Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесінде бір топ қыз-келіншек отбасылық өмір мен ел тыныштығы үшін тынымсыз тіршілікті қатар алып жүр. Соның бірі − әділет майоры Меруерт Маратқызы. Ол – Қазақ мемлекеттік заң университетінің түлегі. Еңбек жолын Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастаған.
Тәжірибе мен тәлімді тең дамытқан талдырмаш қыздың ертеңіне алғашында күдікпен қарағандар болды. Алайда ізденісі мол жас бастамашылдығымен көп ұзамай басшылықтың назарына ілігіп, әріптестерін мойындатты. Меруерт өзіне біраз ауыртпалық әкелетініне қарамай, мамандығына адалдық танытып, қажырлы қызмет атқарып жүр.
Әр жылдары оқу орталығында кабинет, тир бастығы, оқу орталығының мемлекеттік тіл саясаты және ақпарат тобының инспекторы, учаскелік полиция инспекторы, Тасбөгет полиция бөлімі штаб тобының инспекторы, аға инспекторы болып жұмыс істеді. 2016 жылы ауысу тәртібімен облыс бойынша ҚАЖ департаментінің қалалық пробация қызметінің инспекторы лауазымына тағайындалып, аға инспектор қызметіне дейін көтерілді. Пробация қызметінде төрт жыл бойы сотталған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеуге, олардың психологиялық, құқықтық әлеуетін жетілдіруге ықпал етті. Әрбірінің жаңа мамандық меңгеруіне, жеке кәсіп ашуына, жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіп отырды. Бүгінде Меруерт Маратқызы – департаментте сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы, әділет майоры.
Ал майор Бақыт Әбілова – үлгілі қызметімен көзге түскен ару. Әкесі Изенбек те саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнап, жемісті еңбек етті. Әкеге тартқан табанды қыз бала күнінен әке жолын қууды армандады. Сөйтіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін бітірді. Еңбек жолын департаментке қарасты 169/5 түзеу мекемесінде кадр бөлімінің инспекторы болып бастады. Бақыт Изенбекқызы бүгінде пробация қызметіне басшылық жасау тобында.
– Қиын салада еңбек етіп жүрсем де еңбектің арқасында майор болдым. Армандар орындалады. Тек сенім керек, – дейді кейіпкеріміз.
Ал Шырын Әбдиева салада жиырма жылдан астам жемісті еңбек етіп келеді. Қызылорда қаласындағы тергеу изоляторында жұмыс істеп бастаған ол арнайы есепке алу бөлімінің есеп технигі болып ауысты. Он жылын осы бөлімде өткізді. Жалағаш аудандық пробация қызметінде аға испекторлық атқарған кезде пробация қызметінің қыр-сырына қанығып, сотталғандардың түзу жолға түсуіне себепкер болды.
– Бұл салаға келуіме себепші – ағам Ораз Қалиұлы. Осы күні қызметте ғана емес, отбасылық өмірде де бағым жанды, – дейді әділет майоры.
Ағаларының қызметтік формасына қызығып, құқық қорғау саласын таңдаған Эльвира Пазылқызы да – қазіргі таңда әділет майоры. Қажырлы еңбегінің арқасында Ішкі істер министрлігінің, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бірнеше марапатын иеленді.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет майоры Айым Таукенова ішкі істер органының қызметкері болуды о бастан армандады. Бүгінде сүрініп кетіп жаза басқандармен жұмыс істеп, олардың өткен қателікті қайталамауы үшін профилактикалық жұмыс жүргізіп келеді. Еңбегі еленіп, түрлі марапатқа лайық деп танылды. Айымның жолдасы Бағдат та өзімен бірге бір салада қызмет етеді.
Нәзіктік пен қайсарлық бір-біріне қиыспайтындай көрінеді. Алайда бұл асыл қасиеттер кейіпкерлерімізге тән. Ұжымды бірлік пен берекеге бастаған бес майордың жетістігіне әріптестері риза.
Гүлбану МАҚАЖАН
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<