Сәулелі ғұмыр

2580

0

«Періштелер білім жолына түскен адамға қанатын жаяды, көктер мен жердегілер ол үшін дұға жасайды. Білім – қараңғыдағы нұр. Білім иесі – түнгі уақыттағы айдың барлық жарықтан артық тұратыны секілді, басқа адамдардан соншалықты ерекшеленеді», дейді ислам тәмсілі. Ғалымға, ғылым жолына түскен адамға, ұрпақ тәрбиелеп, білім үйреткен ұстазға бұдан артық құрмет жоқ шығар, сірә?! Осындай құрметке лайық жанның бірі қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Жеңіс Сәдуақасұлы биыл 75 жасқа толып отыр.

Жеңіс Сәдуақасұлы – қазақ өнері мен ғылымына талай талантты сыйлаған киелі Аралдың перзенті. «Сағыныш сазды сырларым» атты ғұмырнамалық кітабында «Анамның айтуынша, Ұлы Отан соғысы аяқталған жылдың соңғы айларының бі­рін­де «Ұялы» аталатын Арал ауданына қарайтын балықшылар ұжымшарының «Жалпақ» деп аталатын бір бөлімшесінде қыста дүниеге келіппін» дейді өзі. Осы ұядай «Ұялыдан» шыққан ұл бү­гінде ұлт ғылымына еңбегін сі­ңірді, ұрпақ тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атанды. Жүздеген, бәлкім, мыңдаған шәкірттері, әріптестері Жеңіс ағаны құрмет тұтады, қа­дірлейді.

Абыройға бөленіп, қадір-құр­метке лайық өмір сүру кім-кімнің де адами арман-мақсаты болса керек. Бірақ осы ең қымбат бай­лыққа барлығымыздың бірдей қо­лымыз жете бермейді. Өйткені көптің көңілі, өзіңе деген қадір-құрмет пен сыйластық – сатып алуға, сұрап алуға болмайтын байлық. Азаматтық бітім-болмысынан, кі­сілік келбетінен, ғалымдық-ұстаз­дық ұстынынан, ізгілік пен иман ұялаған жан-жүрегінен болса керек Жеңіс аға бұл жағынан көп адамнан бай. «Өзі ізгі жан – ізгілікті бағалар, Адамшылық ізгілікпен қа­ланар» деп Жүсіп Баласағұн айт­қан көркем мінез, сәулелі ғұмыр иесі.       

1964 жылы орта мектепті бітіре салып, оқушы партасын мұғалім үстеліне айырбастап, сегізжылдық мектепте «бала мұғалім» атанады. Тиянақтылықтың, өз ісіне деген жауапкершілік пен сүйіспен­шіліктің, білімге деген құштарлық пен білім үйретуге деген ынта-жі­гердің нәтижесінде аз ғана уақытта шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналады. Үш жылдай мектеп мұ­ғалімі болып қызмет атқарған соң нағыз ұстаздық жолға түсуді мақсат еткен балаң жігіт арманын арқалап Қызылордаға, Н.Гоголь атындағы педагогика институтына келіп түседі. Аз да болса мектепте жұмыс істеген тәжірибелі студент институт қабырғасында білім нәрімен сусындап қана қоймай, ғылыми ізденістерге апаратын алғашқы сатылардан өтті. Тумысынан өнер­ді серік еткен ол институттың қо­ғамдық өміріне белсене араласты, көркемөнерпаздар үйірмесінің бел­ді мүшесі болды.

1971 жылы филология факуль­тетінің қазақ тілі мен әдебиеті маман­ды­ғын үздік бітіріп, мектепке жол­дама алды. 1979 жылға дейін Қы­зылорда қаласындағы орта мектептерде мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қыз­меттерін атқарды. 1979 жылдың қыркүйегінен бастап өзі білім алған пединституттың педагогика және психология кафедрасына оқытушы болып келді. 1979-1989 жылдары «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, мең­герушісі қыз­мет­терін атқарды.

Жеңіс Сәдуақасұлының ғылым көкжиегіне талпынып, бет бұруы да осы жылдар еншісінде. 1988 жы­лы филология ғылымдарының докторы, профессор М.Томановтың жетекшілігімен Тіл білімі институты жанындағы диссертациялық кеңесте «Қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы» тақырыбында кандидаттық диссертация қор­ғады. 1989 жылдан бастап қа­зақ тілі кафедрасының аға оқы­ту­шысы, до­центі, кафедра мең­­ге­рушісі қыз­меттерін атқарды. Қазір қазақ тілі мен әдебиеті және жур­на­листика кафедрасының профессоры.

Шын ғылым – ізденімпаздық пен мақсаткерлікті керек ететін киелі дүние. Кез келгенге «жалын ұстата бермейтіні» де сон­дық­­тан болса керек. Ғылымда өз бағыты, өз ұстанымы бар Жеңіс Сә­дуақасұлы 1997 жылы «Қазақ тілін­дегі бір құрамды сөйлем­дер­дің құрылымдық типтері» тақы­ры­бында докторлық диссертациясын қорғап, ғылыми ортада өзін танытты, ғалым ретінде мойындатты. Тіл біліміндегі өзекті мәселелерді сөз еткен 100-ден астам ғылыми мақала, 6 монография, бірнеше оқу құралын жазды.

Ғылым мен өнер әу бастан егіз жаратылса керек. Ал ұс­таз­дық ше? Ұстаздық та – өнер! Үшеуі де нәзік сезімталдықты, бай­қағыштықты, ой тереңдігі мен қиял жүйріктігін қажет етеді. Осы қа­сиеттердің барлығы біз таныған Жеңіс ағаның бойынан табылады. Қазақтың қара домбырасы – жан серігі. Күмбірлете күй тартқанда жан-жүрегіңді тебірентеді. Дом­быраның шанағынан төгілген күй тыңдаушысын бірде мұңға батырса, бірде шабыттандырады, шалқыған қуаныш сыйлайды. Бұл өнердің құдіреті, сол құдіретті жет­кізе алған орындаушының ас­қан шеберлігінде болса керек. «Сағыныш сазды сырларымда»: «…Тағы бір пайдам, жас кезімнен осы уақытқа дейін өміріме серік болып келе жатқан өнерім – домбыра тартуды біршама жетік үйренуім болды» деп өнердегі ұстаздары туралы өзі айтқандай, күйшілік те тынбай ізденудің, үйренудің нәтижесі.

Қазақтың халық әндері мен Абайдың ән мұраларын нақышына келтіре орындайды. Бірнеше ас­папта: баян, мандолина, бала­лай­када еркін ойнайды. Студент кезімізде ағайдың скрипка тарт­қанын көріп таңқалғанымыз бар. Көбінесе кә­сіби музыканттар ғана тартатын осы ысқыш аспаптың құлақ күйін келтіріп, сызылта әуен орындағаны біз үшін таңсық көрінген еді.

Тағы да өзінің естелік кітабын парақтайық: «Ал менің өз әкем Сәдуақас ағаштан түйін түйетін шебер кісі еді. Бір ғана балға, балта, ара, сүргі және қашаумен үйдің есік-терезелерін, сандық, кебеже, ағаш кереует, басқа да мүліктерді жасай беретін. Онымен қоса, саптама етік, табаны ағаш шегемен шегеленген мәсі, небір бас киім түрлерін: құлақшын, бөрік, тақиялар тігетін…». Ата көр­ген оқ жонар! Жеңіс ағаның тағы бір қыры әкеден қалған осы өнерді ұстап қалуында. Үйіндегі ағаш жиһаздардың көпшілігі өз қолынан шыққан. Бүгінге дейін қолынан балғасы мен балтасы, сүр­гісі мен қашауы түспейді! Мүмкін, өзінің осы бір сүйікті ісімен айналыса отырып, сонау алыста қалған балалық шағын аңсап еске алар?! Білте шамның жарығымен бірі мәсі, бірі іс тігіп отырған әке мен ана көз алдына келер, бәлкім?! Әлде, бүгінге дейін көңіл түкпірінен кет­пейтін, іздесе де таба алмайтын, «ауылымның жұрты да жоқ деп» аузынан тастамайтын «Ұялысын» сағынар ма екен?!

Ұстаздық – жан-жүректің жы­лылығы. Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, сан буын өскінге білім сәулесін түсіріп, көкірегіне болашаққа деген үміт отын жаққан Жеңіс Сәдуақасұлы бүгінде мерейлі, мәртебелі 75-тің биігін бағындырып отыр. Сәулелі ғұмырыңыз ұзақ болсын, ұстаз-аға!

Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті,

қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика

кафедрасының меңгерушісі, филология

ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<