ЖАРҚЫН ҒҰМЫР ИЕСІ

533

0

ЖАРҚЫН ҒҰМЫР ИЕСІ Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институ­тының 3-курсында оқып жүрген кезім. 1973 жылдың мамыр айында бір топ студентті, ішінде мен де бармын, барлығымыз қатты құрметтейтін, өзімізге тарих пәнінен лекция оқыған, кафедра меңгерушісі, факультет деканы болған Мәди Құрманұлы Кереевтің кабинетіне жинады. Ол кісінің көңілі жабырқау күйде екені байқалып тұрды.
 Бізге ол институттың өте дарынды түлегі Аралбай Махамбетов 42 жасында қайтыс болғанын жеткізді. Оның инс­титут қабырғасында студент болып жүрген кезінде-ақ белсенділігімен көзге түсіп, тарих факультетінің комсомол комитетінің, ал Мәди Құрманұлы оқытушылық қызметке ауысқаннан кейін оның орнына небәрі 20 жасында институттың комсомол комитетінің хатшысы болып сайланғанын, кейіннен Қызылорда қаласының жастары оны қалалық комсомол комитетінің І хатшысы етіп сайлағанын айтты. Оқу орнының өмірінде өзіндік із қалдырған Аралбай Махамбетовті ақырғы сапарға шығарып салу, марқұммен қоштасу рәсіміне қатысу үшін жастардың тобын жасақтағалы отырғанын жеткізген еді. Осы топтың ішіндегі бірнеше жігіт қаралы шеруде ағамыздың үлкейтілген портретін, алған марапаттарын – орден, медальдарын, әртүрлі мекемелерден, ұйымдардан жолданған қаралы веноктарды алып жүрдік.
Қаралы шеру марқұм тұрған  Чехов көшесі №29 үйден (сол кездегі облыстық аурухананың қарсы бетінде, қазіргі З.Шүкіров көшесі) басталып, өзінің оқыған, қызмет атқарған орындарына – облыстық партия комитеті, педагогикалық институт, №1 мектеп ғимараттарының алдына аялдап, Журба көшесінен өтіп,  сол кездегі облыстық драма театрына тоқтады. Осы жерде марқұммен қоштасу рәсімі, қаралы митинг өткізілді. Одан әрі қаралы шеру орталық алаңда, қалалық партия комитетінің алдында болып, одан әрі орталық мұсылмандар бейітіне беттеді. Маған қоштасу рәсіміне әртүрлі ұлттың өкілдерінен  егде жастағылар да, жастар да, ерлер мен әйелдер де көп қатысқандықтан, бір сөзбен айтқанда, мар­құмды түгел облыс жұртшылығы қи­мас­тықпен шығарып салғандай көрінді.    
20 жастағы кезіміз болса да,  пендеге осындай құрмет көрсе­тіліп, мәңгілік мекеніне шыға­рып салуға осыншама халықтың қарасы жиналғанын бұрын-соңды көрмегендіктен  қайран қалғаным бар еді. Небәрі 42 жас – қамшының сабындай қысқа ғұмыр сүріп, халық жадында ұзақ уақыт қалатындай із қалдыру екінің бірінің маңдайына жазылған бақыт емес. Бүгін ойлап отырсам – одан кейін марқұм болғандарға дәл мұндай көпшіліктің ыстық ықыласын, қимастық сезімін білдіруін осы уақытқа дейін кездестірмеппін.
Кейіннен ұстазымыз М.Кереев­тің тарихтағы тұлғалардың рөліне қатысты бір лекциясынан соң оңашада: «Сіздің замандасыңыз Аралбай Махамбетовтың қысқа ғұмырында осынша деңгейде халық құрметіне лайық болу ерекшелігі неде деп ойлайсыз?» – деп сұрадым. Ол кісі әдетінше ойланыңқырап алып, бет­орамалымен жанарын сүртіп: «Ол энциклопедиялық ойлау қабілеті жоғары тұлға болды, оның жүрегі де, қолдары да таза,  ол қарапайым да ақжарқын болды, яғни, нағыз тұлға еді» – деп жауап берді.
Мен де институтты бітіріп, еңбекке араласып кеттім. Бірақ, қашанда мені Мәди Құрманұлы ұстазымның Арекеңе қатысты «тұлға» деп берген бағасы оның мән-мағынасын тереңірек, кеңі­рек білуге итермелеп тұрды, яғни хал­қының өшпес құрметіне ие болған  Аралбай  Махамбетов феноменін тү­сінуге тырыстым.
Міне, Аралбай Махамбетовтің тұлға ретінде қалыптасу кезеңдерін айшықтайтын орамды ойлар мен пайымды пікірлерді, оның балалық шағы, мектептегі оқушылық кезеңі, студенттік кезеңі, қызметтегі жылдар, отбасылық өмірі, ұрпақ тәрбиесі, ағайын-туыспен, дос-жаранмен  қарым-қатынасы жайлы бағалы естеліктерді 2013 жылы жарық көрген «Сыр сарабдалы Аралбай» атты естеліктер жинағынан тапқандай болдым.
Ол 1931 жылы Қы­зылорда облысы, Сырдария ауда­нын­дағы Қошым көлі жағалауында (қазіргі «Қоғалыкөл» ауылы) дүниеге келді. 1948 жылы Қызылорда қала­сын­­дағы «1 Май» орта мектебін күміс ме­дальмен бітіріп, Н.В.Гоголь атын­дағы Қызылорда педагогикалық инсти­тутының тарих факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 1952 жылы та­бысты аяқтайды. 1952-1954 жылдары өзі бітірген педагогикалық инс­­ти­туттың оқытушысы, комсомол комитетінің хатшысы, Қазақстан Ленин­­шіл Коммунистік Жастар одағы Қызылорда қалалық комитетінің бірін­ші хатшысы, 1955-1963 жылдары – Қазақстан Компартиясы Қызылорда қала­лық комитетінің ұйымдастыру-пар­тия­­лық бөлімінің нұсқаушысы, мең­геру­шісі, ал 1963 жылдың қазан айы­нан бастап  Қазақстан Компартиясы Қызылорда облыстық комитетінің аппаратында бірнеше қызметтерді – саяси ағарту үйі меңгерушісінің орынбасары,   ұйымдастыру-партиялық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, облыстық партиялық комиссия төрағасы лауазымдарын атқарған.
…Қызылорда қаласынан 50 шақырым жердегі, табиғаты сұлу, қасиетті қойнау – осы өңірде орна­ласқан ондаған көлдердің ең айдындысы – Қошым көлінің маңайы еді. Қалың жыңғылды жазық, мәуесі майысқан жиделі тоғай,  шөбі шүйгін көкорай шалғын, ғасырлар куәсі іс­петті кәрі сексеуілді шағыл құмдар, және осыған лайық жүгірген аңы мен ұшқан құсы, ойнақтаған балығы мол ер­те­гідегідей  осы жерде Ахмет Яссауи бабамыздың шәкірті әрі ілімін жал­ғастырушы, бүкіл өңірге аты әйгілі Құл­болды ишан Сұлтанұлы жерленген.  
Міне, осы киелі өңірде ХХ ға­сырдың 30-жылдары   Аралбай Махамбетов дүниеге келген.
Бұл топырақта қазақ өнері мен мәдениетіне, әдебиетіне өзіндік қолтаңба қалдырған жазушылар Қ.Мұхамеджанов, Ә.Жәмішев, атақ­ты театр және кино актрисасы С.Майқанова, қазақ ағарту­шысы, ислам зерттеушісі С.Лапин, мем­лекет және қоғам қайраткерлері Қожықов­тардың ата-бабаларының кіндігі кесілген.
…Кейіпкеріміз бір жасқа толмай жатып әкесі Махамбеттен айырылады, ал төрт жылдан кейін шешесі Ұлбала да қайтыс болып, тұл жетім қалады. Жетімін жылатпаған баба дәстүрімен әке-шеше орнын жоқтатпай, үлкен ағасы Ізбасар мен оның жұбайы Мәрия Аралбай мен оның апасы Рабиғаны өз қамқорлығына алды. Аралбай аға соңғы демі біткенше ол кісілерді шын көңілімен, балалық сүйіспеншілік сезімімен жақсы көріп, ардақтап өткен.  
Ізбасар өткен ғасырдың 20-жылдары теміржол училищесін бітіріп, 1963 жылға дейін 40 жылдан астам уақыт осы бір күрделі де жауапты салада абыроймен еңбек етіпті. Өмірдің бұл жолын таңдауына оның өз әкесі бағыт берген көрінеді. Ол ғасыр басында-ақ «отарбаның» келешегінің зор екенін, болашақтың маңызды қатынас құралы боларын көрегендікпен болжай білсе керек.
Махамбеттің үлкен ағасы Досжан барынша діндар, шөппен ем-дом жасаумен айналысқан. Інісі Әшірбек егіншіліктің қыр-сырын меңгерген, жердің  құнарын жақсы танитын, қолымен не ексе де көктей беретін шаруақор адам болыпты.
Махамбет қауымдастары арасында беделі зор, үлкен құрмет иесі болған. Даулы мәселелерді ақиқат жолымен шешетін, сөзі мірдің оғындай өткір болыпты. Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде Аламесек ауылдық округінің болысы болып сайланған екен.
30-шы жылдары Қызылорда қала­сын­дағы қазіргі И.Журба атындағы көшенің бойынан салынған Ізбасардың үйі адам аяғы арылмайтын, қаладан жырақ ауылдарда тұратын ағайындар мен аталастардың еркін қона жатып, тіршілігімен айналысатын, мал және егін өнімдерін, отын әкеліп  сатып, ауылдарына тірлікке қажетті кездеме-тауар, ұн-жарма, қант-шәй, тағы басқа алып қайтар «керуен сарайы» іспеттес еді. Бұл шаңырақта әрқашан тазалық, тәртіп, үлкенге құрмет көрсету қағидалары мүлтіксіз сақталатын.
Аралбай ағаның ауылдағы ағайындар арасында болуы олар үшін мерекеден кем түспейді. Ол оқыған кітаптары жайлы тартымды етіп әңгімелеп, орыс тілін үйренулеріне көмектесетін, кейде түннің бір уағына дейін қазақтың «Батырлар жырын», «Рүстем-Дастан» жырын, «Мың бір түн» ертегілерін оқып беріп, сусындатады екен.
«Аңғарымпаздығын, табиғатты, жан-жануарлар дүниесін терең зерттеп, білетінін содан-ақ байқауға болады. Өзіміз маңайын жайлап отырған көлді айналып шығып (әдетте күніне екі рет,  таңертең  және кешке) таңдаған орнына салса болды, қармағын балық қаба бастайтын, ал қырғауылдардың суатқа баратын жолдарын анықтап алып, жылқының қылынан құрған тұзағына қызылды-жасылды қырғауылдар топырлап түсетін де, үйге қайтқанда қанжығасы құс пен балықтан кенде болмайтын», – деп тамсана әңгімелейді екен замандастары.
Ауылдастары таңданыстарын жасыра алмай, «осы сен осынша балық қармағыңды қабуы үшін не істейсің?» деп сұраса, «Қарап жатпай, түнімен дуа оқимын»  деп әзілдейтін көрінеді.
17 жасында №1 орта мектепті медальмен бітірсе, 19 жасында жоғары оқу орнын «өте жақсы» деген бағамен, қызыл дипломмен аяқтады. Мектепте, институтта бірге оқыған Хамит Ембергенов ағамыз Арекеңнің кез келген пәнді жетік білгенін, жолдастарына қиналған сұрақтарын түсіндіруге әрқашан дайын болғанын еске алады. «Институтта тарих факультетінің орыс тілінде оқитын тобында болды, мектепті қазақша бітіргеніне қарамастан, оның орысша жазған шығармаларының сауаттылық пен мазмұндылық деңгейіне орыс тілі пәнінің оқытушысы Галина Хан деген апайы қатты  таңданатын, басқаларға үлгі ететін»,– дейді ол кісі естелігінде.
…Оқып жүрген кезінде инс­титуттың тарих факультетінің, ал кейіннен институттың комсомол коми­тетінің жетек­шісі болды, ал  21 жасында қалалық ұйымға жетекшілік етті.
Өте білімдар, барынша қарапайым жас жігітке жергілікті партия органдары назар аударды. Партия қызметін қалалық партия комитетінің нұсқаушысы болып бастап, үнемі лауазымдық өсу үстінде болды.  
Ол өзін барлық қызмет атқарған салаларында  өзі үшін халқының мүддесін, оның бақытын  жоғары санаған, жауапкершілігі жоғары, адал қызметкер ретінде көрсете білді. Адамдармен қарым-қатынаста қарапайым болды, олардың мұң-мұқтажын, талап-тілегін ыждағаттылықпен тыңдай білді, өзінің ақыл-кеңесін, қажет жағдайда көмегін беруге үнемі дайын тұрды.
Айрықша есте сақтау қабілеті, керемет жан-жақты білімділік, қара­пайым­дылық, кез келген тақырыпта әңгіме өрбіту қасиетін, міне, мұның барлығын Аралбай аға өзінің аса бай жеке кітапханасынан іздеп табатын. Кітапхана қорында сирек кездесетін кітаптар мол болатын. «Үлкен энциклопедиялық сөздік» (1948 ж.), О.Сүлейменовтің алғашқы басылымындағы «Азия» кітабы, Абай­дың, М.Әуезовтің, С.Мұқанов­тың, Ә.Тәжібаевтың, Ш.Айт­матов­­тың 1957-1960 жылдары шыққан кітап­тары, «Атақты адамдар өмірі» серия­сының томдары, мәдениет, бейнелеу өнері жайлы түрлі-түсті иллюстрациялы кітаптар, қазақ өнерінің алыптары Е.Өмірзақов­, Ж.Омарова, Е.Сер­кебаевтардың дауыстары жазыл­ған грампластинкалар болды.
Тарих, философия, медицина, тех­ника, ғылым, ауыл шаруашылығы тақы­ры­бындағы кітаптар, сан түрлі елдер жайлы жолсерік анықтамалықтар  жинақталған аса бай кітапханасында И.Ю.Крачковскийдің 1920 жылы басылып шыққан аудармасымен «Құран» кітабы да бар болатын.
Ол үшін кітап, білім деген ұғымдар егіз және кез келген адаммен оның әлеу­меттік жағдайына қарамай, әңгіме-дү­кен құруға қажетті бағдаршам се­кілді еді.
Сталиннің жеке басына табы­ну­­шы­лықты жойғаннан кейін (1956ж.) ке­зінде жазықсыз репрес­сия­ға ұшы­рағандардың тек Октябрь рево­лю­ция­сының 50 жылдығы қар­саңында, 1967 жылдан бастап құқықтарын қал­пына келтіруге мүмкіндік туғаны белгілі.
Аралбай Махамбетов облыстық партия комитетінің партиялық комис­сиясының төрағасы (1967-1973 ж.ж.) бола жүріп, адамдардың тағдырын айқындауда барынша нақты және шыншыл болу жолында өзінің күш-жігерін, уақытын аяған емес. Бірқатар сталиндік зұлмат кезеңінде нақақтан күйген боздақтарымыздың ісі партиялық тұрғыдан қайта бағамдалып, тапталған ар-намысы арашаланды, қаза тапса да ақталды.
Коммунистің нақақтан жала жабылып, тапталған ар-намысын қал­пына келтіру өзі жоқ болса да оның ұрпақтары үшін аса маңызды еді.
Аралбай ағамыз өзінің адалдығы және адамгершілік тұр­ғысынан тәртіптілігі арқасында ел ара­сында зор құрметке ие болды. Ол кісіні көптеген қызметтес әріп­тес­терінің сол уақытта  «партияның ар-ож­­даны» деп атайтыны тегін болмаса  керек.
Өзінің қысқа ғұмырында халқының тарихы іспеттес болған тұлғалармен етене жақын араласты. 1952 жылы Қызылорда қалалық комсомол комитетінің І хатшысы лауазымына тағайындалу барысында Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің хатшысы, Ұлы Отан соғысына қатысушы, әскери ұшқыш, кейіннен Халық Қаһарманы атағын алған Хиуаз Доспановамен сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. Атақты жазушы Ш.Айтматовпен, Өзбекстанның халық әртісі Б.Зәкіровпен, «Современник» театрының бас режиссері Г.Волчекпен, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары М.Ықсанов, Х.Бектұрғанов, И.Әбдікәрімов, ҚКП Орта­лық коми­тетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі О.Батырбековпен етене араласқан. Олардың әрқайсысы да белгілі тұлғалар, өз елінің, өз жерінің мақтаныштары еді. Олардың қайсысымен де болмасын өз деңгейінде әңгіме-дүкен құру үшін әр сала бойынша терең білім деңгейі қажеттігі даусыз.
Арекең тек әңгімені қоштап қана отыр­май, озық ой-пікірлердің де иесі еді.
Ол бұл тұлғалардың әрқайсысымен де ұзақ жылдар бойы достық қарым-қатынаста болды.
 А. Махамбетов Кеңес Социалистік Республикалар Одағының бірқатар медальдарымен, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.  Қазақстан Лениншіл Жастар Одағының VІ съезінің делегаты болып қатысқан, еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық, Қы­зыл­орда қалалық кеңестерінің бірне­ше ша­қырылымының депутаты  болып сайланған.
Өзінің жұмысбастылығына қара­­мас­­тан, отбасына және бала тәр­бие­сіне көңіл бөлуге уақытын ыждағат­тылықпен жоспарлап отыратынын, бұл шараларға басқа ағымдағы тіршіліктен гөрі аса маңыз бергенін  інілері Сұлтан, Кеңес әрдайым еске алып отырады. Ол балалары Серік, Сәкен, Асқар, Еркінді өте жақсы көрді, сүйікті жары Қанымжанды қатты сыйлап, үнемі қолдау көрсетіп отырды.
Айықпас ауруға шал­дыққаны ай­қын болғаннан кейін, Арекеңнің өзінің балаларына, әйеліне, ағайындарға арнау жазып қалдыруы оның тағы бір ерлігі еді. Онда балаларының анасы Қанымжаннан ұрпағын өз мүмкіндіктеріне сәйкес өмір сүруге дайындауды, қажетті білім алуына жағдай жасауды, әулетінің үлкендерімен және ағайын-туыстармен қарым-қаты­насты үзбеуді сұрады. Бұл жазбалар сақталған кітапша А.Махамбетов отба­сының кодексі іспетті сақталып келеді. Шүкіршілігі – Арекеңнің ұр­пақтары отанасы Қанымжанның арқа­сын­да әкелерінің атына лайық болып өсіп-жетілді. Балаларының еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар болғанын Қанымжан аналарының көзі көрді.
Бүгінгі күні әкелерінің істерін  балалары Серік, Сәкен, Асқар, Еркін және немерелері лайықты жалғастыруда. Биыл Аралбай  Махамбетовтың қайтыс болғанына 45 жыл, отанасы Канымжан апаның о дүниелік болғанына да 1 жыл болды.  
Қысқа ғұмыр кешсе де аңызға бергісіз істері ел аузында, халық жадында қалды. Өзінің көптеген ұрпағы мен достары, әріптестерінің санасында  ол биік рухты азамат, сенімді серік, адал дос ретінде сақталып келеді, сақтала берері сөзсіз.
2007 жылы Қызылорда облысының әкімдігі мен облыстық мәслихатының ше­­шімімен Аралбай Махамбетов есі­­мі облыс орталығындағы бір кө­ше­ге берілді. Қызылорда қаласында 2011 жылдан бастап жыл сайын Мар­құм­ды еске алуға арналған шахматтан мектеп оқушылары арасындағы республикалық жарыс тұрақты өткі­зіліп келеді. Турнирге қатыс­қандардың бірқатары кейін дүниежүзінің, Азия құрлығының чемпиондары атанды. Со­лардың қатарындағы жерлестеріміз – Әсел Серікбай, Жансая Әбдімәліктер бар.
Алмасбек САРДАРБЕКҰЛЫ,
бұрынғы комсомол,
партия қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<