Жолың болсын, жолсерік!

2118

2

Ұл әкеге жақын, қыз шешемен сырлас келеді. Десе де, әкенің қызына деген қамқорлығын айтып жеткізу мүмкін емес, қыздың әкеге деген сүйіспеншілігін де. Бұған кезекті кейіпкерімізбен тілдесу барысында көз жеткіздік.


Гүлнәр Рахметалиева – «Жолау­шылар тасымалы» акционерлік қо­ғамының «Оңтүстік» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиа­лының жолсерігі. Бұл салада ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүргеніне биыл 20 жыл толды. Теміржолдың жұмысын, жолаушы халықтың жағ­дайын, одан бергі кездегі даму үде­рісін көзбен көрген жолсерік бала күннен армандаған мамандығынан еш уақытта алыстамаған. Бүгінде «Алматы-Маңғыстау» бағыты бойынша қатынайтын №77 пойызда еңбек етеді. Өзі – Аралдың тумасы. Ең қызығы, осы кезге дейін ерте-кешке қарамай, Аралға 5-10 минут қана аялдаса да, әкесінің келмей қалған күні жоғын айтады. Бұл – әке мен бала арасындағы жылылық пен мейірімнің мысалы.


– Жолсерік болу – жауапкершілік. Ұйқыны жеңген, ауыр жұмыстан аянбайтын, көпшілік көңілін табатын бесаспап болу шарт. Мұнан бөлек, техника тілін меңгеру керек. Жолаушылар арасында түрлі оқиға кездеседі. Ауырып, ем іздеген де табылады. Қонақтан шаршап шығатыны да шаң береді. Солардың көңілін тауып, орнына жайғастыруға жүйке қалың болғаны дұрыс. Вагонның тазалығы, қыстың ызғарлы күндерінде ыстық шайдың қайнап тұруы, төсек-жабдықтың уақытылы таратылуы тағы бар. Бұл ретте бізге мамандыққа деген сүйіспеншілік көмекке келеді. Себебі, уақытымыздың көп бөлігі осы шойын жолда өтеді. Халыққа сапалы қызмет көрсету – басты міндетіміз. Әйел адам үшін ауыртпалығы жоғары осы саланы таңдағанымда жақындарым маған қолдау танытты, әкемнің әлі күнге дейін перронға келіп: «Қызымды көріп кетейін деп келдім!» деген сөзі жүрегіме жылулық сыйлайды, – дейді ол.


Гүлнәр жұмыс бастаған жыл­дар­дағы жағдайды да тарқатты. Шынында, кезінде вагондардың сапасы сын көтермейтін. Оңайлықпен жылымайтын. «Көмір аз беріледі» дегенді естідік. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі жағдаймен сәйкес келмейді. Себебі бүгінгі жолаушылардың басым бөлігі сапаға риза. Пойызға мінсеңіз, іші кең екенін, қыста жылы, жазда үнемі салқындатқыш қосулы тұратынын бай­қайсыз. Бастысы, өз саласында жет­кен жетістігі зор Гүлнәр се­кіл­ді мамандардың тия­нақтылығы қуантады. Біздің оларға айтар тілегіміз бір: жолың болсын, жолсерік!


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<