Тектінің тұяғы

570

0

Мен бірде екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлікпен қаза тапқан майдангер ақын, жалынды жыр жолдарымен артында мәңгі із қалдырған-қазақтың батыр ұлы Әбзәли Егізбаев жайлы телехабар түсірдім. Қызылорданың теміржол вокзалына жақын көшеге майдангер-ақын Әбзәли Егізбаев есімі берілген екен.

Кейіпкерімді жан-жақты зерттей жүріп, елге жолдаған сағынышты хаттарындағы өжеттікті, кеудедегі жалындап тұрған ыстық сезімді өлең жолдары арқылы жеткізіп, Отан, ел, халық алдындағы азаматтық борышқа адалдығын білдіргенін сезіндім. Ол 1942 жылдың маусымында майданға аттанған ел тыныштығы жолындағы күресте туған жердің топырағын қайта басу, ауасын жұту бақытына жете алмаса да басқыншылардың бетін қайтарып, Жеңіс туының желбірегенін көру, қуану, жарқын болашаққа сену сезіміне бөленген еді.

Бірақ, 1945 жылы 8 тамызда Жапон империалистеріне қарсы соғыс басталды. Жауынгер-ақын Батыстан шығысқа жол тартып, осы соғыстың қызу жүріп жатқан жеріне тап болған. Отан алдындағы жауапкершілік жүгі ауыр да қиын болды. Қиыр Шығыста жауынгерлік тапсырманы орындап, елге қуаныш арқалап келе жатқан сәтте 1945 жылдың 29 тамызында көпірге тасталған бомбадан жауынгерлер мінген поезд апатқа ұшыраған еді… Оның сүйегі Маньчжурия жерінде мәңгілікке қалды.

Артында жары Қантай, ұлдары Нағмедин мен Амангелді қалды. Сол кезде есін еміс-еміс білетін 6 жасар Амангелді Әбзәлиұлының есейіп ел азаматы болған шағында мұны өз аузынан естіген едім.

Өткеннің жаңғырығы ұмытылмайды ғой. Тағдыр да өз орайын табады екен.

1939 жылы наурыз айында Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келген Амангелдінің өсе келе өмір жолын теміржол саласымен байланыстырғаны кездейсоқ емес деп ұқтым. 1959-1968 жылдары Ташкент теміржол техникумын бітіріп, Жосалы жол дистанциясында жұмысшы, бригадир, жол мастері болып еңбек жолын бастайды. 1969 жылы Бүкілодақтық теміржол институтын бітіреді. Қарапайым да жылы жүзді Амангелді Әбзәлиұлының өмір жолы үнемі өсу, іздену, өзін-өзі толықтырумен өткендей.

Жылдар легімен Амангелді Әбзәлиұлы Қазалы аудандық Совет атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, облыстық Совет атқару комитетінің жергілікті өнеркәсіп басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің өндіріс-транспорт бөлімінің меңгерушісі, тіпті Мәскеудегі КПСС Орталық Комитетінің қоғамдық білімдер академиясының тыңдаушысы да болады.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елде өндірісті дамыту мақсатында құрылған «Кызылорданефтепродукт» облыстық бірлестігінің бас директоры, «Қызылорда мұнай өнімдері» АҚ-ның президенті болды. Кейіннен осы мекеменің Бақылау кеңесінің төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі болды.

2000-2005 жылдары «ТрансСервис» бірлескен кәсіпорын директорының орынбасары, «Қор» мұнай компаниясы АҚ бас директорының кеңесші қызметін абыроймен атқарды.

Жаны жайсаң, адамдармен тез тіл табыса білетін іскер азамат ретінде өз ортасында сыйлы болған Амангелді Әбзәлиұлы отбасында 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан оннан аса немере, шөбере сүйді. Әкесі Әбзәли армандаған бақытты, мамыражай, бейбіт, тыныштық ұялаған елде өмір сүрді. Әке аманатын  Алла тағала сыйлаған ғұмырында орындай білді. Ұрпақтарына үлгі боларлық биік адамгершілік болмысымен, асыл қасиеттерімен елмен, халықпен бірге өсіп, оларға адал қызмет жасай білген тектінің тұяғы Амангелді Әбзәлиұлының жарқын бейнесі көптің көңілінде мәңгі қалғаны шындық.

Оның бейнесі өзі кезінде күш-жігерін салып тәрбиелеген, республикамыздың түкпір-түкпірінде жүрген шәкірттерінің жүрегінде сақталатыны да сөзсіз.

Бүгінде ел игілігі үшін аянбай тер төгіп, халыққа қызмет жасап жүрген Амангелді Әбзәлиұлының ұрпақтары мерейі үстем болып, әке абыройын асқақтата  беретініне де сенім мол.

Әр перзент Әке мен Ана алдындағы борышын ақтасам деп армандайды. Бала жүрекпен мен де бір кездері Әкеме арнап мына жыр жолдарын жазған екенмін…

Әкем менің – өмірдегі тірегім,

Деп соғады кеудемдегі жүрегім.

Дөңгеленген жұмыр жердің үстінде,

Өзің бар деп алшаң басып жүремін.

Ой мен қиял сөз маржанын сүзеді,

Сенің атың жырымда өмір сүреді

Ән айтшы деп түспей-тұғын алдыңнан,

Сол қара қыз он екінің бірі еді.

Бір биікке ұшуға егер сайлансам,

Төбем көкке сәл-ақ жетпейді «айналсаң»

Әке, сенің тілегіңнің алдында,

Сөнбей-тұғын шам-шыраққа айналсам! – деп соққан жүрек лүпілімді Амангелді Әбзәлиұлының ұрпақтары, ұл-қыздары іштей қайталайтынына сенемін. Әкелерін ұлағаттаған ұл-қыздарына қызметтерінде абырой  беріп, Алла тағала ұзақ ғұмыр сыйласын!

 Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,

Қазақстан Жазушылар Одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<