Жақсының өнегесі өшпейді

194

0

Ел құрметіне бөленген парасатымен, биік адамгершілігімен, аққөңіл, ақжарқын мінезімен дараланған Айекеңнің өткен өміріне көз жүгіртер болсақ, қазақтың әр азаматына үлгі-өнеге боларлықтай ғибратты ғұмыры кестеленіп жатыр.

Айтулы азаматтың балалық  шағы Сыр өңіріндегі Қармақшы ауданында қазіргі Тұрмағамбет ауылынан бастау алды. Жұбайы Қадиша Асқарқызы да  текті тұқымнан шыққан. Айекең оқығаны, көңілге тоқығаны көп, арғы-бергі тарихтан мол мәліметі бар, пайым-парасатты үлкен азамат еді. Өзін қоғам өмірінің тыныс-тіршілігінен бөліп қараған емес.

Өмірден өткен бабаларымызға зиярат етіп, олардан қалған даналық сөздер мен өлеңдерді, мақал-мәтелдерді сол қалпында кейінгі ұрпаққа жеткізудегі еңбегі ерекше. Адамдарға қол ұшын созу, қайырымдылық көрсету Айекең мен Қадишаның күнделікті әдетіне айналды.

Бұдан 30-40 жыл бұрын Алматы қаласында тұратын қармақшылықтар жоқтың қасы болатын. 1968 жылы арнаулы жолдамамен Алматы қаласындағы Құрылыс бұйымдары өнеркәсібі министрлігі зауыттарының біріне бас инженер қызметіне жіберіліп, ұзақ жыл жұмыс жасағанын жақсы білеміз. Сол кездің өзінде Айекеңнің үйіне бара қалсаңыз, отырарға орын таппайсыз. Ауылдан Алматыға келіп оқып жатқан студент балаларды Айекең мен Қадиша туыс, туыс емес деп бөліп-жарып, жатырқап көрген емес. Олардың Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алуына қол ұшын беріп, үлкен қамқорлық жасаған.

Бала кезімізде оның Шымкент қаласында Қазақ технологиялық институтында оқып жүрген студент шағында бокстан қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлде алып жүргеніне қызыға қарайтын едік. Бірде тетелес ағасы, Семей медицина институтының түлегі Өмірбек Жалбыров інісімен жолаушылар пойызының төбесінде танысқанын айтқан еді. Ол кезде билет алуға студенттердің қалтасы көтере бермейтін. «Айекеңмен Түркістан тұсы ма, есімде жоқ, пойыз үстінде танысып, ағалы-інілі екенімізді біліп едік» деп отыратыны әлі есімізде.

Айысбек Тәуенов халықшыл азамат болатын. Елде торқалы той, топырақты өлім болғанда қалмай келіп, үлкендігін жасайтыны кейінгілерге өнеге деп білеміз. Үлкен жиын-той, басқосуларда ата-ағаларынан естіген, көңілге тоқығандарын мысалға ала отырып, нақышына келтіріп, кесек-кесек жақсы әңгімелер айтқанын, соңынан ерген інілері бізге, бізден кейінге ұрпаққа өнеге демей не дейміз?!

Ол Шымкент Қазақ технологиялық институтын «Силикаттар технологиясы» мамандығы бойынша бітіріп, әуелі Қарағанды қаласына, кейін Алматы кірпіш зауытына бас инженер ретінде жіберілді. Бір жерде 20 жылдай жұмыс жасайды, 1978-1980 жылдары Қазақ ССР Мәдениет министрлігі жанындағы «Казреставрация» мекемесінде бас директор қызметінде жүргенде Түркістандағы ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауи, Жамбылдағы Айша бибі кесенелерін, Жаркенттегі Уәлі бай мешітін, Алматы облысындағы Жамбыл музейін, тағы да басқа көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта қалпына келтіруге қатысты.

Өзінің туған жеріне де қол ұшын беруден құр қалмады. «Қармақшы» кеңшарында, тағы да басқа шаруашылықтарда кірпіш шығаратын зауыт салуға көп жәрдем жасағанын жерлестері әлі ұмыта қойған жоқ. Осындайда бір мысал ойға келер еді. Құнарлы топыраққа түскен дән қаулап тез өнеді, сортаң, құнарсыз жерге түскен дәннің тез өнуі, жетілуі қиын. Айекеңнің өткен өмірі де осы мысалдағы дән сияқты. Мұндайда өмір белсенділігі, бұрылысты сәттерде жақсы ортада тәрбиелену өте маңызды болғанын айту парызымыз.

Айекең Қадиша екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, бес немере сүйді. Үлкені Қайрат, оған тете Марат, кішісі Қанат – бәрі де ержеткен азаматтар. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, інілеріміздің үлкеннің алдын кеспей, нағыз ел азаматтары болып өсіп келе жатқанына қуанамыз.

Жақында асыл азаматтың дүниеден озғанына он жыл толуына орай ас берілді. Асқа жиналған қауым жақсы адамның тірлікте атқарған істерін кейінгіге үлгі етіп айтып, рухына дұға бағыштады. Ізіне өнеге қалдырған адамның ісі де, аты да өшпейтініне тағы да көзіміз жетті.

Нұртілеу САЛЫҚОВ,

Қармақшы ауданының құрметті азаматы