Айтмағанбет Нақыповтың ерлігі ескеріле ме?
Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 80 жыл толғалы тұр. Сол сұрапыл майданның тірі куәсі қазір арамызда санаулы ғана. Деректер бойынша, Отан қорғауға қазақ елінен 1 миллион 200 000-нан астам азамат аттанып, олардың 600 мыңдайы ғана елге оралды.
Ал біздің тақырыбымызға өзек болған қазақтан шыққан үш тұңғыш кімдер? Бұл – фашистік Германияның ұясы болған Берлин қаласын алуға қатысты тұлғалар.
Бірінші тұңғыш – бомбалаушы ұшқыш, екі дүркін Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов. Ол қалай тұңғыш болды? Осыған тоқталсақ. Бұл жөнінде Кеңес Одағының екі дүркін батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің 2000 жылы Алматы қаласында «Жазушы» баспасында жарық көрген 256 беттен тұратын «Пик в бессмертие» (Мәңгілік шыңында) атты кітабында баяндалады. «Бірінші жауынгерлік тапсырмамен ұшу сәті 17 ақпан 1943 жылы туып, сол алғашқы күні үш рет жауынгерлік ұшу тапсырмасын орындайды. Содан не бәрі үш-төрт күннің ішінде 8-ші жауынгерлік тапсырмамен қаһарлы №13 – «ИЛ-2» бомбалаушы ұшақпен шыққан тоғыз ұшақтың құрамында кезекті жауынгерлік тапсырманы орындау барысында бұлар 3 ұшағынан айырылып, бомбаларын жаудың танктер мен жаяу әскерлері колонналарының үстіне жаудырып, қайтып келе жатқанда жаудың «Мессершмит» истребитель ұшақтарының шабуылына душар болады.
Т.Бигелдинов топтан ажырап қалып, осы «Мессершмиттің» бірінің шабуылына ұшырайды. Жау ұшағы 2 рет шабуылдап, мүлт кетеді. Сонда ашуға булыққан ол «неге мен ұрыстан жалтарып қаша беруім керек, неге өзім ұрыс салмаймын» деген ойға бекініп, ұшағын көкке тік көтеріп, қайта төмен қарай бағыттағанда жау ұшағы оның жылдамдығын ескермей, қазақ жауынгерінің қарауылына ілініп опат болады. Мұны жерден бақылап отырған Кеңес әскерлері көріп, Т.Бигелдинов қызмет жасайтын авиадивизия командирі, Кеңес Одағының батыры Н.Каманинге хабарлайды. Ал қазақ ұшқышы болса топтан ажырап қалғандықтан полк басшылығы ұрсады деп, жағдайды баяндамайды. Бірақ ертеңіне полк командирі шақырып алып, дивизия штабына жөнелтеді. Дивизия командирі жақсы қарсы алып, кешегі ұрыстың мән-жайын сұрайды. Оның қасында дивизия және армиялық газеттердің әскери тілшілері болған еді.
Сонда Н.Каманин аға сержант Т.Бигелдиновке немістің атақты ұшқышы, әуе шайқасының шебері, 108 ұшақты атып түсірген Испания, Франция мен басқа елде көрсеткен ерлігі үшін емен жапырағымен көмкерілген крестпен марапатталған, капитан фон Дитрихті атып түсіргенін, оның өзін атып түсірген ұшқышты көргісі келгенін, бірақ оның шұғыл түрде армия штабына жөнелтілгенін айтады.
Н.Каманин бомбалаушы ұшақтар авиациясы тарихының жаңа бетін ашып, тұңғыш рет бомбалаушы ұшақпен жау истребителін атып құлатқаны үшін Т.Бигелдиновке не бәрі 8-ші әскери тапсырмамен ұшу кезіндегі ерлігін бағалап, «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденін тапсырады. Міне, осылай 17 ақпан 1943 жылдан бастау алған аға сержант Т.Бигелдиновтің ерлікке толы жауынгерлік жолы басталады.
152 әскери жауынгерлік ұшуды сәтті орындауда көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін, жеке өзі жаудың 4 ұшағын құлатып, Кировоград, Александрия, Знаменканы азат етудегі батырлығы, жаудың әскері мен техникасын үлкен шығынға ұшыратқаны үшін аға лейтенант Т.Бигелдинов Кеңес Одағының батыры атағына 1944 жылдың 26 қазанында ие болды.
Осылайша Кеңес Одағының Маршалы И.Конев қолбасшылық жасайтын 1-Украин майданының әуе армиясына қарасты 2-гвардиялық әуе корпусы 147 әуе гвардиялық полкінің тәжірибелі, аса маңызды тапсырмаларды орындауға қабілетті санаулы шебер ұшқыштардың қатарына енеді. Т.Бигелдинов ең жауапты тапсырмалар – жау тылын барлап қайту, жаудың әскери техникалары мен жаяу әскерлерінің жасырынған жерлерін іздеп табуда тәуліктің кез келген уақытында, ауа райының қолайсыздығына қарамай ұша алатын әрі тапсырманы мүлтіксіз орындайтын аса шебер ұшқыш атанып, фашизмнің ұясы Берлин қаласы үшін болған шайқастарға дейін 300 әскери жауынгерлік ұшулар жасайды.
Майдан шебі Берлин қаласынан 160 шақырым жерде орнығып тұрады.
Осы кезде Т.Бигелдинов қызмет ететін полкке корпус командирі, генерал В.Рязанов келеді де полктың командалық пунктіне шақыртады. Шақыртумен келгені туралы баяндаған оған планшетін көрсетуді бұйырады. Сонда генерал картаның жетімсіз екендігін айтады.
Генерал полк штабының бастығы подполковник Е.Ивановқа капитан Т.Бигелдиновтің картасына қосымша бір бет жапсыруды міндеттейді. Жапсырылған картада Берлин қаласының сызбасы тұрады. Генерал картаға қарап, Талғатқа Берлин қаласына Луккенвальд тұсынан баратыны және қаланың батыс жақ бетінде өзен үстіне салынған көпірді тексеруін, одан әрі Потсдамға ұшып барып, онда не болып жатқанын анықтап кері қайтуға, ұшу биіктігін 50-80 метрден асырмауды тапсырды. Сондай-ақ тапсырманың өте маңызды екенін, сол себепті де көрсетілген ұшу биіктігінің ең қауіпсіз болатынын айтып, түсірген суреттерді аман-есен жеткізу қажеттілігіне тоқталады.
Берілген тапсырма ерекше, әрі оған жалғыз өзі қорғаусыз ұшатын болады. Осы себепті ол генералдан ұшақпен тек жалғыз өзі ұшатынын, атқышын қалдырып кетуге рұқсат сұрайды.
Картадағы маршрут бойынша ұшып, Луккенвальдені артта қалдырып, Берлинге 20 шақырымдай қалғанда жау истребительдері тұрған аэродромды көзі шалып, оны айналып өтеді. Бұл біршама уақыт алғандықтан байланыс үзіліп, командалық пунктте отырғандар қатты алаңдайды. Қауіпті жерді аман-есен айналып өткен Талғат жау аэродромын жолықтырғанын және оның координаттарын командалық пунктке баяндайды.
Берлин қаласының үстіне ұшып келгенде қала көшелерінде бейбіт өмір жүріп жатады. Үйлердің, өрт мұнараларының үстіне қондырылған зениткалар мұны атқылай бастайды. Шпре өзенінің үстіне салынған көпірге де жетеді. Көпірді атқылауға командалық пункттен рұқсат сұрайды, бірақ, оған генерал келіспейді. Тапсырманың бір бөлігі орындалып, енді Потсдам қаласына қарай бағыт алады. Ол жақтағылар алдын ала хабарланып, зениттік батареяларының қалың атқылауына тап болады. Қалай болғанда тапсырманы орындау маңызды, осыны түсінген батыр ұшқыш жаудың зениттік батареяларының үстіне құлдилап, бомба тастап, снарядтар жаудырады. Зениттік батареялардың үні өшкеннен кейін жаудың қорғаныс жүйелерін, артиллерия батареяларының орналасқан жерлерін қажетті деген тұстарын түгел фотосуретке түсіріп, жау позицияларын тағы да атқылап өтіп, кері қайтуға бағыт алады.
Қайтар жолда келген бағытын өзгертеді. Шлемофонда генерал В.Рязановтың дауысы естіледі. Ол Чеплюк басқарған эскадрилья Талғат анықтаған жау аэродромын бомбалап, ондағы жау ұшақтарының өртке оранғанын хабарлайды. Радист оған ұшу уақытының бір сағат қырық минут алғандығын жеткізеді. Екі сағат уақыт, ол бұған сенгісі келмеді, өйткені, өзіне ұшып шыққаннан бері не бәрі отыз минут уақыт өткендей ғана әсер де болған еді.
Аэродромда барлығы Талғатты асыға күтуде болатын. Бұл ұшағын қондырған сәтте олар мұны ұшақ кабинасынан суырып алып, құшақтарына қысып, одан соң әуелете лақтырып қағып алумен болды.
Т.Бигелдиновті басқару пунктінде радисттің қасында табжылмай екі сағат бойы күтіп отырған корпус командирі, генерал В.Рязанов түрегеліп, қарсы алып құшағына қысып, сүйеді.
«Капитан Талғат Бигелдинов, саған алғыс білдіремін, шын көңіліммен алғыс айтамын! Әскери басшылық құрамы атынан ыстық ықыластарын білдіремін! Сенің бұл ерлігіңді басшылық ұмытпайды. Мақтануыңа болады! Өйткені сенің бомбалаушы ұшағың Берлин аспанында күндіз біздің әуе армиясы ұшақтарының ішінен ең бірінші болып көрінді!».
Міне, осылай Ақмола өңіріндегі Майбалық көлінің жағасында арба үстінде дүние есігін ашқан қазақ баласы, Бигелді малшының немересі фашизмнің ұясы болған Берлин аспанында ең бірінші болып, тарихта есімін қалдырып, Қазақ елінің мақтанышына айналды.
1945 жылдың сәуір айының басында 1-Украин майданының 2-ші әуе армиясының қолбасшысы сол кездегі генерал-полковник (кейіннен авиация маршалы) С.Красовский гвардия капитаны, эскадрилья командирі Т.Бигелдиновке екінші мәрте Кеңес Одағының батыры атағын беру туралы ұсынысты бекітеді. Арада екі ай өткен соң, 1945 жылдың 27 маусымындағы СССР Жоғарғы Кеңес Президиумның Жарлығымен Т.Бигелдинов екінші «Алтын Жұлдызды» кеудесіне тағады.
Майданда болған барлығы екі жыл уақыттың ішінде сержанттан капитан шеніне дейін өсіп, қатардағы ұшқыштан эскадрилья командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, 305 рет әскери жауынгерлік ұшу ұрыстарына қатысып, 7 ұшақты атып түсіріп, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қазақтан шыққан (Орта Азия халықтарының ішінде де) тұңғыш екі дүркін Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдиновті Берлин аспанында болған бірінші тұңғыш қазақ деуіміз сондықтан.
Ал, екінші тұңғышқа тоқталар болсақ, ол Берлинге танкімен кірген қазақ Айтмағанбет Нақыпов.
Майдан даласында талай қанды шайқастарды басынан өткізген, жауға қарсы күресте ерен ерлік жасаған жауынгерлердің бірі – жаңақорғандық танкист Айтмағанбет Нақыпов болатын.
Ол 1942 жылдың шілдесінде екі жасын асыра көрсетіп, 18 жасында әскерге алынып, алдымен Ашхабадта кейін Чкалов қаласында қысқа дайындық курсынан өтіп, майданға кіреді.
А.Нақыпов Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Кеңес Одағының маршалы И.Конев қолбасшылық жасаған 1-Украин майданындағы 3-гвардиялық танк армиясының ерекше полкінде «Т-34» маркалы №24 танк экипажында зеңбіректің көздеуші-атушысы болды. Взвод командирі лейтенант Минаев басқаратын танк взводы №24, №25, №26-шы үш танк экипажынан тұрды. Полк құрамындағы бұл экипаж қарулас майдандастарымен Смоленск, Орел-Курск шайқастарынан өтіп, Харьковті жаудан тазартты. Содан Житомир, Проскуров, Тернополь, Львов арқылы Батыс бағытындағы шабуылды өрістете отырып, Саидомир шайқасынан кейін Висла-Одер операциясына қатысады.
Дәл осы бағытпен біздің бірінші тұңғышымыз бомбалаушы ұшқыш капитан Талғат Бигелдинов те жүріп өтеді, өйткені ол қызмет ететін 2-гвардиялық әуе армиясының 2-корпусы да 1-Украин майданының құрамында болатын. 2-ші әуе корпусы көбінесе ержүрек командир-танкист генералдар Ротмистров, Рыбалко, Лелюшенко басқарған танк армияларының шабуылдарын сүйемелеп отырды.
Айтмағамбет Нақыповтың танк экипажы 1945 жылдың 19 сәуірінде алдыңғы қатарлардың бірі болып шабуылмен Берлинге кіріп Рейхстагты атқылайды. Оның танкісі 1943 жылдан Берлинге дейінгі талай қырғын шайқастардан аман өтіп, жау ұясын алғашқы болып атқылағандықтан кейін Рейхстаг түбінде ескерткіш ретінде тұғырға қойылған.
Бұл қалай болған еді?
Тельтов қамалындағы жауды айналдыра қыспаққа алып, соққылау сол 1945 жылдың 19 сәуір күні кешке дейін созылды. Түнде де ұрыс қимылдары басылмады. Келесі күнгі таң алдында Берлин бағытындағы жау тосқауылдарын бұза- жара 1-гвардиялық танк армиясының бір топ танкистері оқ жаудыра ілгері тартты. Олар елең-алаңда қала шетіндегі неміс аэродромының үстінен шыға келді. Сол заматта полк командирінің бұйрығы бойынша танк колоннасы екі жарылып, аэродромды атқылаған бойы ілгері өте берді. Жаудың 5-6 ұшағы қанатымен жамбастап, жер тіреген күйі отқа оранып қала берді.
Біздің танкистер 21 сәуір күні Берлин қаласына оңтүстік жағынан кіре бастады. Бұл танк армиясы басқа артиллериялық корпустармен, дивизиялармен, авиация корпустарымен нығайтылып жатқаны байқалды. Фашистер мықтап бекініп алған екен, табан тіресіп қарсылық көрсетті. Сол күні кешке Берлиннің қыспаққа алына бастағаны сезілді. Сонда да жау қарсылығын күшейте түсті. Олар шегіне отырып, тосқауылдарға жасырынып, үй-үйлерді айналып кетіп, кез келген тұстан оқ жаудырады. Біздің танкистердің ілгері жылжуы саябырсыды. Немістерден босатылған тосқауылдарды пайдаланып, оқ жаудырып, артынан тың күштердің келіп жетуін тосты. Үш күн бойы қатарынан осылай соғысты.
Біздің армия 25 сәуірдің таңын үлкен шабуылмен бастады. Танкистер де Берлиннің іргесіндегі жау бекіністерін бұзып өтіп, қиыншылықпен ілгері жылжыды. Артиллерия үсті-үстіне соққы берді. Ұшақтар Берлинді бомбалап жатты. Полк танкистері танк үстіндегі десанттармен бірге түс қайта Берлинге Саарланда штрассесі арқылы келіп кіре бастады. Танктің жүрістері жылдамдатылды. Әрбір үйдің терезелері, шатырлары, бұрыштары атыс нүктесіне айналды. Танкистер қараңғы түсе Потсдам вокзалындағы фашистердің атыс ұясын талқандап, бекінісін басып алды.
Қала ішіндегі нағыз кескілескен ұрыс 30 сәуір күні басталды. Қым-қиғаш атыс. Біздің жаяу әскерлерде көше ұрысына кірісіп кетті. Снарядтар мен миналардың, бомбалардың жарылысынан құлақ тұнды. Айтмағанбеттің танк экипажы қаланың Герман Геринг штрассесі бойымен шабуыл жасай отырып, бас жағына жеткенінде үлкен бір алаңнан шыға келді.
– О-о-о, Рейхстаг көрінді! – деді танктің арт жағында отырған командир Минаев оң қолын алға қарай нұсқап. Оның нұсқаған жағында қаптаған буылдыр түтін арасынан бұлдырап биік күмбезді сұр үй көрінді.
Рейхстаг сол екен.
Айтмағанбеттің жүрегі шым ете қалды. Ол жалт бұрылып оқтаушы Минамутдиновке қарады.
– Зеңбірек оқталды! – деді оқтаушы. Айтмағанбет взвод командирі Минаевқа қарады.
– Соқ, Рейхстагты! – деді ол.
Айтмағанбет зеңбіректің ұңғысын туралап жіберіп тартып кеп қалды. «Гүрс» ете түсті. Рейхстаг теңселіп кеткендей сезілді. Сол күні түнімен мықты құрсауға алса да жау оңайлықпен берілмеді.
1 мамыр таңы зеңбіректердің гүрсілімен, пулемет, автоматтардың сарт та сұрт атылған үнімен атты. Взвод командирі, лейтенант Минаев танк экипажын 1 мамыр мерекесімен құттықтай келіп, енді Жеңіс күнінің де қашық емес екенін айтты.
Олар тағы шабуылға шықты. Жылжи отырып, Рейхстагты атқылай бастағанда, танкіге зеңбіректің оғы тиді. Танкі бір алға, бір артқа жылжып, жаудың көз алдында тұрып қалды. Танкіні от-жалын орай бастады. Жүргізуші-механик, радист-пулеметші екеуі де көз жұмыпты. Айтмағанбет пен Минамутдинов майдандас достарын өртеніп жатқан танк ішінен алып шыға берді. Айтмағанбет үстіндегі лаулап жанып бара жатқан комбинезонды өшіремін деп жүрген кезде: «Арманым жоқ, жаудың қираған ұясын көріп барамын» деген взвод командирі Минаевтің даусын естіп қалып, жанына жетіп барды. «Не болды?» деп сүйей бергені сол еді «Қош бол, елге сәлем айт» деп үзіліп жүре берді. Сол-ақ екен Айтмағанбет те ес-түстен айырылып, талып қалды.
Көзін ашса госпитальда жатыр екен.
– Жолдас танкист, Жеңіс күніңіз құтты болсын! – деді жанына келген ақ халатты медбике қыз жымиып. – Бүгін – 9 мамыр!
Палатадағы қалпақты репродуктордан көңілді музыка ойнап тұрды.
Айтмағанбеттің жүрегін шаттық кернеп, көзіне қуаныштың ыстық жасы үйірілді…
Бұл ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі А.Сопыбековтың «Сыр бойы» газетінде 2009 жылғы 9 мамыр, сенбі күнгі №86-87 шығарылымында жарияланған материалынан келтірілген үзінді.
Ал «Т-34» маркалы танктің А.Нақыповтікі екені қалай белгілі болды?
Айтмағанбет Нақыпов қызмет ететін танк полкі Ұлы Жеңістен кейін де Берлин іргесінде Германияда қалдырылған әскери құрамның тобында болады. Соғыс тоқтаған соң Берлин қаласының көшелері қираған үйінділерден тазартылып, қаланы қалыпты жағдайға келтіру жұмыстары жүріп жатады. Осындай күндердің бірінде танкист А.Нақыповқа Берлин қаласына қыдырып қайтуға демалыс беріледі.
Берлин қаласының көшелерін аралап келе жатқан ол Рейхстаг маңындағы алаңда тұғырға қойылған танкті байқайды. Тұғырға саты қойылған және оны сырлау жұмыстары жүріп жатқандығы көрініп тұрады. Көзіне жылы ұшырап, тексеріп көруге бекінген жауынгер сатымен өрмелей бергенде араларында полковник шені бар бір топ әскерилер келіп қалып, мұның не істегелі жатқанын сұрайды. Сонда танкист жауынгер тұғырдағы өзінің Рейхстаг түбінде өртенген танкісіне ұқсайтынын баяндайды. Полковник оны қалай дәлелдейтінін сұрайды.
А.Нақыпов Висла-Одер операциясы басталған уақытта терең сайдан өту кезінде танкінің оң жақ қанаты (крылосы) майысқанын, ол түзетілген болса «қанаттың астыңғы жағынан көруге болатынын, сондай-ақ, танк мұнарасында снаряд тигеннен қалған іздер, т.с.с. белгілерді атап айтып береді. Сол жердегілердің барлығы айтылған белгілерді көріп, нақ сол танк екеніне көздерін жеткізеді. Ал полковник оны құшағына алып, рахметін айтып, аман қалғанына қуанышын білдіреді. Сосын жанындағы арнайы бөлім өкіліне А.Нақыповтан Рейхстаг түбіне қалай жеткендері туралы егжей-тегжейлі анықтап, тексеріп құжатқа түсіруді тапсырады. Бір тәулік бойы осы арнайы бөлім өкілімен болып, барлығын баян етеді. Осылайша танктің Айтмағанбет Нақыповтың экипажынікі екендігі анықталып, тұғырдағы танкке өзінің №24-номері жазылып қойылады.
А.Нақыпов 1985 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 40 жылдығында өзінің қарулас майдангер жолдастарымен Мәскеу қаласында ұйымдастырылған полк ардагерлерімен кездесуге отбасымен барып қайтады. Сондағы кездесуде полк комсоргы болған қаруласы Айтмағанбет Нақыповқа Кеңес Одағының батыры атағын беруге ұсыныс болғанын, бірақ оның аяқсыз қалғанын баян етеді. Сөйтіп, А.Нақыповтың танк экипажының ерлігі еленбей қалады, әрі сол кездегі баспасөз беттерінде кеңінен насихатталмағандықтан бұл ерлік ескерусіз қалып келді.
Ұлы Жеңістен соң елге аман-есен оралған майдангер аудандық мал жайылымдарын суландыру мекемесін ұзақ жылдар бойы басқарып, зейнетке шықты. Өзінің жасаған ерлігін қарапайым міндетіне санап, бұл жайында ешқашан тіс жармаған еді. Тек, 1965 жылдан кейін Ұлы Жеңіске мән беріліп, соғыста көрсетілген ерліктер туралы айтылып, жазыла бастады. А.Нақыпов туралы да Одақтың «Огонек» журналында мағлұмат берілді.
Жергілікті басылымдарда жауынгердің ерлігі жайлы жарияланымдар Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында шыға бастады. Нақтырақ айтқанда ақын, жазушы А.Сопыбеков майдангермен арнайы кездесіп, егжей-тегжейлі сұхбаттасады. 1985 жылы қазақ теледидары Жаңақорған ауданына арнайы келіп, «Қаһарлы жылдар шежіресі» деген айдармен «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» көп сериялы бейнефильмнің 38-ші сериясына Айтмағанбет Нақыпов туралы түсірілім жасады. Сондай-ақ «Битва за Берлин» көп сериялы фильмінің 4-ші сериясында ерлігі 1:05:00 минутында көрсетілген.
2008 жылғы 9 мамырдағы «Караван» газетінің номерінде Берлинге танкімен кірген қазақ туралы журналист Александра Мыскинаның мақаласы жарық көріп, батыр ағамыздың ерлігі бағаланбағанын сол кездегі Берлинді басып алуға қатысқан 1-Белорусь майданының қолбасшысы болған Кеңес Одағының Маршалы Г.Жуков пен 1-Украин майданының қолбасшысы болған Кеңес Одағының Маршалы И.Коневтің арасындағы келіспеушіліктерден болғандығы баяндалады. Өйткені Берлинді алу 1-Белорусь майданына Жоғарғы Бас қолбасшы И.Сталин арқылы арнайы тапсырылып, Берлин операциясы басталар алдында сол майданның қолбасшысы болған Кеңес Одағының Маршалы К.Рокоссовскийді 2-Белорусь майданына қолбасшы етіп ауыстырып жібереді. Ондағы мақсаты – Берлинді ұлты орыс Г.Жуковқа алдыру еді. Мұнан біз қан құйлы соғыс жүріп жатқан кездің өзінде де солақай саясаттың қалмағанын көреміз. Бұл жағдай Берлиннің жүрегі – Рейхстагта Жеңіс туын желбіреткен оқиғаларда да орын алғанын тарихтан білеміз.
Енді, үшінші тұңғышқа келер болсақ, ол – Рейхстагқа алғашқы болып Жеңіс туын тіккен қазақ, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев. Қайсар қазақ 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. Соғыс басталғанда Рақымжан Қошқарбаев 16 жаста болады. Ол да ер-азаматтармен қатар майдан шебінде отанын қорғауға сұранады.
1942 жылдың тамызында 18 жастағы бозбала Қазақстан және Орта Азия сарбаздарын әскери дайындықтан өткізген Көкшетау қаласындағы атқыштар полкі қатарына алынып, осы жерде 1943 жылдың жазына дейін болады. Одан соң Фрунзеге эвакуацияланған Тамбов жалпы командалық жаяу әскер училищесіне оқуға жіберіледі. Тек 1944 жылдың қазанында кіші лейтенант училищені үздік тәмамдап, майдан шебіне қосылады.
1945 жылдың 16 сәуірінде Рақымжан Қошқарбаев бас болған шабуылдаушы взвод Одер өзенінің батыс жағалауындағы Гроенойндорф елді мекеніндегі жаудың бетін қайтарады.
40 немісті қырып, үлкен калибрлі 3 пулеметті қолға түсіреді. Кеңес әскерлері алға қарай жылжиды. 1945 жылдың 29 сәуірінде Шпре өзені маңында қанды қырғын болады. Осылайша Одерден басталған шайқас Рейхстагқа дейін жалғасады.
Осы аралықта Рақымжан Қошқарбаевтың взводы 200 немістің көзін жойып, 184-ін қолға түсіреді. Майдан даласындағы жаудың 14 зеңбірегін, 27 үлкен калибрлі пулеметті, көптеген мылтық, оқ-дәрілерді жаудан тартып алады. Осы ерліктері үшін оған «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені табыс етіледі. Соғыстың соңына қарай лейтенант 150-ші атқыштар дивизиясының 647-ші атқыштар полкінің барлау взводының командирі болады. Шапшаң қимылдайтын әрі көзсіз батыр қазақ ерінің есімі майдан шебінде аңыздай тарайды.
Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетеді. 30 сәуірде ол қатардағы жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, Жеңіс туын тікті. Осы ерлігі үшін лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов Кеңес Одағы батыры атағына ұсынылды. Бірақ, олар тек жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен ғана марапатталған еді.
Рақымжанның майдандағы көрсеткен ерліктері мерзімді баспасөзде және көркем әдебиетте жан-жақты жазылды.
1958 жылы 28 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде шыққан К.Қазыбаевтің «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» очеркі жарық көргеннен бастап қазақ халқы Рақымжан Қошқарбаевты батыр деп қабылдады. Өзі де екі кітап жазып, қалдырды. Ол туралы 1980, 2005, 2022 жылдары кинофильмдер шығарылған. Ал осындай ерлік көрсеткен майдангерге неліктен Кеңес Одағының батыры атағы берілмеді?
Бұл жерде жоғарыда айтып кеткеніміздей солақай саясаттың құрбаны болды. Өйткені Герман әскері 1941 жылы ентелеп Мәскеу түбіне келгенде оны қорғап қалған 28 панфиловшылар мен Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров сынды батырларымыздың аты бүкіл әлемге мәшһүр болған болса, Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен батырдың тағы да қазақ болғанын Кеңес Үкіметі қаламады.
Р.Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда қайтыс болып, Алматыдағы Кенсай зиратына жерленген. Тек бұл жасалған ерлікке 54 жыл өткен соң ғана Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен оған қайтыс болғаннан кейін еліміздің ең жоғарғы ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп, өзінің лайықты бағасын алды.
Жалпы жоғарыдағы баяндалып өткен, оқиғаларды саралай отырып, екінші дүниежүзілік соғыс өртін тұтатқан фашистік Германияны талқандауда Кеңес Одағы әскерлерінің үлесі ерекше болғанын білеміз. Берлин операциясы өзінің белгіленген мерзімінен ерте басталды. Өйткені, екінші майданды ашқан Одақтастар әскерлері қиын жағдайға душар болып, Ұлыбритания елінің премьер-министрі У.Черчилль Кеңес Одағының басшысы И.Сталинге өтініш айтып, Кеңес әскерлері Берлинге шабуылды мерзімінен бұрын бастап жіберді.
Берлинге 160 шақырым қалған кезде күндіз Берлин аспанында 1-Украин майданына қарасты 2-гвардиялық әуе армиясы ұшқыштарының арасында ең алғашқы болып қазақ, гвардия капитаны, эскадрилья командирі Т.Бигелдинов өзінің №13 бомбалаушы ұшағымен барлау жүргізу мақсатымен барса, 1945 жылдың 30 сәуірі күні Рейхстагқа қазақ танкист А.Нақыпов бірінші болып жетіп, Рейхстагты атқылап, өртенген танкісі сол жерде ескерткіш болып тұрып қалса, сол 30 сәуір күні кешке 1-ші болып Рейхстагтың 2-ші қабатының фронтанына Қызыл ту желбіреткен қазақ лейтенант Р. Қошқарбаев болатын.
Берлинді алуда ерлік көрсеткен қазақтан шыққан үш тұңғыштың екеуі: Талғат Бигелдинов 1945 жылы 27 маусымда ерліктері үшін екінші мәрте «Кеңес Одағының батыры» атағына ие болса, Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі 54 жылдан соң ұлықталып, 1999 жылдың 7 мамырында «Халық қаһарманы» атағын қайтыс болғаннан кейін иеленді. Ал екінші тұңғыш танкист Айтмағанбет Нақыпов осы уақытқа дейін жасаған ерлігінің куәсі – танкісі Берлинде 80 жылдан бері тұғырда ескерткіш болып тұрса да кезінде Кеңес Одағы тарапынан және бүгінгі егемен елімізде де ұлықталмай, ерлігі ескерусіз қалып отыр.
2024 жылы танкист А.Нақыповтың туғанына 100 жыл толды. Ал биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтілмекші. Ендеше, осы 80 жылдан бері келе жатқан олқылықтың орнын толтырып, екінші тұңғыш қазақ Айтмағанбет Нақыповқа «Халық қаһарманы» атағын берсе, ұрпақ алдында ұлағатты іс болар еді. Әрі өзіміздің осындай ерлік көрсеткен танкист қазағымызды елімізге паш ете отырып, өзгелерге де үлгі санайтын едік. Ұлы Отан соғысы кезінде тек қана жаяу әскер сапында емес жойқын ұшақтарды меңгерген ұшқыш, соғыста ерекше болған «Т-34» маркалы танкісінің танкисі бола білгендерін ұрпақтары мақтан еткен болар еді.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<