Жауһар тереңнен жарқырайды

286

0

Дүзбенбет баласы Жиенбай – өз заманының дарабоз жыршысы, жыраулықтың жампозы атанған өнер иесі.

Ақын Қуаныш Баймағанбетұлының:

«Жиенбай жыр дүлдүлі Кетедегі,

Шәкірт қып көп шайырды жетеледі…», – деген сөзін еске түсірсек, жыраудың биік дәрежесін танимыз.

Осы биік дәреже, даңғайыр дарын Жиенбайдың бел баласы Рүстембекке, одан немересі Көшенейге көшкен.

Рүстембек баласы Көшенейдің де өмірі тым келте болған. «Азырақ жүріп ортаңда, көңіліңде қалсам көбірек» демекші, Мәскеуде оқып жүрген өнерпаз жиырма жеті жасында қапыда қаза болады. 

Көшеней – дидарын көрмеген мыңдаған адамды дүр өнеріне тәнті қылып, қаза қайғысына жылатқан жан. Соның бірі – өзім, былай деп жыр-жоқтау жазғанмын.

– Ерен, ерен, ерен күн,

Басы  бітеу керең күн.

Сұңқарымды атқан күн,

Сені кімге теңермін?

Өзегін өрт шалдырдың,

Өлмес мұра өнердің.

Шуақты еді күн қандай,

Шуағынан дым қалмай.

Қос өкпеме біз сұғып,

Он қабырғам сынғандай.

Ой түбіне қамалдым,

Он бір құлаш зындандай.

Қас-кірпікке мұң қонды,

Зарлаған тек тіл болды.

Қайғы адамды тірілтсе,

Қайта келер күн болды.

Арты кеніш болсын деп,

Арнұр деген ұл берді…

Иә, сол Арнұрдан да айрылғалы жылдың жүзі аунапты.

Ер жасына енді жеткен шағында асыл азаматтың бақиға аттануы  жанымызды жылатты. Арнұрдың тылсым иірімге толы қоңыр үні сырбойылық талғампаз жұршылықтың жүрегінен берік орын алғаны бек ақиқат. Олай дейтініміз Арнұр жырауды өзіміз де талай тыңдағанбыз, тамсанғанбыз.

Бұқар жыраудың ұрпағы Жүнісбек Жолдинов деген атамыз жас Көшенейдің жырлағанын көргенде:

«Ата жолын қуыпты,

Бала жырау балдырған.

Бұл не деген сыбызғы,

Есімізден тандырған…», – деп арнау жазған екен. Дәл осы мінезедемені Арнұрға қарата айтса да болады. Ата жолын қуып, мирас болған жыраулық, жыршылық өнерге адал қызмет етті.

Арнұр Көшенейұлы туралы айтқанда біздің көз алдымызға алдымен оның адами тұлғасы елестейді.

Атадан аманат болып қалған жыраулықтың байрағын түсірмей, байламын босатпай бойынан жоғары ұстаған Арнұр күйбең тірлікте өте қарапайым еді. Атадан балаға көшкен хас өнердің иесі болып, жыршы-жыраулардың көптеген байқауларында жүлдегер атанған жүйріктігі оны ешқашан жұрттан бөлектеген емес. Баяғы таңды таңға ұрып жырлайтын жыраулардың көзі ортамызда жүргенін сезіне бермейтінбіз.

Арнұр 2007 жылы Тұрмағамбет шайырдың 125 жылдығына арналған республикалық жыраулар байқауында бас жүлде «Джип» автокөлігін олжалады. «Атамыздың маған емес, сендерге бұйырсын деп берген көлігі ғой» дейтін, қайда барамыз десек, сыйғанымызша мінгізіп алатын.

Біраз жыл Шәмшат Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйінің директоры болып қызмет етті. Ауданға барған өнер адамдарын түгел өзі күтіп жүретін. Өнер жанашыры есебінде қаншама игі істердің ұйтқысы болды.

«Аймақтар аламанын» ұйымдастырып, танылмай жүрген аудан көлеміндегі қанша жас өнерпаздың тұсауын кесті. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Айқаракөз» би тобы «Нұрлы жастар» атты республикалық өнер фестивалінде І орын, Шымкентте өткен «Таңғы шұғыла» республикалық байқауында І орын, Алматыда өткен республикалық би байқауында Гранпри жүлдесін жеңіп алды.

Осының бәрі Арнұрдың тынымсыз еңбегінің нәтижесі болғанын жақсы білеміз.

 Арнұр – аз жасаса да, өзінің соңына өлмес мұра қалдырған дарын. Оның жыр қоржынында бірнеше эпостармен бірге Жиенбайдың, Тұрмағамбет шайырдың ондаған термелері болды. Ол осы термелерді орындап қана қоймай, олардың тарихына терең үңіле білетін білім иесі еді. Арнұрдың орындауындағы жауһар шығармалар бүгінде Сырдың алтын қорында сақтаулы тұр. Сондықтан да қазықтың өзі мен жыры тұрғанда Арнұрдың су түбіндегі жауһардай жарқырай беретіні анық. Өйткені, ол атадан балаға көшкен ұлы өнердің мираскері болатын.

Дүйсенбек БЕРКІНБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<