Бүгін – Рейхстагқа ту тіккен күн!

1677

0

Сұрапыл соғыс жылдарында Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі көп жылдар бойы еленбей келгені, тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілгені мәлім. Батырдың ерлігі жылдар бойы ресми Мәскеу тарапынан көпе-көрнеу ескерілмеді. 

Өзге ұлт өкілі болғандықтан кемсітушілікке ұшырап, ерлігі жоққа шығарылып келді. Әйтсе де Рақымжан Қошқарбаевтың дос-жарандары, майдандас бауырлары мен тілегі бір замандастары 30 сәуірді оның тағдырындағы ең ерекше күн деп есептеп, оған қоңырау шала құттықтап, тіпті екінші рет дүниеге келген күні ретінде атап өтуді біразға дейін дәстүрге айналдырса керек. Өйткені бұл күн – Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен күні болатын.

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынған.

Деректерге қарағанда, 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан. 1945 жылы 30 сәуірде лейтенант Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі Совет әскері арасынан Берлиндегі Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тікті. Айта кетерлігі, қазақ батырының осынау ерлігін алғаш болып әлемге әйгілеген мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев еді. Ол Бауыржан Момышұлының тапсырмасы бойынша Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі лайықты бағасын алуы үшін көп еңбектеніп, көп ізденді. Қазақ жауынгерінің дәл сол сәттегі әрекетін дәлелдейтін жүзден астам құжатты тауып, көтеріп, шетелдік басылымдарда да жариялануына түрткі болды.

Баукеңнің осы тапсырмасы туралы жазушы өзінің «Найзағайдай жарқылдап» атты кітабында былай деп еске алады:

 « – Мен сені неге шақырдым?-деді.

– Білмедім, Бәуке!

– Білмесең, жаңа осында маған сәлем бере бір жігіт келді. Аты – Рахымжан. Фамилиясы қошқар ма, ісек пе, азбан ба, әйтеуір қойдың бір түрі, оны өзің анықтап алғайсың. Міне, сол жігіт… Міне, сол жігіт Рейхстагқа ту тіккен. Понимаешь?! Сен ұғып тұрсың ба, өзің? – деді.

– Ұғып тұрмын, Бәуке!

– Өтірік айтасың! Ұқсаңдар, неге жазбайсыңдар? Соғыс біткелі он үш жыл. Ана Рахымжанды көрмей жүрген неғылған журналиссіңдер?! Журналистке диплом емес, сезім, жүрек, көргіш көз керек. Жоқ, сол сендерде жоқ. Знаешь, ты кто такой Рахымжан? Мен де оны бүгін бірінші рет көрдім. Білесің бе, кімнің сәлем бере келгенін? Это исторический человек! Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияны басқардым. Москва түбіндегі шайқасты көрдім. Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын! Как воин, как командир я представляю что это такое, это было невероятно! Рахымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен. Кім үшін?! Мына сені мен мен үшін! Бүгінгі шолжаң қағып тірі жүргендердің бақыты үшін! Сол бір тозақта оның өзінің тірі қалуы  ̶  это чудо! Жеңіс деген бақыт  – ̶ сол анау Рахымжан, Рахымжандар! Сен оны тап!».

Кәкімжан Қазыбаев батыр Баукенің тапсырмасын бұлжыртпай, тіпті артығымен орындады. Әйтсе де сол дәуірдің солақай саясаты, советтік режимнің өзімшілдігі Рақымжан Қошқарбаевтың қаһармандығын мойындауға міз бақпаған еді. Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы мамырдың 7-сінде Президент Н. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Рақымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы беріледі.

 Еске сала кетсек, Ресейдің Әскери тарих институты 1-і Беларус майданындағы 150-і атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаевтың және Григорий Булатовтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны 2007 жылдың 7 мамырында ресми түрде растады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<