Сағыныш сағымы

926

0

Сол уақытта Бөріойнақта алпыс шақты үй болды. Шонабай бабамыздан екі ұл – Төлеу, Бексұлтан, үш қыз Әтіркүл, Әйткүл, Зерекүл туған. Алғашқы кезде Қарғалыда, Құмшүмет, Алтынөзек жағасында жер кепеде төрт түлік мал ұстап күн көрді. Сол жерге шығырмен және ызаға ортақ болып ұжымдасып тары, қауын, қарбыз, асқабақ, маш еккен. Қауынын шартаққа жайып кептіріп, қақ, төстік, қауынқұрт қайнатқан.

Шонабай бабамыз әулеттің үлкені болған соң, ортақ тары еккізіп, басшылық жасаған диқан болған. Тарыны қал­паққа салып, оған топырақ қосып сеуіп береді екен. Сонда жиі болмай біркелкі шығады екен. Сосын дәу ақ шеңгелді таптап үстіне шымнан ауырлық салып, өгізбен, есекпен малалайды. 60 күндік қызыл тары және 90 күндік сары тары егеді екен. Сол қызыл тарыны қорымаса, шөже торғайлар түте-түтесін шығарып дымын қоймайды.

Ересек балалар қауашақ қалбырды тізіп іліп қойып, дыңғырлатып қориды және саздан домалақтап оқ жасап, сақпанмен атады. Сары тары піскен кезде қырғи келеді екен. Торғайлар қорыққаннан жоламайды. Бабамыз Шонабай сеуіп болған соң, күн қызғанда дәу ақ шеңгелдің түбінде демалып жатады. Адамдар тары тереңдеу түсу үшін, жұқалап кетпенмен шауып аударады.

Бабамыз жігіт­терді реттеп, керуенге бас­шылық жасайды. Өзінің екі нар түйесі болған екен. 10-15 нарды ауылдан жинайды, әрқайсысы 1,5 тонна жүк көтереді. Сексеуілді бір ай бұрын өртеп көмір болған кезде құмға көмеді. Бір айдан соң қанар қапқа тиейді. Өртеген соң көмірі жеңіл болады. Оны Ташкентке базарға апарып сатады екен. Содан ауылға мәмпәси, кәмпит, тұз, қытайдың тақта шайын, көйлекке масаты, мата әкеледі екен. Таза көң әкеліп, өздері етік тігіп киеді. Нұртаза ер шабады, етік тігетін. Бейсен көкеміз де келі, келсап жасап, етікті өзі тіккен. Жидеден күбі жасаған.

«Елде болса, ерніне тиеді, ауылда болса, ауызға тиеді» деп қазақ айтпай ма? Бәрін елге бөліп беріп отырған. Сол Бөріойнақтағы ағайындар аш­тықты білмеген. Күнкөрісі ортадан жоғары болған.

Тілеуберген бабамыз жыл­қылы бай болған кісі. «Қыдыр дарыған Тілеуберген» дейді екен басқа елдегі қа­тар­лас­тары. Жылқылары жайлау суатқа дарияға түскенде аяқ жағы үлкен тас жолға жақын Нарынбай би қыстағында келе жатады екен. Сонда шамалай беріңіз… Билікке де араласып уәжін айтып, кесіп отырған.

Сол Тілеуберген ұрпақтары: Дүкенбай, Түкібай, Қасқырбай, Сауранбай, Өтенбай. Сауранбай аяғын сәл сылтып басады екен. Біразға дейін үйленбепті. Бір жиын-тойда орташа тұра­тын қатарласы: – Әй, Тілеу­берген сенің байлығың кімге керек? Анау Сауранбайды үйлендірмейсің бе? – деп сөзбен қағытыпты. Шамына тиген болу керек. Содан елге келісімен ақсақалдарды сол кісінің қызына құда түсіп келуге аттандырыпты. Сөйтсе қыз әкесі шарт қойыпты. Қалың малына бес үйір жылқы, өздері құлынды бие болсын, өзім таңдап аламын деген екен. Сонымен асылтұқымды қызыл ала биелерін таңдап алыпты. Той жасап, Сауранбай отау құрыпты. Содан Сауранбайдан бір қыз, бір ұл туған. Осы әулеттен тарайтын Шәймерден сол колхоздасу кезінде Қырашта парторг болған екен.

Шәймерденнен 2 ұл – Нызан, Есен, 2 қыз – Кішенай, Жаңыл туған. 1903-1905 жылдары II Николай патшаның «Орынбор-Ташкент» темір жолы өткен. Соған байланысты 27-бекетте тұратын Қасқырбаев Әуелбек инженер, сол жерде болт, күрек, керке, лом, клюшер істейтін цех ашқан.

Тілеубергеннен тарайтын Мампаев Пшан монтер, бригадир, кейінірек Болатбеков Мәтен бригадир,  Мырзабаев Жөребек бекет бастығы болған. Менің әкем Шонабаев Төлеу – жоғары разрядты обходчик. Інісі Бексұлтан Аққұмда станция бастығы болған. Теміржолда жартылай әскери болғандықтан броньмен қал­ған. Әкеміз Төлеу және 7-8 теміржол монтерын, байланысшыларды немістер теміржолды бомбалағасын қалпына келтіру үшін сол ауданнан соғысқа алған. Соғыс техникасы мен эшелонды өткізу керек болған. Броньдалған поезбен жүріп, бомбалаған теміржолды қал­пына келтіріп, эшелон поезды жылжытқан. Сонда қанша адам күніне үш шақырымнан астам жол салып, эшелонды тоқтатпай жүргізіп отырған. Беларусь майданында болып, әкеміз аман-есен елге оралады. Еңбегіне Молотов қол қойған «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Әкеміз 1900 жылы туып, 1974 жылы 74 жасында дүниеден озды. Соғыстан келісімен ауыр жұмыс зардабынан мүге­дектікке шыққан. Ал Пшан көке ұзақ жылғы еңбегіне «Құрметті теміржолшы» ата­ғын алған.

Бұл баян-эссені жазуы­ма Шонабаев Аманбай Бек­сұлтанұлы себеп болды. Ол 1946 жылы дүниеге келіп, 2001 жылы 19 сәуірде 56 жасында дүниеден озған. Биыл туғанына 75, қайтыс болғанына 20 жыл толады. Көп жылдар Жаңақорғанда «Энергосбыт» бастығы болған. Елдің өсіп-өркендеуіне үлкен қызмет жасады.

Мешіт салуға жылу жинап, демеуші болып, екі жылда бітіріп, күзде ашылу салтанаты өтті. Кедергілерге қарамай, Төленбек көкеміз бен Аманбай үш гектар жерді алған. Соның басы-қасында ағамыз жүрді. Қайла-күрегіне дейін өзі істетіп, зыр жүгірді деп халық айтып отыратын еді. Қайырымдылық жасайтын, өлім-жітімге, кембағал адамдарға жомарттығы да бар еді. 2001 жылы дүниеден өткенде сол жаңа мешітте намазын бірінші оқып шығарып салды.

Аманбайдан Шоқан, одан 4 ұл, 2 қыз бар. «Екі тойың қабат болсын» демей ме? Шоқан екі ұлын Шыңғыс пен Олжасын үйлендіріп, үй ішінен үй тігіп жатыр.

Біз Төлеу мен Айымторыдан 5 ұл, 3 қыз болдық. Құрбанкүл, Сайлау дүниеден өткен. Қазір 6 жан дін аманбыз. Айымкүл Жаңақорғанда аудандық статистика бө­лі­мінде жұмыс істеді, содан кейін көп жыл аудандық экономика бөлімінде бас маман болды. Қазір зейнетте. Ал Кенжекүл Бірлік ауылындағы балабақшада тәрбиеші. Әлжігіт Жаңақорғанда жұмыс жасайды. Ал Кейден (бұрынғы 26 разъезд) ауылындағы Қалжігіт үлкен отауда. Екі баласы үйленген, өсіп-өніп жатыр. Ал өзім әйелім Базаркүлмен отбасымызда 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіп-өніп отырған жайымыз бар.

Серік ШОНАБАЕВ,

Тасбөгет кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<