Қызылордада Нағи Ілиясовтың ескерткіш-бюсі ашылды

1297

0

Қызылордада Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың ескерткіш-бюсі ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.


Еңселі мүсін батыр есімін иеленген №9 мектеп-лицей ауласына орнатылды. Оны Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жәркен Исмағұлов даңқты тұлғаның туғанына 100 жыл толу құрметіне арнады.


Аймақ басшысы отан үшін от кешіп, елеулі еңбегімен ел алғысына бөленген нар тұлғалы азаматтың ерен ерлігі мен игі ісін ұрпақ жадында жаңғырту – парыз екенін айтты.


– Нағи Ілиясов 1920 жылы Сыр топырағында дүниеге келген. Оның балалық шағы ел өміріндегі аласапыран уақытпен тұспа-тұс келді. 1933-1936 жылдары балалар үйінде тәрбиеленді. 1936-1939 жылдары Орталық Азия университетін, Ташкент педагогикалық училищесін бітіріп, мектепте неміс тілі, тарих пәндерінен сабақ берді. 1942 жылы қаңтарда қалам орнына қолына қалам алып, майданға аттанды.

Жауынгер жолындағы аса ауыр шайқастардың бірі –Будапешт операциясы. Венгрия қаласын азат етудегі ерлігі үшін ол «Кеңес Одағының Батыры» атанды. Будапеште Нағи Ілиясовтың есімімен аталатын көше бар, – деді облыс әкімі.


Қаһарман ұл 1945 жылы Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысып, елге есен-сау оралғасын бірқатар жауапты қызметте болды. Өзі ерлікпен жүріп өткен жорық жолдары туралы «Жауынгер жолы» кітабын жазып, кейінгі ұрпақты бейбіт өмірді бағалауға үндеді.


Бүгінде өзі басқарған бұрынғы «Қазақстанның 50 жылдығы» ауылы батыр атында. Ол облыстағы ғана емес, республикадағы үздік әрі үлгілі елді мекендердің бірі саналады.


Майдангердің ұлы Ринат Ілиясов әке ерлігі, өнегелі өмірі мен еңбек жолы жас буын үшін тағылымды тәрбие көзі екенін айта келе, қаһарман ұл есімін ұлықтаудағы іргелі істер үшін сырбойылықтарға алғыс білдірді.


Сонымен бірге осы күні Н.Ілиясов тұрған үйге мемориалдық тақта, ал қалаға қарасты Қараөзек ауылында арнайы белгі орнатылып, «Батырдың үш өмірі – үш бақыты» атты кітап жарыққа шықты.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<