Құрмет төріндегі құрылысшы

523

0

Құрметке лайық мамандыққа саналы ғұмырын арнаған Қазақстанның құрметті құрылысшысы Жанәбіл Нұрқыш бүгінде сексеннің бесеуіне келіп отыр.


Ол Сырдария ауданының Бірқа­зан бекетінде туған. Қы­зылорда гид­ромелио­ра­тивті тех­никумының, Бү­кіл­одақтық ин­женерлік-құрылыс инс­титу­ты­ның түлегі. Оқу бітірген соң жолдамамен Оңтүстік Қа­зақстан (қа­зіргі Түркістан) об­лысына барып, еңбек жо­лын Сайрам аудандық су ша­руа­­шылығы басқармасында тех­ник-мелиоратор болып бастады. Үш­жылдық әскери борышын өтеп келіп, Қызылорда құры­лыс тресіне жұмысқа орна­ласты. Әуелі жұмысшы, кейін құрылыс шебері болды. «Қызыл­ордасельстрой» тресінде (бертін келе «Агропромстрой») шебер, прораб, құрылыс учаскелерінің бастығы қыз­меттерін атқарды. Треске қарасты те­мір-бетон за­уытына инженер болып ауысып, кейін басшылық тізгінді қолға алды.

Жанәбіл аға он жылдан астам уақы­­тын Қазалы жерінде өткізді. «Қы­­­зылорда­сельстрой-16» тре­сінің осын­дағы №1604 жыл­жымалы-механи­ка­лан­дырылған ко­лон­насына жетек­шілік жасады.


– 1968-1981 жылдар аралы­ғында аудан орталығында әр­түрлі әлеуметтік нысандар са­­луға атсалыстық. Олардың қа­та­рында 400 орындық «Юби­лей­ный» кинотеатры, 120 орын­дық аурухана, аудандық кеңес атқару комитетінің ғимараты, ау­дандық баспахана, 1100 орын­дық мектеп, тұрғын үйлер бар. Ауылдық жерлердегі құры­лыс ны­сандарында да қолтаңба­мыз қалды. Карл Маркс (қазіргі Бек­арыстан би) атындағы совхозда 640 орындық мектеп, Қазалықой совхозында наубайхана, 20 орындық монша, Жаңақұрылыс, Өркендеу елді мекендерінде тұр­ғын үйлер салып, халық игілігіне бердік, – дейді құрыш­қолды құрылысшы.


Кейіпкеріміз өз саласының шебе­рі, білікті басшы болумен қатар, аудандық кеңес депутаты және партия комитетінің пленум мүшесі ретінде де саяси жұмыстарға араласты.


Одан кейін әр жылдары «Қы­зыл­орда­сельстрой» тресі­не қарасты өн­ді­рістік-техноло­гиялық жинақтау бас­қарма­сының бастығы, «Агропром­строй» бір­лестігінің бас диспетчері, «Про­гресс» керамзит-бетон зауы­ты директорының орынба­сары, «Агро­промстрой» тре­сі­не қарасты «АТЖ и К» ЖШС директоры қызметтерін ат­қарды. Оның жетекшілі­гімен құ­рылысшылар 1996-2001 жыл­дар ара­­­лығында Қызылорда қа­ласында ор­­на­ласқан Ғ.Мұратбаев атындағы ор­талық стадионды абаттандыруға үлес қосты.


Сыр өңірінің өсіп-өркен­деуінде, жаңа­рып-жайнай түсуін­де сала өкіл­дерінің табанды ең­бегі, маңдай тері бар екені жа­сырын емес. Елдегі, аймақтағы кез кел­ген нысанда, ғимаратта құ­рылысшы алақа­нының ізі қа­лады. Олар әркез «мынау – мен салған мектеп», «мынау – мен тұрғызған үй» деп мақ­танышпен айта жүреді.


Құрметті мамандық тұғыры­нан көрін­ген Жанәбіл аға 1994 жылы зейнет­керлікке шықты. Алайда, әбден еңбекке араласып үйренген ол қол қусырып үйде отыра алмады. «Мұнайқұрылыс» серіктестігі дирек­торының орын­басары болды. «Ай-Дан инвест» ЖШС-на қарасты темір-бетон зауытын басқарды.


Кейіпкеріміздің ел дамуы жолында атқарған еселі жұмысы елеусіз қалған емес. Облыс әкімінің алғыс хатының, облыстың Құрмет грамотасының, бірне­ше медальдің иегері. Соның ішінде 2010 жылы омырауына таққан «Қазақстанның құрметті құрылыс­шысы» атағы ыстық көрінеді. Өйткені бұл көпжылғы еңбегінің өтеуіндей.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<