Жалын ғұмыр, жасын жыр!

830

0

Ойлансаң өзің шамалап,

Аллаға жаның аманат.

Араша тұрар дәрмен жоқ,

Тұрса да жұртың қамалап.

Иә, жалғанның жүзі кімдерге опа болған? Ажалдың қайқы қылышы байдың да, батырдың да, пақырдың да жанын алып қаларға еш айла таптырмаған. Осыдан тура 50 жыл 1 ай бұрын қалың елге қайғы жамылдырып, алашына аза тұттырып қазақтың күміс көмей Көшенейі өткен. 1973 жылдың 7-ші наурызы болатын. Жырдың жығылған туын тіктеп, елдің еңкіш тартқан тарихын қалпына келтіруге талаптанып жүрген жасынның қайғысы ес білер қазаққа оңай болмағаны анық. Сол кезде де жаныңды түршіктірер азалы жырлары арқылы жоқтаушылардың қарасы қалың болғанын оқып білгенбіз. Араға елу жыл салып, күміс көмей Көшенейдің алтын белдігі Арнұр жырау 51 жасқа қараған шағында жалғанды тәрк етіп, мәңгілік мекеніне аттанды.

Ол атақты Жиенбай, Рүстембек жыраулардың ұрпағы, Көшеней жыраудың бел баласы, республика көлеміне танымал жыршы еді. Ес білгелі ата-бабадан мұра болып келе жатқан жыраулық өнердің отын өшірмей, адалдықпен қызмет етіп келді. Облыс орталығындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Халық әні» кафедрасын тәмамдады. Сыр елінің мәдениет саласына өлшеусіз еңбегін сіңірді. Асылдың сынығы, тектінің тұяғы талай сахнада өзіндік мақам-саз, дауыс ырғағымен тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, жырмен сусындатып жүрді.

Еңбек жолында еліміздегі жас жыршы-термешілерге ұстаздық етіп, насихаттауды өзіне парыз етті. Салада біршама жетістікке қол жеткізген өнерпаз Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Халықты рухани демеп жүрген өнер иесі 2006 жылы Қазақстанда тұңғыш рет аудандық Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің ашылуына мұрындық болған қайраткер еді. Осы мекемеге алты жылдай басшылық етіп, өмірінің соңына дейін аудандық мәдениет үйінің директоры қызметін абыроймен атқарды.

Мұндағы іс-шаралар жоғары деңгейде өтетін. Кез келген шараны жоғары деңгейде ұйымдастырудың шебері болатын. «Жігіттің қадірі – өнерімен өлшенер» деп ғасырдың заңғар тұлғасы Мұхтар Әуезов айтқандай, қасиетті домбыраны қолға ұстаған азаматтың қарапайымдылығы мен адамгершілігі өзінше бір төбе екенін Арнұрды танитын, оның көзін көрген әрбір адам білетіні ақиқат.

Ата жолын қуып, әке өнерін мұрат тұтқан Сыр сүлейлерінің жалғасы Арнұр Көшенейұлы көптеген шәкірт тәрбиелеп, өнердің өрісін кеңейту жолында еселі еңбек етті.  Осындай алтын балдақ інісі көшкенде белгілі айтыскер ақын, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Серік Ыдырысов: «Саған осылай естелік жыр жазам деп ойладым ба, алтыным» деп, 

Көшеней тартқан керуен,

Бір көшпен бүгін толықты.

Таусылып сейіл-серуен

Бала мен әке жолықты.

Мезгілсіз ажал келсе егер,

Тәніңді суық қариды.

Сыр елім бүгін теңселер,

Арнұрым тастап фәниді.

Шығарып кеттің жарыққа,

Көшпан жыраудың барлығын.

Керек едің ғой халыққа,

Арманда кеткен Арнұрым,

– деп жоқтады.

 Күніне сағат сайын телефон соғып, бір-біріміздің хабарымызды біліп тұрушы едік. Арнұрдан келетін телефон шырылының өшкеніне де 40 күнге жақындап қалды. Енді сен туралы оңашада ойға беріліп, тек естелік айту ғана қалғаны жүрегімді сыздатып, жанымызды ауыртады.

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<