Жүрекке ізгіліктің нәрін сепкен

324

0

Жақсының есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Ізгі ісімен елдің есінде қалған әрбір азаматтың бейнесі уақыт өткен сайын жаңғыра түседі. Көзкөргендер өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан Болат Қарғабаев жайында осындай жүрекжарды лебізін білдіреді.

Көзі тірі болғанда жайсаң жан сексен жастың бесеуін толтырып, қазыналы қарт ретінде шаңырақтың шырайына айналар еді. Тәңір сыйлаған өмір жолында белсенді еңбек етті. Жақсы ісімен елдің абыройына бөленді,  басшылық қызметте болды. Қоғамның өзге салаларында да халықтың жағдайын жақсартуға хал-қадірінше үлес қосты.

Жоғары оқу орнында жүрген кезінен ол кісі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде білім алып жүрген кезінде үш жыл бойы комсомол ұйымына жетекшілік еткен еді. Жалындап тұрған жас жігіт қай істе де жақсы қырынан танылды. Облыстық комсомол комитеті оны 1962 жылы қаладағы мектептің бірінде мұғалім болып қалуына ықпалын тигізді. Көп ұзамай партия қатарына қабылданып, 1963 жылы қалалық комитеттің екінші хатшысы болып сайланды. Кейіннен бірінші хатшысы ретінде еңбек жолын жалғастырды. Арада үш жылдай өткенде облыстық комсомол комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды. 1969 жылы Мәскеу қаласындағы Жоғары партия мектебінде білім алып, 1971 жылы облыстық кеңеске депутат болып сайланды.

Отыздан енді ғана асқан жігіт облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне уақытша нұсқаушы қызметіне қабылданды. Сол жылдарда мамандардың білімін жетілдіру курсына жетекшілік жасады. Аталған қызметте жүрген кезінде Қызылорда полтехникумының гидромелиорация бөлімін сырттай оқып бітірді.

Өз ісін жетік білетін жас маман қызмет сатысында жоғарылай түсті. 1980 жылы Қазалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды. Ал 1988 жылы облыстық «Полиграфия» бірлестігінің басшысы болды. Аталған мекемеде жемісті еңбек етті.

Тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезең еліміз үшін оңайға соққан жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсы. Қоғам бір жүйеден екіншісіне ауысқан сәтте ел өмірінде көптеген қиындық кездесті. Халықтың қолында қаржы тапшы. Инфляция күн сайын өсіп, елдің мазасы қашып жатқан шағы еді. Бұл сәтте кез келген басшысының қабілет-қарымы сыналып жатты. Күнделікті газет шығатын баспаханаға басшылық жасау оңай емес. Жауапкершілік өте үлкен. Күн сайын жарық көретін мерзімдік басылымның полиграфиялық жағынан сапалы шығуы ұдайы назарда болады. Оған қажетті қағаз да тұрақты түрде жеткізіліп тұруы керек. Бұл дүниені Ресейден алдыруға тура келеді. Қаржы жетіспесе, олар да қағазды уақытылы жібермейтіні тағы бар.

Сол бір сын сәтте Болат ағамыз еш сыр берген жоқ. Өзінің жауапкершілігі, біліктілігі мен мол тәжірибесінің арқасында қиындықты еңсеріп шықты. Баспахана мамандары тұрақты жалақы алып отыратын. Бұл ол кісінің іскерлігін тағы бір мәрте айқындай түсті.

– Болат ағамызбен біраз жыл бірге қызмет атқардық. Қасында жүрген жылдарда ол кісінің ағайын-туыс, дос-жаран және әріптестері арасында беделді екенін көрдік. Қашанда елдің қамын ойлап, жан-жағына жанашыр болып жүретін. Бұл көп азаматтың бойында жетісе бермейтін қасиет десем, артық емес. Қаншама жыл бойы партиялық қызметте, ауданда басшылықта болды. Елмен етене араласып, халықтың мұң-мұқтажын шешуге белсене араласқанын естіген едік. Осындай ізгі істерін «Полиграфия» бірлестігінің басшысы болған жылдарда өзіміз де көрдік. Жақсы азамат еді. Сөзге шебер, ұйымдастырушылық қасиетінің жоғары екенін қызмет барысында аңғардық. Жалпы, баспахананың мың-сан шаруасы, газет басатын қағаздан басқа да қаншама қажеттілік бар. Олардың барлығы сырттан тасымалданады. Нақты қаржың болмаса, қажеттілікті табу өте қиын. Сол мәселелерді үйлестіріп, жұмысты жолға қойды. Сондай-ақ, баспаханада еңбек ететін адамдардың әлеуметтік жағдайына назар аударып отыратын. Алдына көмек сұрап барған жанға қол ұшын созатын, – дейді сала ардагері Бақытжан Қаюмов.

Ардақты азаматтың елге жасаған еңбегі еленіп, көптеген мемлекеттік марапаттауға ие болды. ҚазССР Жоғарғы кеңесінің грамотасы, бірнеше медаль алды.

Сондай-ақ, ол кісі ағайынның ауызбірлігін сақтауға ұйытқы болды. Шежіре дайындауға атсалысты. Оның өзі оңай жұмыс емес. Шежірені жүйелеп, көпшілікке арналған сапалы кітап шығарды. Оған қоса ағайынды бірлікке шақырып, олардың татулығын нығайту үшін көптеген шара ұйымдастырды. Қазақтың қаһарман ұлдарының бірі – Қойсары батырға ас беріп, Тереңөзек ауданының «Мыңшоқы» деген жерінде үлкен ескерткіш орнатты.

Өз қолымен жазған естеліктердің бірінде «Қызықты балалық шағым есімнен кетпейді. Институтты бітіргенше демалысты асыға күтетін едім. Кейіннен суы азайып, реңі қашқан «Аяқкөлден» балық аулап, құс атуға алғашқыда велосипедпен баратын едім. Кейіннен оны мотоциклге ауыстырдым. Елге барғанда табаға жапқан тортаның, қызылқанаттың уылдырығына тойып қайтатын едім» деп жазған екен. Бұл  ардақты азаматтың қашанда ауылға бүйрегі бұрып тұрғанын аңғартады.

Қызмет атқарған жылдарда жұбайы  Раушан Убайдуллақызы қашанда жанында болды. Жеті ұл-қыз өсірді. Оларға саналы тәрбие берді. Барлығының жоғары білім алуына қолынан келгенше жағдай жасады, немере-шөбере сүйді. Осылайша ізгілікті ісімен, жасаған жақсылығымен елдің есінде қалды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<