Жақсының жолы жарық шамдай

510

0

Мен Сұлтан Шаханұлы Амановты бұрын сырттай білетінмін, ал 1973-1975 жылдары бір мекемеде қоян-қолтық  қызмет істедім. Сол уақытта оның талай тамаша қасиеттерін аңғардым. Содан бері отыз жеті жылдан астам уакыт артта қалыпты. Осы кезеңде жеке адам өмірінде де, қоғам өмірінде де айтулы өзгерістер болды.

Сұлтан Шаханұлы 1932 жылы Қазалы ауданының қазіргі Жанқожа ауылында дүниеге келген. 1951 жылы Қазалыдағы №7 орта мектебін күміс медалімен бітіргеннен кейін Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетіне түсіп, оның экономика факультетін 1957 жылы үздік бітіріп шықты.

Еңбек жолын Қазалыдағы ауылшаруашылығы техникумында ұстаздық етуден бастайды. Алымды, сауатты, іскер кадр ретінде облыстық комсомол комитетінде әуелі бөлім меңгерушісі, кейін екінші және бірінші хатшылығына дейін көтерілді.

Жұмысты ұйымдастырудағы қабілетімен көзге түскен ол Шиелі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Мұнда да жақсы жағынан көрініп, Жалағаш аудандық советі атқару комитетінің төрағалығына жоғарылатылды.

Облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетіне хатшы болды.

Мәскеудегі Орталық партия комитеті жанындағы Қоғамдық Ғылымдарының Академиясына оқуға жіберілді. Бұдан кейінгі оның өмірі Алматы қаласында өтті. Академияны бітіргеннен кейін ол республикалық мемлекеттік кәсіптік-техникалық оқу комитеті төрағасының орынбасары, республикалық халықты еңбекке тарту, орналастыру жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып жүргенде, 1990 жылы дүние салды.

Оның қандай бір мәселені талқылау кезіндегі сол сала бойынша жан-жақты терең білімдарлығы қызметтес болған барлығымызды тәнті етуші еді. Жұмсақ, қоңыр даусы даналықтан, мейірбандықтан хабар беретіндей әсер қалдыратын. Отырыстарда өзін еркін ұстайтын және басқаларды да еркін отыруға шақыратын.

Қолына домбыра алып, шертіп-шертіп жіберіп «Қаракесек» атты әнді айтқанда кім-кімді болса да тамсандыратын-ды.

Сонда Сұлтекең:

– Мен Мәдидің «Қаракесек» әнін айтқанымда бойыма бір күш пайда болғандай сезінемін. Мінекей, ән жолдарының өзінен-ақ оның адамды елдікке, ерлікке шақырып тұрғанын аңғаруға болады, – дейтін. Сондағысы:

– Сұрасаң руымды Қаракесек,

Досымнан дұшпаным көп қылған өсек.

Үстінде шәйі мамықтың толықсушы ем,

Жатқаным қу қара жер болып төсек.

Міндім де қаракөкпен жылыстадым,

Бардым да қара өткелге жыл қыстадым,

Науқасым жанға батып жатқан кезде,

Болмады жаны ашитын туысқаным, – деген өлең жолдары еді.

Сұлтекең осы әнді айтқан кезде тыңдаушысы әнмен бірге толқып, әнмен бірге  көңіл күйі көтерілгенінің талай рет куәсі болғаным бар. «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын» деген нақыл сөз осындай тұлғаларға айтылса керек-ті. Өйткені, ол бірінші хатшымын деп бәлсінбей осындай отырыстарда әнді әнге қосатын және де оны:

– Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі,

Жақсының жүрген жері ойын-күлкі, – деп аяқтайтын.

Оның кеудесіне екі рет «Құрмет белгісі» ордені,  кеңестік дәуірдің ең жоғарғы наградасының бірі – «Ленин ордені» тағылды. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрметті экономисі» деген атаққа ие болды.

Әсіресе оның «Ленин» орденін Жалағаш ауданында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүргенде алғанын айырықша атауға тура келеді. Аудан 1973 жылы облыс бойынша мемлекетке күріш тапсыру міндеттемесін артығымен орындап, күріштің өнімділігінен бірінші орынға шыққан-ды. Әрине, қандай табысты да жалғыз адамның еңбегі деуден аулақпыз. Дегенмен жеке адамдардың ұйымдастырушылық рөлі мен еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ауданның бірінші хатшысы ретінде Сұлтан Амановтың осындай дәрежеге көтерілуіне, құрметке бөленуіне, мемлекет тарапынан жоғары наградаға ие болуына, қазіргі заманның тілімен айтқанда оның командасындағы азаматтар ауызбіршілікпен ұйымдасқан түрде еңбек етті. Ендеше олардың да аттарын атаудың артықшылығы бола қоймас. Олар – аудандық советі атқару комитетінің төрағасы Сейітнәби Мұқашев, орынбасарлары Темірхан Бекжанов, Мәди Әбдіраманов, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қаһарман Табынбаев, хатшысы Нәзтай Сермаханова, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ойшы Ысқақов, «Мәдениет» совхозының директоры Ұзақ Еспанов, «Жаңаталап» совхозының директоры Шатбек Ержанов, Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхозының директоры Молдағали Сариев, «Коммунизм» совхозының директоры Мөрәлі Шәменов, «Аққұм» совхозы директоры  Нағымар  Назмаханов, Калинин атындағы совхоз директоры Төлеген Сүлеев, «Таң» совхозының директоры Молдаш Мусаев, «Жаңадария» совхозының директоры Қаппар Ысқақов, Жалағаш совхозының директоры Өмірзақ Тұңғышбаев, аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Телжан Есниязов және басқалар болатын. Олардың әрқайсысы бір тұлға еді.

Сұлтан Аманов жайындағы мақалада оның кісілік келбетін, адамгершілік қасиетін айтпау мүмкін емес. Бұл адамның бауырмалдығы мен мейірмандығында шек жоқ десе болғандай. Турасын айтқанда, ол кең пейілді, қайырымды, досқа бүкпесіз, ашық та адал, дұшпанына ымырасыз, қатал да әділ. Әлсіздерге басынып кеуде көтермейтін, күштілерге бағынып бас имейтін, өзін көзінше мақтағанды, өзгені сырттан даттағанды ұнатпайтын. Айқайлап дауыс көтермейтін, үні майда, сөзі маңызды, сөйлескен адамын еріксіз өзіне баурап алатын дарын иесі еді.

Сұлтан Амановтың аялы алақанынан талай азаматтардың үлкен өмірге жолдама алғанын,  оның қарымын қайтарған кадрлардың да бар екенін айтсам, оның аруағы риза болар.

Өмірзақ Тұңғышбаевты Жалағаш совхозына директор, Садық Әлиевті аудандық «Қазсельхозтехника» бірлестігіне бастық, Зордан Салықбаевты «Жаңадария» газетіне редактор, Көптілеу Тоқсановты «Аққыр» совхозына партком хатшысы, Балғабай Имашевты аудандық ауылшаруашылық басқармасы бастығының бірінші орынбасарлығына, Ғазиз Ержановты жол жөндеу мекемесіне бастық етіп жоғарлатқан-ды.

Әрине, бұл тізімді одан әрі тізбектей берудің қажеті бола қояр ма екен деп тоқтамға келдік. Уақыт бірінші хатшының кадр таңдауда қателеспегеніне жоғарыда аты аталған азаматтардың өмір жолы дәлел бола алады. Бір сөзбен айтқанда, Сұлтекеңнің тәрбиелеген кадрлары сол дәуірдің белді азаматтары, білікті басшылары болып өсті. Шаруашылық аудан, облыс, тіпті республика деңгейіндегі жауапты қызметтерге көтерілді.

Әңгіме арасында Сұлтекең әкеден жалғыз екенін айтып отыратын еді. «Артыңда інің, алдыңда арқасүйер ағаң болғанға не жетсін?!» дейтін-ді. Құдайға шүкір, жұбайы Лиза екеуі 36 жыл бірге өмір сүріп, үш қыз, бір ер бала тәрбиелеп өсірді. Мұраты Алматыда техникалық училищенің директоры, қызы Алма Қарағанды қаласында мектеп директоры, Айнасы Алматы қаласының әкімшілігінде сектор меңгерушісі, Анары республикалық кітапханада бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Бүгінде барлығы зейнеткер.

Туған ауыл, кіндік қан тамған жер кімге болса да ыстық, жаныңа жақын тұрады. Соның белгісі ретінде туған жері оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін 1998 жылы Қазалы қаласындағы өзі тұрған, балалық шағын өткізген үйдің көшесіне Сұлтан Аманов аты беріліп, ескерткіш орнатылды.

Әрине, қоғамның бір орында тұрып қалмайтын жансыз дүние еместігіне тарих куә. Ол әрдайым өзгеру, даму мен даралану сияқты кезеңдерді бастан кешіреді. Алдыңғы буын ағалар, кеше мен бүгінге куә болғанымызға мақтаныш сезіммен шүкіршілік етеміз. Жаңа дәуірдің, жаңа заманның, өркендеуіміздің, елдігіміз бен егемендігіміздің бүгінгі ұрпақтың пешенесіне жазылғанына олар мақтаныш сезіммен қарауға тиіс.

Бүгінде елдің тұлғалы азаматтары атанып, тарихты жасауға үлес қосқан біздің тұрғыластарымыздың бірсыпырасы арамызда жоқ. Олар жайлы айту, жазба түрде дерек қалдыру біздің үлесімізде. Сол борышты, сол аманатты атқару, Сыр топырағының түлегі Сұлтан Аманов жайлы және ол сияқты тұлғалар туралы сыр шерту, олардың азаматтығын әр қырынан бүгінгі ұрпаққа айтып беруді қалай болғанда да біреу атқаруы тиіс. Олар жайлы білгенімді айтуым, үзеңгілес еңбек еткендіктен. Ендеше, әр нәрсе өз дәуіріне қарай сипатталады деген тұжырым осындай негізден туса керек.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<