Ұрпақ жолы – ұстаздан

574

0

Ұстаз қай кезде де қоғамның, мемлекеттің тірегі. Бүгінгі күні ұстаздар алдында тұрған аса өзекті мәселенің бірі – Қазақстанның ХХІ ғасырда дамуын, еліміздің серпінді алға жылжуын қамтамасыз ететін жастарды еңбексүйгіш, қабілетті, кәсіби шебер етіп оқыту, тәрбиелеу.

Біздің өңірде бұл мәселенің іргетасы сонау 1960 жылдары қаланды. Сол кездері тың және тыңайған жерлерді игеру туралы, халыққа білім беру жүйесін өмірмен байланыстыру жайлы Коммунистік партия Орталық Комитетінің, Үкіметтің қаулы-қарарларына сәйкес кәсіптік-техникалық оқу саласына тың өзгерістер енгізілді. Жұмысшы мамандар даярлайтын бір типтес қалалық және селолық кәсіптік-техникалық училищелер ашыла бастады. Олардың негізгі міндеті – өнеркәсіп, құрылыс, ауылшаруашылық, транспорт, байланыс, коммуналдық құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтандыру орындарына жұмысшы мамандарды дайындау. Осы мақсатпен Қызылорда облысында 10 шақты кәсіптік-техникалық училище ашылып, өз жұмысын бастады. Жаңадан ашылған оқу орындарына өмірлік тәжірибесі бар, білімді әрі іскер, соғыс пен еңбектің қара қазанында қайнап шыққан азаматтар директорлыққа тағайындалды.

Солардың бірі емес, бірегейі Сұлутөбедегі МТС (машина және техникалық станция) негізінде құрылған №120 ауылшаруашылық механизация (УМСХ) училищесінің директоры Жақып Әбдіхалықов еді.

Жақып ағайдың терең білім-біліктілігі, прогресшіл, позитивті ой-өрісі, мәдениеттілігі, белсенді өмір ұстанымы жүрген ортасында шоқтығын биіктетіп тұратын. Табиғи жаратылысы, тектілігі, Жақаңды ерекшелеп көрсететін. Жақаң соғысқа дейін Қызылорда педучилищесін үздік аттестатпен, одан кейін ауылшаруашылық техникумын, сырттай Н.Гоголь атындағы пединституттың жаратылыстану факультетін бітіреді. 1951 жылы Москвада Кеңес Одағы Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған 3 айлық кәсіби білім жетілдіру курсында оқиды. 1956 жылы Ленинград қаласында басшы және инженерлік-педагогикалық кадрларды қайта даярлаудың Орталық курсында 5 ай оқып, кәсіби білімін арттырады.

Ал еңбек жолы Сырдария ауданына қарасты Сұлутөбедегі МТС-та ауылшаруашылық машиналарының механигінен басталады, әрі қарай Қызылорда ауыл шаруашылығы механизация училищесінде, №34 Қазалы селолық кәсіптік-техникалық училищеде мұғалім, аға шебер, оқу-өндірістік ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметімен жалғасады. Өндірістік тәжірибесі мол, инженерлік-педагогикалық білімі терең, әлеуеті жоғары Ж.Әбдіхалықов 1959 жылдан 1984 жылға дейін, яғни, зейнетке шыққанша №120 (кейін №12) УМСХ кәсіптік-техникалық училищеде өнегелі еңбек етті.

Жақып Әбдіхалықовтың басқаруымен училищеде оқыған оқушылар техниканың түр-түрін: трактордың, комбайнның, жүк машиналардың бірнеше маркаларын жетік игерді, ауылшаруашылық технологиясына сай егін егіп, мол өнім алуды үйренді, өз мамандығын шексіз сүйетін талай майталман механизаторлар, күрішшілер, слесарь мен механиктер өмірге жолдама алды.

Бұған училищеде жоғары дәрежедегі оқу-материалдық базасы мен техниканы жөндейтін арнайы құралдармен жабдықталған шеберхананың, өндірістік практиканы тиімді әрі нәтижелі етіп ұйымдастыруды көздейтін оқу-әдістемелік кешеннің болуы, жиі-жиі кәсіби мақсатты түрде болашақ трактористер, шоферлар, комбайншылар арасында байқау, жарыс өткізілуі септігін тигізді.

Ұстаз Ж.Әбдіхалықовтың берік ұстанған қағидасының бірі – шәкіртті алған білімін өмірде пайдалануға үйрету, соның рахатын көруге қол жеткізу. Сондықтан қыста техникалық паркті жөндеуден өткізіп, көктемгі егіске дайындау, грейдердің штурвалына отырып, Сұлутөбе қыстағының жолын қардан тазалау, көктемде оқу-шаруашылық жерін жыртып, егіс егу, т.б. жұмыстардың бәрі қызу жүріп жататын. Өйткені өндірістік практиканың әр түрінің өту кезеңі училищенің бүгінгі және ертеңгі тыныс-тіршілігімен, оқушылардың болашақ мамандығымен тығыз байланыста еді. Техника егіске кеш шықса, егілген өнім де кеш піседі. Күзде жинап үлгермеуі мүмкін. Егілетін дақылдың бәрі училищенің асханасына керек, яғни, өздерінің ішіп-жейтін күріші, картобы, пиязы, сәбізі, капустасы, т.с.с. Осындай қажеттілікті көріп-біліп тұрған оқушының жауапкершілігі артып, тәртібі мен тәрбиесіне игі әсер ететін. Бұл жұмыстардың жауапкершілігі оқушы мен өндірістік оқыту шеберіне жүктеледі, жемісін де бірге көреді.

Өндірістік практика арқылы училище тәлім-тәрбие ордасына айналды. Себебі Сұлутөбеде тұратын көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, жасы ұлғайған қарияларға жасаған қызметтері мен көмегі үшін (отынын, шөбін, егін өнімдерін түсіріп беру сияқты) оқушылар алғыс алып, адамгершілік пен мейірімділікке дағдыланды.

Теориялық білім мен өндірістік тәжірибені тең ұстап, шәкірттерін ғибратты өмір жолын таңдауға үйреткен Жақып Әбдіхалықов басқарған №120 кәсіптік-техникалық училищенің ұжымы жоғары деңгейдегі табысқа жетті. Ауылдық жерде орналасқан училищелердің республикалық жарысында І орынға ие болды, «Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы» атағын екі рет жеңіп алды.

Училищеден 13 мыңнан астам жас мамандық алып, өмірге, еңбек жолына алғашқы қадамын жасады. Олардың көпшілігі елге танымал болып,  атақ пен  абыройға бөленді. Атап айтсақ, Социалистік Еңбек Ерлері Жанболат Қожағұлов, Амангелді Ахметов, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Есенәлі Қалиев, Сейітхан Орынбасаров; «Құрмет белгісі», «Ленин», «Еңбек Қызыл Туы» ордендерінің кавалерлері Күләш Әсімова, Райкүл Жалғасбаева, Ұзақ Боздақбаев, И.Иманжаппаров, т.б. училище ұжымының мақтанышы болды.

Осы күнге дейін кезінде әріптес болып, қатар еңбек еткендер, шәкірттер, халық-жұрт бұл оқу орнының басшысын, ұстаздарын, ауызбіршілігі мол бүкіл ұжымды құрметпен еске алып, әңгімелейді.

Қазалыда бірге жұмыс істеген, сол кездегі Жақып ағайдың әріптесі, кейін облыс басшылығында абыроймен қызмет атқарған Николай Артемович Подольский өз естелігінде ағынан жарылып, былай деген еді: «Ол кісінің қолы үнемі босамайтын. Ауыл шаруашылығы техникасын жинақтау, оқу-өндірістік жұмыстарын ұйымдастыру, мәдени-спорттық шаралардың өтуіне басшылық жасау, т.б. жұмыстардың бәрін Жақып атқаратын. Қандай шаршамайтын, ізденуден жалықпайтын жан еді! Мен ол кісіні әрқашанда өзіме ұстаз тұтамын. Мен ол кісіге қарыздармын».

Кезінде Сұлутөбе училищесінде Украинадан, Белоруссиядан, Ресейден жастар оқыды, солардың бірі Украинаға танымал механизатор Владимир Кауров училище түлектерінің кездесуіне арнайы келіп: «Біз Украинада бір шаруашылықта он екі механизатор жұмыс істейміз. Бәріміз де осы оқу орнының түлегіміз. Жақып Әбдіхалықов басқарған үлкен педагогикалық ұжымнан тәрбие көрген жандармыз. Ұстаздардың өнегесіне ешқандай нұқсан келтірмей, адал еңбек етіп жүрміз. Өзімізді тәрбиелеп, үлкен өмірге жолдама берген училище атына кір келтірмейміз. Бұл – оқу орнын бітірген Украинадағы барлық түлектердің адал сөзі» деп тебірене сөйлеп, ыстық ықыласын білдірген болатын.

Елге танымал атақты күрішші Күләш Әсімова көзі тірісінде: «Менің осыншама құрметке бөленуім – училищеде алған сапалы білім мен көрген үлгі-өнегенің арқасында, әсіресе, Жақып ағай сол кезде училищеде оқыған төрт қызды өзінің туған қызынан кем көрмеді. Адамгершілігі мол, жүрегі кең адам еді!» дегені еске түседі. Мұның бәрі де – Жақаңның «Мен директормын деп жұмыс істемеймін, көпшіліктің әкесімін деп қызмет етемін» деуінің дәлелі.

Жақып ағайдың өмірі ерлік пен қажымас қайраттан, өмірге, адамға, туған жерге, табиғатқа, сәбиден ақсақалды қарияға дейінгі шексіз сүйіспеншіліктен тұрды. Осындай асыл қасиеттерімен көптің қадірлісі болған Жақып Әбдіхалықов көзі тірісінде «ҚазССР-нің халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталып, «Қазақстан Республикасы кәсіптік-техникалық білім беру саласына еңбек сіңірген қызметкер» деген құрметті атақты ең алғаш иеленіп, республикалық дәрежедегі зейнет демалысына шықты.

Бір ғасыр уақыт өтсе де бұл кісінің ұстаздық өнегесі, тәрбиелік тағылымы, шәкірт алдындағы беделі, Отанға сіңірген еңбегі жайлы ел арасындағы естеліктер жүректі толқытпай қоймайды.

Бақыт ҚЫРҒЫЗБАЕВА,

 ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР кәсіптік-техникалық білім беру саласының озаты,

Ы.Алтынсарин белгісінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<