Асыл азамат еді

1285

0

(М.Ғ.Саламатов туралы естелік)

Кезінде сұлу Сырдың бойына орын теуіп, Ақмешіт атанған қала, Кеңес өкіметі кезеңінде Қызылорда болып өзгеріп, кейіннен республика астанасына айналғанын бәріміз білеміз. Кеңестік кезеңдегі қаланың жұпыны көркі естияр азаматтардың есінде. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізген салиқалы саясаты мен экономикалық оңды өзгерістерінің арқасында, тәуелсіздік алған 30 жыл көлемінде Қызылорда облысы халқының тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы үлкен жетістікпен алға жылжыды.

Мұны облыстың, қаланың бюд­жетінен байқауға болады. Қалада архи­тектуралық үйлесім­ді тұрғын үй­лер, демалыс ай­мақ­­тары, жол құ­рылысы, түрлі инженерлік жү­йелер, газбен, су­мен қамтамасыз ету зор қар­қынмен дами түсуде. Облыс, қала халқы түрлі жұмыс орындарымен қамтылуда.

Тұрғындардың әлеуметтік-эко­но­ми­калық әл-ауқатының кө­терілуіне себепкер болып отырған үлкен өндіріс орны – «Құмкөл» мұнай кеніші екені белгілі. Бұл күндері жұмысшы-қызметкерлер жергілікті жерден басқа, облыс көлемінен де тыс жерлерден келіп, вахталық әдіс­пен еңбек етіп, жұ­мыспен қам­тылуда.

Республика, облыс экономи­ка­сы­на үлес қосып отырған «Құм­­көл» кен орны туралы ал­ғаш­қы сөзді Мұрат Ғазизұлы Саламатовтан бастағанымыз жөн болар. Асыл азаматпен, оның өмі­рі, қызметімен көп адам та­ныс болар, дегенмен де, сол ке­зеңдегі көптеген қи­­ындық туралы, оның қалай шешілгені туралы білгенімді, қалай таны­сып, қи­ыншылықтарды бірге жең­ге­ні­мізді көп жеткізуді жөн көр­дім.

М.Саламатов «Құмкөл» кен орнына «Южнефтегаз» меке­ме­сіне басшы болып келер алдын­да көп тәжірибе жинады. Батыс өңірлерде мұнай өндірісі сала­сында қатардағы қызметтен бас­тап, басшылық міндеттерді ат­қарды. Көптің көзіне түскен жас маманды Қазақстан Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бө­ліміне қызметке алдырды. «Құм­көлге» келген кезде ысылған, қа­лып­тасқан өз ісінің маманы бо­латын. Оның осы іскерлік қасиеті жаңа қыз­мет орнында ашыла түсті.

«Құмкөл» кенішін игеру бас­талды. Көптеген мердігер ме­­ке­мелер Ресейдің қала­лары­нан, Өзбекстанның Бұқара об­лысынан болатын. Өткен ға­сырдың 90-жыл­дары Кеңес үкі­меті ыды­рай бастады, шеттен келген меке­мелермен есеп айырысу мәселесі қиын­дай түсті.  Себебі, бұрынғы қалыптасқан жүйе тоқтап, әрбір мемлекет өзінің қаржы­сымен жұ­мыс істеуге көшті. Атқары­латын жұмыс­тармен есептесуге мүм­кіншілік болмады, шеттен келген меке­­мелер жұмыс орын­дарын тастап кетуге мәжбүр болды. Кеніште жұмыс тоқтады. Араға аздаған уақыт салып, қалаға үлкен меди­циналық-диаг­ности­калық орталық салуға кел­ген «Глав­болгарстрой» меке­месімен келісім-шартқа оты­рып, басқарма кор­пусын жә­не кеніш алаңында құры­лыс мон­таж жұмыстарын жүргізуге уағдаласты.

Бірақ, уақыт өте келе мұның өте тиімсіздігі байқалды, себебі мемлекет атқарылған жұмысты доллармен төлеуге тиіс болатын.

Қаладағы ескі трест «Қызыл-Ор­дастрой» (Скатков) қауқарсыз болып шықты, нәтижесінде мер­дігерлерді басқа өңірден іздеуге тура келді. Міне, осы кезеңде біздің жо­лымыз түйісті.

Сол жылдары Шым­кент қала­сындағы «Минтяж­строй СССР»-дың «Шымкент­пром­строй» трестінің бас директоры болып қызмет істейтінмін. Қазан айы болатын. Басқарма басшы­сы Ф.Клугман осының алдында «Сары­ағаш» шипажайынан «Юж­нефтегаз» мекемесінің басшысы М.Саламатов те­лефон соғып, кез­десуге өтініш айтқанын жеткізді.

Келді, кездестік, жоғарыда ай­тыл­ған кеніштегі құрылыс жұ­мыс­тары­ның тоқтап қалғанын, соған біздің мүм­кіндігіміз болса, араласуымызды өтінді. Оған біз туралы кездесуге тапсырма бер­ген сол кездегі Премьер-министр С.Терещенко екен. Оңтүстіктің ту­ма­сы, біздің мүм­кін­дігімізден ха­бары мол болатын.

Таныстық, сөйлестік, пікір­лестік, барып көретін болып ке­лістік, танысу барысында келісті, көрікті, білімді, ақылды азамат екенін байқадық.

Ол кезде Шымкенттен Қы­зылор­даға ұшақ қатынай­тын. Келісілген уақытта, Ф.Клугман екеуміз ұшақа отырып, Қы­зыл­ордадан кеніш орта­лығына ме­кеменің тікұшағымен жетіп, бар­лық жағдайды көзбен көрдік.

Шынында да қиын екен, со­ғыстан кейінгі жағдайды көр­ген­дей боласың, әр жерде қаң­­қасы жатқан техника, ашық-те­сік тұрмыстық вагондар. Со­нымен қатар, құрылыс алаң­дарын аралап, істеліп жатқан жұмыстармен танысып, вах­та поселкасында болдық. Жұ­­мыс­шы-қызметкерлердің игі­лігіне ба­­ғытталған істерді көзі­мізбен көрдік. Қайтарда, мекеме кеңсе­сінде болып, басшылармен та­нысып жұмысты бастауға уағ­да­ластық.

Мен Сыр елінің, соның ішінде Қазалы өңірінің тумасымын. 1969 жылы Алматыдағы Қазақ по­литехникалық институтын бі­тіріп, жолдамамен Шым­кент қа­ласына келіп, қызметімді Одақ көлеміндегі үлкен трест – «Шым­кент­промстройда» қатардағы ин­женерден бастап, аз уақытта бүкіл трестің өндіріс бөлімін, одан кейін трестің «Заводстрой» құрылыс басқармасын басқарып, шамалы уақыт салып бүкіл трес­тің бас директоры қызметіне көтерілдім. Осы салада 45 жыл еңбек еттім, бүгінде құрметті ар­дагермін. Кезінде талай партия, кеңес орындарына қызметке ұсын­ға­ны­мен, өндірістік құрылыс сала­сында қызмет атқарғанды жөн санадым.

«Шымкентпромстрой» өзі­нің күш-қабілеті, техникалық қуаты, инженер-техникалық қызмет­кер­лердің білімділігі жағынан әр жыл­дары «Минтяжстрой СССР»-дың бестігіне кіретін үлкен ұжым болатын.

Мұнай өңдеу зауыты, фос­фор өнді­рісі зауыты, шина жа­сау зауыты, пресс-автомат, асбо­шифер зауыттары, Кон­дитер фаб­рикасы, нан зауыты, Аты­рауда үй комбинаты, Теміртауда Магниткадағы ақ қаңылтыр це­хы, т.б. өнеркәсіп орындары, ин­женерлік жүйелер, мектеп, ау­руханалар, тұрғын үйлер, тә­уелсіздік алғаннан кейін «Са­ры­ағаш» су жүйесі, қан құю стан­­циясы, т.б. құрылыс ны­сан­да­рының басы-қасында бо­лып, басқару жүйесінде  араласа қызмет істеудің сә­ті түсті. «Мин­монтажспецстройдың» мер­дігер мекемелері бізбен жұмыс жа­сай­ын, олар жұмысқа өте қабі­летті болатын.

Мұның бәрі мақтаныш үшін емес, орайы келіп тұрған соң айтылуы тиіс, сол кездегі құрылыс жұмыстарының ауқымын көрсету сияқты болып көрінеді. Сонымен, жұмысқа қуана кірістім. Өйткені, осындай қиын кезеңде өскен ортаңа қол созу мен үшін үлкен абырой деп түсіндім.

Жаңадан «Құмкөл» деген ак­цио­нерлік фирма құрып, жұ­мысқа Қызыл­ордадан жергілікті қызметкерлер мен жұмыс­шы­ларды қабылдап, қаладағы темір жолдың арғы бетіндегі «Шанхай» деген ортадан, бұрынғы әскери отрядтың территориясын жалға алып, жұмысты бастап кеттік. Жалпы басқару жүйесі маған бағынышты болды, өзімнің негізгі жұмысыма қосымша ретінде, күнделікті жұмыс жүргізу – жер­гілікті басшылықта болды. Құрылыс материалдарының бәрі, темір-бетон бұйымдарына дейін Шым­кенттен тасымалданды.

Шымкентте өзіме қарасты ме­­кеменің қанша жұмысы бар, дегенмен, аптасына кейде екі рет құрылыс алаңына келген кездер болды.

Сонымен қатар, өзімізбен бір­ге мықты мердігер мекеме­лерді – «Казхиммонтаж», «Казхим­элек­тро­монтаж», «Спецстройды» ала ке­луімізге тура келді.

Нәтижесінде, құрылыс ала­ңынан «Главболгарстройды» ығыс­тыр­дық, үкі­меттің долларын мем­лекет қал­та­сына қалдырдық. Атқарылған жұ­мысқа, ақша бол­май, бізбен мұнай өнім­дері есебімен есептесетін. Өйткені, Шымкент мұнай зауытына жө­нелтілген мұнайдан біз өзімізге тиесілі үлесімізді, бензин, диз­­топливо, мазут есебінде алып, жабдықтау мекемеміз арқылы қаражатқа айналдырып, қызмет­керлерге айлық төлеп отырдық.

Кеніш аумағында 12 дана групповая установка (ГУ), 15 дана замерная установка (ЗУ) салдық, орталық трубалар жү­йесін жа­садық, мұнай қорын сақ­тайтын 5000м3 – 4 резервуарды іске қостық, тікұшақ қонатын алаңды пайдалануға бердік. Ара­ға уақыт салып, «Құмкөл» мұнай кеніші өзінің жұмысын жолға қойып, жаз айында мұнай өңдіру 3 млн тоннаға жетіп, үлкен іс-шара өткізілді. Кейіннен Үкімет кеніш ор­нын Канаданың «Харрикейн» ком­паниясына сатып жіберді.

Кеніш шетелдіктерге са­тыл­ғаннан соң, аздаған уақыттан кейін біз де өз жұмысымызды абыроймен аяқтадық. Аталған құрылыс-монтаж жұ­мыстарын жүргізген кезеңде Қызылорда қаласынан көптеген инженер-қызметкерлер еңбек ет­ті. Мекеме басшылығында бол­ған инженерлер: Б.Сергазиев, Еркебай, марқұм Б.Жармұха­ме­дов, есепші Бақыт, сондай-ақ Шымкент өңірінен Е.Чуклин, М.Ибрагимов сияқты азамат­тар­дың еңбегі айтуға тұрарлық.

«Құмкөл» кенішінде қызмет атқарған тұста ел-жерді таны­дық. Облысқа белгілі тұлғалар­мен таныстығымыз арта түсті. Сейілбек Шаухаманов, Аман­келді Әбдібаев, Нажмадин Мұса­баев, Жарыл­қасын Шәріпов, Нұр­лыбай Ұлықпанұлы сынды азаматтармен сыйластық қаты­нас­тарымыз қалыптасты.

Кеніш орны сатылғаннан ке­йін М.Саламатов министрдің орынбасары қызметін атқарып, артынан ауыр дертке ұшырап қайтыс болды.

Қызмет жасаған жылдары талай өнді­ріс басшыларымен ара­ласудың сәті түсті.

М.Саламатов ерекше тұлға­лы ұлтжанды азамат, қазақи мі­незді, ұлттық қасиеттерді бойына жинаған ірі тұлға болатын. Өзінің азаматтық борышын зор деңгейде атқарды, күні-түні демей, ыстық-суыққа төзіп, денсаулығының сыр беруі де соның салдарынан болуы керек, әйтпесе берері мол еді. М.Саламатов Қызылорда об­лысында мұнай өндірісінің үлкен жүйесін қа­лып­тастырды, соның, жемісін өңір тұр­ғындары көріп отыр. Көптеген аза­мат­тарды тәр­бие­леді, соның бірегейі – кезін­де «Южнефтегаздың» бас инже­нері болып қызмет атқарған Алик Айдарбаев республикаға белгілі қоғам қайраткері үлкен басшылық қызметте. Мұнай саласындағы көптеген ірі қызметтегі азаматтар оның сыйлас інілері, көбісі шәкірттері болатын. Қызметтес болған, елге еңбегі сіңген асыл азамзат туралы айтуды жөн көрдім. Қызылорда қала­сында ол кісіге бюст тұр­ғызғаны тура­лы хабардармыз, келешекте мектеп, колледждерге де аты берілер.

Ең бастысы, қиын кезеңде атқа­рылған істің жемісін жергі­лікті халық көріп отыр.

Алданазар ҚҰРМАНБАЕВ,

Шымкент қаласының «Құрметті азаматы», Қазақстанның «Құрметті құрылысшысы»,

 «Құрмет» және «Даңқ жұлдызы» ордендерінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<