Балы тәтті болғанмен, бейнеті көп

2339

0

Осы күні өңірде 200-ге жуық омарташы бар. Басым бөлігі – Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданында. Оларға ортақ проблема туралы облыстық омарташылар қауымдастығының төрағасы Бақберген Досманбетов айтып берді.

– Бал арасын баптау – машақаты көп жұмыс. Бас­қасын былай қойғанда, араны үйірімен, ұясымен, қосымша қорегімен бірге сатып алу керек. Құрал-жабдығы мен қорғаныш құралдарын қо­сыңыз оған. Мемлекеттік субсидия жоқ емес, бар! Бірақ критерийі жоғары. Соның ке­сірінен бәрі қолдаудан қа­ғылып отыр. Тілегіміз біреу, талапты жеңілдетсе екен, – дейді ол.

Қауымдастық тізгінін мем­лекет және қоғам қайрат­керінің қолға алуы бекер емес. Өзі жетекшілік ететін «Болашақ» университетінің базасында бірнеше жыл бұрын ара шаруашылығын құрды. Омарташылық кәсіпті өрге домалатуда студенттер қолғабыс жасап жүр. Олар бір жағынан теориямен шектеліп қалмай, тәжірибе жинақтайды. Екіншіден, еңбекпен есейеді.

– Біз алдымен жылыжай салып, онда құлпынай, қызанақ, қияр өсіре бастадық. Оның пайдасына көз жеткізгесін, басқа жоспар пайда болды. Сөйтіп, сегіз жыл бұрын Өзбекстан мен Шымкенттен 80 ұя бал арасын сатып алдық. Өзім жаңалыққа құмар адаммын. Бұрын-соңды мұндай іспен айналысып көрмесем де, қызығушылығым арта түсті. Бүгінде жоғары сапалы мол өнім алып отырмыз. Құрамына жасанды консервант, дәмдеуіш, тағы басқа қоспа аралас­тыратын қулығымыз жоқ. Қызметкерлер «базардағыға ұқсамайды» дейді. Өнім әзірге өзімізден артылар емес, – дейді университеттің ғылыми жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Омарташылық оңай шаруа емес. Балы тәтті болғанмен бейнеті шаш етектен. Қасиетті Құранда бүтін бір сүреге аты берілген аса пайдалы қанатты жәндікті айдалада өсіре алмайсың. Айналасы гүлмен көмкерілген болу керек. Бал арасы мыңдаған гүлге ұшып-қонып жүріп азығын жинайды. Ондаған шақырымға кетіп, компассыз-ақ күнге қарап, қайта айналып ұясын таба алады. Олардың еңбекқорлығы, тәртіп пен тазалыққа бе­йім­ділігі – адамдарға үлгі.

– Аралардың үйіріне қа­ра­саң, құдды үлкен отбасы дерсің. Омартада аналық, ата­лық, жұмысшы, күзетші аралар белгілі заңдар мен ережелерге бағынады. Әрбір ара өз міндетін мүлтіксіз орындайды. Гүлдерден бал жинамаған араны күзетшілер омартаға кіргізбей қояды. Ара баптағанда тазалық бірінші орында тұруы тиіс. Омартаның мұнтаздай таза болуы маңызды. Сонда ғана сапалы бал жинай аласыз, – дейді Б.Досманбетов.

Ғалымдар бір омартадан ондаған килограмм өнім алынатынын дәлелдеген. Бір келі балға айналатын гүл шырынын жинау үшін жәндік 300 мың шақырым ұшып, сол кезде 19 миллион гүлге қонуы керек. Бұл міндетті атқаратын жұмысшы ара небәрі 30-35 күн өмір сүреді. Бір ғана бал арасы сағатына 6,5 шақырым жылдамдықпен ұшып, бір күнде шамамен 7 мың гүлге қонады. Өйткені гүл тозаңындағы ақуыз – оның негізгі қорегі. Ал дәл ара сияқты шипалы бал жасауға әлемдегі бірде-бір зертхана қауқарсыз.

Елімізде бал өндіруден Шығыс Қазақстан мен Алматы – алғашқы орында. Себебі таудың етегі ара өсіру үшін өте қолайлы. Сыр өңірінде жантақ балын шығару жақсы жолға қойылған. Оны тұтыну ағзадағы улы заттар мен артық тұзды шығарып, иммунитетті нығайтуға көмектеседі. Айта берсе, табиғи таза өнімнің пайдасы көл-көсір. Дертке дауа, жанға шипа. Тек жасанды балдан ажырата білсеңіз болды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<