Жаны нұрлы, жайсаң еді

374

0

Жалағаш топырағының тумасы, есімі ел-жұртына етене таныс асыл азаматтың бірі, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосқан Балғабай Имашұлы биыл 75 жасқа толар еді.

1964 жылдары мектеп бітірушілер үшін туған жерде екi жыл өндiрiсте қалып, еңбек ету басты міндет болды. Комсомол комитетiмен бiрлесе отырып, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына ауыл жастары қысы-жазы қолдан келгенше көмек беретін. Балғабай ағамыз да мектеп бітіргеннен кейiн «Комсомол» совхозындағы тракторшылар дайындайтын курста оқып, ең алғаш трактор руліне отырып, жер жырту, мал азығын дайындау сияқты шаруашылық жұмыстарына араласты. Ол уақытта жүгері дақылы көп егілетін. Өйткені жүгері сиыр сүтін молайтуға,  қоңын арттыруға ең қажетті азық болатын. Мiне, осындай қайнаған еңбекке араласқан жас маман ауыл тіршілігінің қыр-сырына әбден қанықты.

Бұл уақытта «Жаңаталап» ауылын Алдаберген Бисенов басқаратын. Білікті басшының ізіне ерген Балғабай Имашұлы 1965 жылы совхоз атынан берiлген жолдамамен Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түсті. 1970 жылы оқуын жақсы бітіріп, туған жерiне келіп, еңбекке қайта араласты. Жиырмадан енді асқан жас жігітке ауыл адамдары «Бала бастық» деп ат қойып, әзілдейтін.

– «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дегендей, отбасымызда атамыздың анасы – үлкен әжеміз, атамыз және Бәкеңнің анасы – кiшi әжемiз болды. Бәкең – совхозда зоотехник, мен – балабақша меңгерушісімін. Ал сөзі дуалы, сүйегі асыл қазыналарымыз, яғни, ата-аналарымыз отбасының берекесі, балаларымыздың панасы, қамқоршысы еді. Бәкеңнің қызметі көрші ауылға ауысқаннан кейін «Аққырға» қоныс аударуға тура келді. Үйдегі үлкен кісілер өз қолымен тұрғызған қарашаңырақты қимай, «Екеуiң барып қызмет істей берiңдер, бiз ауылда отыра береміз» деді. Оның себебi де бар-тын. Бәкең екеуміз 2-курста оқып жүргенде отау құрғанбыз. Үйленгеннен кейiн үш жыл бөлек жүргенiмiздi ескерген ата-анамыз тағы бөлектеуді құп көрмеген сыңайлы. Бірақ мен ол кісілерсіз ешқайда бармайтынымды айттым. Осыдан соң, ауылдан көшуге бел байладық. Әлі есімде, көлiкке үйді тиеп болған соң, атамыз қонысын кимай көзіне жас алып тұр екен. Үлкен әжеміз машинаға мiнiп көрмеген кісі, түйеге текеметтен қоршау жасап алып барғанбыз. Елдегi ағайын-туыс «көш көлікті болсын, талаптарың оң болсын» деп отбасымыздан дәм татып, бата берiп шығарып салды. Ал «Аққырға» келгенiмiзде, алдымыздан ауыл ақсақалдарымен бірге Шәймағанбет атамыз батасын беріп, күтіп алды. Міне, ата-аналарымыздың осындай бауырмалдығы, адамгершілігі мен сыйластығы әлі күнге есімнен кетпейді. Айналып келгенде, елдің ынтымағы мен бірлігі сол кісілердің ақ тілеуі екен ғой, – дейді Балғабай ағамыздың жұбайы Рыскүл апамыз.

Иә, Балғабай Имашевтың қызмет жолындағы өрлеу тұсы сол Қызылқұм қойнауындағы киелі мекен – «Аққыр» ауылынан бастау алған еді. Ал 1975 жылдары ауданды басқарған Сұлтан Амановтың ұсынуымен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары болып тағайындалды. Адал қызметі мен іскерлігінің арқасында өзіндік қарым-қабілетін таныта білген ол кейiн «Коммунизм» совхозының партия комитетiнiң секретары, Жалағаш аудандық партия комитетiнiң ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтерiн атқарды.

1985-1988 жылдары ол «Жалағаш» совхозының директоры қызметіне тағайындалды. Әдеттегідей толассыз тіршілік, кезегін күтіп тұрған көп жұмыстар жүзеге асырыла бастады. Жаздың ыстығы, қыстың суығына қарамай, Қызыл мен қырдың арасында мал шаруашылығын дамытуға  аянбай еңбек етті. Қойды жылына екi төлдету үшiн жылы қоралар жасап, малдың жем-шөбiн дайындап, төл алу нәтижесiн жоғары деңгейге жеткiздi. Совхозда облыстық семинар-кеңестер өткізіліп, мал бордақылап, ет өндiрудiң озат әдiстерi енгiзiлдi. Осындай жұмыстардың нәтижесінде совхоздың экономикалық жағдайы тұрақталып, табысы арта түсті. Мал шаруашылығымен бiрге егiн шаруашылығы да ілгері басты. «Бұқарбай батыр» каналы қайта қазылып, халықтың бақша егумен айналысуына жағдай жасалды, көкөніс, дәнді дақылдар, малға жем-шөп дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілді. Осындай қажырлы еңбегiнiң арқасында совхоз үш жылда облыстағы озат шаруашылықтардың қатарына қосылды. Осынау еңбегі облыс тарапынан бағаланып, Балғабай Имашұлы аудандық совет атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Жаңа қызмет, жауапкершілік жүгі еселеп артты. Осы жерде тағы да Рыскүл апамыздың әңгімесіне кезек берсек:

– Әлі есімде, 1989 жылы халқымыздың асыл азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов атамыздың 90 жылдығы болды. Жалағаш кентіндегі Садовая көшесіне Т.Жүргеновтің есімін беру жөнінде шешім қабылданды. Сол жылы Алматыдан арнайы келген Темірбек атамыздың жары Дәмеш әжемізге отбасымыздан дәм татқызған едік. Ол кiсiмен бiрге Асқар Тоқпанов, Шолпан Байтұрсынова, Әбдiжәмiл Нұрпейісов, Мардан Байділдаев келiнi Райса Ермекова секiлдi есiмдерi Алашқа танымал азаматтар бiздiң шаңырақта болып еді.

Ол кезде аудан басшысы Биғали Қаюпов, шаңырақ иесі Бәкең екеуі қонақтарға барынша қызмет көрсетті. Елдің құрметіне риза болған Дәмеш әжеміз «Темiрбегiмнiң ел- жұртына ризамын, оның iзiн қуған жалынды, жігерлі, халқының қамын ойлаған осындай iнiлерiне ақ батамды берейiн» деп дастархан басында батасын берген едi, – дейді апай.

Балғабай Имашұлы ауданнан шалғай жатқан «Жаңадария» совхозын басқарған уақытында да талап деңгейіне сай жұмыстар ұйымдастыра білді. Жылына екi рет мал азығы дайындалып, мал басының өсуі, аман сақталуы қамтамасыз етiлдi. Бiрақ көп ұзамай қоғам өзгеріп, нарықтық қатынасқа көшетін кез келді. Совхоз  жекенің қолына өтті, бiрнеше ұжымға бөлініп, шағын қожалықтар пайда болып, шаруашылық тарады.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі, 1995-2002 жылдар аралығында аудандағы жұмыспен қамту орталығының директоры қызметiн атқарды. Иә, ол кез жаппай жекешелендіру, жұмыссыздықтың белең алған тұсы еді. Мемлекеттен алатын аз ғана жәрдемақыға күн көретiн отбасылар көбейіп, халықтың жағдайы тым ауыр болды. Сол қиын кезеңде орталық басшысы ретінде осындай көптеген отбасылардың жәрдемақы алуына қолынан келгенше көмек берген еді. Жақсылығын көрген жандар әлі күнге дейін алғысын айтады.

Аудандық мәслихат хатшысы Кенжеғара Сүлейменовпен өмірінің соңына дейін қызметтес болып, мәслихаттың бас маманы қызметін атқарды. Иә, Балғабай ағамыздың бойынан азаматқа тән жақсы қасиеттердің барлығы табылатын. Кейiнгi жылдары өмірден көргені мен түйгенін өлең, толғау, арнауларға арқау етіп, ақындық қырынан көрiндi. Ол кісінің  «Аққыр деген ауыл бар Қызылқұмда», «Балықшы қыз», «Қызылорда – құт мекенім» атты толғауларын бүгінде белгілі жыршылар үлкен сахналарда орындап жүр. Алғашқылардың бірі болып, сахнаға жол тартқан туындысы композитор Ә.Молдағайыновтың әніне жазылған  «Қызылорда – бақ таңым» атты өлеңі болатын. Сондай-ақ, Ұлттық арнаның «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты бағдарламасында «Естілмеген бір ән» телехабарында «Сыр саңылақтары» атты толғауы орындалып, Ұлттық арна  қорында сақталып қалды.

Жан дүниесі көркем Балғабай Имашұлының жыр әлеміне берері көп болатын. Алайда өлшеулі өмір оған мүмкіндік бермеді… Ол бiтiмдi болмысымен үлкенге iлтипатты iнi, жасы кішіге жанашыр аға, өз ортасына сыйлы жолдас, сенiмдi дос, ал отбасына, ағайын-туысына қара ормандай қабырғалы қорған бола білді. Саналы ғұмырында күш- жiгерiн кiндiк кескен туған жерін түлетуге арнады. Адам деген ардақты атқа лайық мәнді де мазмұнды ғұмыр кешті.

Жайсаң азаматтың жұрт жадында қалған өрнекті өлеңі, сәулелі сөзі, сәтті айтылған қазақы қалжыңдары әсте ұмытылар ма? Елге сіңірген еңбегінен бөлек, шығармашылық дейтін тылсым әлемнің тереңіне бойлаған оның рухты жырлары жүрек түкпірінде жасай берері хақ.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<