Бір кездері пролетариат көсемі атанған В.И.Лениннің сөзінен қазір ешкім цитата келтірмейді. Мен оның «Из всех искусств, для нас важнейшим является – кино!» деген атақты сөзін осы еске алу мақалама жолашар қылып отырмын. Себебі, киноның адамзат тарихының дамуына, рухты ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі орасан зор. Өзіміз бала кезімізде көрген киноларымыздың кейіпкерлеріне ұқсап бағып өстік.
Әлгі көсем айтыпты: «Операдан соң немесе спектакльден кейін «өліп қалған» кейіпкерлер актерға айналып, алдыңа шығып иіліп тұрады, керемет әсерден айырылып қаласың. Ал кинода өлген кейіпкеріңе шын жылайсың, өйткені, ол тіріліп алдыңа келмейді. Міне – өнер».
Дұрыс айтқан, баяғыда сол бала кезімізде ғой, ауыл клубында соғыс кино жүріп жатқан. Бір кезде шынжыр табаны шықырлаған танкті экраннан шығып кетердей зорайтып көрсетті… Сол кезде орындықтарға сыймай, еденде тізіліп отырған балалар орындарынан тапырлай тұрып далаға қашты. Міне – өнер!
Осы біз айтып отырған кино өнерінің дайын өнім есебінде өмірге жолдама алып, халыққа таратылуы ең бір қиын іс. Кино көргенмен біз оның өзімізге қалай жетіп, қалай кетіп жатқанын көрмейміз.
КСРО және ҚР кинематография саласының үздігі, елімізге еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Тауасар Тұрсынбайұлы – облыстың киноландыру қызметіне ерекше еңбек күшін арнаған тұлға. Біз айтып отырған бұл саланың көзге көрінбейтін ауыр салмағын иығымен көтеріп, көп жыл кино ісі басшылығын атқарған.
Сонау 1962 жылы киномеханиктер даярлайтын курсты бітірген Тауасар шамалы уақыт Қызылордадағы Аманкелді кинотеатрында киномеханиктің жәрдемшісі, сосын Тасбөгет орталық клубының киномеханигі болады.
Ал 1963 жылы Алматы кинотехникумына түсіп, оны 1967 жылдың ақпан айында бітіреді. Сөйтіп, жолдамамен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің жанындағы Кинематография жөніндегі комитетінің Киноландыру және кинопрокат Бас басқармасында инженер-инспектор қызметін атқарады. Осы жерден Жаңақорған аудандық кинотеатрының механик-дизельшісі жұмысына ауыстырылады. Іске құлшына кіріскен, мамандығының қыр-сырын білуге тым құштар жас еді. Ол кездері электр қуаты жетіспейді, жарық жиі өшіп қалады. Сондай жағдайда клубтағы киноқондырғы дизель моторының қуат өрісіне қосылады. Оны кім болса сол қоспайды, оған арнайы маман керек. Өзі Жаңақорғанға сондай маман болып барған. Бір күні тар бөлмеде тұратын қырық киловаттық дизель моторының түтініне тұншығып, есінен танып қалғаны бар. «Есінен танып жүріп» істеген осы саладағы жұмысына Тауасар қай кезде де сол екпінмен еніп, сол адалдықтан танбады.
Т.Тұрсынбайұлы біраз уақыт тәжірибе жинаған соң киноландыру басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет еткен. Оның қызметтегі белсенділігі мен біліктілігі ескеріліп, 1982 жылдан облыстық кинофильмдерді жалға беру мекемесінің директоры болып тағайындалады.
Осы жылдары халықты кинофильмдермен қамту оның көрсету мерзіміне көп уақыт жібермеу мақсатын ойластырып, сонымен бірге облыстарға жіберілетін фильмдердің көшірмесін көбейту үшін ауданаралық кинофильмдер бөлімшелері ашылады. Бұл жұмыстарға басшы Тауасар көп күш жұмсайды. Осылайша, облыс киносаласының өркендеуіне, дамуына және кинотуындылардың тұрғындардың арасында ауқымды насихатталуына қомақты үлес қосады.
1991 жылы киноландыру басқармасы мен облкинопрокат мекемесі біріктіріліп, Қызылорда облыстық «Кинобейнебірлестік» құрылып, оның бастығы болып Тауасар Тұрсынбайұлы бекітіледі. Үш жылдан соң мекеме облыстық киноландыру басқармасы болып қайта құрылады. Т.Тұрсынбайұлы көп жыл осы басқарма басшылығын атқарды. Ол кино-ландыруды ұйымдастыруға, оны дамыту мен өркендетуге, материалдық-техникалық базасын нығайтуға аянбай күш-жігерін жұмсап, елеулі үлес қосты.
Бір кездері жаппай қысқарту жүргені белгілі. Оған қалыптасқан жүйені бұзған нарықтық қатынастар әсер етті. Сол кезде Тауасар басқаратын мекемеде бар-жоғы сегіз адам жұмыс істейтін. Осыны жартылай қысқарту керек деген нұсқау түседі. Сонда Тауасар «ұжымдық кеңестің негізін» пайдаланып, басқару аппаратындағы сегіз штаттық бірлікті екіге бөліп, облкинопрокаттау мекемесін дербестендіреді де, өзімен қосқанда төрт қызметкері бар кинофикация «облыстық кино-видео бөлім» деп аталып, мәдениет басқармасына қосылады.
Бұл Тауасардың кино саласын сақтап қалуға жасаған күресінің басы еді, бірақ жаяудың шаңы шықпады, заман жеңді.
Облыстық киновидеофильмдерді жалға беру кеңсесі өз алдына дербес мекеме болып, ұзақ өмір сүрмеді. 2005 жылы ҚР Үкіметінің «Бәсекелестік ортаға төтеп бере алмайтын мекемелерді қысқарту» туралы қаулысы шықты. Осыған орай облыстық кинопрокат мекемесі мен оның аудандық бөлімшелерінің жұмысы тоқтатылды.
Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар кино саласы күйреді. Еңбек адамдарын жігерлендіріп, халықтың рухани байлығын жоғары көтере білген бұл сала Ленин айтқандай, ең маңызды өнер есебінде де, идеологиялық құрал ретінде де құнды еді.
Өз басым журналист болған соң өнер және қызмет адамдарымен өте жақын араластым. Солардың бірі Тауасар ағай болды.
Бірде екеуміздің әңгімелескеніміз бар. «Әрине, кино мүлдем жоғалып кеткен жоқ, алайда ол халықтық дәрежесін жойды. Кинотеатрлар жабылды, жұрт киноны (мазмұны басқа әңгіме) алақандай ұялы телефонға телміріп көретін болды. Мен осыған өкінемін» деді ағай күректей алақанымен маңдай терін сүртіп. Сол көрініс көз алдымда қалды. Қазір кино саласына қабырғасы қайысатын маман бар ма, бірінші орынға шыққан ақша ондай мамандарды жойып жіберген шығар деп ойға қаламын, мен де.
Сол ісіне, мамандығына адал ағамыз қырық жыл кино саласында, жеті жыл облыстық мәдениет басқармасында қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты. Сосын отбасы жағдайымен Алматыға көшті.
Біраз уақыт баяғының батырларындай тұлғасы сонау жерден зорая көрінетін ағамыздан көз жазып қалдық. Сол көш Тауасар ағаның арамыздан мәңгілікке көшуі болыпты.
Ағаның қайтыс болғаны туралы хабар жанымызға батты, жанарымыз суланды. Өзі жоқтаған кино өнері енді Тауасар есімді тұлғасының бейнесін қайта тірілтер деп үміттенеміз.
Баяғыда соғыс өртін кешіп оралған Еділ деген әкесінің інісі құндақтаулы сәбиді қолына алып, «біз қыр аспадық, бұлардың заманы бөлек, бұл әлі тау асады, мұның атын Тауасар қойыңдар» деген екен. Сол Еділ ағасы дұрыс болжапты, кішкентайынан өнерлі болып, төртінші класс оқып жүріп газетке мақала жазып, кейін оны мектеп сахнасына скетч қылып қойған Тауасар үлкен өмірде өз мамандығының нағыз майталманы атанды. Сол салада атын қалдырды, алдына қойған мақсатына жетті, еліне еңбегімен еленді, Сыр халқының жарық маңдайлы перзенттерінің сапына қосылды. Бұл оның тау асқаны емес пе?!
Асыл жанның ақырет сапарына аттанғанына да қырық күннің жүзі болыпты. Тіршілік тегершігі осылай айнала бермек, алайда, жарық өмір жақсыларын ешқашан ұмытпайды.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<