Тозақ отынан аман қайтқан

515

0

Сұм соғыс кімнің ошағын ойран етпеді, кімді жетім, кімді жесір қылмады? От пен оқтың арасынан аман келген майдангерлер әр жылғы жеңіс тойын тойлап жатқанда, соғыста болса да кешегі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасына дейін көкірегін керіп: «Мен де соғыста болып қан төккенмін,сендер арпалысқан жаумен мен де соғысқанмын», – деп айта да алмаған қанша жандар болды. Оларға тек Жеңістің 30 жылдығы мерекесінен кейін ғана соғыс ардагері статусы берілді. Онда да КСРО әскери архивінен құжаттары табылғандарға ғана. Сондай жанның бірі Қыраш ауылының тумасы, марқұм Әнешбек Баетұлы (Баязит) болатын.

Сол нағашымның сұм соғысқа қалай қатысқаны, немістерде тұтқын болғаны жөнінде бала кезімде бір сұрап қалғанымда, егделеу келген бір кісінің: «Ол соғысқа қатыспаған, ол – военплен. Түркістан легионында болған, Мұстафа Шоқаевтың құйыршығы» дегенін естігеннен кейін үнсіз қалған едім.

Әнекең өте әңгімешіл кісі еді. Әңгімеміз көбіне түн ортасынан ауғанша созылады. Оның соғыс кезіндегі немістердегі тұтқын болған кездерін сұраймын ғой баяғы. Алғашқыда соғыс туралы онша шешіліп айта бермейтін. Бір келгенінде Әнекеңнің көңіл хошы өте жақсы екен. Еркін отырып өзінің мехнат пен бейнетке толы өмір жолы туралы ұзақ толғады.

– Мен 1922 жылы осы Қыраш ауылында орта шаруа отбасында дүниеге келдім. Алғашқыда Ликбезден, кейінірек мектептен өздігімше білім алып бастауышты бітірдім. Күндіз колхоз жұмысындамын. 1941 жылы соғыс басталғанда тау етегінде мал азығын даярлап жатқанбыз. 1942 жылдың 3 қаңтарында ауданда 1920, 1921, 1922 жылы туғандар әскери комиссариатқа шақырылдық. Жиналғандар арасынан 120 адам таңдалып алынып, көк вагон оңтүстікті бетке алды. Алдыңғы екі вагонға жаңақорғандықтар, соңғы екі вагонға шиеліліктер мінген. Біз мінген эшелон екі сөткеден аса жүріп Самарқанға келді. Осында жарты ай соғыс өнеріне үйрендік. Бәрімізді взвод, ротаға бөліп-бөліп тастады. Сөйтіп біз 6-армияның, 103-девизиясы, 393 полкының құрамына алындық.

Көбіне ашқұрсақ жүреміз. Ауылдан алып шыққан сөк, талқандарымызды командирлер жинап алып кеткен. Тамағы өте нашар, етсіз сұйық көже. Көбіне ашып кеткен капуста, оны бұрын жеп көрмеген бізге ұнамайды, бірақ амалың жоқ, жейсің.

Күніне 10-12 сағат оқу-жаттығу. Бізге взвод командирі болып елінде райисполкомда ма, райкомда ма лауазымды қызмет атқарған орыс жігіті тағайындалды. Бұрын әскери болмаған, бізден айырмашылығы шамалы. Күнделікті жаттығу барысында 1-2 сағат ағаштан жасап берген мылтықпен штыктасуды үйренеміз, қатты шаршаймыз. Кейде қатты тиіп кетсе төбелесіп те қаламыз. Арада 15-16 күн өткенде полк емтихан тапсырып, ақпан айының ортасынан аса қызыл вагонға отырып, соғысқа аттандық. Он бес күндей жүріп наурыз айының бас жағында Украинаның бомбадан қираған Старобольск қаласына түнге қарай келіп түстік. Сол жерде екі сағаттай сапта тұрғаннан кейін бізді Кантемировка деген селоға әкеліп түнетті. Әр үйге 5-6 солдаттан бөліндік. Осында 5-6 күн аялдап, әскери өнерімізді шыңдадық.

Бір күні түн ортасында бәрімізді шұғыл көтеріп алғы шепке салды. Мен Самарқанда жүргенде пулемет атуды үйренгенмін. Таң ата алғы шепке жеттік. Солдаттар қалың қарды аршып сол жерде окоп қазып орналаса бастадық. Қару-жарақ жетіспейді. Екеуара, үшеуара бір винтовка. Әр солдат кезегімен алдындағы солдат жараланса немесе мерт болса, винтовка тиюін күтіп жатады. Автомат атымен жоқ, негізгі қару – карабин мен винтовка. Әйтеуір гранат пен патрондар мол. Өкінішке орай рота бойынша 2-3 ақ зеңбірек бар. Ал фашистердің қарулары мен адам ресурстары әлі басым кез. Таң ата немістер біздің алғы шепті 2 сағаттай зеңбірекпен атқылады. Аспан мен жердің арасы қара түтін, айналамызды көре алмаймыз. Әйтеуір біреудің жараланып шыңғырғаны не ыңырсыған дауысы естіледі. Біртіндеп бұған да етіміз үйрене бастады. Сәске бола зеңбірекпен атқылау тоқталып, қарсы беттен алдына танкілерін салып неміс жаяу әскері шабуылға шықты. Екі сағатқа созылған атқылаудан аман қалған солдаттар ұрысқа дайындалдық.

Жан алып, жан беріскен шайқас түс қайтқанша жалғасты. Олар сол күні төрт рет шабуылға шықты. Бізде ол кезде автомат жоқ, есесіне пулемет баршылық. Пулеметшінің негізгі міндеті – атыс секторын дұрыс бағамдап, пулеметті мейлінше қолайлы жерге орналастыру. Біздің солдаттар ерліктің бар үлгісін көрсетіп бақты. Окопқа жақындаған танкті мүмкіндік болса ПТР-мен жоясың, немесе бумаға оралған гранатамен ұрып отқа орайды. Соңындағы жаяу әскерге пулеметтен оқ жаудырып жатырмыз. Жау кейін шегініп жарты сағаттан аса қайта шабуылға ұмтылды. Дала қан сасиды, адамның күйген етінің иісі қолқаңды қабады. Кешқұрым жараланған солдаттарды тылға шығарып, өлгендерді жинап, құжаттарын командирге табыстап, өздерін жер қойнына бердік. Екі күн жан алып, жан беріскен айқастан соң үшінші күні соғыссыз шегіне бастадық. Осы күннен бастап біздің майда отрядтарға бөлініп, шашыраңқы соғыс жүргізуімізге тура келді. Алғаш соғысқа кіргенде армияда 240 мыңнан астам жауынгер болса, апта өткенде небәрі 20 мыңнан сәл ғана асатын солдат қалды. Жоғарғы шенді офицерлер жоқтың қасы. Орта және кіші командирлер қарамағындағы қалған аз ғана солдаттарынан айырылып қалудан қауіптеніп үлкен айқастарға кіре бермейді. Оқ-дәрі қоры аз, киіміміз жұқа, ыстық тамақ ішпегелі де қай заман. Селоларға барғанмен ешкім тамақ бермейді, амал жоқ біреудің сиырын, біреудің шошқасын, қазы мен тауығын ұрлап алып талғажау етеміз. Осылайша наурыз, сәуір, мамыр мен маусым айларында басымыз ауған жаққа жүріп, жолшыбай кездесіп қалған неміс солдаттарымен шайқасып ақыры шілде айының басында немістердің тосқауылына кездестік. Жандәрмен бекініс жасауға кірістік. Командиріміз майор орыс жігіті барлауға баруға 30 адам еріктіні шақырды. Өзекті жанға бір өлім. Нар тәуекел деп алға шықтым. Бас-аяғы 40 солдат бір лейтенантпен барлауға кеттік те девизиядан қалған бір полктен астам жауынгер сол жердегі тоғай арасындағы алаңқайда қалды. Айналасы 4-5 шақырым қашықтықты шолып, екі селоға да кіріп шықтық. Село қаңырап қалған. Үш сағаттан астам бос сандалып қайтып жауынгерлер қалған жерге келдік. Қыбыр еткен жан жоқ. Алаң ортасында 200-ден астам солдаттың өлі денесі. Осылай аңтарылып тұрғанымызда қалың тоғай ішінен андыздап неміс жендеттері шыға келді. Қолымызда қару болғанымен патроны жоқ. Міне, осылайша тұтқынға түстік…

Сәлден кейін әңгімесін қайта жалғаған майдандағы азапты күндер туралы айта бастады. Тұтқынға түскен солдаттарды айдап апарып өзге тұтқындарға қосады. Бәрі сол 6 армияның жауынгерлері екен. «Қасында полктан Сүлеймен Бекенов, 593 полктан құттықожалық Омар Тойымбетов пен Құлманов Жұмаділла және басқа да отыз шақты қазақ бар. Жалпы қарасы төрт мыңдай тұтқынды бірнеше күн айдап «Король» деген лагеріне жеткізеді. Лагерге жеткенше немістер бұларды қорлап бағады. Бұлардың алдындағы селоларға адам жіберіп жергілікті халықты тұтқындарға су беру үшін жол жағасына бөшкелерге су құйдырып қояды. Суды көрген тұтқындар бөшкеге ұмтылғанда неміс солдаттары оларды басынан атып өлтіреді де өздері мәз болып күледі. Осылайша әр бөшкенің жанында 6-7 адамнан өліктер шашылып жатыпты. Мұндай қорлаулар күнделікті болған. Сонан бір күні Днепропетровск қаласындағы түрмеге әкеп қамайды. Адам төзгісіз жағдайда күнделікті әр барактан 10-15 адам өлетін көрінеді. Бірнеше күннен кейін бұларды топқа бөліп басқа лагерьлерге жібереді.

Соңғы қалған топ аттанарда Түркістан легионы басшыларының бірі Қанатбаев келіп тұтқындар арасында қалған 4 қазаққа «мұнда қалсаңдар аштан өлесіңдер, мен сендерді тірі қалатын жерге орналастырамын» деп лагерь бастығынан сұрап алып, сол маңдағы бір неміс генералының ат қараушысы етіп орналастырады. Қалғандарын да сондай неміс шенділеріне жібереді. Сол 1942 жылдың тамызынан 1943 жылдың қыркүйегіне дейін ат қараушы болады. Село ішінде бұлар еркін жүріп тұрады да жергілікті коммунистермен байланысып партизандарға қосылады. Партизандар үнемі жорықта, оларда алғы шеп жоқ. Қайда, қашан, қай жерде неміспен кездесеріңді білмейсің. Бір орында 5-10 күннен артық тұрақтап тұрмайды. Бұлар 1944 жылдың бас кезінде югослав партизандарына барып қосылады, Бұл Людвиг Свободаның бірінші партизан бригадасы екен. Осы бригаданың бірінші батольоны, бірінші ротасы, бірінші взводында пулеметчик болып жылдан аса жүреді. Қаншама неміс гарнизоны мен автокөлік, поезд өтетін көпірлердің күлін көкке ұшырады. 1944 жылдың қараша айының соңында бригада Совет жауынгерлерімен кездеседі. Арада үш күн өткенде бригадада соғысып жүрген кеңестік тұтқын жауынгерлерін бір жерге жинайды да Болотон көлі жанындағы лагерьде төрт айдан астам ұстайды.

Лагерьдегі жағдай немістердің лагеріндегі ахуалдан нашар. Кеңестік күзетшілер бұларды сатқынсыңдар деп қорлап, ойларына келгенін істеген. «Әсіресе бір өңкиген орыс солдаты болды, қазақтарды өте жек көретін» дейді Әнекең. Бір күні Болотон көліне қарай айдап бара жатқанда, жауырынының астынан штыгын тығып алды. Қарсыласуға дәрмені жоқ. Арқадан аққан қан табанына дейін жетіп, артында қанды із қалады. Мұны көрген конвойлардың бастығы не болғанын сұрайды. Әнешбек шынын айтады. Лейтенант әлгі конвой орыс солдатты сол жерде атып тастағанын көргенде әділ офицерлердің болатынына алғаш сендім дейді қарт солдат. Арада екі-үш апта өткенде төрт жүздей жауынгерді тергеу басталады. Мұны бір қазақ капитаны тергейді. Қайдан білгені белгісіз оны Қанатбаевтың қамқорлығымен ат қараушы болғандығы әшкереленіп, Мұстафа Шоқайдың құйыршығысың, Власовшы сатқынсың деп 25 жылға соттап, Хабаровск өлкесіне этаппен айдайды. Бұл 1945 жылдың сәуірі екен.

Бұлар Хабаровскіде ағаш дайындайды, белгіленген нормадан артық істегендерге қосымша тамақ беріледі. Жастайынан қарулы болған ол норманы асыра орындайды. «Жұмысты жақсы істесеңдер ертерек қайтасыңдар» деп үміттендіреді екен. Ағаш дайындаумен айналысып жүргенде ол күзетшілер арасынан қосүйеңкілік Мыңжасар Жүнісовті танып қалады да, ретін тауып онымен жолығады. Тұтқындағылар үшін хат жазуға, алуға рұқсат жоқ. Арада он жыл өткен. Міне, ата-ананың үзілгендей үмітін Мыңжасардың Қырашқа салған хаты жалғайды. Бұл әкесі Баетке Әнешбектің тірі екендігін жеткізген еді.

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі», «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» деген сөз осы Әнекең секілді жаны сірі жандардың тағдырына телінеді.

Олар Сталин өлгеннен кейін 1955 жылдың аяғында түрмеден босап, елге оралады. Араға 14 жыл салып елге келген Әнешбекке колхоз басқармасы Ақылбек Есдәулетов оның көкірегінен итермей, колхоздың орталық қоймасына қоймашы етіп қабылдайды. Осы қоймашылықты 1985 жылы зейнет демалысына шыққанша атқарады.

Жетпісінші жылдардың ортасына таяу нағашыммен соғыста бірге болып, немістердің қолына бірге түскен, кейінірек тұтқында болған нәубет күндері туралы «Қазақ тұтқыны» атты кітап жазған Сүлеймен Бекенов ағамыз оның өміріндегі қара дақтан тазаруына көмектесті. Ол Әнешбектің бар құжатын жинап, Ресейдің сол кездегі Подольск қаласындағы КСРО-ның әскери архивіне жіберіп, 1974 жылы оның 1943-1944 жылдар аралығында Югославия партизан отрядтары құрамында неміс фашистерімен соғысқаны анықталғаны және оның ақталып, Ұлы Отан соғысы ардагерімен құқығы теңескені жөнінде арнайы жауап-хат, құжат келді. Содан кейін ғана оның азаматтығы мен адалдығына күмәнмен қарайтындардың үні өшті.

1956 жылдың басында үйленіп, шаңырақ көтереді. Зайыбы Тұрсын екеуі 10 ұл-қыз өсіріп тәрбиелеп, олардан немере сүйді. Соғыс пен тұтқында болып, тозақ отынан аман қайтып, қарт солдат 2008 жылы 86 жасында бақилық болды. Әнекең 1986 жылдан өмірінің соңына дейін ауыл тұрғындарын имандылыққа шақырып, ауыл имамы болды. Тіршілігінде кісі ақысын жемеген, ғайбат сөз айтпаған қарт майдангер жаны таза, өнеге өрісі үстем, парасатты  жан еді.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<