Еселі еңбек жемісі

1214

0

Қаламгерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында ел тіршілігін салмақты ой, салиқалы пікір арқылы толғап жүрген әріптестер марапат төрінен табылып, мерейімізді тағы бір үстем етті.

Қарашаның қамын шы­ғар­­машы­лығына арқау еткен перзенттерін ел көкке кө­теруден жа­лыққан емес. Жақында белгілі журналист, күйші-сазгер Жұмабай Жақыптың өңірдің баспасөз саласы, мәдениеті мен өнері, руханиятына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Арал ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленуі соның дәлелі. Еңбек жолын Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінен бастап, «Сыр бойы» газетінің Арал, Қазалы аудандары бо­йынша аймақтық тілшісі, Арал аудандық «Толқын» газетінде редактор-директор қызметтерін ат­­қарған ол қазір Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық фи­­лиалына төрағалық етеді. Ұлт­тық құндылықтарды дә­ріптеп, тіл мәселесін тере­ңінен қаузап, маз­мұнды һәм құнды дүниелер ұсынуын жалғастыруда.

Сондай-ақ, «Ақпарат са­ласының үздігі», «Қазақ­стан» РТРК» АҚ «Күміс жар­шысы» төсбелгісінің иегері, сарапшы журналист Айткүл Шалғынбаева «Қа­зақ­станның Құр­мет­ті журналисі» атанды. Ай­мақтың төл арнасының ақпарат айдынына шығуына үлес қосқан журналист көзіқарақты көрерменге құнды дүниелер әзірледі. Авторлық ақпараттық-сарап­тамалық, таным­дық хабар­ларда өзіндік қолтаңба қалдырғанына көрермен куә.

Елдік деңгейде түрлі проблемаларды көтеріп, оның түйінін тарқатуға журна­лист ретінде ықпал еткен «Жас Алаш» газе­тінің аймақтағы тілшісі Миуагүл Байназарова да «Қазақстанның құрметті жур­налисі» атағына ие болды.

Бұл – қазақ журналис­тика­сының дамуына ай­рық­ша үлес қосып келе жатқан аға буынның еселі еңбегінің, үздіксіз ізде­нісінің жемісі. Олардың жүріп өткен жолы – өнеге. Мұндай жетістіктер жас журналистерге рухани жігер беріп, алға жетелей түседі. Қаламдарыңызға қарымды қуат сыйлар шабыт шалқи түссін, мерейлеріңіз арта берсін демекпіз, құрметті әріптестер!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<