Бердібектің ықыласы

1746

0

Әлі есімде. Тоқсаныншы жылдың ортасы еді. Телефон шылдыр етті, көтердім.

– Жақсылықпын ғой, Қайреке. Маған соғып кетіңізші!

Бас редактор Жақсылық Рахматулла әлгі әзірде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауынан келгенін баяндады.

– Мәселе былай, Қайреке. Мен Бердібек Машбекұлының қабылдауынан келдім. Тығыз тапсырма. «Ақын Әбділда Тәжібаев төсек тартып жатқан көрінеді. Аяғы жүруден, көзі көруден қалыпты. Соған бір журналисті жібер, халін білсін. Келген бойда маған ақынның халі жайында хабарлауды тапсыр. Сірә, бұған журналист Қайырбек Мырзахметұлын қолайлап отырмын. Қайрекең ақынмен сырласып, сұхбаттассын, жазушы Әбдіжәміл, Қалтай ағаларға да соғып, сәлем айтсын, артық болмас. Олар біздің мақтан тұтар жерлестеріміз ғой» – деді.

Сонымен Алматыға шұғыл ұшатын болдым. Дереу билет алып, сол күні ұшаққа отырдым. Ойым отыз бөлек. Ақын, қазақтың Әбділдасымен қалай сөйлесемін, сұхбаттасамын деген ой құшағында келе жатырмын. Ақынды қалай табамын? Сұрақты неден бастаймын? Бұрын-соңды кездеспегем, бірақ өлең-жырларына қанықпын. Сыр бойына келгенде атақты дала академигі Ыбырай атаға соғатын. «Ағатай» деген өлең есімде. Сонан соң балалық шағы өткен Шиеліге, Қараөзекке соғатын. Сырдарияны жағалап серуендейтін. Мұны «Сырдария» атты өлеңінде тамылжыта жырлаған. Ақын Гейне өзінің Рейнесін жырласа, «неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді?» деген шумақтары жан тебірентеді. Иә, сұлу Сырды өрнектеп былайша аяқтаған еді:

– Жазса Тарас Днепрді

Жазса Пушкин Еділді,

Неге маған жырламасқа,

Сырда туған елімді?!

Ақын жайында оқыған-тоқығанымды ойланып, «Қызылорда-Алматы» ұшағының орындығына жайғасқалы бері мазасызданып келемін. Ақынның Жамбылдың қасында жүргені, анасы Айманкүлдің дастарқанынан жыр алыбының талай дәм татқаны есіме оралды.

Ұшақ Алматы әуежайына қонды. Жаңбыр құйып тұр. Таксилетіп, «Алматы» қонақүйіне жеттім. Жайлы орынға жайғастым. Ақын Әбділданы қалай іздеймін, кімнен мекен-жайын сұраймын? Ойыма, «Санат» баспасының директоры Серік Әбдірайымұлы түсті. Блокнотымда телефон номері бар екен.

– Алло, Серіксің бе, айналайын. Мен қызылордалық Қайырбек ағаңмын!

– Ой, ағатай, қайдан телефон соғып тұрсыз?

– «Алматы» қонақ үйінен!

– Қазір жетемін. Сыртқа шығып тұрыңыз!

Қонақүйдің алдына ақ «Волганы» жүйткітіп Серік келді. Құшақтасып жатырмыз. Елдің амандығын сұрады.

– Иә, сапар сәтті болсын, Қайреке. Алматыға жай келдіңіз бе?

– Мәселе былай, Серік. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ақын Әбділданың халін білуге арнайы жіберді.

– Міне, азамат! Асылы, сіздердің әкімдеріңіз – өнер адамдарына, ақынға деген жаны бөлек азамат! – деді Серік.

– Енді былай істейік, Қайреке. Ақын Әбділда қазір саяжайында. Бір-екі рет соққанмын. Жүдеп қалыпты. Сүйікті жары Сарадан айрылғанына он жылдай болып қалғанын мұңайып айтқаны бар. Әңгімені төгілтеді әлі. Ақын қызы Қатира Жәленованы аузынан тастамай отырды, – деді.

Алматы көшелерін қақ жарып, «Волгамен» жортып келеміз.

– Серік, ақын Әбділданың үйіне бара жатырмыз ба?

– Жоқ, Қайреке. Мекен-жайы Тайманов көшесі, №22 үй. Бір кезде Алматы маңайының бәрі саяжай еді. Қазір бәрі көпқабатты үйлер. Баяғы саяжайлар жоқ. Ақын саяжайын қимай отырғаны бар.

Саяжайға келдік. Қоңырау шалдық. Қызметші әйел сыртқа шықты.

– Ақын ата үйде. Рұқсатын алайын. Сіздерді кім дейін?

– Мені журналист Серік Әбдірайымұлы, қасында қызылордалық журналист Қайырбек Мырзахметұлы екеуі деңіз.

– Жарайды!

Сәлден соң есік ашылды. Төрде ақын Әбділда отыр. Сәлемдестік. Жүдеу тартып қалыпты. Бір кездері буырқанған, патша Иван Грозный  тектес ақынды кәрілік жеңуге айналған. Біз келген сапарымыздың мән-жайын баяндай бастадық.

– Сізге мені облыс әкімі Бердібек Машбекұлы арнайы жіберді. Ақын атаның қазіргі хал-жайын біліп кел деп тапсырды. Аты-жөнім Қайырбек Мырзахметұлы. Мына қасымдағы баспагер Серік Әбдірайымұлы!

– Ә, Серікті білемін, қарағым. Д.Қонаевтың естеліктерін тамылжыта жазып шыққан журналист Серік ғой бұл. Сен Қызылорданың журналисімін дедің бе, қарағым?

– Иә.

– Айналайын Бердібекке менің қазіргі күйімді біреу хабарлаған ғой, сірә. Саламат болсын. Мені іздегенін қарашы?! Бердібек жаны таза, азамат ғой. Ағасының халі жақсы деңдер. Мен өзі қол жаюға жоқ адаммын. Бәрі де жетеді. Зейнетақым жақсы. Ұлым Рүстемге мен көмектесемін әлі. Біздің зейнетақымыз берекелі ғой, қарағым.

– Ұлы Жамбылмен сыйластығыңыз туралы әңгіме қозғап жіберсеңіз…

– 1936 жыл. Нарком Темірбек Жүргенов болатын. Мен ол кезде Халық ағарту комиссариатында істеуші едім. Мұнда репертуарларды бақылап отыратын қызметке барғанмын. Бастығымыз Темірбек, темір десе темір еді. Өте дамылсыз азамат еді-ау.

Бірде мені Жүргенов шақырды.

– Мирзоян телефон соқты. Ораз Исаевқа өз ойын айтыпты. Қазақ – ақын халық, Сүлейман Стальский сияқты бір ақын табыңдар. Осы міндетті саған тапсырамын, Әбділда, – деді Темірбек.

– Бізде Жамбыл дайын тұр ғой!

– Дұрыс шешім. Бүгін Жамбылды табуға жүріп кет. Қайдан іздейсің?

– Ұзынағаштан іздеймін.

Сонымен Жамбылмен жүздесу басталды.

– Жақында Мәскеудегі декадаға барасыз. Сталиннің көзін көргелі тұрсыз, – дедім.

Бәрі есімде қарағым. Мәскеу сапары басталды. Бес күн пойызбен жүрдік. Жәкең:

– Мына жолың ұзақ болды ғой, қитың-қитың қашан бітер екен? – деп Жәкең бізді күлдіріп қояды.

Оонкүндік басталды. Сталиннің қабылдауында болдық. Жәкең ақсақалдық қалпын бұзбай көсеммен бас изеді. Жиын тарқар кезде Жамбыл:

– Сталин қонаққа шақырды дегендерің қайда, үйіне бір күн қондырмаушы ма еді қонағын, – дейді.

Бір ғажабы Жамбыл Кремль төрінде жайнамазын жайып жіберіп, намазын қаза жібермегеніне аң-таң болғанбыз, – дейді Әбекең.

Жамбыл Мәскеуде омырауына орден тақты. «Қазақтың Гомері» атанды. Жәкеңе деген ықылас жауды, құрмет көбейді.

Ақын Әбділда Темірбек Жүргенов жайында кең толғанысты әңгіме өрбітті. «Өнер, білімнің шамшырағын жақты ғой, Темірбек. Қайран Темірбек!» деп күйзеліп отырды. Тағы не айтқысы келді, көзіне жас алды. Төрдегі қара домбырасын қолға алып, Абай әндерін шырқаса бола ма?!

Ақын орнынан тұрды. Серік екеумізді бауырына басты.

– Айналайын, Бердібек ақын ағасын сағынған екен. Ақын әлі қуатты деңдер. Денсаулық жараса, алдағы жазда туған жерді – Сырды, Қараөзекті бір аралап қайтсам деп отыр деңдер. Баяғыдай бұрқыратып өлең жазар шама жоқ. Ағасы ешнәрсеге зәру емес деңдер Бердібекке. Ілтипаты, сендерді арнайы жібергені мені тау басына шыққандай марқайтып отыр. Бұл Бердібек әлі талай асулардан асады. Ақынжанды, өнерді сүйген адамдар ұзақ жасайды, – дей берді көзіне жас алып.

Мен ақынмен кездесуді, өзара әңгімені бас редакторға жеткіздім.

Көп ұзамай «Сыр бойы» газетіне «Үш алып» деген сұхбатым бірінші бетке жарияланды.

Асылы, ақынын сыйлаған ел азбайды ғой.

Асыл тұлға Бердібекке сапар жайында, ақын Әбділда жайында қабылдауында болып баяндадым. Әкім тыңдап отырды. Ақынға тағы да арнайы адам жіберіп, сый-сияпат жасау жоспарынан хабардар етті.

Сонымен, көп ұзамай ақын Әбділдаға әкімнің арнайы сый-сияпаты жасалып еді-ау!

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<