Көненің көзіндей, бидің сөзіндей

447

1

Уақыт шіркін жүйрік қой… Бақтыбай ағамыздың өмірден өткеніне де жылдың жүзі болып қалыпты.

Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, ғұмырын ақпарат саласына арнаған Б.Бердібаев ағамыздың өзін көрмей тұрып дауысына қанық болдық. Радио арқылы. Иә, облыстық радиода ұзақ жылдар бойы қызмет еткен қайсар жанды тыңдарманы дауысынан жазбай таныр еді. Ағаммен 2000-жылдардың басында бір шаңырақ астында қызмет еттік. Сол тұста облыстық телевидениеге талапты жігіттерді жұмысқа шақырып жатты. Жүгіртпе жолдағы хабарландыру бойынша ұжымның сол кездегі басшысы Орынбасар Әлжік ағамызға кірдім. Жеті-сегіз ай сынақ мерзімінен соң жұмысқа қабылдандық.

Сөйтіп, телеарнаның жаңалықтар қызметі бөліміндемін, Бәкең облыстық радиода.  Ғимаратымыз бір. Бұрын радиодан қоңыр үнін тыңдағанға мәз болсақ, енді күнде жүздесеміз. Тетя Гуля атап кеткен ақжарқын апамыз Гүлнара Құлмұратова, Айғанша, Нағима апайлар, Жалғасбек Аманов, Кенжәлі Ерімбетов ағалар бар, бәрінің илегені бір терінің пұшпағы.

Сырттан қараған жанға, әсіресе жастарға тілшінің өмірі оңай, қызылды-жасылды дүние секілді қызық көрінетін шығар бәлкім?! Оператор салмағы зілдей камерасын, ал сен микрофон мен оператордың штативін арқалап алып (опреатордың бір затын көтерісіп жүру – бұлжымас дәстр), алашапқын болып жүресің. Орталық алаңға жақын орналасқан облыстық телеарнаның ғимаратына біріміз кіріп жатқанда енді біріміз шығып жатамыз. Келе сала дереу столға отырып, мәтін жазасың. Монтажный столдың тапшы уақыты ғой, мәтін жазып болғасын монтаж бөлмесіндегі ұзын-сонар кезекке асығасың. Әйтеуір, жұмысқа кіргеннен кейде түн ауа қайтқанша жанығып жүргенің. Аға редак­торымыз Несібелі Рахметова «Бұл жұмысты жақсы атқарсаң да, шала атқарсаң да еститінің бір атаңа нәлет. Телевидениенің «жаңалықтар қызметі» түсінген жанға жанып тұрған от қой, от» дейтіні сол кез. Ал радио мамандары қысқа ақпарат, жаңалық іздеп шапқылап жүреді. Оның кейбірін сұрап бізден алады.  

Ағамызбкн араға жылдар салып ата басылымда тағы жолықтық. Қалалық басылымнан «Сыр бойы» газетіне ауысып келгенімде алдымнан ағам қарсы алғандай болды. Алғашқы жылдары бір кабинетте отырдық. Бәкең ол кезде ақпарат бөлімінде, экономика бөліміне тілші боп келген маған білгенін айтып, ақыл-кеңесін беріп отырды. Ол кезде біз «Южный» шағын ауданындағы ескі ғимараттамыз. 2013 жылдың күз айында Сұлтан Бейбарыс даңғылы бойынан бой көтерген Т.Жүргенов атындағы Шығармашылық үйіне көштік. Қысқасы, Бәкеңмен 2017 жылы зейнетке шыққанынша бір ұжымда қанаттасып жүріп қызмет атқардық.

Бәкең өмірден көрген-түйгені мол жан емес пе, ретті жерінде еріксіз езу тарттыратын оқиғалардан қозғайды. Біріне тоқталайын. Айтуынша, Сейілхан Айсауытов деген ағамыз Бәкеңнің нағашысы болып келеді екен. Заманында басқарма төрағасы да болғанға ұқсайды. Марқұм сөзді тауып айтатын өте тілді адам болғандықтан «Айтқыш Айсауытов» атаныпты. Сол иманды болғыр өмірінің кейінгі жылдарын Арал ауданы Бөген ауылында өткізген екен.  Қош. Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлы қалың Айдарбектің ортасында туғандықтан сәбиге ақ сауытты Айдарбек бабаның есімін беріпті. Батырды құрмет тұтқаны ғой. Айтып-айтпай не керек, Айсауытовтың жалқы ұл тентек боп өседі. Бұзықтық жасаған балаға мұғалімдері жиі-жиі ескерту берсе керек.

Бір жолы мектеп директорының орынбасары Қапи деген кісі әлгі баланы тентектігі үшін оқудан шығармақ болады. Тәртіп бойынша оған ата-анаңды шақыр дейді. С.Айсауытов мектепке емес, Қапи ағамыздың үйіне келіпті. Кештетіп жеткен ол сыртта ат үстінде тұрып: «Кім бар-ау! Хабарлас қыл» дейді. Дауысты естіп үйден атып шыққан Қапекең шылбырына оралып, «Сәке, аттан түсіңіз!» деп бәйек болып жатады. Сонда қарт:

– Әй, Қапи! – депті ат үстінде тұрып. – Біз, Жақайым – аға баласымыз. Орталарыңа келгенде дүниеге келген балама ырымдап бабаларыңның атын қойған едім. Баламды мектептен қуғаның өз бабаңды қуғаның емес пе? – деп шылбырына оралған Қапидың ықыласына қарамастан жүре беріпті.

Мұның руы Айдарбек екен. Ауылдағы жұрттың басым бөлігі осы аталықтан. Сонда: «Бұтыма сиіп қойғандай болдым» депті марқұм Қапи ағамыз. «Сонан дереу үйге кіріп, киіндім де Алмаш жеңгеме қарай далақтап жүгіре бердім», – деген екен, жарықтық.

«Міне, сөздің қадірін түсінетін адам!» деп тамсанып отыратын Бәкең осындай ескі, тағылымды әңгімелерді жақсы көретін.

Кенеттен дүниеден озғанда «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» дегенді тағы бір еске алдық. «Қайсар қалам» атты кітабы жарық көргенде балаша қуанып, кітабын сыйлаған сәт еске түсті. Қазір Ыдырыс ағам мен Ержан інім отырған кабинетте «Халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты картинаңыз өзіңіз ілдірген жерде қаз-қалпында сақтаулы тұр. Кітабыңыз да қолымызда, қоңыр үніңіз құлағымызда. Әріптес аға-інілеріңіз сіздің жарқын бейнеңізді ұмытпайды.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

облыстық «Сыр бойы» газетінің

жауапты хатшысы

қыркүйек, 2019 жыл

Пікірлер:

Пікір жазыңыз