Тұтқын тағдыры

341

0

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында музейде ерекше кездесу өтті. Соғыс ардагері Мырзахмет Досқалбаевтың інісі Бостан Жалғасбаевпен өткен бұл кеш тарихтың тереңіне бойлаған, жүректерге әсер еткен сырлы сәттердің бірі болды.

Мектеп оқушылары мен ұстаз­дар қатысқан шарада Ржев түбіндегі шай­қас туралы, музей қорында сақ­тал­ған ардагердің әскери кас­ка­сы жайлы құн­ды мәліметтер ай­тылды. Оқушы­лар бел­сенділік та­ны­тып, Бостан ағайға сұ­рақтарын жау­дыр­ды.

Сол сәтте бір оқушының то­сын­нан қойған сұрағы бәрімізді терең ойға салды:

– Сұрапыл соғыстан хабар кел­генде бір үйден үш ағайынды соғысқа аттанған. Соның бірі – әкем Қожахмет Жалғасбаев болса, қа­сын­дағы екі іні­сі Молдахмет Дос­қалбаев пен Мыр­захмет Досқалбаев дедіңіз. Кеш ба­ры­сында хабар-ошарсыз кеткен Мыр­­захмет Дос­қал­баев ағаңыз туралы ізде­ніп, көп еңбектенгеніңізді білдік. Өз әке­ңіз де соғыс ардагері ғой, ол кісі туралы ештеңе айтпадыңыз? Ба­тыр әкеңіз туралы қандай естеліктер бар? Батыр ұрпағы болғаныңызға мақта­на­сыз ба? Сіз үшін Жеңіс күнінің ма­ңызы қандай? – деді.

Бостан ағай ауыр күрсініп, әңгі­месін жалғады:

– Мен бейбіт күні өзге балалар секілді әкем батыр деп мақтана алма­дым. Ол кісі де жыл сайынғы 9 мамыр Жеңіс күнінде кеудесіне сыңғырлатып медаль тағып, парадқа шықпады. Біз­дің үйде Ұлы Отан соғысы туралы көп әңгіме айтылмайтын. Әкем соғыс­тағы ер­лігіне қарамастан, елге оралған соң сатқын деген жалған айып тағылып, қоғамнан шеттетілді. Жұ­мысқа ор­на­ласу қиын болды, ал Жеңіс күн­дері марапаттан тыс қалды. Бұл жағдайлар бала­лық ша­ғымда әкем­нің ерлігі туралы мақта­нышпен ай­туыма кедергі бол­ды» деді.

– Ұлы Отан соғысы халқы­мыз­дың басынан өткерген ең ауыр, ең азапты жылдары болды. Бұл соғыста сан мың­даған жауынгер Отан үшін жанын пида етті, қан майданда жанқияр­лық­пен шайқасты. Соғыс­тың аяқтал­ғанына сексен жыл уақыт өтсе де, Ұлы Отан соғысы сал­­ған жан жарасы жазылмақ емес. Соғыс талай шаңырақты ор­тасы­на түсіріп қана қоймай, көп­теген адам жазықсыз жапа шекті. Әсіре­се қапыда жау қо­лына түс­кен­дер­дің тағдыры өте ауыр болды. Олар неміс концлагерінде бір азап шексе, елге оралғаннан кейін де қор­лық көріп, тіпті ұзақ мерзімге сот­­талып кеткендері де аз болған жоқ. Солардың бірі менің әкем Қо­жахмет Жалғасбаев еді.

Ол 1909 жылы қазіргі «Майлы­өзек» ауылында туған. Соғыс бас­тал­ғанда әскер қатарына шақы­рылып, майдан даласына аттанды. Отан ал­дындағы борышын адал атқарған ол алғашқы күндерден-ақ жаумен бетпе-бет келіп, ерлікпен шайқасты. Алайда 1942 жыл­­ғы Днепр шайқасы кезінде жау қор­­шауына түсіп, тұт­қынға алынған. Әкем­нің айтуы бо­йынша неміс сол­дат­тары жаралы тұтқындарды Герма­нияға жаяу ай­дап апарған. «Ден­сау­лығы жоқ тұт­қындар ақсаң­дап еріп ке­леміз. Құласаң сол жерде атып ке­теді» дейтін. Германияға жеткен соң жаяу әскерлерді әр жер­ге бөлгенде, әкем Италияның Фло­ренциясына тү­сіпті. Тұтқында болған уақытта қара жұмысқа же­гіп, теміржол жөн­­деу жұ­мыстарына салған екен. Тұт­қын­дар таяуда ита­льян, француз ком­мунис­тері­нің партизандары бар екенін естіп, италян солдаттарынан 4 қазақ тұт­қы­ны қашып, Флорен­ция­дан 5 ша­қы­рым жердегі Мольто-Марулла тауы­на жетіп, итальян пар­тизан­дарына қосыл­ған.

«Бізді Флоренцияда орыстардан бөліп тастаған. Өңшең әзербайжан, гру­зин, өзбекпіз. Қасымда Қожах­мет Жал­ғасбаев және Нұрберді (Гу­рьев­тан), Ермек Қанибай (жерлес) де­ген қа­зақтар болды. Бәріміз ақыл­­­даса келе таудағы парти­зан­дар­­ға қаш­пақшы бол­дық. Мүм­кін­дік бар. 30 тұтқынды, бірі ақсақ, екін­шісі соқыр немістің екі жара­лысы күзетеді. Қасымызда оқ дәрі тиеген арба, арбада қару-жа­рақ, азық-түлік. Теміржол жағалап жүр­геніміз. Төрт қазақ екі-екіден бө­лі­ніп, күзетшілерді белдік темірмен ұрып өлтірдік. Дорбамызды оқ-дә­ріге тол­тырып, Флоренциядан 5 шақырым жердегі Мольто-Ма­рул­ла тауына бет алдық. Тау ете­гіндегі жалғыз үйден байла­нысшы табылды. Партизандар коман­дирі Анджела деген итальян екен. Төр­теумізді өз тобына қосып алды. Бұл дерек 2003 жылғы 9 қа­занда шыққан «Сыр бойы» газетінің №199 (16298) нөмірінде «Тағдыр мен тауқымет» тақырыбында Абылай Ахметовтің өз аузынан жа­зып алған Қази Дана­баевтың мақала­сынан алынды. Он­да тұтқында бол­ған қазақтардың ішінде Қожахмет Жал­ғасбаев та болды деп, әкемнің де аты аталып, Италия аумағында парти­зандық қозғалысқа қатысқанын, неміс бас­қыншыларына қарсы күрескені ту­ралы айтылған.

Әкемнің айтуы бойынша со­ғыста екінші майдан ашылып, пар­тизандарға ағылшындар көмек бер­ген. Одақтастар Италиядағы фа­шистік армияны ығыстырып жатқан тұста, ағылшын әскерінен арнайы тапсырма берілді. Флоренцияны азат ету жолында жау әскерінің қоз­ғалысын тоқтату, жол­дарын ми­налау, қарсы шабуыл ұйым­дастыру. Осы тапсырмалар кезін­де әкем және оның қатарластары парти­зан­дық соғыстың бел ортасында жү­ріп, немістердің шегіну жолдарын ке­суге үлкен үлес қосты. Алайда, соғыс аяқ­талуға таяған сәтте, ағыл­шын әске­рі құрамында болған пар­тизандар Аме­рика Құрама Штат­тарына жөнел­тіледі. Америка­да жүр­генде де тұтқын есебінде бо­лып, икеміне қарай, қол жұ­мысын жа­сатқан. Әкем жылқы бақ­тым дейтін.

1945 жылы Жеңіс күнінің қуа­нышты хабарын әкем алыстағы Аме­­рика жерінде естиді. Жеңіс тойы жү­рек­ке қуаныш сыйлаға­ны­мен, туған жер­ге оралу мәселесі күр­делі еді. Ке­ңес үкіметінің ел­шілігі мен әскери өкіл­дері шет ел­дердегі тұтқында бол­ған сар­баз­дарды жинап, біртіндеп елге қай­тара бастайды.

Әкем де көп қиындықтан кейін елге оралғандардың қатарында бол­ды. Америкадан кейін бірнеше кеме ар­қылы ұзақ сапар шегіп, Украи­наның Одесса портына жеткен.

Бірақ бұл жеңіл болған жоқ. Бұ­рынғы тұтқындар тиелген эшелон жар­ты Еуропаны артқа тастап, бір­ден ит арқасы қиянға – Сібірге жол тарт­ты. Әскери трибуналдың үкімін де жол үстінде жария еткен. Біреуге – 25 жыл, біреуге – 20 жыл… Әкем 6 жылға бас бостандығынан айырылып, Коми АСР-нің Вор­ку­та қаласындағы жерасты шахта­ларында ауыр еңбекке жегілді.

Воркута сол кезеңде ГУЛАГ жү­йе­сінің ең ірі лагерьлерінің бірі – Воркутлагтың орталығы болды. Мұнда мыңдаған тұтқын, соның ішінде саяси айып тағылғандар ауыр климаттық жағдайда көмір өндірісінде жұмыс істеді. Бұл – сол уақыттағы ең ауыр еңбек түрінің бірі. Мұздай шахталарда, үнемі қауіп-қатерге толы жағдайда жұмыс істеу,тағдырдың ең ауыр соқ­қысы еді. Әкем де осындай қиын жағдайда еңбек етіп, өмірінің бір бөлігін сол шахталарда өткізді.

Соғыстан кейінгі ауыр жағдай­ды ескере отырып, тұтқынға түс­кен, сот­­талған азаматтардың жа­за­сын же­ңіл­дету мақсатында амнис­тия жария­­лан­ды. Бұл шешім көп­теген жа­уын­гер­ге үміт сәулесін сыйлады. Сол амнис­тия аясында әкем де толық ақта­лып, туған елге оралуға мүмкіндік алды. Ендігі арман – ертерек елге жету. Мой­нында – туған жердің бір шөкім топы­рағы. Қияметтің қыл көпі­рінде талай рет ажалмен бетбе-бет келген тұста жү­рекке – рух, бойға – күш-жігер берген осы туған жердің бір шөкім топырағы шығар! Әуелі итарба, сосын отарба, кейін атарбаға ауысып мініп, әйтеуір елге де жетті-ау.

Елге аман-есен оралған әкем жү­ре­гі туған жермен қауышқанда ты­ныш­тық табардай көрінген. Алай­да өмірінің жаңа парағы да оңай болмады. Соғыста ерлік көр­се­тіп, партизандық күреске қатысса да, тұтқында болғаны үшін ел арасында оған «сатқын» деген қара күйе жағылды. Бұл жалған атақ әкемнің артынан ұзақ уақыт еріп жүр­ді. Ауылдастарының көпшілігі се­німсіздікпен қарап, сырт айналды.

Ең сорақысы – жұмысқа да қабыл­дамады, «сенімсіз» деген сыл­тау­мен талай есік жабық болды. Жауын­гер­дің жанына батқан ең үлкен ауырт­палық – өз Отанының, өз халқының сенімсіздігі еді. Бірақ әкем бұл әді­летсіздікке мойымады. Ол ел тыныш­тығы, ұрпақ болашағы үшін үнсіз күресті, отбасын құрды, еңбек етті, балаларын тәрбиеледі, – деп сөзін әрең аяқтады Бостан ағай.

Адам төзгісіз азап пен қорлыққа қарамастан Қожахмет Жалғасбаев ру­хын жоғалтпады, жауға ешқашан тізе бүккен жоқ. Тұтқын лагерінде ауыр еңбекке жегіліп, күн сайын өмір мен өлімнің арасында өмір сүр­ді. Бірақ жүрегіндегі Отанға деген сенім мен сағыныш оны тірі ұстады. Ке­шегі тұтқындарды кеңес әскер­лерінің қабылдап алуы да ұзаққа созылды. Тергеу-тексеру амал­дары әбден қал­жыратты. «Жау қолына қашан, қалай және қандай жағдайда түстің?» деген сияқты сұрақтардың астына алды. Елім деп ынтыққан көңілдің ыстығы сонда да басылған жоқ.

Қуатова Кәмпен есімді аяулы жан­мен отбасын құрып, берекелі әулеттің отағасы болды, балаларын дүниеге әкеліп, тәрбиеледі.

Қарапайым ғана шаңырақтан шық­қан сол ұрпақтың барлығы – бүгінде жоғары білімді, сан түрлі салада ел игілігіне қызмет етіп жүрген абыройлы азаматтар. Бұл – кешегі соғыс пен сыннан өткен Қожахмет атаның ерен еңбегі мен Кәмпен ананың мейірімінің жемісі.

Соғыстан кейінгі ауыр жылдары Қожахмет Жалғасбаев тіршіліктің тау­қыметіне мойымай, еңбекке араласты. Алғашқы еңбек жолын Жосалыдағы жол бойы депосында қара жұмысшы, балға ұрушы бо­лып бастады. Бірақ көп ұзамай Ста­линнің арнайы жарлығымен тұт­қында болған азаматтарға теміржол саласында жұмыс істеуге тыйым са­лынды. Осыдан кейін Жосалыдан Қар­сақбайға дейінгі бағыттағы құ­ры­лыс жұмыстарына жіберіліп, жол бо­йындағы ауыр еңбекке араласты.

Кейін «Ақтас» кен орнында руда қазып, ауыр өндірісте тер төкті. Қан­­дай жұмыс болса да жүрек­сін­бей ат­қарып, әр ісіне адал қараған оның ең­бегі еленбей қалмады. Ел ішінде бе­делге ие болған жан ке­йін қайтадан те­мір­жол саласына ора­лып, сол жерден зейнетке шықты.

Екі інісі Молдахмет пен Мыр­зах­метті тірі деп сеніп, өмірінің со­ңына дейін бір күні оралады деген үмітпен күн кешті. Балаларына: «Тірі болса табылар, өлсе де жер­ленген жері бел­гілі болсын» деп ама­нат артты.

Оның аманаты мен жүрекке жа­зылған арманын ұлы Бостан Жалғас­баев иығына жүктеп, пер­зенттік боры­шын адал атқарды.

Тәуелсіздік алған соң, Бостан ағай тынымсыз ізденіп, архивтерден де­рек жинап, ақтаңдаққа айналған шын­дықты жарыққа шығарды. Әке ама­натын орындауға кірісіп, ұзақ жыл­ғы зерттеулердің нәтижесінде Мыр­захмет Досқалбаевтың Ресей же­ріндегі Тверь облысы Оленин ауда­ны Куркино селосында қаза тап­қа­нын анықтады. Араға жыл­дар салып, Мәскеуге аттанды. Сар­баздар жер­ленген «Куркино Лен­кова» деген қо­рымда жатқан аға­сына туған жердің топырағын апарып, Құран бағыштады.

Сондай-ақ әкесінің тағдырын зерт­теп, әділдікке қол жеткізу жо­лында ар­хивтерді ақтарып, құжат­тарды жи­нақтап, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жарық көрген «Ұлы ерлікке ұр­пақтар тағзымы» атты кітапқа әкесі Қожахмет Жал­ғасбаевтың есімін ен­гі­зуге себепкер болып, оның ерлік жо­лын ресми түрде ұрпақ жадында қал­дырды.

Бұл жаңалық ұзақ жылдар бойы белгісіз болып келген тағ­дыр­дың бір парағын ашып, отба­сына ты­ныштық пен әділдік әкелді.

Бостан Жалғасбаевтың бұл ең­­бегі – өткеннің ақтаңдақ бетте­рін ашып, әділеттілікті қалпына кел­­тіруге ба­ғыт­талған маңызды қа­дам. Оның із­денісі мен табан­ды­­лығы – тарихты құрметтеу мен ұрпақ алдын­дағы жа­уапкершіліктің жарқын көрінісі.

Тағдыр тауқыметіне мойыма­ған, адал еңбегімен ұрпаққа үлгі бол­ған арда азамат Қожахмет Жал­ғасбаевтың өмір жолы – еліне, же­ріне, ұрпағына деген шексіз сү­йіс­­­пеншіліктің, қай­сар­лық пен тө­зім­­діліктің көрінісі. Осын­­дай асыл тұлғалардың ғибратты ғұ­мы­ры ұмы­­тылмай, ел жадында сақ­тала бермек.

Оның өмір жолы тек соғыс май­данындағы ерлік емес, бейбіт заман­дағы сабыр мен шыдамның, адамдық ар-намысты аяққа тап­тат­пай өткен азаматтықтың үлгісі болды.

Баршагүл САХИЕВА,

Қармақшы аудандық

тарихи-өлкетану

музейінің эскурсоводы