Тарихты тұлғалар жасайды. Олар халықтан биік емес, сөйтсе де ондай жандардың еліне деген сүйіспеншілігі, ел ісіндегі адалдығы өздерін сырт көзге көп ішінен ерекшелеп, биіктетіп тұрады. «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі». Ал тарихи тұлғалар ұмытылмақ емес. Ендеше оларды мәңгілік һәм мәнді ғұмырдың иесі деуге болады.
Жерлесіміз, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлыбек Жолдасбаевтың да өмірден озғанына бір жыл болыпты. Тіршіліктегі дәм-тұзы таусылғанымен, Нұрлыбек ағамыздың шын өмірі енді басталды. Жаны Хақтікі болғанымен, тіршілігіндегі атқарған ісі – халықтыкі. Содан да ол дүниенің дидарынан көшіп, халықтың жүрегінен мәңгілік қоныс тепті.
Нұрлыбек Қалжатайұлы – кешегі кеңес заманында аядай ауданнан, алақандай ауылдан шығып, Мәскеуден жоғары білім алған аз ғана жерлестеріміздің бірі. 1976 жылы Қызылорда қаласындағы совхоз техникумды бітіріп, «Мәдениет» совхозында бір жыл жұмысшы болды. 1977 жылы Мәскеудегі К.Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы академиясына түсті. Өміріндегі ең үлкен белесі сол Мәскеуден басталған еді. Аталған академиядан зоотехник-зооинженер мамандығы бойынша білім алып, ауыл шаруашылығы саласының ғалымы атанып шыққан оның алдынан нұрлы болашаққа бастайтын даңғыл жол ашылды. 1983 жылы қолына дипломын алған жас маман жолдамамен Талдықорған облысы Андреевка ауданы «Қызылащы» колхозына барды. «Қызылащы» Жетісу өңіріндегі биязы жүнді меринос қойын өсіріп отырған ең үлкен совхоз еді. Директордан бастап, айналасындағы азаматтардың барлығы да ұзақ жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі мал шаруашылығының мамандары. Десе де, олар академия тәмамдаған жас маманға жаңа ортаға үйренісіп кеткенше қолдан келген көмегін аяған жоқ, бас зоотехниктің бойындағы зиялы адамға тән жақсы қасиеттерін және білімін, білігін, іскерлігін бағалап, құрметтеді.
1984 жылы Сыр еліне оралды. Құшағынан шығып кеткен баласын бірнеше жылдан соң туған ауылы жылы қабақпен қарсы алды. Кешегі атақты академияның түлегі енді жас маман емес, бір жыл болса да тәжірибе жинап, сақайып келген білікті маман. Ауылға келген бойда директордың бұйрығымен совхоздың бас зоотехнигі болып жұмысқа қабылданды. Төңірегі түгел таныс, айналасының бәрі ағайын-туысы. Ауыл шаруашылығының білдей ғалымы болып келген азаматқа бүкіл ауыл құрмет көрсетеді.
Ол жылдары «Мәдениет» совхозының директоры Қозытай Әбуов. Совхозда екі мыңға жуық ірі қара бар еді. Аналық сиырларды қашыру мен қолдан ұрықтандыру жұмыстары, шағылысқа түскен қашарлардың есебін алып, қатаң бақылау, жоспарға сәйкес төл алу, ет-сүт өндіру, қолдан ұрықтандыру пункттерін талапқа сай даярлау, техник-осеменаторларды дайындау, аналық сиырлардың ауруларына қарсы профилактикалық емдеу шараларын жүргізу, цехтың санитарлық тазалығын қадағалау, қыстық жем-шөп қорын жасақтау, жайылымдық жерді реттеу секілді жұмыстардың барлығы бас зоотехниктің тікелей жауапкершілігінде. Сондықтан да жас маманға тәулік мезгілімен санаспай жұмыс істеуге тура келді. Еңбегі нәтижесіз болған жоқ, межелі жоспар уақытылы орындалды. Жас маман осы жұмыстардың барлығын оңтайлы ұйымдастыра жүріп, мал шаруашылығы мамандарын ортақ іске жұмылдыра білді. Бұл Нұрлыбек Жолдасбаевтың орындауы тиіс тапсырмасы мен атқаратын міндеті ғана емес, өзі өсіп-өнген қасиетті топыраққа шын ниетімен төккен тері еді.
1986 жылы Қозытай Әбуов Жаңақорған ауданының «Келінтөбе» совхозына директор болып кетті де, оның орнына Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхоздың (қазіргі «Еңбек» ауылы) бас экономисі Қасымбек Нәдірбеков келді. Ол кісі де өз саласының маманы. Бірақ үлкен шаруашылықты басқару оңай емес. Алайда қарамағындағылардың барлығы тәжірибелі, өз саласын жетік біледі. Соның арқасында Нәдірбеков директор болған екі жыл жақсы көрсеткіштермен ел есінде қалды.
1987 жылдың соңында Қасымбек Нәдірбеков совхоз басшылығынан босады. Бұл жылдары КСРО басшысы М.Горбачевтың қайта құру деген жылымық саясатының арқасында совхоз директорлығы мен түрлі мекеме басшылығына бірнеше үміткер ұсынылып, еңбек ұжымы көпшілік дауыспен сенім артқан үміткер басшылық лауазымға тағайындалатын. Директорлыққа 3 кандидат тіркелді. Олардың бірі – сол кездегі аудандық «Казсельхозтехника» деп аталатын нән мекеменің басшысы Сұлтан Шегенов, екіншісі – «Мәдениет» совхозының бас агрономы Кәмитбек Тәуіпбаев, үшінші үміткер – совхоздың бас зоотехнигі Нұрлыбек Жолдасбаев. Үш үміткер де тәжірибелі, халыққа жақын.
Басым дауысқа ие болған Нұрлыбек Қалжатайұлы «Мәдениет» совхозы тарихындағы бесінші директор болып сайланды. Жаңа директор алғашқы күні кабинетіне ұжымын жинап, жылдық жұмыс жоспарды талқыға салып, пысықтап алды. Шаруашылыққа қатысты мәселелердің шешілу жолдарын қарастырды. Күріш дақылынан бөлек, егін шаруашылығын әртараптандыруды және өнімді молайтуды, мал басын көбейтіп, өнім сапасын арттыруды қолға алды. Ол жөніндегі Үкіметтің жоспарлары мен міндеттемелері де бар. Өндіріске озық тәжірибелерді енгізіп, тиісті, жауапты мамандарға еңбек өнімділігін жоғарылату, жұмыс сапасын жақсарту және қызметтік тәртіпті сақтау тұрғысынан қатаң талап қойды. Бірлесіп, түсінісіп атқарған сан салалы жұмыс өз нәтижесін берді.
1990 жылы «Мәдениет» совхозының директоры болып Мейрамбек Еспанов келді де, Нұрлыбек Қалжатайұлының қызметі аудан орталығына ауысып, ауыл шаруашылығы қызметкерлері аудандық кәсіподағының төрағасы болды. Ерікті ұйымның жұмысы былайғы жұртқа елеусіз көрінгенімен, кәсіподаққа мүше азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау және еңбек қатынастары төңірегінде туындаған мәселелерді заң аясында шешуде елеулі рөл атқарады. Нұрлыбек Жолдасбаев екі жылдық қызметінде осындай жауапты жұмысты абыроймен атқарды.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мемлекет жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшіп жатты. Шаруашылықтардың қажеттілігін өтеу қиынға соқты. Осындай ауыр кезеңде ауданда «Асар» ассоциациясы құрылды. Мақсаты – аты айтып тұрғандай, іскер азаматтардың басын біріктіріп, қазақы әдіспен асарлатып, елге көмектесу. Құрылтайшылар сол қоғамдық ұйымды басқара алады деген кандидаттардың ішінен қоғамдық өмірге жаңаша көзқарасы бар, танымы, білімі жоғары Нұрлыбек Жолдасбаевты қолайлады. Сөйтіп 1992 жылы Нұрлыбек Қалжатайұлы «Асар» ассоциациясының төрағасы болып тағайындалды.
Шаруашылық ісіне бейім азамат бұл жұмысты да дөңгелентіп алып кетті. Сол жылдары нарыққа көшу жөніндегі реформаны басқарған Садық Әлиевпен кеңесіп отырып, жоспарлы жұмыс жүргізді. Халық тұрмысының түзелуіне сеп боламын деп «Асарға» басшылыққа барған азаматқа Мәскеуде бірге оқыған кәсіпкер достары қол ұшын созды. Соның ішінде курстасы, Ақтөбеде тұратын семейлік кәсіпкер Серғазы Есенбаев Жалағашпен тығыз байланыс орнатып, ауданға қажетті мүлік-мүкәмалмен қамтамасыз етіп отырды.
Ол жылдары қаржы айналымы тоқтаған, жергілікті биліктің қолында күріштен басқа ештеңе жоқ еді. Керекті дүние тек күрішпен айырбас жасалады. Тіпті кейбір мекеме қызметкерлерінің айлық жалақысының өзі күрішпен төленеді. Бірде Нұрлыбек Жолдасбаев Қазақстанның барлық өңіріндегі кәсіпкерлермен бизнес әріптестік орнатқан Серғазы Есенбаев арқылы Оралдағы астық қабылдау кәсіпорнының директорымен танысып, бірнеше тонна қара күріш жіберді. Сыр бойының «сары алтыны» күріш ақтайтын зауыттың диірменнен өткеннен кейін «ақ маржанға» айналып, бағалы тауар ретінде әрмен қарай Ресей асты. Содан соң күріштің айырбас тауарлары Жалағашқа жетті. Тағы бірде Садық Әлиевпен кеңесіп, Өзбекстаннан қою май алдыратын болды. Бірақ оған ақша керек. Амал жоқ, Серғазының көмегіне жүгінуге тура келді. Ол мынадай схема бойынша жүзеге асты: Жалағаштан бір вагон қара күріш тағы да Оралға жөнелтілді. Дәнді дақыл алдын ала келісілгендей, Оралдағы диірменде ақталып, Ресейге жеткізілді. Ал Өзбекстан Ресейден картоп алатын болып, Жалағашқа жіберетін бір цистерна жанар-жағармайының ақшасын Ресейге жіберген күріштің құнымен есептесті. Міне, сөйтіп оңтүстіктегі көршімізден ауданға алпыс тонна жанар-жағармай келді де, тұрып қалған ауыл шаруашылығы техникалары от алып, жұмысқа қосылды.
Нұрлыбек Жолдасбаев араға 3-4 жыл салып, қайтадан туған ауылына табан тіреді. Бұл 1993 жыл еді. Аудан орталығындағы қоғамдық ұйымдарды олқысынбай, жұмысына аса жауапкершілікпен қараған және сол орындарда отырып-ақ бүкіл шаруашылықтардың тіршілігін жандандырған іскер азамат жергілікті биліктің қолдауымен, халықтың қалауымен «Мәдениет» кеңшарының директоры болды. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы бесжылдығының бел ортасы болатын. Жекешелендірудің екінші кезеңі басталып жатты. Ел ішіндегі әлеуметтік ахуал қиындаған. Аудан, облыс орталығындағы өндіріс орындары жабылған. Ауылдық жерлерде күріш өсіріп, бақша егуден басқа жұмыс жоқ. Оның өзі үлкен күшке түседі. Ауыл шаруашылығының қандай жұмысы болса да қол күші мен техникаға тәуелді. Жанар-жағармай тапшы. Жұмысшылардың еңбекақысын тауып беру басты мәселеге айналған. Осылай бір қиындықтың құйрығына екіншісі жалғанып, бас көтертпей, қадам бастырмайды.
Директор сиыр фермасының жайын жақсы біледі. Ет-сүт өндірудің жаңа технологиялық мүмкіндіктерін қарастырып, өнімділігін арттыра ала ма? Егіс көлемі ұлғайғанымен, Кеңес дәуіріндегідей көрсеткіш жоқ. Жоспардың орындалмай қалу қаупі бар. Өйткені, жер танабын қуырып, егіс алқабында ойқастап жүретін кеңестік комбайндар мен тасымалға арналған жүк көліктерінің бәрі ескірген. Техникалық базаны жаңалап, қайта жасақтамай, күріш алқабының көлемін көбейткенмен нәтиже болмайды. Бұзылған техникалардың қосалқы бөлшектерін Қазақстанды шарлап таппасаң, Ресей асасың және табылған күнде де ол тегін келмейді.
Директор мал шаруашылығын жіті бақылайды. Күнара фермаға өзі барып, аналық сиырлар мен жас төлдердің жай-күйін көзімен көреді. Жаңа туған бұзауларды енесінен ерте айырып, құрғақ сүтпен қоректендіру әдісімен күнделікті өткізетін сүт мөлшерін көбейтуді қолға алды және ол нәтиже берді. Жоспар орындала бастады.
Ел аузында «тоқсан үштің қалың қары» деген тіркес түзілген. Қазір де қыс қаһарына мінсе, үлкендер жағы осы сөзді айтып, сол қысты еріксіз есіне алады. Сол Тауық жылы жұт болды. Қардың қалыңдығы тізеден асты. «Жаңадария» бойында отырған шопандардың шөмелесі таусылып, отар-отар қойы өріске шыға алмай қорада қаңтарылып қалды. Жолдар жабылып, арақатынас үзілді. Салдарынан совхоздың мыңдаған қойы қырылды. Сол жылы «Мәдениет» совхозының да жағдайы мәз болған жоқ. Мал азығы таусылған. Шөптің орны тықырлап, қаптың түбі көрінген. Малдың барлығы қақтығысқан көтерем. Фермадағы сол көтерем сиырлардың құйрығы қатты аяздан жерге жабысып қалды. Аяз бен аштық қатар қысқан сауын сиырлар өле бастады. Директор қандай амал қыларын білмеді. Қысқа жіп күрмеуге келмейді. Ауданнан көмек сұрағанымен, қайран жоқ. Барлық жерде осы жағдай. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, жоқшылыққа жұт жалғасты. Қарекет қылып, қалайда мал басын аман сақтап қалудың қамына кірісті. Шұғыл бірнеше бригада құрылып, ауылдың айналасындағы көлдер мен каналдардың бойынан қамыс шапты. Халық бірігіп, қозғалса үлкен күш қой, екі-үш күнде қу қамыс тау болып үйіліп қалды. Қурайды ДКУ-ге тартты. Сосын сары ұнтағын жемге араластырды. Бұны сиырларға әжептәуір талғажау қылды. Кезекшілік ұйымдастырылып, ферма ішінде тәулік бойы жұмыс жүрді. Сондай жанкешті іс-қимылдың арқасында көктемге ілініп, совхоз мал басын сақтап қалды.
Көктемгі егіс – бұл да бір қызу науқан. Техникалардың барлығы азып-тозып тұр. Әсіресе, егістік жұмыстарына ең қажетті «Алтай» деп аталатын алып шынжыртабан тракторды жөндеп шығару керек. Онсыз жер жыртылмайды. Ал сұрастырғанда оның қосалқы бөлшектері ел төңірегінде жоқ болып шықты. Іздеген адам зауытынан ғана табады екен. Алдымен аудан орталығындағы Садық Әлиевке хабарласып, ақылдасты. Сөйтіп, бір байлам жасады. Тағы да араға Мәскеуде бірге оқыған курстас досы Серғазыны салды. Екеуі алдымен Семейге ұшып барып, әрі қарай Ресейдің Рубцовск қаласындағы «Алтай Т-4» тракторын құрастырып шығаратын зауытқа жетті. Зауыт басшыларымен кездесіп, сол жерден өздеріне қажетті қосалқы бөлшектерге тапсырыс берді. Бағасына қарай ақшасын Серғазы сол жаққа аударды. Сөйтіп бір аптадан соң ауданға алып трактордың қажетті бөлшектері келіп, тұла-бойы бүтінделді. Бір айдан соң гараждан сақадай болып шыққан «Алтай» егіс даласын дүбірлетіп күріш алқаптарына соқа салды. Сол жылы орақ науқаны берекелі болды. «Мәдениет» совхозы әр гектардан 60 центнер өнім алып, рекорд жасады. Чемпион атанған шаруашылыққа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп, «Волга» автокөлігін тарту етті.
1997 жылы 29 желтоқсанда Жалағаш ауданына Қожахмет Баймаханов әкім болып бекіді. Аудан халқы қуанды. Көбі іскер азаматтың бұрынғы еңбек жолын біледі. Жалағашқа келген соң да қиындықтарға қарамастан көп жұмыс бітірді. Кент келбеті өзгерді: ескі ғимараттар жаңарды, жаңа нысандар бой көтерді, көшелер кеңейтіліп, жасыл желекке бөленді.
Қожахмет Баймаханов қатаң һәм әділ басшы болды. Қарамағындағы бөлім басшылары және жауапты қызметкерлерден білім мен еңбек қана талап етті. Ұзақ жылдар қызмет істесе де, білімі таяз, тәжірибесі жоқ, мемлекет ісіне немқұрайлық танытқандарға кешіріммен қарамады. Керісінше, өз саласы бойынша білімді, білікті, жұмысына жауапты азаматтарға қолдау көрсетіп, көтермелеп отырды. Мәскеуден білім алып келген, ауыл шаруашылығын жақсы білетін Нұрлыбек Жолдасбаевты өзіне орынбасар етіп тағайындады.
Бірде ауданға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы жұмыс сапарымен келіп, атқарылып жатқан жұмыстарды аралап көрді. Қиын кезеңде жолын тауып, жұмыс жүргізіп отырған аудан басшысына ризашылығын білдірді. Сол сапарында Бердібек Машбекұлы Қожахмет Баймахановтан «Өзің білесің, Қызылорда – аграрлы аймақ. Өндіріс орындары жоқ. Бұл өңірдің әлеуетін көтеретін тек ауыл шаруашылығы. Маған сол ауыл шаруашылығын жақсы білетін және жұмыс істей алатын маман керек…» деп сұрады. Сонда аудан әкімі ойланбастан, «Нұрлыбек Жолдасбаев деген менің орынбасарым бар. Тимирязев академиясын бітірген мықты маман. Ауылдың баласы. Егіннің күтімін де, малдың жайын да жақсы біледі» деді. Облыс әкіміне ол жігіттің есім-сойы таныс еді.
1998 жылдың күзінде Нұрлыбек Жолдасбаев облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің басшысы болып тағайындалды. Аталған қызмет орнында бір жылға жуық отырды. Бірде облыс әкімі шақыртты.
– Нұрлыбек Қалжатаевич, сені ауданнан аттай қалап өзім алдырып едім. Қазіргі ел жағдайын өзің білесің, өте қиын. Дегенмен, сол қиындықтарға қарамастан өз салаң бойынша нәтижелі жұмыс істедің. Әрине, оған сенің білімің де, тәжірибең де жетеді. Енді сені облыс әкімінің орынбасары етіп тағайындағалы отырмын және бұл қызметті де өз дәрежесінде абыройлы атқарады деп сенемін, – деді. Аймақ басшысы сенім артқан маман 1999 жылдың наурыз айынан бастап облыс әкімінің орынбасары қызметіне кірісті. Аз уақыттың ішінде жолындағы кедергілер мен қиындықтарға қарамастан өз саласына қатысты күрмеулі мәселелердің шешілуіне мұрындық болды. Өзіне үнемі көңілі толмай, сын көзбен қарап жүретін азаматтың алар асуы әлі алда тұр еді. Бірақ, ол лауазымдық қызметті небәрі 9 ай ғана атқарды.
1999 жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып қызмет ауыстырды да, орнына бірінші орынбасары Серікбай Нұрғисаев тағайындалды. Сол жылы Қожахмет Баймаханов Қызылорда қаласының әкімі болып кетті де, Жалағаш ауданының әкімі қызметіне Нұрлыбек Жолдасбаев кірісті. Тоқырау тудырған қиындықтар әлі ел еңсесін көтертпей тұрған кез болатын. Әсіресе, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе көп. Әлеуметтік ахуал да оңала қоймаған. Бюджетте ақша жоқ, салық түсімдері өте төмен. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын тауып берудің өзі мәселеге айналған. Жұмыссыздықтың деңгейі өскен. Мұндайда елі еріне сенеді.
Жалағаш – Нұрлыбек Жолдасбаевтың өз ауданы, туған жері. Сондықтан оның жауапкершілігі еселенді. Туған топырағына бір шыбық болса да қадап, көктету – әр перзенттің парызы. Аудандағы бірінші лауазымды тұлға болғанымен, жалғыз өзі іс бітіре алмайтыны тағы бар. Төрт орынбасары да мемлекет ісінде тәжірибелі, өз саласын жетік біледі. Жоспар-жобалары да бар. Бірақ оны жүзеге асыруға аудан бюджетінің мүмкіндігі тағы да көтермейді. Жоқшылықтың қамытын киіп алып, заманның ыңғайына жегіліп жүре беруге тағы болмайды. Осы орайда «Агросоюз» мекемесі құрылды және ол мекемені ауыл шаруашылығының тәжірибелі маманы Мұстафа Мамытов басқарды. Бірақ нарықтың қиындықтарына төтеп бере алмай, жұмысын тоқтатты. Күріш қалдығынан биоотын шығаратын қытай зауыты келді. Ол да сынақтан сәтті өтпеді. Сөйтсе де, қарекетсіз отыра алмады. Білімін, тәжірибесін пайдаланып, халықты тығырықтан алып шығуға барынша күш салды.
Елу жыл бойы үздіксіз күріш егілген егістік жерлер әбден тозған, топырақтың құнары жоғалған. Қажетті минералды тыңайтқыштар берілмесе, жоспардағы өнімді алу қиын. Аудан әкімі осы мәселеге баса назар аударды. Аудан тұрғыны, кәсіпкер Ким Сергейге «Казсельхозтехника» мекемесінің бос тұрған қоймаларын жалға алуға және элеватордан фишер есебінен күріш босатуға көмектесіп, мекеме орналасатын жер телімін де заңдастырып берді. Әкімнен қолдау болған соң іскер жігіт Сергейдің жұмысы бірден жанданып жүре береді. Нәтижесінде, күріш көлемі артып, 17 мың гектарға дейін жетті. Жоңышқаны басқа дақылдармен бүркемелеп егу, күздік бидай және тағы басқа да бақша дақылдарын қосқанда, жалпы егістік көлемі 30 мың гектарға ұлғайды.
Нұрлыбек Қалжатайұлы бірнеше жыл бұрын құрылған «Агроинвест» мекемесінің жұмысын жандандырды. Сондай-ақ сол жылы металлоконструкциядан мәдени-сауықтыру кешенінің жоспар-жобасы жасалды. Төретамдағы «Инфрокос» ЖШС-мен келісіп, қажетті материалдар алды да, аудан орталығынан кешен құрылысын бастады. Бірақ, өкінішке қарай, қызметі ауысып, құрылыс жұмыстары тоқтап, аяқталуы бірер жылға кешеуілдеп қалды.
Жалағаш ауданынан соң бір жыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына басшылық жасап, жемісті еңбек етті. Одан кейін Жаңақорған ауданының әкімі болып тағайындалды. Облыс әкімі Икрам Адырбеков сексен мыңға жуық халқы бар үлкен ауданды сеніп тапсырған соң Нұрлыбек Қалжатайұлына енді бұрынғыдан да ширақ қимылдап, қырқынды жұмыс істеуге тура келді.
Жаңақорғанды тура 1 жыл 10 ай басқарды. Әкім болып келгеннен тұрғындардың әлеуметтік мәселесіне назар аударды. Арнайы кесте бойынша жеке қабылдауларды жиі өткізіп, тұрғындар мәселесін мүмкіндігінше шешіп беріп отырды. Елдің игілігіне ортақ жұмыстар да жақсы жүрді. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бой көтерді. Одан бөлек, қысы-жазы егістік алқаптарын аралап, малшылардың жайлау-қыстауларының жұмысымен танысады. Әкім екенмін демей, егіншілердің дала қосынан, малшылардың жеркепесінен шай-су ішіп, еңбек адамдарымен ақтарылып әңгіме-дүкен құрады. Сол жарты сағаттық әңгімелесу барысында өзі де бірталай мән-жайға қанығады, әкіммен ақтарыла сөйлескен еңбек адамдарының да іші босап, көңілі жадырап қалады. Іскерлігінен, сауаттылығынан бөлек, сол қарапайымдылығы үшін де аудан халқы әкімге жоғары баға беріп, құрметтеді.
Халықтың назарына іліккен іскер басшыға үлкен жауапкершілік артылатыны белгілі. Нұрлыбек Қалжатайұлы 2007 жылы Қызылорда облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұл лауазымдық қызметті де абыроймен атқарды. Алдына келетін жер учаскелеріне қатысты мың сан құжатты әбден елеп-екшеп алып қол қойып, мөр басады. Заңсыздықтарға жол бермеуге тырысты. Өйткені, ұлтарақтай жердің өзі талас-тартысқа түсіп жатқан кез. Меншігінен әрі-бері өтіп кеткен бір сүйем жер үшін бір-бірінің үстінен шағым айтып, арызданушылар көп. Сондықтан жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру барысында өзі басшылық жасаған басқарманың миссиясы мен міндеттеріне сәйкес адал да әділ жұмыс істеп, ел абыройына бөленді.
Аталған басқарма басшылығында 1 жыл 6 ай отырған Нұрлыбек Жолдасбаев 2008-2013 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облыс бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры және 2013-2017 жылдары облыс бойынша еңбекті бақылау басқармасының басшысы болып он жылға жуық қызмет істеді. Бұл жерлерде де басшының азаматтығы сынға түсті. Департамент пен басқарманың міндеттері бойынша өз құзыреті шеңберінде халыққа сапалы қызмет көрсетті. Жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы жасалған еңбек шарты жиі бұзылады. Ондайда аталған басқарма жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету міндеттері бойынша ең алдымен жұмысшылардың мүддесін қорғайды. Өйткені, көбіне заңсыз жұмысқа жегетін жұмыс беруші, зардап шегетін жалданған жұмысшы. Даудың көбі еңбек төлемдеріне байланысты болады. Айлық жалақыларын бермей, олардың еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қадағаламай, адам өміріне немқұрайды қараған кішігірім кәсіпорындардан бастап, алпауыт компанияларға дейін батыл тексеру жүргізіп, былыққа толы ішкі қоясын ақтарды. Ақшаға сатылмады, сырттай және ашықтан ашық жасалған қоқан-лоқыдан ықпады. Сөйтіп, еңбегі еш кетіп, тұзы сорға айналып сансырап жүрген талай жанға жәрдемдесті.
2015 жылы Қызылорда қаласының солтүстік батысынан шыны зауытының құрылысы басталғанда аймақ халқы қуанған. Расында, зауыт іске қосылса, жүздеген адам жұмысқа орналасады, кәсіпорынның шығаратын тауары өз аймағымызда қолжетімді болады және экономикаға оң әсерін тигізеді деп жоспарланған еді. Алайда зауыттың құрылысы ұзаққа созылды. Мердігер компания тарапынан еңбек шарты бұзылып, жұмысшылар ұзақ уақыт айлық жалақыларын алмады. Солардың арыз-шағымы бойынша аталған мекемені тексеруге кірісті. Нәтижесінде қаржылық заң бұзушылықтар анықталып, жұмысшылардың еңбекақылары толық төленді. Заңсыздықтарға жол бергендер жауапқа тартылып, тиісті жазасын алды. Көп өтпей тоқтап қалған зауыт құрылысы қайта жанданды. Сөйтіп құзырлы басқарманың басшысы ретінде «сақалды құрылысқа» айналған шыны зауытының іске қосылуына ықпал етті.
Нұрлыбек Жолдасбаев 2017 жылы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына басшы болды. Табиғатты пайдалануды заңмен реттеп қойса да, адамдардың материалдық дүниеге деген ашкөздігі ол заңдарды пысқырмайды. Қызылорда облысы экологиялық аймақ болған соң, бұл басқармаға да заң бұзушылықтарға қатысты арыз-шағым көп түседі және ол мәселелердің барлығына да мекеме араласады. Ондайда басшы ретінде ғана емес, осы өңірде кейінгі ұрпағы өмір сүретін азамат ретінде кейде қатты кетеді. Бірақ «жалғыздың үні шықпайды». Осы басқармадан кетуіне де жерден тұз жалап, көктен у жұтып отырған жергілікті халықтың мүддесін қорғау жолында өзгермеген азаматтық ұстанымдары себеп болды.
2018 жылы Нұрлыбек Қалжатайұлы зейнет демалысына шықты. Әйтсе де, қоғамдық өмірден қол үзіп қалған жоқ. Облыстық қоғамдық кеңестің және «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігінің белді де белсенді мүшесі ретінде мінберлерден елдің сөзін сөйледі. Қандай қызметте жүрсе де, қандай жағдайда болса да отбасын бір сәт назарынан тыс қалдырған жоқ. Аяулы жары Қатира Жүнісқызымен мәнді, мағыналы ғұмыр кешті. Әке жолын жалғастырып жатқан балалары Аруын, Бақытбек, Данияр да қазірде әр салада лауазымды, жауапты қызметтер атқарады. Үшеуі де халыққа қадірлі азаматқа айналды.
Өмір мәңгілік емес. Бірақ, сол қысқа ғұмырда артыңда із қалдыру адами парызың. Нұрлыбек Қалжатайұлы 2024 жылдың 6-ақпанында өмірден озды. Қысқа ғұмырында перзенттік парызын өтеп, елге адал қызмет етті. Ал ел үшін еңбек қылып, тер төккен адам өмірден көшкенімен, көпшіліктің жадынан өшуі мүмкін емес.
Таяуда ғана белгілі кәсіпкер Рашид Қалжатайұлының демеушілігімен Алматы қаласындағы «Арна» баспасынан Нұрлыбек Жолдасбаевтың ғұмыр жолы баяндалатын жаңа кітап жарыққа шығып, оқырманның қолына тиді. Бұл кітаптың елін, жерін сүйетін, халыққа адал қызмет ететін жас ұрпаққа берері мол екенін де айта кеткеніміз жөн.
Қуат АДИС,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<