Әкімал мақсұм

6750

0

Ауылдың қақ ортасындағы биік төбе басынан Құлболды ишанның кесенесі көрінеді. Кезінде кесенені тұяқты Тұрсынбай датқа соқтырған. Кейін кәсіпкерлер, ишанның ұрпақтары жөндеп, түгелдей қоршау жасатып, кіреберіске қақпа, алдынан жұрт аялдайтын үй салып, тынығатын, дұға оқитын жерге айналдырды.

Құлболды ишан жайында көнекөздер жиі әңгімелейді. Ақын Қуаныш Баймағамбетов ишан жайында:

– Құлболды ишан әулие,

Қатардан асқан айбыны.

Сайыпназар – білімнің

Шалқар дария айдыны,

Айқожа ишан – өрдегі

Шариғаттың жейхуны! –

дейді.

Деректерге зер салсақ, ишан ата кезінде туған жерден медресе ашып, бала оқытқан, ұстазы Ысмайыл Әздерден білімін жетілдіріп, шариғат кұндылықтарының насихатшысы болған. Мир Араб медресесінде, Бұқарада алған білімін туған жер топырағындағы шәкірттер бойына сіңіруге барынша күш салғанын ата ұрпақтары бірінен соң бірі жалғастырып, дәріптеумен келеді.

Біз бүгін Құлболды ишанның үшінші ұрпағы, Пазыл ишанның немересі, Тапал ахунның жиені Әбіласан атаның ұлы Әкімал мақсұм жайында әңгіме өрбіткелі тұрмыз.

Бала кезімізде Әкімал мақсұмның көзін көріп өстік. Ислам тарихын жетік білетін, дөңгелек жүзді, тостағандай көзі күлімдеп тұратын. Сақал-мұрты қап-қара осы бір кісіге таңырқай қарайтынбыз. Менің әкеммен екеуі құрдас еді. Жиі кездесетін, әңгіме дүкен құратын.

Бір оқиға әлі есімде. Бұл сонау 1946 жылдың жаз айы еді. Әкем екеуміз Қызылордадан жаяулатып келе жатқанбыз. Ауыл шетіне жақындай бергенде Әкімал мақсұмның үйіне соғып, сусындайық деді. Үйге кірдік. Мақсұм киіз үйдің ішінде олай-былай жүр. Қатты күрсінеді, әрең қолын созды.

– Қалайсыз мақсұм? – дейді әкем.

– Несін сұрайсың. Ажал шақырып тұр. Кенет сырқатқа ұшырадым, Мырзахмет. Қаладан келе жатып, «Сомтемір» тұсындағы бір үйден сусын ішкенмін. Жылып кеткен екен. Соны ішкен бойда үйге әрең жетіп құладым. Енді қатарға қосылуым қиын болар, өзің бас-көз бол!

Ишан сәлден соң бойын тіктеді. Әкем қуанып қалды. Арада бір күн өтпей жатып, мақсұм дүние салды. Әкем басы-қасында жүрді. Бүкіл ел жұмылып, мақсұмды Құлболды ишан бейітіне жайғастырды.

Әкімал мақсұм алыс сапарға шығарда жанына атқосшы етіп Жамһүр дейтін ауыл ақсақалын алып жүретін болған. Бірде екеуі Арқа жаққа тойға шақырылып, сапар шегеді. Құлболды ишан есіміне қанық Арқа жұрты мақсұмды төбеге көтеріп, сыйлайды.

Мақсұм тағы бірде Шымкенттің Шаян ауданында тұратын Аппақ ишанның ауылына жолға шығады. Жолда қарақшылар торуылдап, көмекшісі Жамһүрды соққыға жығып, Әкімал мақсұмға таяна бергенде:

– Саспа Жамһүр, жақындасын қарақшылар, – депті. Содан аят оқып, дауыл тұрғызып қарақшылар жан ұшырып, қашып құтылған көрінеді.

Құлболды ишанның ұрпақтары белсенділерден көп қысым көргенін ақсақалдар отырған жерде жиі әңгімелеуші еді. Құмарта тыңдайтынбыз.

Әкем бір әңгіменің тізгінін ағытып, айтып отырды. Бала кезіміз, кұныға кұлақ түреміз.

Бірде «үш әріптің» адамдары Әкімал мақсұмды алып кететін болыпты деген хабар келеді. Мақсұм зайыбы Жәмила екеуі дереу киініп, «Шіркейлі» ауылындағы нағашысы Камалатдин мақсұмның ауылына жолға шығады. Бұл жайдан хабардар «үш әріптің» үш бірдей адамы мақсұмды соңынан қуса керек. Жақындай бергенде қатты дауыл тұрып, үшеуі үш жаққа домалай ұшады. Содан бас сауғалап, кері қайтады.

– Бала-шағасы бар ғой, әттең аядым, дауылды көрдің ғой, Жәмила?! Үшеуі домалап жатыр. Енді оларға бас қайғы, – деп жолын жалғастырады.

Алдарынан Камалатдин мақсұм шығып:

– Бір нәрсені жүрегім сезіп еді, аман болсаңдар болғаны, – деп Әкімал мақсұмды, Жәмиланы атқа мінгізіп, үйіне алып келіп күтеді.

Қысқасы, Әкімал мақсұм аузы дуалы, көріпкел, әулие адам болғанын ауылдастар әлі күнге дейін әңгімелейді.

Ел ағасы болған Жаңабай Азаматов көп жыл «Шіркейлі» ауылын басқарды. Ол:

– Мені қызметке қойған Әкімал мақсұм, – деуші еді. – Бірде мақсұм: «сен төбеге шығасың, Жаңабай» деп көрген түсін айтқаны бар. Содан көп ұзамай басшылыққа келдім, – дейтін.

Әлі есімде, Әкімал мақсұм Әбіласанов мен «Қоғалыдағы» мектептің алтыншы класында оқитын 1946 жылдың тамызында 53 жасында дүниеден озды.

Ата ұрпақтары, ауылдастар оны естен шығармай, әлі күнге дейін аңызға бергісіз әңгімелер айтады. Өзінің білімдарлығымен тәнті еткен ол әлбетте әр жүректе сақтала бермек.

Әкімал мақсұмның үрім-бұтақтары Пасахаддин, Сламбек, Зият, Мәшеннен тараған немере-шөберелер «Қоғалы» мен «Шіркейіліде» өркен жайып келеді. Міне, ұрпақ жалғастығы деген осы болар, оқырман!

Ел ағасы Әкімал мақсұм Әбіласанов елді бірлікке, ынтымаққа шақырып отыратын. Дүниеден өткен ахундар, ишан-мақсұмдар жайында тебіреніп әңгіме қозғағанда шыбын ызыңы естілмейтін. Сұрапыл соғыс жылдарында жұртпен бірге еңбек етіп, елді рухтандырып, жеңісті жақындатуға атсалысты, еңбекке жұмылдырды. Жалғыз ұлы Шахаптың ақынжандығын жиі айтып, соғыстан оралмаған сәтін, ұрпақсыз кеткенін көз жасын төге әңгімелейтін.

Иә, жүйрік уақыт жүйткіп барады. Әкімал мақсұмның дүниеден өткеніне 80 жылға жуықтады. Асылдың сынығы, Құлболды ишанның үшінші ұрпағы әлі ел аузында. Асылы, жақсы адамдар есімі осылайша мәңгі жасаса керек.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<