Тау мүсінді тұлға еді…

649

0

Басың жерге жеткенше сыйласып өтуге лайықты аға-іні тапқаныңда тірліктің өзі жеңілденіп сала береді. Алдыңда абыройы асқан ағасы, ізінде ілтипатты інісі болмаған адамнан үлкендіктің қасиетін дәметуге бола ма, сірә? Бүгінде сексен жастың серкесі атанып жүрген мен де талай тумысы бөлек текті тұлғалармен сырлас та сыйлас болған едім. Өмір деген осы, ұшқан құстай зымырап өте шығады. Күні кеше ғана жайраңдай күліп, жайсаңдай басып жүрген Сыр елінің текті тумасы, кеудесі дариядай кең, тау мүсінді тұлға Омарұлы Ернияздың бұл өмірден өткеніне жыл да жылжып өте шығыпты-ау.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында ізі қалған» демекші, Ерекеңді өлді деуге әсте болмайды. Өйткені, Ернияз елі үшін еткен еңбектерін пұлдамайтын, күннен жұмыс, түннен тыныс сұрайтын, барға қанағат, жоққа салауат айтатын бала көңілді, дана сезімді азамат болатын.

Ескі көздер бара жатыр азайып,

Олар жайлы, ойламаудың өзі айып.

Ей, тірілер!

Соларды бір еске алып,

Тебіренейік, толғанайық, жазайық, – деген арқалы ақын Мұқағалидың толғауына тәу етіп, жоғарыда айтқандай, артында өлмейтұғын ісі қалған Ерекең жайлы жүрек жазбамды оқырмандарға жеткізуді мұрат тұттым. Демек, айтар ойым орнықты болуы үшін сарғайған тарих парақтарына еніп бара жатқан Ернияз Омарұлының өнегелі де өркенді өмір жолына сәл-пәл ғана шегініс жасалық.

Ернияз Омаров 1932 жылы Бидайкөл ауылында (бүгінгі А.Тоқмағанбетов ауылы) өмір есігін ашады. Жасыратыны жоқ, 30-шы жылы туған балалардың бал дәурені ел-халықтың күйзелісіне сәйкес келеді.

Ерекеңнің балалық шағына көз салар болсақ, ашаршылық, сталиндік репрессия, екінші дүниежүзілік соғыс, соғыстан соңғы сүреңсіз тіршілікпен тұспа-тұс ұласады. Тұрмыс тауқыметін тартқан балғындар ерте есейе бастайды. Буындары бекіп, бұғаналары қатаймай жатып еңбекке араласады. Еңбекке ерте араласқан Ерекеңнің оқуға деген құштарлығы басым болатын. Бала кезден басты байлық – денсаулық екенін сезінген балаң жүрек ақ халатты абзал жан болуды арман етеді.

Науқас жандардың жағдайлары жүрегіне жара салған ол 1947 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық училищесіне оқуға қабылданып, оны 1950 жылы үздік дипломмен тәмамдайды да, еңбек жолын Тереңөзек ауданына қарасты «Арысқұм» елді мекенінде фельдшер болумен бастайды. Осы қызметте екі жыл жүріп, біршама тәжірибе жинақтаған ол 1952 жылы кезінде дүркіреп тұрған Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға қабылданады. Адам денсаулығы десе күнді күлкісіз, түнді ұйқысыз өткізіп, ішер асын жерге қоятын Ерекең оқуда жүрсе де еңбектен қол үзбейді. Атақты В.П.Рощин, А.П.Полосухин, П.П.Очкур, А.Н.Сызғанов, А.Рақышев сынды медицина ғалымдарынан дәріс ала жүріп, Алматыдағы әскери госпитальда фельдшерлік қызметін жалғастырады. Бұл Ернияз Омарұлының кейінгі өміріне бағдаршам болды десек, қателеспейміз. Өйткені, осында жүріп жинақтаған тәжірибесі мен алған білімі келешегіне кемел жол ашады. Айтқандай ол тапқан табысының азын-аулағын ата-анасына жіберіп отырған. Міне, азаматтық.

1958 жылы жоғарыда аталған институтты үздік бітіріп, қызыл диплом иеленген Ерекең облыстық аурухананың хирургиялық және жедел жәрдем бөліміне хирург болып орналасады. Міне, осы жылдан бастап оның, жоғарыда айтқандай, күлкісіз күндері мен ұйқысыз түндері 62 жыл бойы жалғасып жатады. Саралап айтар болсақ, 1961 жылы қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, 1967-1982 жылдары біріккен қалалық аурухананың бас дәрігер қызметтерін абыроймен атқарады. Ал, 1982-1994 жылдар аралығында облыстық денсаулық сақтау саласын басқарады.

Ерекең зейнет демалысына шықса да адам баласының басты байлығы – денсаулығын сақтауға бар күш-жігерін жұмсаумен жүрген. СПИД-ке қарсы орталықта, қалалық ауруханада, травматолог маман ретінде қызмет жасағандығынан оның кәсіби мамандығына деген сүйіспеншілігіне тәнті боламыз. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы адам жанының арашасы болумен ғұмыр кешкен алтын қолды азаматтың денсаулық саласына сіңірген өлшеусіз еңбегін былай да дәріптеуге болады.

Оның денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мен кадрлар даярлаудағы ересен еңбегі тарих парақтарына алтын әріппен жазылып қалары бар. Нақтылай айтар болсақ, 1961 жылдан бастап, яғни Ерекең қалалық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісі кезінде қала халқына медициналық көмек көрсетудің жаңа бағдарламалары іске асырыла бастады. Қаладағы поликлиника, балалар және әйелдер консультациялары, перзентхана, туберкулезге қарсы диспансерлер өз алдына шығып, тек қана қала халқына медициналық көмек көрсетуге бейімделе түсті. Балалар денсаулығына көп алаңдайтын ол осы жылдары балалар ауруханасын облыстан бөліп алып, өз алдына қалалық балалар ауруханасын аштыруға қол жеткізеді. Ерекеңнің тікелей бастамасымен сол жылдары жоғарыда айтқан балалар, әйелдер консультациялары, перзентхана, туберкулезге қарсы диспансер, поликлиника ғимараттары жаңадан салынып, іске қосылады. Ал, 1973 жылы Қызылорда қалалық аурухана ғимаратының құрылысы басталып, 1977 жылы пайдалануға берілді. Ол осы құрылыс басында күн құрғатпай жүріп, бақылауда ұстады.

Ерекең қалалық біріккен ауруханада жүрген жылдары (1967 жылдан 1982 жылға дейін) бар мүмкіндігін халықтың денсаулығын сауықтыруға арнады. Бір айта кететін жағдай, ол балалар арасында кездесетін ұршық басының туабітті ақауын басты назарға ала бастайды. 1959 жылы Мәскеуде травматология-ортопедия саласы бойынша біліктілігін арттырып, сынған сүйекті темірмен ұштастыру, жамбас және мойын сүйектерінің қисаюын консервативті-оперативті емдеу жолын үйреніп келіп, алғашқы болып ота жасайды. Осылайша ғылым баспалдағына табан тіреген Ерекең 1974 жылы көп жылғы медицина саласындағы еңбегін тұжырымдай отырып, кандидаттық диссертация қорғайды.

Е.Омаров 1982 жылы София Өтегенқызы Мақашеваның орнына облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшылыққа келді. Сыр елі  халқының әсіресе шалғай елді мекен тұрғындарының денсаулық мәселесін назарға алады. Тұтастай бір саланың алға жылжу рычагін қалыптастырады. Осы жылдары Ерекеңнің Аралдың атырабынан Қаратаудың сілемдеріне дейін табаны тимеген жер жоқ болар, сірә?! Осындай жүріс-тұрысының түйіні: аймақтағы емдеу төсектерінің жеткілікті болуы және оларды білікті де білімді ақ халатты абзал жандармен қамтамасыз ету болды. Осы уақыт ішінде шалғайдағы елді мекендерде типтік жобадағы ауруханалар ашылды.

Солардың қатарында Жаңақорған ауданына қарасты Келінтөбе ауылынан 50 төсектік, кезіндегі ХХІІІ Партсъезд ауылынан да 50 төсектік, Шиелі ауданының Бәйгеқұм ауылы мен Жалағаш ауданының Аққұм және Мәдениет ауылдарынан да 50 төсектік ауруханалар ашылды. Сондай-ақ Аралда 240 төсектік, Қармақшы мен Тереңөзек ауданында 320 төсектік ауруханалар салынып, ел игілігіне берілді. Облыстық аурухана ғимаратының азып-тозуына байланысты 630 төсектік аурухана жобасы жоғарыдағылар тарапынан мақұлданып, құрылыс жұмыстары бастау алған. Ерекеңнің тікелей бастамасымен облыс орталығындағы диагностикалық орталық, №6 және №2 қалалық емханалар да салынып, іске қосылған. Осы уақыттан бастап дәрігерлер іріктеліп, аймақтағы барлық емдеу орындары білікті мамандармен қамтамасыз етіле бастайды. Қаладағы балалар ауруханасы, перзентханада реанимациялық бөлімдер ашылады. Осы табанды істің нәтижесінде бір жасқа дейінгі балалар өлімі күрт азаяды. Сондай-ақ жұқпалы ауруларды емдеуде, әсіресе, іш сүзегі, сары ауруларды азайту барысында да тиянақты іс атқарылады.

1977-1978 жылдары Сыр елінде сары ауру эпидемиясы барынша белең алған. Жұқпалы аурулар бойынша Қызылорда облысы елімізде 40 пайызды құраған. Мұның басты себебі ауызсу сапасыздығы болатын. Осыған байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ернияз Омаровтың тікелей бастамасымен облыстық партия комитетіне ғана емес Қазақстан орталық партия комитетіне, денсаулық сақтау министрлігіне, оны айтасыз, кеңестер одағының денсаулық сақтау министрлігіне күрмеуі қиын күрделі мәселе қойылады. Яғни, «Судың басында отырған су ішеді, аяғында отырған «у» ішеді» дегендей, «у» ішіп отырған Сыр елі тұрғындарының жанайқайы жоғарыдағыларға жеткізіледі. Бұл мәселе Республикалық Ғылым академиясында қаралып, орталық партия комитетіне жолданады. Сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков осы мәселені Кеңестер Одағы министрлер кеңесі алдына қойып, 1986 жылы арнайы қаулы қабылданып, Сыр елі экологиялық апатты аймақ ретінде танылады. Осының нәтижесінде аймақта тұратын халықтың айлық табыстарына қосымша ақы төленіп, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ететін іс-шаралар қолға алынады.

Ернияз Омарұлы тұсында пульмонология, травматология, торокальді хирургия, нейрохирургия, гематология, аллергология салалары бойынша жаңа бағыттар мейлінше дамыған. Ғылымға жол ашылған. Өзі де балалардың туабітті жамбас буынының шығуына байланысты 56 ғылыми еңбек жазған.

Ерекең қандай да бір басшылық қызметте жүрмесін, өзінің кәсіби мамандығын ешқашан ұмытқан емес. Өзінің белгілі хирург-травматолог маман екендігін көрсетіп, науқастарды күнделікті емдеуден қол үзген жоқ. Ол 10 мыңнан астам науқасқа ота жасап, өмір сыйлаған. Содан да оған емделу мен кеңес алушылар ағылып келіп жататын. Науқас балаларды емдеп, жазуда елдің ғана емес, Кеңестер Одағы көлеміндегі білікті хирург атанды. Мыңдаған сәбидің екі аяғын тең басып кетуіне себепші болды.

Сөз орайы келгенде Ерекеңнің азаматтық бітім-болмысы, жайсаң жанды жаратылысы жайлы да айта кеткен жөн шығар. Оның еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы ерекше болатын. Ал, азаматтығы, адами биік болмысы ешкімге ұқсамайтын. Рухани дүниесі бай, табиғи таза болмысы, кісілігі мен кішілігі, бекзаттығы кез келген адамды баурап алатын еді. Үлкеннің де, кішінің де көңілін тауып, көпшіліктің көкейінде ұялап тұратын. Содан да ол кісімен сыйласқан, өмірде жолдары түйіскен жандардың жүректерінде жылылығымен қалған.

Ерекең зейнет демалысына шықса да қол қусырып қарап отыруды қаламады. Денсаулық сақтау саласы ардагерлер кеңесінің жұмысын басқарды. Сол уақыттарда облыстағы сала ардагерлерінің барлық мүмкіндіктерін жасауға күш-жігерін жұмсап, әрбіріне қамқорлық танытты.

Ол – 64 ғылыми еңбек пен 3 монография авторы. Сондай-ақ жүрек жазбаларын қағаз бетіне түсіріп, кітаптарын шығарған белгілі дәрігер-қаламгер. «Өмір белестері», «Ажалға араша», «Сыр медицинасы» атты кітаптарын бүгінгі және келер ұрпақтарға аманат етіп кетті. Айтқандай, Ерекеңнің серілігі де бар еді. Ән салып, вальс билейтін. Спорттық бейнесін жоғалтпайтын, жаяу не болмаса велосипедпен жүруді қалайтын.

Ал осындай азаматтың айтулы тұлға болып қалыптасуына Хадиша апайдың сіңірген еңбегі ерекше. Ол отбасының ұйытқысы, бес баланың анасы атанып қана қойған жоқ, 65 жыл бойы отағасына парасаттылықпен қызмет көрсетті. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген, бес баланың төртеуі әке жолын жалғастырды. Осылардың екеуі әкелері тәрізді денсаулыққа қатысты ғылыми еңбек жазып, диссертация қорғап, ғылым кандидаттары мәртебесін иеленді. Ернияз Омарұлының ел алдындағы еңбегі Үкімет тарапынан ескерусіз қалған жоқ. «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Еңбек Қызыл ту» ордендері мен еңбек және мерекелік медальдармен марапатталды. Сырдария ауданы, Қызылорда қаласы, Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағын иеленді.

Иә, өмірден өтсе де артында өшпейтін ізі қалған Ерекеңнің есімі Сыр елі халқының мәңгілік жадында. Сол көптің ішінде Ерекеңнің Қызылорда медициналық колледжінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мен кадрлар даярлаудағы еңбегіне орай осы колледжге есімі берілсе деген ұтымды ұсыныстары да бар. Сондай-ақ, қалалық аурухананы қалыптастырудағы сіңірген еңбегі де өлшеусіз. Ал бұл ұсыныстар уақыт еншісінде қолдау таба жатар.

 «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген ғой. Олай болса Ернияз Омаров есімі де уақыт көшінде биіктігін ала берері сөзсіз.

Тұрғанбай МАХАНОВ,

Қызылорда облысының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<