Үні бөлек Үмбетәлі

430

0

Студент кезімде Арал өңіріне бірнеше кешенді экспедиция жасадым. Қазір ойлап отырсам, мен Үмбетәлі жыршымен тек кездейсоқ жағдайда жолығып, оны соңғы рет көріп, дидарласып қалғандардың қатарында екенмін. Онда да кең отырып сөйлесіп, жыршылық өнер жайында әңгіме-дүкен құрып, шығармашылығына, өткен өмірі мен үлгі алған ұстаздарына, жыр айтқан той-томалақ, ас-жиындарға қатысты көңілдегі көп сауалдарды асықпай тоғытуға мүмкіндік болмады. Қариямен амандасып, тек хал сұраумен ғана шектелдік. Орта бойлы, шүңірек көз, томашадай шағын қара шалды «Үмбетәлі жырау деген осы» деп таныстырып, «Аға, мынау Берік деген балаң, батаңды бер!» деп жүрген аралдық айтыс ақыны Бекұзақ Тәңірбергенов болатын. Заманында талай додалы жиынды адақтаған жүйрік жыршының егде тартып, еңкейіп, шөгіңкіреп қалған шағы екен.

Сол жолы Бекұзақ екеуміз Серік Сейтмағамбетовты іздеп, аудандық өкпе аурулары ауруханасына барғанбыз. Бұл – менің орындауымдағы Секеңнің «Зейнолланың соңғы монологы» «Тамаша» ойын-сауық отауында айтылып, Қазақстанға тараған мезгілі. «Өспей жүргенім қырғыздығым, өлмей жүргенім мықтылығым» деп әзілдеген болып, шындықты шырылдатып жіберетін Секең көңілі көтеріліп, бойы сергіп, бізге алғысы мен жылы лебізін жаудырып жатты. Үмбетәлі қария да осы ауруханада жатыр екен. Мұнда түскендеріне біраз болыпты. Науқас меңдетіп, қалжыраған жаннан не сұрауға болады. Бекұзақ әрі-бері әңгімеге тартып, ананы-мынаны түртпектеп көріп еді, байғұс, міз бақпады. Тіптен сауалын естімеген жан сияқты. Жыр, мақам-саз дегеннен мүлде бейхабар жандай, өзімен-өзі мәңгіріп отыра берді. «Үлкейген екен ғой» деп ойлағанмын мен сонда. Балалықпен байқамаппыз. Бақсам, олай емес екен. Өнер туралы, жыр жайында көсіліп әңгіме айту үшін жыршыға ерекше бап, алқалы топ, кермиық көңіл-күй керегін, екі өкпесін қолына ұстаған балаң жігіт, мен ол кезде қайдан білейін.

Танымайтын біреулер үшін сол кездегі Үмбетәлі Сапаров деген кім? Сырқаттанып, өкпесі сыр беріп жатқан қатардағы бір ауру шал. Ішіндегі қара орман қазынаны көсіп-көсіп ақтарып алып қалуға, әттең, ол кезде менің де дәрменім шамалы еді. Кейін жүргіншілерден аман-саулығын сұрағанда, бақилық болғанын естідік. Қолдан келер не бар дейсің, «Кеткен екен ғой қыруар қазына» деп сан соғып қалдық.

Арал өңіріндегі тарыдай шашылған жыр жәдігерлері мен жыршы атаулыға бір адамдай қамқорлық жасап, сол кездегі көзі тірілерінің жанын түсініп, жағдайын күйттеп, қолынан келгенше еркелетіп, керек жерінде кейіп алатын адал азаматтың бірі аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Кәдірхан Махмутов болатын. Шынын айту керек, еліміз егемендік алған жылдары ауыл мәдениетінен мән кете бастағаны жасырын емес. Жыршылар әуелдегі биік тұғырынан күрт төмендеп, «түгеншекеңдердің» сөйлеген сөзінен, ішкен бір жұтым ащы суынан кейін әлгінің құрметіне қалайда бір терме айтуды күтіп отыратын тура мағынасындағы тіскебасарға айнала бастаған. Бала-шағаның нәпақасы үшін бұл қорлыққа көбі амалсыз көнгенімен, ішкі дүниелерін көндіре алмады. Кәдірханның тұсында жағдайдың осы жағы аз да болса, оңға айналғандай болып еді. Әттең, оның өмірі де білте шамның жарығындай тым келте болды.

Аудан көлеміндегі көне жыршылардың көзі тірілерінің дауысын жазып алу үшін сол кезде көп нәрсенің керегі жоқ еді. Ауданда жылжымалы автоклубтар болды, дыбыс жазатын техника да жеткілікті. Осындайда айтпасқа амалың қалмайды екен. Сол кездегі мәдениет бөлімінің айналасына шоғырланған «мамандардың» құлықсыздығына қайран қаласың. Құдай біледі дейін, халық қазынасының қайнар көзі – көне жыршылардың дауыстарын жазып қалдыру сол кездегі мәдениет саласының жұмыс кестесінде болмады деу бекер. Ондай игі шаруалардың абыроймен іске асырылып, рет-ретімен атқарылып жатқаны хақында кезінде құзырлы мекемелерге құлаш-құлаш есептің жөнелтілгені анық. Қағаз жүзінде болғанымен, түбі тексерілмеген дүниеде қайдан баян болушы еді? Бүгінде соның бірінің ізі жоқ, бәлду-бәлду, бәрі өтірік. Аманат арқалап келіп, ғазиз ғұмырларын сол қасиеттің жолына сарп еткен, есесіне еш қарымта сұрамаған, өмірдің рақат бақшасынан өзіндік ешнәрсе еншілей алмай кеткен сол көнекөздер болмаса, қалғанының ұпайы түгел. Рас, ескінің мүлкін қажетсінбедік. Бірақ Құдай ешкіммен санаспайды, өз дегенін істейді. Заманға лайық жыр иелері дүниеге кезегімен келе берер. Алайда олардың қандай тағдыр кешетіні тағы да сол құдіреттің қолында.

Үмбетәлінің дауысы үнтаспаға әбден ұлғайған шағында жазылыпты. Солай бола тұра, үні ұшпа әрі қайратты екен. Мен оның орындауында алқалы жиында таспаланған үнтаспалардың бірін ғана тыңдадым, жанында бірнеше күн аялдап, барлап зерттеу мүмкіндігі болмағанын ежіктей жазуымның себебі сол. Жыршының дауыс бояуы жанға жайлы, мақамды әрлеп, құбылтуы ерекше. Ешкімге ұқсамайтын, өзіндік мақамдары бар екен. Ол салғаннан бірден сол ескі өрнекке көшті. Топқа түскенде әуелгі бастап айтқаны «Біссімиллә, мен сөйлейін Жаппар Хақтан» деген терме. Бір әттеген-айы шығарманың авторын баяндамайды. Ол екінші орындаған жырын да бірден хабарламасыз бастап кетті. Әуелгі сөзі түсініксіз, терменің ара-арасында «Қас жақсыда кек болмас, / Қас жаманда тек болмас» деген тіркестер анық естіледі.

Өзгеден ерекшелігі – Үмбетәліде жыршылардың «үлкен айқайы» бар екен. Ол екі шығармадан кейін домбыраның құлақ күйін сәл көтеріңкіреп, қайта күйлеп алды. Содан соң «Әуелі туғаннан соң бірге жеттім, / Еңбектеп екі жаста төрге жеттім» дейтін кердері Әбубәкірдің жырына жол берді. Үлкендіктің, жоғарыда айтқан науқастың әсері болса керек, қайта-қайта жөткірініп отырады. Домбыра тартуы сауатты, пернеден жаңылысып, қате басуы сирек. Дауысы сыбызғыдай созылып, мақаммен кірігіп, аспаппен астасып кетеді. Несін айтасыз, осы таспаның бетіндегі азғантай жазбаның өзінен-ақ жарықтықтың таңға сілтейтін тарландығы анық аңғарылып тұр. Ол мектеп көрген ізді шәкірт екенін білдіріп, бір шығарманы, мейлі ол шағын толғау болсын, аяғына дейін бірнеше мақаммен айтып, саз ауыстырып отырды. Бұл да – қазіргі орындаушылар машығынан қалып бара жатқан, ескі жыршыларға тән ерекшелік.

Мақам ауыстыру – әуелі тыңдаушының жалықпауын қамтамасыз етсе, содан соң орындаушының мақам-саздарды жеткілікті дәрежеде игерген ерекше қабілетінен хабар беретін артықшылық болып табылады. Ол бір дем алып, «Сәуірдің қара бұлыты, / Жауарында ойнаған» деген сөзді құбылтып ала жөнелді. Содан соң келесі, ойнақы бір мақамға ауысты. Бұл әуен бұрын-соңды ешкім орындамаған тыңдығымен ден қойдырды. Арал өңірінен өткен басқа жыршылардан біз бұрын мұндай мақам үлгісін есіткен емеспіз. Амал қанша, жан-жақтан көтермелеген тыңдаушылардың дауысы кірігіп, жыршының көп сөзін анық естіртпей қойды.

Біршама уақыт өткен соң жыршы енді салалы жырға ойысты. Демек, жаңағы айтылғандардың бәрі ұзақ салаға түсер алдындағы тер шығарып, дауысын баптап алу үшін жасалатын бірқақпайлар болғаны. Ол бір кездері Арал аймағында жиі жырланатын, Ноғайлы дәуіріне тән тармақты жырлардың арасынан «Қарасай – Қази» қаһармандық эпосынан үзінді айтуға ыңғайланды. Кіріспесін әңгімелей келіп, эпостағы Сұлтанайдың темір қақпалы Дербентке аттанатын жерінен шырқап, дауысын шарықтатып, көтеріп ала жөнелді. Айтып отырып, сан құбылып, арасында ащы айқайға басып, тыңдаушысын түрлі ым әрекеттерімен баулып отырғаны байқалады. Өйткені, жыршының тыңдаушылары бейжай жағдайда емес, ерекше көтеріңкі көңіл-күйде әсерленіп, жыршыға еріп, қиқулап отырғаны таспа бетіндегі түрлі дауыстардан анық аңғарылады.

Жыршы тағы да әлқиссаға көшті. Тыңдаушылары да оның лебізіне қосыла ілесіп, шығармадағы уақиғаның өрбуіне қарай орындаушымен бірге қамығып отырғандары байқалды. Әндетіп отырып тақпақтау, бір биікке көтеріліп алып баяндау, баяндап келе жатып, күрт өзгеріп, мақамды үзе салу, бұл да Үмбетәліге тән өзіндік ерекшеліктер екен. Ол тыңдаушысын жырдағы уақиғалардың ағысына ынталандыра баяндап отырып, айналасын байлап-матап тастайды. Орындауындағы кейбір мақамдар қызылжарлық жыршы Берекет Омаровтан жеткен саз үлгілеріне ұқсас. Ал Берекет болса, бұл үлгіні Дәріғұл Өмірқұлұлынан алғаны белгілі. Арал өңірінде осы Берекет орындаған мақамдардың жалғастық таппай, үзіліп қалып бара жатқанын ескерсек, бұл аймақтағы жыршылық өнер қайта түлеген кезде мүлдем басқа арнамен дами бастағанының куәсі боламыз. Ол қандай арна? Бұл сөзіміздің дәлеліне көптеген жанама деректерге қоса, Бекбосын, Темірбай, Жақсыбай, Берекет, Әбдіқұл сияқты жыршылардың орындауынан жазылып қалған көне үнтаспалардағы терме, толғау, эпостық жырларды айту үлгісін тыңдағанда көз жеткізе түсеміз.

Әрине, бүгінгі таңда бізге белгілі болып жүрген Аралдың эпикалық жыршылық дәстүріндегі мақам-саздар түгел өзгеріп кеткен деген біржақты пікірден аулақпыз. Әйтсе де ХХ ғасырдың 80-жылдары көне мұраның біршама өзгерістерге түсіп, бас-аяғы күзеліп, түзеліп, қырық қолдың қырқымынан қайта шыққаны ақиқат. Сөз жоқ, бұл – озық орындаушылық талғап-талдаудың әсері. Пікірімізге жан бітіріп, ойымызға қан жүгірту үшін әңгіме желісін сәл әріден, басқа арнадан бастайық.

Бүгінде әбден айтылып, төселіп, қашалып, салтанатты сахналардың сәніне айналып, ХХI ғасырдың тыңдаушылары құлақ құрышын қандырып жүрген Арал теңізі жағалауында қалыптасқан, арғы тегі Батыс Қазақстан өңіріндегі эпикалық мұрамен сабақтасатын ежелгі эпикалық жыршылық дәстүрден еншіленген мақам-саз үлгілері әуелде бізге кімдер арқылы жетті? Арал өңірінің жыршылық дәстүрін сөз еткенде әуелі «Әбілхан Махановтың мектебі» деген ұғымды санамызда әбден тұрақтандырып алуымыз керек. Содан соң Әбекеңнің мектебінен шыққан үш жыршы – Сұраған Мырзаев, Бекұзақ Тәңірбергенов, Рысбек Әшімовтің есімдерін еске алу шарт. Ендеше, олардың бүгінгі абыройын асқақтата отырып, бір замандағы өнерлерінің парқын ой елегінен және бір өткізіп алудың артықшылығы жоқ. Өйткені, бүгінде аталған жыршылардың да бақи дүниелік болғанына біраз уақыт өтті ғой.

ХХI ғасырдың табалдырығын аттаған тұста бой көрсете бастаған бүгінгі жыршылардың бәрінің тегіс рухани ұстаздары осы үш орындаушы еді. Ал олардың жыр сахнасынан жарқ етіп көрінуі ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта тұсы. Көзіқарақты жандар ұмыта қоймаған шығар, бір кезде термені көтеру мәселесі мен термешілік дәстүрді жандандыруға руханият әлемін жаппай жұмылдырған уақыттар болған. Алғашында Байқоңыр қаласының телестудиясынан, кейін республикалық телеарнадан Арал өңірінің мақам-саздарын орындайтын үш жігіттің, оларды тәрбиелеп, өнерлеріне жетекшілік етіп жүрген ақын Әбілхан Махановтың, Нұртуған шайырдың мұрасын жинаушы Әлімжан Суханберлиннің қатысуымен өткен әлгі хабардан кейін Сырдың бойында Арал мақамдары деген дербес ұғым қалыптаса бастады. Оған дейін былайғы жұрт Сыр бойы десе, тек Қармақшыдағы Жиенбай, Тасбергендерден қалған жыр мақамдарын ғана білетін. Өйткені фольклор жинаушы Мардан Байділдаевтың насихаттап, республика сахнасына алып шыққан жыршылары Балқашбай, Ақмырза, Көшеней, Әбілда, Мұзарап, Шамшат, Мырзағали, Бидас, Алмас, Әбіләш сияқты Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек, Шиелі өңірлерінен өткен Нартай, Тұрмағамбет, Омар, Жүсіп, Даңмұрын, Төлеубай мұраларының насихатшылары болатын. Сондықтан бұл өңірлердегі жыр дәстүрінің өткені мен бүгіні арасында байланыс болған жоқ. Тіпті 1962 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының атынан музыкатанушы Зәуре Жанұзақова, Мұхамедрахым Жармұхамедов, Мардан Байділдаевдың жетекшілігімен Сыр бойына ұйымдастырылған кешенді ғылыми экспедиция Қармақшыдан кері қайтқаны, іргеде жатқан Арал ауданынан бірде-бір жыршының дауысы жазылмағаны, тек Қазалыдағы Нәби, Қобылаш, Шыналы сияқты домбырашылардан бірнеше күй таспалап алып қайтқандары анықталып отыр. Мұның нақты себебі әлі күнге белгісіз, бұдан кейін де белгілі болары күмәнді. Бұл кезде Аралда Ноғайлы дәуірінен жеткен тармақты эпостық жырларды түгел жырлайтын Жәметтен басқа Әбдіқұл, Қани, Берекет, Бекбосын, Сахи, Үмбетәлі, Темірбай, Жақсыбай, Жақсан, Әмитжан сияқты сұңғылалардың көзі тірі болатын.

Десе де, Әбілхан Маханов бұл мәселенің шешімін сәл басқаша қарастырды. Ол алдымен Қазанғап күйлерінің аралдық нұсқасын орындаған домбырашы Қаппар Жармағамбетовты тапты. Қапекең Қазанғап күйлерінің шебер орындаушысы ғана емес, ескі жыршылардан қалған мақам-саз үлгілерін де домбырада келістіріп ойнайтын. Ол мұның бәрін шалқарлық домбырашы әрі жездесі Ізбасар Ілиясовтан үйренгенін айтатын. Ізбасар болса, бала күнінде жадында қалған жыр мақамдарын өзінше өрнектеген. Сонымен Қаппар білетін оншақты мақам-сазды Ә.Маханов өзінің үш шәкіртіне үйрете бастайды.

Шынын айту керек, ол кезде шәкірттері арасынан дайындығы мықты, деңгейі жоғарысы – Сұраған Мырзаев болатын. Сол кездің өзінде ол Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Тұтқын қыз», Жүсіп Ешниязұлының «Сұрмерген» және Ерімбет, Нұртуған, Шәді, Молдағали, Шахар, Тұрмағамбет, Омар, Жүсіп, Әбубәкір, Нұрсұлтан, Кенжеқожа сияқты ақын, шайырлардың көптеген терме-толғауларын білетін. Бірақ көбіне-көп Қармақшы өңірінде айтылатын мақамдарды орындауға бейім еді. Оны 1980 жылдары Ақбастыға, қайын жұртына қыдырып барған бір сапарында Жандос Көптілеуовтің шаңырағында жырлап, таспаға түсірткен отыз екі шығарманың мазмұнынан көріп, білуге де болады.

Көзінің тірісінде репертуары толық хатталмаған жыршының бірі де осы – Сұраған. 1985 жылы 15 желтоқсанда Қызылорда облыстық радиосына жыршының орындауынан үш-ақ терме жазып алынған. Алайда, оның дауысы жазылған №412 таспадағы Нұртуған ақынның «Асыл ер», «Құлақ салып, сөз тыңда», Нұрсұлтан Жұбатовтың «Майданнан хат» деп аталатын екі бөлімді ұзақ хат-толғаудың әлгі мұрағаттан ізін шығара алмадық. Өйткені, Қызылорда облыстық телерадиокомитетінің «Алтын қоры» мекеме жабылған жылдары шашыранды күйге түсіпті.

Әбекеңе шәкірт болғандардың бірі Бекұзақ Тәңірбергенов – қас жыршының баласы. Әкесі Жақсан әйгілі Бітімбайұлы Жаңабергеннің інісі Сахитжан жыраудың шәкірті еді. Бірақ Бекұзақтың репертуарындағы жыр-термелер көлемі жағынан шағын болатын. Ол өзінің табиғатына қарай көбіне-көп айтыс өнеріне бейімдік танытты. Кейін лирикалық әндер айтып, өзі де ән шығарып, композиторлықпен әуестеніп жүрді. Ал Рысбек Әшімовтің жыршылық өнерге келу қадамы тіпті қызық. Ол әуелде аудандық «Маяк» клубында бас гитарада ойнаған, дискотекалар мен жастар сауығының гүлі болған. Эстрада әншісінің дауысына қызыққан Әбілхан көп ұзамай, оны да тәп-тәуір жыршы етіп шығарады. Әрине, бұл үш жыршы да кезінде қолдарына түскен таспалармен жұмыс жасап, көзін көрген жыршылардың алдынан үйреніп, өздерін толықтырып, шеберліктерін шыңдай түскенінде сөз жоқ. Бірақ негізгі тірек, басты бағыттары – Қаппар күйші домбыра нұсқасын ойнаған мақам-саз үлгілері болып қала берді. Ендеше, бүгін ақиқатын айту керек, Арал аймағындағы дәстүрлі жыршылар және олардан жеткен мақам-саз үлгілері осындай жұмбақ күй кешіп, көлеңке бетке ысырыла берген. Әрине, мұны қолдан жасалған қитұрқылық деуден аулақпыз.

Кезінде Әбілхан ақын Арал аймағындағы көне жыршылық дәстүрді қайта түлету үшін кезекті тәжірибе жұмысын жүргізді. Құдай қарасқанда, онысы тым сәтсіз болған жоқ. Өкініштісі, көргенінен танбайтын біздің жұрт аралдық дәстүрлі мақам-саздардың басқа арнасы бар екенін елеп-ескермеді. Бәрі тап осылай болуы керек сияқты еді. Сөйтіп, Маханов мектебінің үш шәкіртінің орындау деңгейін Арал аймағындағы жыршылық дәстүрді тұтынған жалпы көп үлгі есебінде қабылдады. Сонда Жәмет, Әбдіқұл, Қани, Берекет, Бекбосын, Сахи, Үмбетәлі, Темірбай, Жақсыбай, Жақсан, Әмитжан сияқты ізді жыршылар сақтаған көне саз үлгілері қайда кетті?

Шүкір, жоғалған жоқ, сартап болса да асыл ізі бар, әркімнің қолында жүріп көнерген, кеу сандықтардың түбінде сары алтындай сақтаулы келе жатқан, әбден тозығы жеткен үнтаспа беттерінде сарғайып, жарық көретін кезекті күндерін күтіп жатыр. Сол баға жетпес қазынаның арасында Аралда, той үстінде, қалың тыңдаушы топтың арасында отырып үні бөлек Үмбетәлі жыршының орындауында таспаланған, импровизацияға құрылған өзіндік мақам-саз үлгілері де бар.

Берік ЖҮСІПОВ,

Фольклортанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<