Туған жерін түлеткен

450

0

Әр заманның өз тұлғасы, аты ұмытылмайтын абзал азаматтары болады. Олардың есімі көп көңілінде жатталып қалғандықтан, үнемі үлгі етіп айтылып отырады.

Қармақшыға қарасты Ақжар ауылында Мұңайтпас Байсалов деген  еңбек адамы болды. Ол өзі еңбек етіп қана қоймай, балаларын да баулыды,  оқытты. Сол балаларының бірегейі Жарылқасын Байсалов еді. Ол осы ауылдан онжылдық мектепті бітіргеннен кейін, аз уақыт жұмысшы болып жүрді. Алматы гидромелиоративтік техникумын бітірген соң Көкшетау жер экспедициясында аға техник болды. Жоғары білім алу талабы оны Ресейдің  Саратов қаласына апарды. Сондағы ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолы сол кездегі Шымкент облысы Сайрам ауданы «Қайнарбұлақ» ауылында гидротехник, аға гидротехник, меңгеруші қызметтерінен басталды. Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарды. Кейін Шымкент облысындағы мемлекеттік ауылшаруашылық тәжірибе станциясында кәсіподақ комитетінің төрағасы, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары болды.

Ол 1986 жылы туған жері Ақжарға мол іс-тәжірибе жинақтаған маман болып оралды. Бұл жоспарлы экономиканың көбесі сөгіліп, бүкіл Одақ кеңістігінде қайта құру басталған кез еді. Ауыл шаруашылығын жаңаша ұйымдастыруға мүмкіндіктер есігі ашылды.

Сөйтіп, алдымен «Ақжар» өндірістік кооперативінің төрағасы, сосын «Ақжар» өндірістік серіктестігінің директоры болып сайланды. Алдымен совхоздағы көптен тұрған мал бағу кешенін іске қосты. Ағайын атакәсіптің өркендегеніне қуанды. Көп ұзамай мектептің жоғары сыныптарына арналған кіші ферма салынды. Бұл оқушылардың сабақтан тыс уақытын пайдалы іске жұмсауына арналған еді. Ферманың арнайы ғимаратында малды суару, қора тазалығы автоматпен атқарылатын. Жиырма сиырдың сүті тікелей мектеп асханасына жіберілетін.

 «Ақжар» негізінен күріш егіп, ірі қара өсіруге бейімделген шаруашылық болатын. Күріштік жер инженерлік жүйеге келтірілмегендіктен  су деңгейін ұстап тұру қиын. Шығыны шашетектен болғандықтан жаңа басшы егістік жерді тегістеуге басымдық берді. Өнімділік артып, еңбектің қайтарымы көріне бастады.

Жарылқасын Байсалов агрономия саласының тәжірибелі маманы болғандықтан, өзі көзін білетін жұмысты тиімді ұйымдастырды. Совхозға ұн диірменін салғызды, сафлор егіп, одан май шығаратын цехты іске қосты. Ақжардың өзінде өндірілген ұн, өсімдік майы ауыл тұрғындарына жетіп жатты.

Германиядан алдырылған арнайы жабдықтар ауыл шетіндегі зауыт ғимаратына орналастырылды. Зауытта тәулігіне 30 тонна ұн тартылды,  мал жемі шығарылды. Сыртында «Ақжар күріш диірмені» атты жазуы бар қаптар  көрші аудандарға, облыстарға, Байқоңырға, Ресей қалаларына экспорттала бастады. Ал директордың іскерлігі облыс, тіпті республика көлеміне танылды.

Ауыл шетінен 800 басқа арналған сүт фермасын салдырып, оған Беларусьтен сүт бағытындағы сиыр алғызды. Сүт фермасына Израильден әкелінген арнайы қондырғылар қойғызып, 12 түрлі сүт өнімін шығарды. Бұрын-соңды мұндай өндірісте кім жұмыс істеп көріпті? Цехты басқаратын маман керек болғанда ауыл тұрғыны  М.Сейсенбаевты Израильге білім алуға жіберді. Өнімдерді Байқоңыр қаласына тікелей сатуға келісімге келіп, дүкен сөрелеріне қойды.

Араға уақыт салып  ауылда күріш өңдейтін, макарон, конфет, шығаратын цех іске қосылды. Алма, жүзім бағын өсіріп, оның өнімін өңдеуге, халықтың  тұтынуына жол ашты. Ақжардың басты мәселесінің бірі – ауызсу түйткілінің шешілгені сол тұс еді. Таза су шығару үшін арнайы эксковатор алдырылып,  көшелердің жиегіне терең траншеялар қазылды. Траншеяларға  жер астына төзімді су құбырлары орналастырылды. Көшелерге  тұрғындардың пайдалануына ыңғайлы колонкалар орнатылды. Ауылдың санитарлық тазалығын, абаттандырылуын назардан тыс қалдырмайтын.

Ауыл шетіндегі көлде құс фермасы ұйымдастырылып, онда 4000-нан аса қаз, үйрек өсірілгені ауылдағы аға буынның есінде. Құс  еті мен жұмыртқасы ауылға және көрші елді мекендерге таратылып, сатылуы табысты жүзеге асты. 

Құрылыс материалдары да ауылдан шықты. Ол үшін Шешенстаннан кірпіш зауытын әкеліп іске қосты. Онда сол елден келген азаматтармен қатар ауыл тұрғындары да еңбек етті. Зауыттың көмегімен фермада жүрген сиыршыларға арнап жиырма үй салғызды.

Жарылқасын Мұңайтпасұлы  – күзгі егін-терім науқаны қарсаңында ата-баба рухына, аруақтарға Құран бағыштап барып, жұмысқа кірісу  дәстүрін енгізген басшы. Жаңашыл, іскер басшының бастамасымен қолға алынған жұмыстар Ақжар ауылының атын аудан, облыс, республикаға танытты. Ол әлі ешкім де түсініп үлгермеген нарықтық қатынастардың әліппесін тез меңгеріп, оны ауыл азаматтарына да үйретуге көп еңбек сіңірді. 

Тоқсаныншы жылдардың ортасында электр жарығының үзіліспен берілгенін аға ұрпақ та, орта буын да ұмытпаған шығар деп ойлаймын. Жарылқасын аға бұл тығырықтан да шығудың жолын тауып, ауылға электр жарығын беру үшін генератор алғызды.

Осылайша Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында кәсіптің көзін таба білген басшы еңбегімен, білімімен көптен озық тұрды. Жүріп өткен жолы, еткен еңбегі арқылы ел есінде қалды.

Туған ауылына жаңашылдық лебін әкелген қайраткер ағамыздың есімі ұмытылмайды, жарқын істері кейінгіге үлгі бола бермек.

Дінмұханмед БАЙНАЗАРОВ,

№28 орта мектептің тарих пәні мұғалімі.

Қармақшы ауданы,

Ақжар ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<