Үлкеннің ақылы – кішіге  азық

2598

0

«Асыл – тастан, ақыл – жастан, ауру – астан, дау – қарындастан» деп түйіндепті ата-бабаларымыз. Асыл тастан екені рас. Өйткені, алтын-күміс, неше түрлі бағалы металдар, теңіз түбінен түзілетін інжу-маржан, асыл тастардың негізі мыңдаған, тіпті миллиондаған жылдар бойы құм мен тастың белгілі бір кезеңдерден өтіп барып қымбат қазынаға айналатыны ғылымда дәлелденген.

Ауру астан екені ғылыми тұрғыдан да, адамның күнделікті ұстанатын өмір салтынан да атам заманнан дәлелденіп қойылған. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының денсаулыққа пайдалы, пайдасыз ас мәзірінің тізімі – өз алдына бір төбе. Дау қарындастан шығатынына да дау айтуға болмас, өйткені, атам қазақ қазақ болғалы жер дауы мен жесір дауы, қаракөз қарындастың ар-намысына байланысты дау бүгінгі күні өзгеше сипат алғаны болмаса, өзекті күйінде қалғаны өтірік емес.

Ал ақыл жастан екенімен келісуге де, келіспеуге де болады. Туымызды төрге шығарып жатқан спорт саласындағы жастарымызды көргенде қуанасың, ал енді бір жастарымыздың мемлекеттің миллиардтаған қаржысына болашағымызды баянды етеміз деп шетел асқанымен қайтарымы болмағанына қынжыласың. Сонымен бірге өмір көрген, талайлы тағдырдың ыстық-суығында ысылып шыңдалған, жаман әдеттен аулақ, оқыған-тоқығаны, көрген-түйгені, жастарға берер тағылым-тәрбиесі мол, құймақұлақ қазыналы қариялардың да жетерлік екенін жоққа шығаруға болмайды.

Қандай да бір жақсылы-жаманды әңгіме, үйренетін, жиренетін, озығы бар, тозығы бар салт-сананы, әдет-ғұрыпты насихаттайтын өнегелі-өсиетті әңгіме, тіпті қажетіңе жарайтын да, жарамайтын іс-әрекет, қағытпа-қалжыңдарды көпшіліктің басы қосылған жерде естіп те, көріп те қалып жатасың.

Он саусағынан өнері тамған нағашы ініміз зейнетке шығып Байқоңырдағы өз шаңырағында шағын басқосу өткізді. Теміржол саласында жұмыс істеген ініміздің қолынан келмейтіні жоқ десе болады. Темірдің пірі Дәуіт ғалейкиссалам пайғамбардың тырнақтай болса да ықыласы түскен шығар, темірден түйін түйетініне қоса, ағаш өңдейтін ұсталығы бар. Көлік жөндейді, «костоправ» дейтін бе еді, ондай да өнері бар, оның жасаған сварка, автогенінің ізі білінбейді деп мақтайтын шеберлігін көргендер. Қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы. Құдай осынша өнермен бірге өзінің дегені болмаса, өзгенің айтқанына көнбейтін қырсықтықты қоса беріпті. Үйіне барғанымызда сол ініміз айтып отыр, «зейнетке шығып жатқанымда, мекеме басшысынан бастап ұжымдастарға дейін, «әлі де тұғырдан түсетіндей шаршап тұрған жоқсыз, ең болмаса екі-үш жыл қалып, соншалық жан қинамай-ақ еркіңізбен жұмыс істеңіз, жастарға шеберлігіңізді үйретіңіз, өзіңіз сияқты маман тәрбиелеп шығарыңыз» деп жалынғандай болып еді. «Зейнет жасына келген қандай маман болса да, жұмыссыз жүрген жастарға орын босату керек, шебер болуды шын қалаған адам ешкім үйретпей-ақ, өзі талап қылады. Жетектеп қосқан тазы түлкі алмайды» деп, қалмадым» дейді. Мүмкін, бұл ініміздің айтып отырғаны дұрыс та шығар, дұрыс болмауы да мүмкін. Өйткені үлкен ұжымда кімнің кім екені бесенеден белгілі. Ондай жерде күріш арқасында су ішкен күрмектей күнін көріпжүргендер де, соған керісінше, саусақпен санарлық болса да, әлгі ініміз сияқты он саусағынан өнері тамған, ұжымның өрге басуына әжептәуір үлес қосып жүрген жандар да болатыны рас. Егер көпшілік қалап, қолқалап жатса, сондай қалаулы жандардың өмір тәжірибесін зейнетке шыққан соң да пайдаланып жатса, оның қандай айыбы бар. Нағашы інімізге осыны айтқанымызбен, бірбеткей жақынымызды көндіре алмадық.

Ертеде бір хан жасы келген қарт кісілерді күтіп-бағуға кететін қаражатты үнемдейміз деп, алпыстан асқан үлкендердің бәрін өлтіруге жарлық шығарыпты. Бұл жарлыққа тек бір жігіт қана бағынбай, алпыстан асқан әкесін сандыққа жасырып ұстапты. Бір күні хан елдегі жас жігіттерді жинап жорыққа алып шығады. Жорыққа «керек-жарағымды салдым» деп, әкесін салған сандығын арқалап әлгі жігіт те шығыпты. Жолда теңіз жағасындағы жарқабаққа демалуға тоқтағанда, көпшілік теңіз түбінен жарқырап сәуле шашып жатқан асыл тасты көреді. Хан жауынгерлерге теңіз тұңғиығында жатқан асыл тасты алып шығуды және онсыз оралмауды бұйырады. Жарқыраған асыл тасты белгісіз себептермен жоғары шығара алмаған жауынгерлер біртіндеп теңіз түбінде қала береді. Сандық ішінде жатқан әкесі ақырындап баласынан сыртта не болып жатқанын сұрайды. Баласы жағдайды жеткізіп, өзінің де кезегі жақын қалғанын айтқан кезде әкесі: «Балам, теңіз жиегіндегі жарқабақтың үстінде ағаш өскен бе?» десе, баласы: «иә, ағаш өсіп тұр» дейді. «Асыл тасты теңіздің түбінен емес, ағаштың басындағы құстың ұясынан табасың» дейді әкесі. Шындығында, жігіт ағаш басындағы құстың ұясынан сәулесі теңіз түбіне түсіп тұрған жұдырықтай гауһар тасты алып, ханға әкеліп береді. Таңғалған хан мұның сырын сұрағанда, жігіт шынын айтыпты. Қарияның тапқырлығына риза болған хан өзінің ағаттығын түсініп, жарлығының күшін жойған дейді.

Әрине, аңыз, сонда да «алты құлаш наркескеннің алты-ақ қарыс қыны бар, адам сенбес өтіріктің әлдеқандай шыны бар».

 Әлімжан Қияс.

 Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<