Жүрегімізде өшпес із қалдырған

462

0

Қандай халықтың болмасын, қалыптасып, өсіп-өркендеу жолы, санғасырлық тарихы болатыны сияқты әрбір әулеттің өткені мен бүгінгі тірлігі, сондай-ақ болашағы біртұтас екені белгілі. Ал оның үзілмес алтын арқауы  ұрпақтар сабақтастығы деп ойлаймын. Сондықтан да ата-бабаларымыз ертеден-ақ  баланы рухани, дәстүрлік, отаншылдық тұрғыда тәрбиелеуге мән берген. Біздің ұлтымызда әке – асқар тауың, қасиеттіліктің, тектіліктің, кеңдіктің, азаматтық биіктік пен мәрттіктің, ана – адамзат үшін мейрімділіктің, ибалылық пен инабаттылықтың қасиетті де киелі ардақтысы, ал ағалар тұлғасы өзінің бітім-болмысымен кейінгілерге үлгі-өнеге болады.

Менің екі көкем, әкемнің қос қанатындай болған Сәбит Мәдібеков пен Серікбай Бисенов – өзім үшін бала кезімнен бірінші, әрбір іс-қимылдары үлгі-өнеге болған ардақты ағаларым. Бүгінгі негізгі әңгіме солардың бірі Сәбит көкем туралы болмақ. Дегенмен, егіз қозыдай қатар жүріп ер жеткен қос көкемді бір-бірінсіз айту қиын. Мен дүниеге келгенде Сәбит көкем мен Серік көкем «Мәдениет» пен «Аққұм» ауылдарының екі ортасын жол қылған екен, інілі болдық деп, жаяу-жалпылап тарта берген ғой. Бұл жерде оның себебі «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген арман-тілек болса керек. Мен – Бисен атамның ер баладан көрген бірінші немересімін, көптен күткен атұстарымын. Алдымда екі апам бар. Қарттардың сол көңіл түкпіріндегі кернеген қуанышы бозбала жасындағы қос көкемнің шексіз қуаныштарынан, балаң істерінен байқалып тұрғандай.

Әкеміз – қоғам мен мемлекет ісіне барынша берілген адам, таңертеңнен кешке дейін жұмыста болады. Елі үшін ерен еңбектің үлгісін көрсете білген тұлға. Сөйте тұра, ол кісі бала тәрбиесіне айрықша мән берген. Бірақ сол кезде оны бүгінгі күннің мінберінен бағалай да алмадық-ау, сірә. Сәби кезімнен бастап мен көкелерімнің шынайы сезімі мен ықыласына бөленіп, олардан үлгі-өнеге алып өстім. Алдында ағалары бар баланың еркіндігі де, еркелігі де белгілі емес пе?! Бұл қарым-қатынас, бір-бірімізге деген шынайы ықылас мектепте, институтта оқыған кездерімде  де, одан кейінгі өмір жолдарымда да жалғасын тапты. Сол кісілермен болған кездерімді есіме алған сайын қазақтың «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы…» деген сөздері менің ағаларыма айтылғандай болады да тұрады.

1970 жылдың қыркүйегінде мен Қызылордадағы С.Сейфуллин атындағы №4 мектепке келіп, 7-сыныптан бастап қалада оқуымды жалғастырдым. Үлкен апам Ағайша институтқа, ал Розамен осы мектепке бірге оқушы болып келдік.

Оған себепші Сәбит көкемнің Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп, осы мектепке физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасуы десе де болады. Бірақ мәселе тереңде, әке-шешеміздің «балаларымыз сапалы білім алсын, орысша үйренсін» деген игі ниеті мен биік мақсатында еді. Соған ұйытқы, бастамашы болып жүрген Сәбит көкем болатын.

Сол кезден бастап менің балалық балғын шақтан жасөспірімдік кезеңдегі қалыптасу жылдарым Сәбит көкемнің жанында өтті. Ол кезде көкем әлі үйленбеген болатын. Ауылдан Кенжегүл әжемізбен бірге бізді қалаға көшіріп алып келіп, Жамбыл көшесіндегі №5 үйде пәтер жалдап тұрдық. Сонымен, әжеміз жанымызда, көкеміз де қасымызда, оқуға кірісіп кеттік. Бірінші тоқсанда мен, әсіресе, орыс тілінен қатты қиналдым, оның үстіне ауылдағы балалық шағымның әрбір күнін армандап, сағыныш сезімімен өмір сүрдім. Сәбит көкеммен институтта қатар оқыған Рахима Дауылбаева апай орыс тілінен қосымша сабақ берді. Сол сияқты көкем физика мен математикадан арнайы бағдарламамен өзі үйде оқытты.

Мектепте сабақ берген мұғалімдерім Қасымбек Ыбыраев, Үміткүл Айманова, Тоқсұлу Көшербаева, Жүсіпәлі Ахметов, Сағындық Жүнісов, Гүлбарам Сәдуақасова, Райкүл Сералина, Айнаш Кұлсариева, Алуа Разақова, Жібек Есенжолова, Спандияр Дүйсеков сынды ардақты ұстаздарымның еңбегінің арқасында сапалы білім алып, мектепті алтын медальмен бітірдім.

1974 жылы оқуға түсуге Алматы қаласына барғанымда алғашында жанымда Серік көкем болып, пәтерге орналастырды. Кейіннен Сәбит көкем келіп, емтиханға дайындалуға көмектесті. Мен құжаттарымды сол кездегі В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына тапсырғанмын, физика пәнінен «5» деген баға алып, студент атандым. Сол кезде Сәбит көкем менің шәкірттік, өзінің ұстаздық еңбегінің нәтижесін сезінді-ау деп ойлаймын. Мен де, әрине, қатты қуандым, дегенмен балалықпен шынайы қуанышты сезіне алмаған болуым керек, бірақ жетістік пен жауапкершіліктің дәл ауыр жүгі, ойлап отырсам, көкемде екен ғой. Содан бері қаншама шәкірт оқыттық, таланттыны ғылым жолына жетеледік, байқағаным, ұстаздың «инемен құдық қазғандай» қиын еңбегі шәкіртінің шыққан биігі, алған асуымен бағаланады екен.

Сәбит көкемнің өмірден алған тағылымы мен тәрбиесі, оқығаны мен тоқығаны ауқымды, дүниетанымы терең, жан-жақты адам еді. Ол қоғамда болып жатқан барлық саяси-экономикалық, мәдени үрдістердің мәнін түсініп, қоғамның тыныс-тіршілігін сезініп отыратын.

Біз әкемізді «папа» дейміз, қос көкем де «папа» дейтін, ал ол кісілерді «көке» деп айтуды бізге менің Зүбайра анам үйретті. Сәбит көкем институт қабырғасында оқып жүргенімде де маған бағыт-бағдар айтып, жол сілтеп отыратын.

Мектепте оқып жүрген кезімнен бастап мен шынымды да, сырымды да сол кісіге айтып, ақыл-кеңес алатын едім. Жасымызда алшақтық болса да біз бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз.

Институттан соң Алматы қаласында өзім бітірген          В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында жұмысқа қалдырылдым. Ондағы мақсатым аспирантураға түсу еді. Ол кезде үздік оқыған білімді жастар ғана ғылымға ұмтылатын. Оған терең білім мен қарым-қабілет және арнайы дайындық керек еді.

1980 жылы қаңтарда Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалына жұмысқа келгенімде Сәбит көкем облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқаратын. Ол кісі менің ғылым жолына түскеніме қатты қуанды. 1982 жылы аспирантураға түстім, ол кезде де қуанышында шек болған жоқ. Менің әрбір алға басқан қадамыма, қол жеткізген жетістігіме мерейленіп отыратын.

Оның қандай ерекшелігі бар еді? Біріншіден, ол жаны кіршіксіз таза, жүрегі ақ, ойы жарқын еді. Ойындағысын жүзеге асыра білетін. Екіншіден, жас кезінен бастап еңбек етіп, қоғамға көп пайда келтіруді өмірінің ұстанымына айналдырған жан еді. Осындай адамдардың жанқиярлық еңбегінің арқасында ел өркендеді, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі жақсарды.

Көкелеріміз өткен өмірдің соқпағына біз де түстік. Жұбайым Гүлсім екеуміз Қызылордада пәтер жалдап тұрып, әулетімізде қалыптасқан дәстүр, үлгі бойынша іні-қарындастарымды қаладағы мектепке оқытып, олардың азамат болып қалыптасуына септігімізді тигіздік. 1981 жылы бұрынғы қала аумағындағы шаруашылықтың ізімен аталатын қаланың «Коммунизм» деген бөлігінен үй салатын учаскелік жер алып, алғашында времянка салып, содан соң үйдің іргетасын қаладық. Мен бұл кезде Мәскеуге аспирантураға түсуге дайындалып жүргенмін. Бұл жайды еске алып отырған себебім, алдымда үлгі болып жүрген Сәбит көкем өте еңбексүйгіш адам еді, сол қасиет маған да дарығаны ғой, мен де ағам сияқты қиындықтан қашпайтын болып қалыптастым.

Жоғарыда айтқанымдай, алдымда екі көкем – Сәбит және Серік ағаларым бір отбасында тәрбиеленіп, егіз қозыдай болып өскен. Менің анам Зүбайра қайныларының бірін – Төрежан, екіншісін – Молдажан деп атайтын. Екеуіне киімді де бірдей алатын, қамқорлықты да, талапты да бірдей қоя білетін. Балалық шағы соғыс жылдары мен одан кейінгі елді қалпына келтіру уақытына тура келген ағалар кішкентайынан еңбекке араласқан. Сәбит көкем студент кезінде каникулда ауылға келіп, мың баудан пішен орған. Мен 8-сыныптан бастап Сәбит көкеме еріп, жазғы демалыста бақша егетінбіз. Оның қыстық азықтан басқа өнімін сатып, маған костюм әперетіні әлі есімде. Адамды еңбек, оның ішінде нәтижелі еңбек тәрбиелейді. Сәбит көкем осындай еңбегінің арқасында папамның қолдауымен алғашында «Урал» мотоциклін, кейіннен «Жигули» автокөлігін алды. Сол жылдардағы бақша егу маған киім ғана емес, өмірлік тағылым мен нағыз еңбекке баулудан берілген сабақ еді. Демек менің азамат болып қалыптасуыма, ғылым жолына түсуіме, сондай-ақ тынымсыз еңбектің қадірін білуіме Сәбит көкемнің тәрбиесі ерекше болды.

Аспирантураға түскенімде ол жолға шығарып салып тұрып: «екі-үш айдан кейін артыңнан Мәскеуге Гүлсім де барады» деген еді. Арада он бес күн өткенде, 22 желтоқсанда «Сәбит көкем жол апатынан қайтыс болды» деген қаралы хабар келді. Мен үшін өмірдегі ең ауыр соққы осы болды. Төбемнен жай түскендей есеңгіреп, ұшақтан ұшаққа ауысып, кешке дейін Қызылордаға ұшып жеттім.

Жалпы мәдениетті адам болу өзіңнен бұрынғыдан дұрыс тәрбие, үлгі-өнеге алу екеніне мен толық қосыламын. Алматыда оқып жүрген кезімде де, кейінгі жылдары да үнемі телефон арқылы хабарласып, жағдайымды біліп тұратын. Осындай асыл ағаға менің де ықыласым ерекше.

Ойлап отырсам, көкемнің қазасына қырық жыл болыпты және тірі болғанда биыл сексеннің сеңгіріне шығып, ортамызда мәре-сәре болып мерейтойын тойлап жатар ма едік, бірақ тағдырдың жазуына амал бар ма?! Сәбит көкем 40 жасында қыршын кетті, кездейсоқ ажал оны арман-мақсаттарына жеткізбей, бәрімізді өкініште қалдырып, ортамыздан ерте алып кетті. Пенденің арманы таусылған ба?! Қаншама жылдар өтсе де көзімізден кеткенмен көңілімізден өшпеген асыл бейнесін ардақтап, еске алып отырамыз. Артында Гүлбану, Ғалымжан, Бауыржан, ана құрсағында қалған Төлегені дүниеге келіп, өсіп-өніп, азамат қатарына енді. Көкем қайтыс болғаннан кейін 1983 жылы дүниеге келген сәбиге «өмірден озып барып, артында қалдырған тұяғы» деп, Төлеген атты есімді менің әкем қойып еді. Бұл еске алу айналып келгенде Сәбит көкемнің аруағы үшін, бүгінгі немере, ертеңгі шөберелері үшін керек.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әрбір азамат өзінің шығу тегін, өмір жолын зерттеуге, ондағы дәстүрлі, ұлағатты істерді жалғастыруға мүмкіндік алды. Мен де өмірден өткен ағамның асыл бейнесін көз алдыма келтіріп, оның қадір-қасиеті жайлы айтуды өзімнің інілік борышым, азаматтық парызым деп санадым.

Жалпы өмір бойы адамгершілік пен кішіпейілдікті ту етіп көтеріп өткен ағамның рухының алдында тағзым етіп, отбасына берекелі, бақытты өмір тілеймін. Оның көре алмай кеткен қызықшылықтарын, жақсылықтарды Алла ұрпақтарына берсін, олар аман болса Сәбит көкемнің аты ұмытылмайды, жаққан шырағы мәңгі сөнбейді.

Сіз қалдырған өшпес өнеге, тәлімді тәрбие ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын болады ардақты, Сәбит көке!

Қылышбай БИСЕНОВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<