абайдың:

– Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан, – деген ғажап жолдары еске түседі. Талабың тас жармаса да, өз күш-қайратыңды шамалау, өмірдегі тек өз орныңды тауып, кірпіш болып қалану – ақылдылығың ғана емес, нағыз адам бола алу – азаматтық.

Менің осы бір жазбамды осылай сабақтап отырған себебім – қазақтың қадірлі қызы, жазушы Нұрмахан Елтайдың жары, марқұм Орынкүл Молдағалымқызының жарқын бейнесі жадыма оралып отырғандықтан. Адамның бітім-болмысы қалыптасуы, жарық дүниеге қадамы, ғұмыр сапары есімінен басталса, Орынкүл деген ерекше есім ғана емес, әке-шешесінің ақ ниетін арқалаған, яғни жүзеге асырған бір ныспы. Өмірден өз орнын тапқан Гүл. Біраз жылдан бері көріп жүрген, қолынан талай рет дәм татқан біз де көп мінез-құлқынан хабардармыз десек те жаңылыспаспыз. Мәселен, Жаңақорған, Шиелі өңірінде талай қаламгер-журналист, мыңдаған таныс, туыс-білістеріміз бар. Беделді ақсақал, үлкен мансап иелері де жоқ емес. Алайда солардың ішінен бізге Нұрмахан өте жақын, жанашыр іні, дос. Тек маған емес, қанаттас достарым ақын Дәулетбек Байдрахманұлы, дәрігер Амангелді Әбдрахманұлына да. Неліктен? Нұрмаханның жеке басының жақсы қасиеттеріне қоса жан жары бола алған Орынкүлдің шын ниет-тілек, мейірбан-жомарт жүрегінде де жатыр. «Мың сіз-бізден бір шыж-быж артық» деген өмір шындығын мойындасақ та артық емес-ау. Бізді ең жақын ағайындай, дұрысы – Құдайдай сыйлап, күтетінін қалай ұмытармыз?!

Орынкүлдің әдебиетті білетін, танитын оқырман, мәдениетті де білетін, талғайтын тоқырман екенінен де хабардармыз. Талантты жазушы, талғампаз журналист әке, майталман маман, асыл ана өнегелі әсерінен де екені анық, жарасқан жұптың перзенттері де бізді қалтқысыз сыйлап, сәлемдесіп тұратыны. Бұларды да таныстыра кетсек, ең үлкені Шыңғыс, содан кейін Олжас, Наурызбай. Қарашаңырақты ұстап отырған Наурызбай бізге тіпті етене жақын. Олардың өсер ұл, өнегелі қыз болып жетілгендіктері өз алдына, «Би болмаса да, би түсетін үй бола алатындықтары» да шындық. Үлкен қыздары Қорланның шаңырағынан да дәм татқанымыз бұған дәлел. Әсіресе, әке жолын қуған, еліне еңбек ету үшін туған журналист-қаламгер   кенже қызы Бифат (Бифатма)  Нұрмаханқызының орны бөлек.

Мен бұл жерде Орынкүл келінімнің есте қалар сөз мәнерін, сыйластық әдебін, тарқатып таныстырып, қарақан басы қамын ойласа, қызметте де өсіп кетер, ілім жолын қуса, мүмкін ірі оқымысты болып та кетер өмір жолына үңіліп жатпаймын. Ол жоғары оқу орнын жақсы бітіргеннен кейін, облыс орталығындағы «Агрохимлаборатория» мекемесінде жетекші маман, бас маман болып абыройлы жұмыс атқарғаны, Жаңақорғанда мамандар бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істегені, кейінгі уақытта шағын кәсіпкерлікпен айналысқаны біздің байламымыздың шындығын байқатса керек.

Енді Қызылордадағы кейінгі бір кездерде жолыққан мықты оқырман, ұлағатты бір әйелдің әңгімесін есіне түсірумен естелігімді аяқтайын.

Мектептегі кездесуден соң шай іштік. Шағын дастарқанды басқарып отырған директордың орынбасары Күләш деген келіншек:

– Бақыт аға, мамандығымыз әдебиетші, өзіміз де оқырман болғандықтан сіздің шығармашылығыңызды жақсы білемін. Алайда біз бұл жөнінде шиелілік Орынкүл деген замандасымыздан артта қалып қояды екенбіз. «Менің жұбайым – Нұрмахан да жазушы. Қатал, әділ сыншы Бақыт Сарбалаұлының оң бағасын алғанымызға ризамыз. Ол кісі жерлес қана емес, отбасымызбен араласатын жақынымыз. Осындай оқырмандарыңыз, жанашырларыңыз көп болсын! – деді.

– Жақсы тілегіңізге рақмет. Ал Орынкүлді қайдан танисың? – дедім.

– Жақында бір ортақ құрбымыздың үйінде таныстық. Жатырқамайтын жақсы жан екен. Тұрмыстық күйбеңнен ауысып, елдік мәселеге көшкенде әңгімеміз жарасып жүре берді. Содан соң сөзіміз өзінен-өзі әдебиетке, Шиеліге ауысқан еді…

Отбасы қамын түгендеп қана қоймай, әдебиет мәселелерінің де өрбіп-өркендеуіне өз үлесін қоса алған ананың өсіп-өнген қоғамнан өз орындарын тапқан  ұрпағы да жолын, ізін жалғастырып, жер басып жүргенде Орынкүлдің рухы да мәңгілік жасай беретініне сенеміз.

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ,

жазушы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<