Аты ұранға айналған

1750

0

Тәуелсіздік таңы атқалы қазақтың тарихындағы ақтаңдақ парақтар ашылып, ел тыныштығы жолында аттан түспеген батырлар есімі мен ерлігі халық қазынасына айналды. Дегенмен жеткілікті зерттелмеген, есімдері ұмыт бола бастағандар әлі де бар. Ерлік салтымен, айбатымен Сыр бойы және Батыс өңірі халқының есінде қалған Арыстанбай Айбасұлы туралы не білеміз?

Батыр баба туралы көп мәліметті біз Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» романынан оқыдық. Онда Айбастың Арыстан­байы­ның батырлығына қоса өткір тілді, алпыс екі айлалы екені де айтылған. Кіші жүз ханы Әбілқайыр жасағының бас қол­басшыларының бірі болып, жауға қарсы қол бастаған. Оның Ресей сияқты алпауыт елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда ханға жәрдем көрсеткен батырлардың бірі болғаны осы көркем шығармада суреттеледі.

Келесі дереккөз – Қармақ­шының қадірлі қарты, ақын әрі шежіреші Әлімбай Әлиасқаров қалдырған жазбалар. Бір жо­рықта Әбілқайыр ханның сар­баздары он күн бойы дамылсыз жауған күздің қара жаңбырына ұшырап, үлкен қорымды па­налапты. Тамақ істеп ішуге бір тал құрғақ отын таппай әбден дағдарып, амалы таусылған Әбіл­қайыр Арыстанбайды ша­қы­рып алып:

– Батыр, қарап отырып аштан өлуге болмас. Жұртқа сездірмей, мына жатқан ескі бейіттердің бет ағашынан құрғағын әкел, – дейді. Хан өзімен құрдас болғандықтан да Арыстанбай батырға қысылтаяң кезде өз-гелердің қолынан келе бермейтін шаруаны әдейі тапсырады екен.

Бұл сөзді естіп қалған Бө­кенбей мен Тайлақ батырлар Арыстанбайды сынау үшін білдірмей екеуі бір көрге кіріп жатып алады. Арыстанбай қан­нен қаперсіз бейіттердің бет ағашын тартып көріп жүрсе, бір көрден:

– О, қанжауғыр жердің үстін тауысып, жер астындағыға маза бермедің бе? – деген дауыс шығыпты.

Сонда батыр:

– Сен өлгенсің ғой, жата бер. Тірі Әбілқайыр ханды мезгілсіз өлтірмейік, – деп жүре берген екен.

Бұған риза болған Әбіл­қайыр:

– Есте қаларлық басқа да оқиғаларды айт, – дейді. Сонда Арыстанбай:

– Мақтаныштың не керегі бар. Өмірімдегі екі қорық­қанымды айтайын, – деп әңгіме бастапты.

– Есет батырға сәлемдесуге барғанымда батыр 95-ке келіп, отының басында екі тізесі екі құлағынан қарыс асып, жүресінен отыр екен. Жеңгеміз «інің келді» деп құлағына ай­қайлады. Сонда «қарағым Арыс­танбай келді ме? Келші, көрі­сейік» деп құшағын жайды. Мен құшақтың арасында тұ­рымтай құстай болдым, тор­ғайдай шырылдадым. Айқастыра қыс­қан қос білектің арасындағы он екі мүшемнен сау сүйек қалмай қираған шығар деп, бірінші қорыққаным осы болды. Сонда Есет батырдың «ойбуй, Арыстанбай, әркім өзінің зама­нында, сенің де заманыңда әлің келетін адамың болғаны да. Басың алтын, бөксең мырыш екен ғой. Ұрпағыңнан жеті ата­дан әріде болмаса батыр шық­пайды. Сенің атыңды шығарып жүрген тіліңнің шіреші мен түрлі өнер-айлаң екен ғой. Аттың артқы айылың тартқанша, алпыс екі амалың бар екен. Қарағым, қапаланба» деген сөзі әлі есімде.

Екінші қорыққаным, жо­рықтан қайтып келе жатқан едік. Артымыздан бір шаң көрінген соң, қосынды ілгері жіберіп, тосып қалдым. Желдей есіп келе жатқан біреу. Екі иығында екі қара бүркіт, ербең-ербең етеді. Назары өте суық қалмақтың жап-жас баласы екен. Қарапайым тұрып қасиетім қашты, қорық­қаннан балаға сәлем бердім. Бала қосынға жетіп, ешкімге тимей, олжаға келе жатқан өзінің анасын алды да, «батыр, олжаңда жұмысым жоқ, күнің туса көрермін, анамды алдым, болды» деп жүре берді. Сонда қатты назарлап қарадым. Намыс бойымды буып барады. «Арыстанбай бір баладан қор­қып, олжасынан айырылды» деген атақтан өлім дұрыс емес пе? Көп аялдамай, баланы қайта қудым. Үйіне келсем, ту сырты қарайып кетіп өліпті. Жерлеп болған соң, шешесін алып қайт­тым. Содан былай біреуге назарлап қарамайтын болдым, – депті.

Бір жорықта жолда ат соғып шаршаған батыр демалуға жат­са, денесін салмақ басыпты. Көзін ашып қараса, ирелеңдеп келе жатқан аққарабас жылан екен. Қимылдауға шара жоқ, аузын ашып жата берген. Жылан аузына кіргенде, басын тістеп қырқып, жерге түкіріп тастапты.

Батыр жолдастарымен жо­лау­шылап келе жатып, бір ауыл­дағы ауқатты адамның үйіне түссе, іштен жан шықпайды. Сонда Арыстанбай:

– Қош көрмесең қонақты,

Ойнамассың, күлмессің,

Сөйлеспесең мейманмен,

Кім екенін білмессің.

Сыртқа шығып қарасаң,

Ас бергендей кісіңмін,

Қойыңды сойып алдыма

Бас бергендей кісіңмін,

Аруақ, құдай ортақ деп

Ерегіссең егесіп,

Оятұғын төбеңді

Тас бергендей кісіңмін.

«Қырықтың бірі –

Қыдыр» деп,

Елемеген ессіздің,

Мөлдіретіп көзіне

Жас бергендей  кісіңмін.

Менменсіген менменнің,

Жүз деп айтып қайтейін,

Елу-алпыстайына

Дәс бергендей кісіңмін.

Үлгі-өсиет сөз айтсам,

Өз-өзіңнен сүйсініп,

Отырғызып төріне

Қас кергендей кісіңмін.

Қазақта жоқ ед бұл әдет,

Қандай қарғыс атқансың,

Шықпайсың неге үйіңнен

Қисайған ба еді мүсінің? – деп атының басын кері бұрып, құла ат жерді тарпып қалғанда, үй иелері далаға жүгіре шы­ғыпты.

Тағы бірде жолым үйге түскенде үй иесі Арыстанбайдың шылбырына оралып, барын бе­ріп, батасын алады. Кеше ғана өлген 15-тегі баласының жағ­дайын айтқанда батыр:

– Атың өлсе, биең төлейді,

Атаның өлсе, түйең төлейді,

Ұлың өлсе,

Жаратқан иең төлейді.

Аспа, саспа,

«Мен жоқ болдым» дегеннің

талайы көбейді.

Қаңғырып жүріп, хан

болғанды көргенмін,

Шалдығып жүріп,

бар болғанды көргенмін,

«Маған енді ұрпақ қайда»

дегеннің

Орда шақты жан болғанын

көргенмін.

Атаң қазақ айтпап па еді

Итің мен малыңды теппе,

Құты бар,

Келсе мейманыңды кідіртпе,

Күтіп ал,

«Қырықтың бірі – Қыдыр»

болады,

Демеп пе еді онда бақ пенен ырысың бар, – депті. Ризашылығын білдіріп, «саған рахмет, аға жолын тұттың. Аман бол, мен бес ұл бердім. Құдай менен жарлы емес. Қалғанын өзің сұрай бер» деп бата беріпті. Бұл – батырдың ерлігіне қоса артына аталы сөз қалдырғанын айқындайтын мысалдар.  

Арыстанбай бабамыздың даңқын сол замандардың көзі мен құлағы, һәм шарайнасы болған дүлділ ақындар мен жыраулар бүгінгі дәуірге жет­кізген. Сыр сүлейі Шегебай Бектасұлы толғауында:

– Ордасын бұзып қалмақтың,

Арыстанбай да өтіпті.

Ұранға шыққан ерлігін,

Көрсеткен боз ат болды күн

Әрі шешен, әрі ақын –

Қожагелдінің батыры,

Кетпеген шыдап көмбеден! – деп жырлаған.

Ал Тұрмағамбет ақын:

– Арыстанбай мен Сәлтеке,

Айбаты бейне арыстан.

Қасарысқан дұшпанды

Табанға басып жанышқан!– деп рухын асқақтата түседі.

Ерлікті дәріптеген қазақтың тарихындағы есімі ұранға ай­нал­ған батырлардың бірі – осы Арыстанбай баба. Бұл құрмет кім көрінгенге көрсетіле бер­мейді. Баба атын ұрандау ар­қылы талай сын сағатта ел рухы көтерілді, намыстың бай­рағы биікте желбіреді. Кезінде Әбілхайыр хан батыр есімін өз пәрменімен ұран етіп қабыл­датқан екен. Содан бері қанша ғасыр өтсе де, ұрпақтары ас-тойларда, мерекелерде, жүйрік аты аламан бәйгеге шапқанда «Арыстанбайлап!» ұрандайды.

Батыр 84 жасында тауық жылында қайтыс болған, бейіті Арқада. Қазақ жерінің тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен Арыстанбай батырдың есімін ұрпақтары қастер тұтып келеді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<