Жасыл желек жайқалтқан

6618

0

Қарт. Жып-жылы сөз, иә. «Атасының баласы» деген кезде төбеміз көкке бір елі жетпей, «аузымнан түсіп қалған балам» деген сөзге имандай сеніп, ал еркелеткен кезде ет жүрегіміз езіліп кете жаздаушы еді. Бала күнімізде, уақыт мүжіген мұңлы кейпіне қарамай, белінің сыздағанына мән бермей, атаның арқасына мініп алып, торы сәйгүліктің үстінде отырғандай сезінуші едік өзімізді. Атамыз біздің ең басты қорғаушымыз, нақтырақ айтсақ, әулеттегі «крышамыз» еді ғой.

Жер қарайып, көктем келе бау-бақшаның күтімін жасап, шуаққа толы шарбақтың ішін гүл-гүл жайнатып қоятын-ды. Шыбықтай отырғызған бір түп ағашы бүтін бір отбасыға азық беретін жеміс сыйлайтын. Бүгінде жасыл желектің бәрі дерлік қурап, ізі де қалмаған. Ауылдың абыз ақсақалы атанған қайран қарт та дүниеден озған. Қураған қара тал ғана құм аралас уақыт желіне қасқайып қарсы тұр.

Атамды сағынып жүргенде Қызылорда қаласында баққан баласынан, сүйген немересінен жырақ тұратын, тұрған жеріне тал егіп, бау-бақша өсіргенді жаны қалайтын қарттың бар екенін естідім. Қазыналы қарияларын құрметтеген қызылордалықтар ақсақалдар мен ақ жаулықты асыл әжелерге мейіріммен қараудан тайған емес. Біздің ел Қарттар күні ғана емес, жыл бойы үлкендерге жақсылық жасауға ұмтылып бағады.

Бұқара «Қарттар үйі» атап кеткен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 163 қария тұрады екен. Соның бірі – Жарылқаған Есбергенов. Оның бұл мекемеге келгеніне он жылдан астам уақыт болған. Сол аралықта жападан-жалғыз жүріп, Қарттар үйінің жан-жағын жап-жасыл етіп, 300-ге жуық ағаш еккен екен. Мекеме ауласының жасыл желегіне тамсанып жүргенде бағбанмен тілдесудің сәті түсті. Ақсақалмен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрдық.

Қазақ «Қарттар – үйдің қазынасы» деп, үлкенді құрметтеген. Ертеректе жасы қырықтан асқан адам қарттыққа бет бұрып, немере бағып, елге үлгі боларлық іс атқаруға тырысқан. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен. «Төріңнен қарт кетпесін» деп, той-томалақты оларсыз бастамаған, бата алуға тырысқан. Бұл үрдіс қазақ арасында әлі де болғанмен, сиреп барады. Иә, жаhанданудың салқыны тиіп жатқаны шындық. Ата-әженің тәрбиесін алған балаға халықтың ықыласы ерекше. Ата-әже мектебінен өткен ұрпақ зерек те ерек болып, бүкіл елдің мақтанына айналатын. Қазақ әжесінің керемет образын қалыптастырған бірегей тұлға Абайдай дананы тәрбиелеген Зере еді ғой. Қазақ үйдің төрін үлкендер үшін сайлап, үлкен кетсе, бақ-дәулет, ырыс кетеді деп санаған. Ауыл қариялары көп оқымаса да, өздерінің үлкен кісілерден көргенін, табиғаттан үйренгенін, қазақи ұғымнан түйгенін дәріптеген. Біз тілдескен Жарылқаған ақсақал да күш-қажыры өн бойында тулап тұрған заманда күріш егумен айналысып, өмір тағылымын санасына сіңіре білген. Ала таңнан қара кешке дейін еңбектің ізінде жүріп, дүниеге келген перзентін, сүйіп қосылған жан-жарын қамтамасыз етіп отырыпты.

– Мен 2013 жылы 9 қаңтар күні осы мекемеге келдім. Сол жылдың көктемінен бастап құбыр қазып, мекеме айналасын көгалдандыру жұмысын бастадым. Бұл жер – менің үйім. Үйінің айналасына ағаш отырғызып, тал егу әр адамның міндеті деп ойлаймын. Бұл маңға қаратал, терек, жиде, шие, өрік көшеттерін сатып алып еккен болатынмын. Шүкір, қазір жайқалып, жайнап тұр. Тек бір мәселе ғана бар. Ол – суландыру жүйесі. Демеушілер тарапынан осы мәселені қолға алсақ, әлде де жақсы нәтиже көрсетуге болар еді. Соның өзінде істеген жұмысымның нәтижесі көрінді. Бізге қарап жастар да үйренеді, көреді, тәлім алады. Сондықтан осы шаруаны қолға алдым. Іште құр жатқанда не бітіремін?

Өзім 1945 жылы дүниеге келгенмін. Қазір 78 жастамын. Бұрын 28 жыл бойы Қармақшы ауданы Жосалы совхозында күріш ектім. Арасында автокран, трактор жүргізген мезеттерім де болды, – дейді Жарылқаған қарт.

Қаланың орталық аудандарының бірінде орын тепкен мекемеге алыстан көз тастасаңыз, айналасы шынымен көктеп-көгеріп тұрғанын көресіз. Мұның бәрі – он жылға жуық еңбектің жемісі. Үй салып, ағаш егу ер азаматтың міндеті екенін алға тартқан қарт ұсталықпен де айналысатынын айтып қалды. Денсаулығы сыр берген соң жұмыс сәл баяулап қалған. Әйтпесе, қала базарына өзі барып, көшеттер мен түрлі дәндерді жерсіндіру жаны қалайтын жайлы жұмысы екен.

– Кемпірім 2001 жылы аты жаман ауруға ұшырап, о дүниелік болып кетті. Отбасының ұйтқысы кеткесін де қиын екен. Балаларымды өзім үйлендірдім, жеткіздім. Оларға да қазір олай-бұлай деуге болмайды. Өз алдына бірі Жезқазғанда, бірі Төретамда үйлі-баранды өмір сүріп жатыр. Оларды мазаламадым. Құдай әркімнің басына не жазады, соны көреді. Бірақ, оған азарлануға болмайды. Қандай жерде жатсаң да, нендей қиыншылық көрсең де, Алланың адамға берген сыйы – кешке есен жатып, таңда ауырмай тұрғаның. Бір күн ғұмырың қалса, түске дейін жұмыс жаса. Бар болғаны сол.

Бір балам «Жезқазғанға жүр» деп айтып еді. Бармадым. Осы жерге бекіп қалдым. Екі баламнан бес немерем бар. Мекеме мамандарына алғыс айтамын. Қызметтері өте жақсы. Табыс тілеймін. Бата алған адамдар екі дүниеде де жаман болмайтыны сөзсіз, – дейді ол.

Ақсақал тынымсыз еңбек етеді. Жасы сексенге жақындаған жанның жасаған ісін көріп, жастар да ой түйіп, «бір тал кессе, он тал егер» деген үміті бар. Бастысы, табиғатты жаны сүйеді. 300 түп ағаш бүгінде шағын орман алқабы іспетті жайнап тұр. Алғашқы жемісін де жеп үлгеріпті. Бірақ, өмір жеміс секілді тәтті емес екенін айтқысы келетіндей қарияның ойлы жанары.

Расымен де, жақсы қартая білу үлкен өнер болса керек. «Жақсы адам қартайса, көкірегі толы хат болар, жaман адам қартайса, бықсып жанған от болар» деген сөз тегіннен-тегін айтылған жоқ. Көрген-білген тәжірибесін бөлісіп, кейінгі жастарға ақыл-кеңес бере жүретін үлкендердің ісі әр кезде де өзгелер үшін өнеге болуы керек. Ғибратты ғұмыр кешіп, ел-жұрттың алдында абырой-беделге бөлене білген адам қартайдым деп өкінбеуі тиіс. Өйткені ондай адамдардың ісі елдің есінде ұзақ сақталады. Жеміс ағашының күздік бабын жасап жүрген Жарылқаған қарттың айтқан ақылы осы болды.

Иә, ел ақсақалдары аман болсын!

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<