Қазыналы қария

386

0

Көптен бері кездеспей жүрген ағамызды үй ауласы алдын сыпырып жүрген кезінде жолықтырдық. Сол баяғы қағылез қалпы, әзіл-қалжыңын да тастамапты.

– Ау, ағасы, үйде ұл-қыз, келін-кепшік бар емес па? Аула сыпырғаныңызға жол болсын?! – дедік.

– Аллаға шүкір, бала-шаға бар ғой. Бірақ үйреніп қалған әдет. Өмір қозғалыс екенін денсаулық саласында еңбек еткеннен кейін жақсы білеміз. Талай мәрте 4-5 шақырым жолды жаяу да жүргенбіз. Оның қасында бұл не тәйірі? Әншейін дене шынықтыру ғой…

– Өте дұрыс айтасыз. Қазақтың жауы – жалқаулық екенін білсек те мән бермейтініміз бар. Сіздерге жету қайда? – дедік біз.

– Түс болып қалды ғой. Қуыс үйден құр шықпаңдар, шай ішіп кетіңдер-деп қария үйге бастады.

Үй іші азан-қазан. Кішкентай немерелер жүгіріп келіп, амандасып жатыр. Келіндер зыр жүгіріп, қызмет жасауда. Әбекең немерелерін бізге таныстырып жатыр. Бәрінің атын жаттап алған сыңайлы, жаңылысар емес.
Иә, Әбдіуәли Жанбосынов ағамыз еңбекпен есейіп, елге танылған, құрмет-қошеметке бөленген ардақты ағалардың бірі. Ұзақ жылдар бойы «Қараөзек» ауылында фельдшер болып қызмет атқарды. Алыс жайлау-қыстаулардағы шопандар отбасыларына медициналық көмектер көрсетіп, бүгінде сол еңбегінің зейнетін көріп отырған жан. Талай қиын шақтарды басынан өткерсе де, мақтанып көрген емес. Облыс, аудан көлемінде алған Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары, басқа да марапаттары жетіп артылады. Бірақ ол кісі көбінесе сол кезеңдердегі жұмысын қызықты да қиын сәттерін әңгімелеуден жалықпайды.
– Бір күні қыс мезгілінде болған уақиға әлі күнге дейін естен кетпейді-дейді ағамыз. Автокөлігіміз бұзылып, айдалада қалдық. Төтелеп жүрсек ауылдың жақын екенін сезіп, жаяу-жалпылап жүріп кеттік. Қас қарая бастады. Кенет бір төбенің басынан тайыншадай дәу қасқыр қарап тұр екен бізге. Зәре-құтымыз қалмай, иманымызды айтып, баяу жылжи бердік. Сексеуілдің басына беторамалымызды байлап, от жағамыз. Әлгі қасқыр қалар емес. Онан сайын қорқып, тағы бір жерге аялдап, от жақтық. Бір сәт қарасақ, әлгі қасқыр жоқ боп кетті. Жан-жаққа от шашып қараймыз, көрінбейді. Әупірімдеп, әйтеуір ауыл шетіне жеттік-ау.

Кейінірек шопандардан білгеніміз, сол маңайда қасқыр апанында бөлтіріктері бар екен. Бізден қауіптеніп, шығарып салып жүр екен әлгі қасқыр. Құдайдың құдыреті деген осы. Жан-жануардың өзі өзіне зиян тигізбесең, саған да тиіспейтінін сонда көзіміз көрді.

Тұрмыс жағдайымен Әбдіуәли Жанбосынов ағамыз аудан орталығы Тереңөзек кентіне көшіп келіп, ауруханада өз ісін жалғастырды. Абыройлы қызмет етіп, 1993 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты. Құдай қосқан қосағы ертерек қайтыс болса да 4 ұл, 4 қызды тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Қыздары өз алдына отау құрып, қазір қалада әр түрлі салада қызмет етеді. Үлкен ұлы Үйсінбай темір жол стансасында механик, кіші ұлы Ғалым – жолсерік. Екеуі де ерен еңбек етіп, ұжым мақтанышына айналып жүр. Бүгінде Әбекеңнің 18 немересі, 20 шөбересі бар екен. Өзі осы желтоқсан айында 80 жасқа толғалы отыр.

– Бүкіл ырыс-несібе, береке-байлық, бақыт пен шаттық еңбек арқылы келеді, – дейді Әбекең. Сондықтан еңбектенуден ерінбеу керек. Отбасы жарастығы мен келешек жарқын өмірдің кілті де – осы еңбекте.

Бақытын еңбектен тапқан, халыққа қалтқысыз қызмет  еткен, қазына қариямыз Әбекеңнің ғибратты ғұмыры жайлы сыр шертсек, таусылмайды. Оны 80 жасқа толған торқалы тойымен құттықтап, отбасына бірлік, өзіне зор денсаулық тіледік.

  

        Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,

                Тереңөзек кенті.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<