Зағира апай

1234

0

– Апай қайтыс болған…

Бұл хабарды Тұрлығазы елден келген бір ағайынның аузынан сөз арасында естіп қалды. Дүние салғанына бір жылға таяп қапты. Тұрлығазының жүрегі шым етіп, мынау жайсыз хабарды бұған дейін естімегеніне қарадай қысылды. Орнынан тұрып, кеудесін кере дем алды да, бөлме ішінде арлы-берлі сенделіп кетті.

Зағира апайдың есімі көңіл түкпірінде көмескі қалған көп жайды қайта көтеріп, есіне салғандай еді…

* * *

Тұрлығазының да жастық шағы ойқыл-тойқылы көп бір алмағайып замандарда өтті. Қазақтың бетке ұстар көсемдері түгелімен көгенделіп ұсталып, ұлт зиялысының тамыры қырқылған кез. Кейінгі пайда болған көсемсымақтар қарадай көлеңкесінен қорқып, бөріктерін заман ыңғайына қарай қисайта киіп алысқан. Қазақ тілінің қасиеті жоғалып, қазақ мектептері жаппай жабылып жатқан шақ-ты. «Қателесіп» балаларын қазақ мектебіне тапсырып қойған қазақтар сол балаларын қолдарынан жетектеп орыс мектептеріне өткізіп жатты. Баланы орыс мектебіне өткізу үшін бір сынып кейін шегеру керек, көнбіс қазақ соның өзіне риза еді. Өйткені жарқын келешек орыс тілінде, орыс мектебінде. Орысша тілің келмей шүлдірлеп жатсаң – дос та, дұшпан да мазақ етіседі, білімсіз, ақымақ, кеще санайды.

Мінеки, осындай аумалы-төкпелі заманда уыздай ұйыған ұжымын шайқамай, шашыратпай, аман-есен сақтап қалғанның бірі – Зағира апай болатын. Көсем сөзді, шешен тілді, қазақтың өр мінезді қыздарының бірі еді. Ұзақ жылдар мектепте ұстаздық етіп, кейінгі уақта зейнет демалысына шық-қанын естіген.

Тұрлығазы мектеп бітірген жылдары Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп бүкіл ел дүрлігіп, газет-жорнал күнде жазып, радио мен теледидар құлақ етін жеп жатқан кез. Мектеп бітірген жастарды қалаға оқуға жібермей, сыныбымен түгелдей қойшы етіп, әр өңірде «комсомол-жастар шопандар бригадалары» құрылып жатты. Көктемнің көкөзек бір күнінде бұлардың сыныбына да галстук тағып, мұздай киінген үш жігіт келіп жиналыс ашқан. Келгендердің біреуі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, келесі кісі – аудандық оқу бөлімінен, үшіншісі тіпті дөкей бастық – аудандық партия комитетінің нұсқаушысы екен.

Қастарында сынып жетекшісі Бикен апай бар, үш жігіт Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізудің қаншалықты экономикалық пайдасын, әсіресе, бұл мәселенің саяси маңызын ұзақ-сонар сөз етісті. Сондықтан қазір жер-жерде комсомол-жастар бригадалары жасақталып, олар отар-отар қойды көбейтіп, үлкен жетістіктер мен абыройға кенеліп жатқаны аңыздай әңгіме болды. Орден алған, комсомол съездеріне делегат болып жатқан кейбір озат шопандардың аттары мақтанышпен аталды. «Коммунистік ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген нағыз отаншыл осындай жастардан тәлім алыңдар, соларға ұқсап қой бағыңдар» дегендей ұрандалған уағыз айтылды. Сондықтан «сүйікті партиямыздың саясатын оқушы жастар, сіздер де бірауыздан қолдап, сынып болып шопандар бригадасына аттаныңыздар, сөйтіп елге аттарыңызды әйгілеп, сый-құрметке бөленіңіздер» деген жалындаған ұсыныспен әңгіме түйінделді.

– Оқуды қайтеміз? – деді арадағы үздік оқитын бір қыз.

– Оқу ешқайда қашпайды. Екі жыл жұмыс істеп, өмірлік тәжірибе жинақтап, содан кейін де оқуға баруға әбден болады. Оқу сендерден ешқайда қашпайды және ол ешқашан кештік етпейді! – деп сендірді партия нұсқаушысы.

– Екі жылда білгенімізді ұмытып қалмасақ… – деп күмілжіді орта тұстан бір бала.

– Айналайындар, бұны мен ойлап тапқам жоқ! – деп осы арада комсомолдың бірінші хатшысы ешкі көзденіп, жұлқынып шыға келді. – Бұл партияның нұсқауы, саяси мәселе. Сіз немене, сонда партияның саясатына қарсы шығайын деп тұрсыз ба?

– Жо-жоқ, менікі әншейін пікір ғой… – деп әлгі бала партаның астына бұға түсті.

– Ондай одағай пікіріңізді жинап, қалтаңызға салып қойыңыз!

Сынып іші жым болды.

«Комсомол хатшысының сесі қиын сияқты, екі жылда тұрған түк жоқ, қойшы болсақ бола салайықшы» деп ойлады Тұрлығазы. Дәл осы дүбәра сәтті аңдып тұрғандай Бикен апай:

– Ал, кәнеки, шопандар бригадасына бүкіл класс болып баруды қолдайтындар – қолдарыңды көтеріңдер! – деді өзінің жұмсақ та қоңыр даусымен.

Жұрт жапатармағай бәрі қолдарын көтерді. Бикен апай орнынан тұрып, көтерілген қолдарды санап тұр еді, есікті айқара ашып мектеп директоры Нүсіпбаева Зағира апай кіріп келді:

– Не нәрсені бөлісе алмай жатырсыңдар? Мына балалар неғып қолдарын шошайтып отыр?

– Класс болып шопандар бригадасын құрмақпыз, Зағира Нүсіпбаевна! – деді сынып жетекшісі Бикен мұғалима.

Зағира апай алдымен төрде отырған лауазымды қонақтарға қарады, содан соң түгелге жуық қол көтерген сыныпты бір шолып шығып, мүсіркегендей ернін сылп еткізіп, нәумез басын шұлғыды да:

– Е-е-е, шырақтарым-ай, қойшы болайын деген екенсіңдер ғой?.. Өмір бойы қой баққан әке-шешелерің жетісіп еді. Енді сендер де сөйтпексіңдер ме? Түсіріңдер қолдарыңды! – деп саңқ ете қалды. Айбыны қатты, сөзі мығым.

Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы иығын қипақтатты. Аудандық партия комитетінен келген нұсқаушы жігіт еліктей едірейе қалды.

– Зағира Нүсіпбаевна, сіз… сіздің бұл пікіріңіз дұрыс емес!

– Неге дұрыс емес? Сонда қой бағуды тек қазақтың ғана маңдайына жазып қойып па? Орыс мектебін неге үгіттемейсіңдер? Неге сіздер қазаққа ғана қоқаңдайсыздар? Күштеріңіз бізге, ауыл қазағына ғана жетеді? Қаланың баласы неге қой бақпайды осы? Сонда қалай, бастықтың баласы – бастық, ғалымның баласы – ғалым, ал ауылдың баласы міндетті түрде қойшы болуы тиіс пе?

– Оны біз ойлап тапқамыз жоқ. Зағира апай!

– Ендеше, көздерің ашық, тілдерің бар, сөздерің жетеді, сол саясатты ойлап тапқандарға түсіндіріп айтпайсыңдар ма? Тура сөз туғанға жақпайды. Жібергіш болсаңдар неге Теміртауға, өнеркәсіпке жібермейсіңдер? Әлде өнеркәсіп ауыл баласының қолынан түсіп қала ма?

Осы арада дәл ортада шәниген аудандық оқу бөлімінен келген жігіт ұшып тұрды:

– Зағира Нүсіпбаевна, сіз… сіз өзіңіздің авторитетіңізбен бізді бұрышқа тыға бермеңіз! – деді тілі тұтығып, нарттай қызарып. – Шопандар бригадасын құрып, Қазақстанда қой шаруашылығын өркендету ісі – «екінші тың» деген атқа ие болып отыр. Бұл – партияның стратегиялық линиясы.

– Шырағым, сен мені стратегиямен қорқытпа. Ары кетсе – орнымнан алып тастарсың… еден жусам да күнімді көрермін. Ондай ұран сөзіңді қой! Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Кісілік сөзімді айтып тұрмын. Ереуіл сөзге ере бермей, үлкен азаматсыңдар, елдің сөзін сөйлесеңдерші! Жастардың жолын кеспеңдер, өспей жатып таптамаңдар. Ауылдан жабы емес – тұлпар, құладын емес – сұңқар шығады дегенге сенбейсіңдер ме? Бүйтіп боздағыңды бордай езіп, келешекте не қылайын деп жүрсіңдер?

– Бұл – саяси тайыздық…

– Тайыздық болса, шырағым, мынаған келісейік… Егер анау көрші Луначарский атындағы орыс мектебінен қойшы боп бір бала баратын болса, осы класты әлгі айтқан бригадаларыңа өзім бастап апарам… Әйтпесе – қысыр әңгімені қысқартыңдар! Балалардың басын қатырмай, өз жұмыстарыңызға барыңыздар!

Зағира апай келген қонақтарға есікті нұсқағандай ишара жасаған. Қонақтар салы суға кетіп, еріндерін жымқырып, бастарын шайқап кластан шыға жөнелісті. «Біз бұл істі бұлай қалдыра алмаймыз» деп күбірлесіп, бірін-бірі жігерлендіріп бара жатты.

Келгендер тегі болған жайды «жақсылап» жоғарыға жеткізген болар, артынша оқушылар Зағира апайды ауданға шақыртқанын естіген. Ол жердегі дөкейлердің алдында да Зағира апай айтқанынан қайтпапты. Соның алдында екі жыл бұрын бригада құрған екі сыныптың тағдырын мысал етіп, алдарына жайып салыпты… Бір жылға жетпей ол бригада пышырап, торғайдай тозып, тарап кеткен болатын. Басы таудай, аяғы қылдай құрып тынған еді. Екі сыныптан да бірде-бір бала оқуға түсе алмаған. Екі сыныптан екі қыз алтын медальға бітірісіп еді. Оның біреуі бір жылдан соң күйеуге тиіп, бүгінде оқу да, тоқу да жоқ, от басты, ошақ қасты сарылған әйел. Келесі қыз бригадада жүргенде жүкті боп қалып, қазір баласын құшақтап үйінде отыр. Алтын медаль беріп, үкідей үлпілдеген үмітіміз еді екеуі де, әдірем қалды. Бала жасынан «мен кинорежиссер» боламын дейтін бір оқушы ішімдікке салынып, қылмыс жасап, ақыры түрмеден бір-ақ шықты. «Жастардың арманын жер етіп, ұядан ұшпай жатып қанатын қайырған осындай ахуал үшін кім жауап береді?» деп, тайсалмай табандап тұрып алыпты. «Енді мен өз оқушыларымның тағдырын тәжірибеге сала алмаймын. «Қарағайға қарап тал өсер, қатарына қарап бала өсер» деген. Жүректегі жастық жалынын өшіріп, обалдарына қалмаймын!» деп қасқайыпты.

Сөйтіп, Тұрлығазылардың сыныбы құдай сақтап, қойшы болудан аман қалған. Бұл оқиға айдарынан жел ескен арманшыл жастардың көңіліне қанат бітіріп, ертеңге деген сенімін бекіте түскен.

Содан кейін-ақ баршасы мемлекеттік емтиханға дайындалып, «кім қандай оқуға, қайда баратыны» айқындала бастаған. Арада екі айдай уақыт өткенде Зағира апай өзіне Тұрлығазыны шақыртып:

– Әй, жетімегім, сен қай оқуға барғалы жүрсің? – деп сұрады.

Тұрлығазы расында жетім еді. Өзі де жетім өскен қыз болғасын Зағира апасы іш тартып, Тұрлығазыны «жетімегім» дейтін.

– Свулшқа… – деп Тұрлығазы желпіне сөйлеп, мәз болып ыржиды.

Зағира апай оқушысының бетіне бажырая қарады.

– Сыболышы несі?

– Стравопольское высшее военное училище летчиков и штурманов…

– Ұшқыш болмақсың ба?

– Иә, әскери ұшқыш болам!

Апай маңдайын тіреп ойланып қалды.

– Арыз беріп қойдым… Жуықта комиссиядан да өттім, денсаулығым мықты. Енді емтиханды тапсырған бойда кетем! – деп Тұрлығазы әскерилерше тақылдай жөнелді.

– Оны кім саған… әскер боласың деп жүрген? – деп күрсінді апай.

– Военком!

Зағира апай орнынан тұрып:

– Жүр, кәне сол военкомыңа! – деді де, Тұрлығазыны ертіп сыртқа беттеді.

Сол бойда бір жас мұғалімнің машинасына мініп, іргедегі Жәркент қаласына Тұрлығазыны жетелеп алып барды. Ешқайда бұрылмастан бірден әскери комиссардың өзіне кірген. Комиссар Зағира апайды бұрыннан таниды екен, есік көзінен қарсы алып, қолынан демеп орындыққа отырғызды. Хатшысына шай алдырып, Зағира апайдың алдына қойды. Сарыала киімді ком-иссар қабағы түксиіп, түсі суық болғанымен, жібі түзу, жүрегі жұмсақ кісі екен.

– Жүсіпбек шырағым, «қадіріңді білмегенге қадіріңді кетірме» дейді. Өзіңе қадірім жетеді ғой деп әдейі келіп отырмын. Сұрайын дегенім, мына баланы қайда жібергелі жүрсіңдер? – деп, Зағира апай сөзін әріден орағытып бастады.

– Бұл жігіттен біз летчик жасайық деп жүрміз… Военный летчик! – деді комиссар іштей мақтанғандай болып. Апайдың қасынан Тұрлығазыны көрген бойда осындай әңгіменің боларын ол алдын-ала сезген сияқты.

– Е-е-е! – деді апай басын шұлғып.

– Бұл жігіт әнеу күні біздегі комиссиядан өтіп қойды, летчик болуға жарап тұр. Денсаулығы мықты! Документтерін дайындап, әзір отырмыз!

– Сол документтерді көруге бола ма? – деді апай басын көтеріп.

– Зағира Нүсіпбаевна, әрине, сізге болады ғой… көрсетеміз!

Комиссар ішкі телефонмен Тұрлығазы Дуанбековтың құжаттарын сұратты.

Көмекші лейтенант лып етіп бір папканы комиссарға тапсырып, қайыра шығып кетті. Комиссар папканы Зағира апайға қарай ысырды.

– Мінекиіңіз!

Апай папкінің ішіндегі қағаздарды бөлек шығарды да, ортасынан қақ айырып, жыртып тастады. Бұл әрекетті көріп отырған комиссар сөз таба алмай тұтықты. Онсыз да күрең жүзі тотыға қарайып, шүңет жанары жарқ-жұрқ ете түсті.

– Жүсіпбек шырағым, сен маған ренжіме! – деді Зағира комиссарға бұрылып. – Мынау бала бір атаның соңында қалған жалғыз тұяқ. Өзі әке-шешеден де ерте айрылып, жетім өсіп келеді. Сонда бұ баладан әскер жасап, орыстан қатын әперіп, тұқымын тұздай құртпақсыңдар ма?

– Зағира Нүсіпбаевна, бұныңыз дұрыс емес!

– Неге дұрыс емес? Әскери адамның жайын біз де білеміз… Камчатка ма, Магадан ба, жоқ әлде Ақ теңіз бен Қара теңіздің арасы ма, әйтеуір тілін де, дінін де ұмытып, туған елінен кіндік үзіп қалады. Сендер солай етпексіңдер ғой? Жарықтық Сабырбай ақсақалдың ұрпағы бөтен ел, бөтен жерге судай сіңіп, тастай батсын дейсіңдер ғой? Ұрпағы орыстанып кетсін демексіңдер ғой? Жоқ, ол болмайды! Мен тірі тұрғанда ондай жөнсіздікке жол бермеймін. Сен мені түсін, Жүсіпбек шырағым, қағазыңды жыртты деп маған ренжіме! Менің басқадай амалым қалмады! – деп апай қара пәпкіні комиссарға итере жылжытты да, Тұрлығазыны жетелеп бөлмеден шыға жөнелді.

Комиссар төмен қарап түнерген күйі қолындағы қарындашын тықылдатып, үнсіз қала берді.

Зағира апайдың сесінен қорқып Тұрлығазы содан кейін әскери комиссариат жаққа жолаған жоқ. «Сен қайда жүрсің» деп ол жақтағылар да Тұрлығазыны іздей қоймады. Сөйтіп өмірдің ағысы оны өзге арнамен алып кете барған.

* * *

Әлгі оқиға себеп болып, сол жылы күзде Зағира апайды орнынан алып тастады. Кейінгі өмірінде ол кісі қатардағы мұғалима боп қызмет жасап, зейнет демалысына шықты деп еститін.

Дариға-ай десеңші, сол Зағира апайы да дүниеден өткен екен-ау! Қырық құбылған алақұйын заманда шындықты бетке айта білетін сирек азаматтың бірі еді ғой!

Зағира апайдың айтқаны келіп, шәкірттері шалымды шықты… Көпшілігі ілгерінді-кейінді әр түрлі оқуға түсіп кетіскен. Соңынан осы 28 оқушының арасынан екі ғылым докторы, төрт кандидат, екі журналист, газеттің бір басшысы, мемлекеттік мекемелердің бірнеше жетекшілері өсіп шыққан еді. Соның бірі – Тұрлығазы Дуанбеков болатын. Ол сол жылы Мәскеу полиграфия институтына түсіп, қазақ жастары арасынан «полиграфия инженері» дейтін сирек мамандықты иеленді. Іргелі баспаханада цех бастығы, Баспасөз министрінің көмекшісі, министрліктің Полиграфия басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Алғашқы лекпен еліміздің жаңа астанасына көшіп, мемлекеттік «Елорда» баспасын ұйымдастырды. Өзі ұзақ жылдар бойы осы баспаға жетекшілік жасап, ұлт руханиятына қосылған тамаша кітаптар шығарды. Қай қызметте жүрсе де әріптестеріне абыройлы, дос-жарандарына сыйлы, айтулы баспагер, білікті маман, білімдар басшы ретінде таныла білді.

* * *

Ертеректе Алматы облысы, Панфилов ауданында болған тағылымды бір оқиғаның жай-жапсары, мінеки, осы! Мен бұл әңгімені Тұрлығазы Сабырбайұлының өз аузынан естіген едім.

Зағира апай – ұлттық сұңғат өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің немере қарындасы екен.

Нұрыңыз пейіште шалқысын, алмағайып заманда жастардың тағдырына араша түскен қазақтың қайсар қызы!

Әлібек Асқаров,

жазушы.

Сурет: интернеттен алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<